Quickribbon

Асыл анам (Өмірде болған оқиға, көркемделген)

Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда құты қашады деген екен,- Құнанбай атамыз. Шындығында да солай болса керек. Өз басым, талай рет осыған көз жеткіздім. Менің осы өмірге келуіме себепкер болған, шыр етіп бұл дүниеге келген күнімнен, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ес біліп есейсем де, еркелететін ардақты анам жайлы қандай тамаша ойларым алдына кеп айтар кезде, пышырап кетеді. Әрбір адам үшін, әйел затының озық үлгісі өзінің асыл анасы болар. Мен үшін де солай. Анам өмір тауқыметін көп көргенімен, қартайған жүзінен қажыған адамның кейпін көре алмайсыз. Шағын бойлы, орта денелі анам - маған әлемдегі ең сұлу адам боп көрінеді де тұрады. Әлде, маған солай көрінеді ме екен?! Әйтеуір, жаны ерекше нәзік, аса сезімтал жан. Жазық маңдайындағы терең түскен жолақ әжімдері, Сарыарқаның кең жазығын бойлап жатқан сыры мол, сара жолдар секілді. Қой көздері күлімсіреп нұр сеуіп тұруы, жүрегінің жылылығының, жанының жайдарылығының белгісіндей. Көңіл күйімді қабағымнан танып отыратын қасиетін бала күнімнен білемін. Қашанда, қалт жібермей ішімдегімді айтқызбай білер деп, мен де сырымды бүге - шүгесіне дейін қалдырмай ақтарып салам.
Адамды иманы, ақылы мен ісіне қарай бағалап, қарым- қатынасын да соған қарай жасайды. Әкемізден жас күнінде жесір қалып, тұрмысымыздың барлық ауыртпалығын өзі жалғыз көтерген қайыспас қара нардай қажырлы қайратты адам. Шаңырақтағы төрт қыздан кейінгі өмірге келген кенжесі - жалғыз ұл мен. Енді ойлап отырсам есейіп ержеткен соң ғана анамның қадірін ұғынып, түйсігім осы ғажап адамның бойындағы маған деген сарқылмас махаббатының сырын ұғына бастағандаймын.
Тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің түбінде тербеп, мен жарық дүниеге келгеннен бері өзі жайлы емес, мен жайлы ғана ойлап, менің табаныма кірген тікенді, өз маңдайына кіруін тілеген асыл ана, жүрегің неткен кең, пиғылың неткен тұнық еді!
Сонау, бесіктен белім шыққаннан, енді ел ағасы болар жасқа келсем де, әлі күнге дейін маған кішкентай нәрестесіндей қарайтын, пейілі зәрредей де өзгермейтін, адал аналық мейірін көріп таң қалам. Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлым деп, мені ерекшелеп отырғанды жақсы көреді. Маған деген аналық махаббатын осылай білдіретін болса керек.
Осы тұста пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мына бір хадисі есіме түседі.
-Бірде Алланың елшісіне, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұтқынға түскендерді алып келеді. Солардың ішінде бір
әйел біреуді іздеп, одан кейін олардың ішінен өз баласын тауып омырауын емізе бастайды. Бұны көрген Алланың елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларынан: «Сендер қалай ойлайсыңдар, осы әйел өз баласын отқа тастауға қияр ма еді?»,- деп сұрайды. Олар: «Алланың атымен ант етеміз, жоқ»,- дейді. Сонда ол : «Ал, Алла болса өзінің құлдары үшін, бұл әйел өз баласына жақсылық қалағаннан да артық жақсылық қалайды!»,- деген екен.
Иә, өз басына қауіп төніп тұрған ана ол қатерді ойына да алмай, баласының қамын ойлауы ана мейірінің үлкен үлгісі емес пе?!!! Адал жанды әр ана осындай болса керек. Анамның менің есіме жиі салатын өсиеті, - Алланы жадыңнан шығарма, әр ісіңді Алланың атымен баста, сонда қор болмайсың, Алланың қамқорлығында боласың, - дейді. Болашағын ойланбай, нағыз адам болу мүмкін емес. Сондықтан, ертеңгіңнін қамын бүгін жаса, ертең бәріміздің барар жеріміз Алланың алды. Бүгінгі жасалған қамың, сол болашағыңның баянды бақыты екенін ұмытпа! Егер, осы талапқа сай болсаң, екі дүниенің де жетістігіне жетесің, жүзің жарық болады ұлым, - деуден таймайды.
Өзі, ес білгелі Аллаға құлшылық қылып, намазын бір сәтке қаза қылған жан емес. Қайда барса да жайнамазы жанында. Бір қынжылысы - жас күнінде тиянақты білім алмағаны. Жас күнімде тұрмыстың таршылығынан қолым жетпей - ақ қойды деп, оны есіне алса терең күрсінетін әдеті. Сөзге ерекше шешен кісі. Зергердің шеберханасынан шыққан зерлі аспаптай, ой өрнегі көркем, тәлімі мол болады. Көбіне, өзім мән бермейтін нәрселерден, анам керісінше ғибрат алып, өнеге етіп ұсына білетін өршең ойлы адам. Осыдан біраз жыл бұрын, маған анамның өз басынан өткерген мына бір әңгімесі әлі есімнен кетпейді.
Жастау күнімде, өзіммен құрбы келіншек менің ораза тұтқанымды қалжыңына қосып, қылжақ еткісі келгенде былай деуші еді:
- Жаным – ау, не басыңа зорлық түсті, мына тоқшылық заманда бекерден-бекер өзіңді қинап, дайын тұрған астан бас тартуыңа жол болсын. Жаман ырым бастамай, осыныңды қойсаңшы құрбым. Тоқшылықта аштық жариялау дегенді қайдан шығарып алғансың?- деп, өз айтқанына мәз болып күлетін.
- Бұл - мұсылман баласының бес парызының бірі,- деген сөзімді құлағына да қыстырмаушы еді. Қайта, келекелеуін үдетіп:
- Осы, сен қайдағы жоқты шығарып аласың, әйтеуір! Қой құрбым, бір берілген өмірдің қызығына кенелсеңші, қалғанын бара көрерміз,- деп, маған қалжыңдаған болып, көп соқтығатын. Тәп - тәуір
келіншек, ақыл - ойдан да кенде емес, істеген қызметі де абыройлы, ең үлкен кемістігі - иманың осалдығында еді, бейшараның.
Арада біраз жылдар өткенде, соның төсек тартып ауырып жатыр дегенін ести сала, халін білуге үйіне бардым. Келсем, шын мәнінде байғұста бұрынғы өң жоқ, әбден күйзелген кейпін көріп көңілім босап кетті. Екі жағы суалып, көзі ұясына терең кіріп, еті қашқан денесінің құр сүлдері ғана қалыпты. Жанарында бұрынғы жарқылдаған от жоқ. Ауру әбден қажытқанын өңінен оқуға болады. Мені көріп, оның да көңілі босап, екеуімізде біраз уақыт үнсіз қалдық. Басында, айтарға ауызыма сөз түспей қиналып қалдым. Сәлден соң, үнсіздікті өзі бұзды:
- Әй, құрбым – ай, кезінде сен ораза тұтқанда, сені келемеждеп күлуші едім. Қуатым барда кеселденіп, ораза тұтпай, өлместей болып масаттанғанымның сазайын тартып жатырмын,- дегенде көздерінен бұршақтай жауған жас бетін жауып кетті.
Мен оған басу айтып:
- Жә, сабыр қыл, жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмайды, Алла қаласа, әлі-ақ айығып кетерсің. Ауырып тұрсаң, аунап тұрғандай боларсың,- деп шамам келгенше жұбатып жатырмын.
Оныма, ол:
-Әй, қайдам, тамағымнан бір түйір нан тұрмақ, бір ұрттам су өңешімнен өтсе ұстарамен тілгендей зар илетіп жатыр. Денімнің сау кезінде кеселденіп тұтпаған оразамды, Алла зорлықпен тұттырып қойғанына амалым бар ма? Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін, тірідей тозақта жатқандай күй кешудемін. Енді кімді кіналаймын, бәрі өзімнен болды ,-деп, өкінішін ұлғайта жылағанда, сай - сүйегім сырқыратты.
Құрбымның айтқандарын тыңдап отырудың өзі мен үшін өте ауыр болды,- деген де, анам осы оқиғаны өз басынан жаңа ғана өткергендей көз алды буланып кетті.
-Алла адамды өзіне құлшылық ету үшін жаратқан. Бірақ, осының мағынасын түсіне алмайтындар түбіне терең бара алмай, адасып жатады. Құлшылық деген, басыңды сәждеден алмай, таңның атысы, күннің батысы еңбектен тиылып, зікір айт, - деген ұғым емес. Аллаға бойұсынып, әмірлерін бұлжытпай орындау, әр істеген амалыңды Алланың талабына сай ету.
Ата - анаңды, балаңды,ағайыныңды Алланың ризашылығы үшін сүю де құлшылық болып табылады. Олардың алдында адал болу, адал еңбек ету, жаманнан тиылып, жақсылыққа ұмтылу осының барлығын - таза ықылас, шын пейілмен атқарар болсаң, ол да Аллаға құлшылығың болады. Жаның мен тәніңнің талабын қоса орындау, нағыз мұсылмандыққа сай болады. Ал, жан қалауын аяқ
асты етіп, дүниенің соңына түсіп махаббатың соған ауып кетсе, онда, соның құлақ кесті құлы болып кетесің. Онда, бойыңнан иман кетіп, жүрегіңді сараңдық пен қатыгездік мұзы жайлап алады. Ал одан арылу, қиынның – қиыны. Осыдан сақ бол ұлым.- деп, жиі ескертіп отыратын анамның әдеті.
Менің ықыласпен тыңдайтыныма сүйсініп:
- Ойлы адам маңына қарап бағдарлап жүріп не нәрседен болсын үлгі алады. Ондай адамның жан дүниесі байып ақылы артады,- деді де сәл ойланып алып:
-Үлкен адам болған соң, өлім - жітімге жиі барып тұрамыз. Бірде, тағы бір құрбым нашар тартып барады дегенді естіп, көңілін сұрауға бардым. Науқастың жанына келіп, жүзін көргенде, жан тәсілім бергелі жатқанын ұқтым. Қасында бала - шағасы ағайын -туғандары жиылып, көпшілігі жылап тұр екен.
Араларында діннен хабары бар ешкім жоқтығын байқап, келе сала:- «Лә иләһа иллала»,- деп, кәлима сөзін айттыруға кіріскем. Науқас меңдеген құрбым, кәлима айтудың орнына, өзінің сандығын қасына жақындатуын қатты өтінді. Сандығын ашқызып, өзінің өмір - бойы жақсы көріп жиған - алтын сырға, сақина, күміс білезік секілді дүниелерін қолына алып, бетіне, маңдайына төсегенде, жүзі жадырап кетті. Маңында аялай қоршап тұрған біздермен тіпті, шаруасы да болмады. Көздері күлімдеп, керемет рахатқа бөленген жандай балқып жатты да, біраздан соң түрі күрт өзгерді. Әп - сәтте өңі әлемтапырық болып, бет- ауызы бір уыс боп жиырылды да қалды. Ішінде өмір мен өлім арпалысы жүріп жатқанын бәріміз іштей ұғынып тұрдық. Мына түрін көргенде, тамағыма кесек тас тығылып, кеудемді алай -түлей құйын ұйытқып өткендей сезіндім. Үй іші у-шу болды да кетті. Істің насырға шапқаннын ұғынып, жалма - жан кәлиманы айтып қайталауын өтінгенімде, бетін қатты тыржитты да, басын сол жағына қарай оқыс бұрып қалғанда, басы денесінен бөлек қалғандай, сылқ ете түсті,- деген де, анамның әжімдері бұрынғысынан да молайып, әлдеқайда тереңдеп кеткендей болды.
Ұзын салалы саусақты қолдарымен әдемі жүзін бір сипап алып:
- Өзіне өмір силаған - Құдіретті Алланы есіне алмай өтуден, өткен үлкен өкініш бар ма, адамдарда? Мәйітті жерлеушілер қабірінен қырық қадам ұзаған соң, мәйіттен сұрақ алу басталады. Иман келтірмегеннің сұралуы үлкен азап, - деп, терең күрсінген.
Нәзік толқын өн бойымды аралап өтті. Жас толған көздерімді анамның нұрлы жүзінен ала алмай, терең ойға шомып кеткем. Айналайын менің ақ жүректі, асыл анам!!!

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|