Quickribbon

Асыл сөздер (Көркем әңгіме)

Асыл создер

Ұлы сөзден ұлағат, дегенді аталарымыз бекер айтпаған-ау. Аталы сөз - ақылға көз, деп сөз маңызына ерекше көңіл бөлген ғой. Өзіміздің күнделікті қолданыста жүретін ұлы сөздеріміздің мағынасын өзіміз білгенімізбен, балаларымызға үйретуді ұмытып кетіп жатамыз. Ұлы сөздердің мағынасын, терең ұғынар болсақ, сөз біздің сарқылмас байлығымызға айналар, деген ұғыммен Гүлнар қарындасымыздың басынан өткен мына бір қызықты оқиғаны сіздерге баяндап беруді жөн көріп отырмыз.

Қашан да көршілерімен жақсы қарым-қатынас қалыптастыра білетін Гүлнар, жақында көрші пәтерге көшіп келген орыстың жесір әйелі Катямен де қоян-қолтық араласып кеткен. Кішкентай Айшасы да, Катяның қызы Машамен жақсы табысып ойындары жарасқан. Гүлнар үй шаруасымен айналасып жатқан кезде аулада жүрген Айша үйге жүгіріп кіріп:

- Мама, мама, Машаның үйіне қазір ас ішуге баруға бола ма?, - деді дауыстап.

- Сені шақырған оның мамасы ма?, - деп сұраған төр бөлмеде жүрген Гүлнар.

- Иә мама, - деді Айша, - Олар мені түскі асқа шақырды. Біздің доңыз етін жемейтінімізді жақсы біледі, сондықтан балық пен картоп дайындап жатыр, - деді ойын толықтырып.

- Жақсы бара ғой, бір сағаттан кейін келіп сені алып кетемін. Бүгін дүкенге барып саған күздік киім алуымыз керек, - деген Гүлнар, алақайлап жүгіріп бара жатқан қызына.

- О-о кел, төрлет, - деді, есік ашқан Маша Айшаның келгеніне қуанышын білдіріп.

- Маған мамам рұқсат берді, - деді Айша құрбысына, - Ол мені бір сағаттан кейін алып кетеді, өйткені дүкен аралайтын болып уәделестік, біз дүкен жабылғанша үлгеруіміз керек,  - деп Машаны ескертіп қойған.

- Тамаша, болған екен – деді, бұны естіген Машаның мамасы.

- Мынаны қарашы! – деді Маша қолындағы жануарлар туралы жаңа кітабының мұқабасын Айшаға көрсетіп.

Қыздар төр үйдегі кілемге жайғасып кітаптағы суреттерді қызықтауға кіріскен. Кітап теңіздер мен мұхиттар және акула, кит сияқты балықтар жайлы екен.

Біраз уақыттан соң ас үйден Машаның мамасының:

- Қыздар, ас дайын, қолдарыңды жуып дастарханға келіңдер, - деген жайдары даусы естілді.

Әп-сәтте қолдарын шайып, қыздар дастархан басына жайғасты. Маша тоңазғытқыштан сусын алып кеселерге құйды, ал оның мамасы қыздардың алдына екі табақшаға қызара қуырылған балық пен буы бұрқыраған картоп салып әкелді.

- Рахмет, - деді Айша ризалығын білдіріп, сосын, - Бисмиллә, - деп тамақ жеуге кірісті.

- Ал балықтан соң шоколад жағылған балмұздақ жейсіңдер, - деп шешесі ескертіп қойды.

Дәмді асты жеп болысымен, мамасы дастарханға өзі уәде еткен балмұздақты қойды. Сол кезде үйдің қоңырауы соғылды. Бұл келген Айшаның мамасы болатын.

- Сәлем Гүлнар, төрлет, - деп оны Машаның мамасы қуана қарсы алды да, – Кел дастарханға өт, біз балмұздақ жеуге жаңа кірістік. Жоқ әлде алдымен балық берейін бе?, - деген.

- Жо-жоқ рахмет, Катя,- деп Гүлнар рахметін жаудырып, - Мен жаңа ғана тамақ ішіп алғам. Саған сұраған кітаптарыңды алып келдім. Соларды өзіңе тапсырайын деп ерте кірдім. Мүмкін сенің осы  кітаптарға байланысты сұрақтарың болып қалар, деп ойлағам.

Гүлнармен танысқаннан бері Катяның Исламға деген қызығушылығы ояна бастаған еді. Сондықтан Гүлнардан Ислам діні жөніндегі алғашқы білім беретін әдебиеттер сұраған болатын.

- Рахмет Гүлнар, - деп Катя іздеген кітаптарының табылғанына қуанып, екеуі төрдегі диванға жайғасқан.

Қыздар дастархан басында өздері ғана қалды.

Айша:

- Бисмиллә, - деп балмұздағын жей бастады.

-          Ол не? – деп сұрады Маша.

- Сен не туралы сұрап жатырсың? – деп Айша оның сұрағына түсінбей.

-  Мен сенің тамақ ішер алдында айтатын құпия сөздерің жайлы сұрап жатырмын, - деп Маша сұрағын анықтады.

-    Е-е, түсінікті, - деп Айша бір сәтке ойланып алып, – Бисмиллә, деген араб сөзі, ал қазақша мағынасы, енді жей беруге болады, - деді.

Бірер уақыттан соң Айша мен мамасы, қонақжай үй иелерімен қоштасып, дүкенге кетті.

- Мен сенің Машаға берген жауабыңды естідім, - деді күлімсіреп мамасы. – Сен шынымен-ақ, бисмилләні, енді жей беруге болады, деп ұғынасың ба?

-  Әрине, - деді Айша, – Біз бисмилләні әрқашан тамақ жердің алдында айтамыз.

-   Бірақта мен бұл сөздерді үйден шығарда да айтамын ғой, - деді мамасы.

-          Иә, шынымен-ақ солай, - деп ойланып қалды Айша.

-  Ал «Әльхамдулиллә», сөзінің мағынасы сеніңше қалай болады? – деп, мамасы сөзін жалғастырды.

- Әльхамдулиллә - тамаша, өте жақсы, деген сөз, - деп Айша жылдам жауап берді.

Шешесі қоштамаған сыңай таңытып басын шайқады да:

-   Қызық екен, ал сен «Астағфиралла», сөзінің мағынасын білесің бе?, - деп сұрады.

Даусынан алғашқыдай сенімділік байқалмай:

- Білемін, деп ойлаймын, - деді Айша, мамасының жүзінің өзгеруінен жауабының дәл емес екендігін аңғарып, -  Астағфиралла дегеніміз, мүмкін, нашар қыз, деген сөз болар, - деді.

Гүлнар сәл күрсініп ойланып қалды. Сосын, бір нәрсе есіне түскендей жымиып:

- Жауабың толық емес, - деп алып,  – Саған бұл мәселеде кішкене көмек керек екен. Дегенмен, бұл сенің кінәң емес. Бұл жөнінде үйде сөйлесерміз, - деген сөзін түйіп.

Гүлнар жолдасы екеуі Айшаға дін жөнінде көп әңгімелер айтып түсіндіретін. Бұл сөздердің мағынасын қызына айтпауы мүмкін емес еді. Ал қызының ұмытуы Гүлнарды қатты қынжылтты. Үйде сөйлесейік дегені, Айшаның әкесі, сол сөздердің мағынасын баланың есінен шықпастай етіп түсіндіріп берер, деген ой еді.

Сол күннің кешінде Гүлнар жолдасымен әңгімелесіп отырып:

- Біз бұл сөздердің мағынасын жақсылап түсіндіріп беруіміз керек, - деген, соң – Оларды айтып жүрсе де толық мағынасын білмейді екен. Мысалы, Айша астағфиралланың мағынасын, нашар қыз, деп ұғынатын көрінеді, - деген.

Мына сөздерді естіген жолдасы амалсыз күліп алды да:

- Бұл біздің кінәміз. Біз өзіміз ол бір нәрсе бүлдірген кезде астағфирулла, дейміз. Жарайды мен Айшаға сәті келгенде бәрін дұрыстап түсіндіріп берермін, - деп Гүлнарға уәде еткен.

Әкесі аулаға шыққанда, Айша әткеншек теуіп отыр екен.

-          Папа, мені тербетіңізші, - деп өтінді әкесін көріп қуанған Айша.

- Кәнеки, - деп әкесі әткеншектің арқанынан ұстады да бисмиллә, деп әткеншекті тербете бастады. Әткеншек тербеле жөнелді.

-          Тамаша! – деді, әсерленген Айша.

-   Ботақаным, мен қазір неге бисмиллә, деп айттым, сен соны білесің бе? – деді әкесі қызына жайдарлана қарап.

- Біз бұны бір іс бастар кезде әрдайым айтамыз, - деді Айша.

- Дұрыс айтасың, демек сен бисмилләнің, мен жеуді бастадым, деген сөз емес екендігін түсінетін шығарсың?

- Әрине, бұл дегеніміз «Мен бастадым».

- Қошақаным, жауабың толық емес - деді әкесі, – дәлірек айтсақ  арабтың бисмилләдағы «исми» дегені  қазақтың «есім», не болмаса «ат» деген мағынасын білдіреді, ал енді «бисми», дегеніміз «есімімен», не болмаса «атымен» болады. «Исми» мен «есім» сөздерінің ұқсастығын байқайсың ба? Келесі «Иллә» дегеніміз Алла болады. Сонымен өзің «Бисмиллә» сөзінің мағынасын айтшы.

- Алланың есімімен, не болмаса Алланың атымен, - деді, Айша қуаныштан көздері нұрланып.

- Тамаша, - деді қызының түсінгеніне қуанған әкесі, – Ал мағынасын дәлірек аударсақ «Алланың атымен бастадым» болады.

- Папа, сіз кейбір кезде, мысалыға Құран оқырдың алдында «Бисмиллә Рахман Рахим», дейсіз. Сонда сіз неге «Рахман», «Рахим» сөздерін қосасыз? – деп, сұрады Айша әңгіме қызығына беріліп.

- Өте дұрыс, - деді әкесі қызының ықыласты сұрағына рахаттанып, – Рахман, Рахим дегеніміз Алла Тағаланың «Қамқор, Мейірімді», деген көп есімдерінің бірі.

- Папа, тұра тұрыңызшы, мен енді түсіндім, - деп Айша тербеліп тұрған әткеншегінен секіріп түсті де  –  «Қамқор, Мейірімді Алланың атымен бастадым» болады, - деді.

- Әльхамдулиллә, - деді қуанған әкесі, – Ал сен болсаң «Мен жеуді бастадым», дейсің.

Айша айтып жүрген сөздерінің ерсі екендігін түсініп, әкесі екеуі күліп алды. Сосын әткеншегіне қайтадан жайғасқан.

- Мұсылмандар бұл сөзді кез-келген істі бастар алдында айтады, - деді әкесі сөзін сабақтап. - Бұл сөздер адамзатқа Алла Тағала тарапынан келген үлкен нығмет пен игілік. Сондықтан енді сен бір іс бастарда бисмилләнің мағынасын ұғынып,  айтуың керек.

- Папа, сіз жаңа менің жауабым дұрыс болған кезде әльхамдулиллә, дедіңіз - деді Айша әткеншекте тербелуін жалғастырып, – Демек, ол сөзді бір нәрсе дұрыс болған кезде айтады ма?

- Иә, бұл сөзді, бір нәрсе дұрыс болғанда, қуанғанда Аллаға мадақ айтып, барлық жақсы істер болып жатқан кезде қоштап айтады, - деді, әкесі қызының сұрақтарына қуанып. – Ал сен бұл сөздің мағынасы қалай, деп ойлайсың?, - деді.

Айша осы жолы дұрыс жауап беруге тырысып ойланып қалды. Ұзақ ойланып отырып әткеншегінің тоқтағанын байқамай да қалыпты. Бұл сөз «Фатиха» сүресінің басында кездеседі, ал папасы болса оны бір кісіге түсіндіріп жатқанын естіген.

- Есіме түсті, есіме түсті, - деді қуанған Айша, – Бұл дегеніміз «Барлық мақтау Аллаға».

- Әльхамдулиллә! – деді әкесі, – Дұрыс, біз бұл сөзді бізбен біреу сәлемдесіп халымызды сұрағанда да айтамыз, яғни Аллаға көп шүкір, Оған мақтаулар болсын, жағдайым жақсы, деген сөз.

Әкесі біраз үнсіз қалып, қызының әнткеншегін тағы да тербетті де әңгімесін ары қарай жалғастырды.

-          Ал егер сен бір нәрсені сындырып алсаң не деуің керек?

-          Астағфиралла, - деді Айша.

-          Ал бұл сөз қандай мағына білдіреді?, - деген әкесіне, Айша:

-          Кешір, не осыған ұқсас сөз шығар.

-  Жобаң дұрыс, бірақ дәлірек айтсақ мағынасы, «Алла, кешір мені!». Бұл сөзді егер сен бір нәрсені қателесіп дұрыс істемесең айтуыңа болады.

- Дәл айтасыз. Мен бұны білдім ғой!, - деді Айша өзінің тапқырлығына мәз болып.

- Астағфиралланың мағынасы «Нашар қыз» емес екен, солай ма?, - деді әкесі.

- Иә, бірақ сіздер мамам екеулеріңіз бұл сөзді, мен бір нәрсе бүлдірген кезде айтасыздар, мінеки сондықтан мен бәрін шатастырып алдым.

-   Ұқтым, енді ұғындым, - деді әкесі, – Бұл біздің қателігіміз, бүгіннен бастап, егер  біз сөздерді дұрыс қолданбасақ, сен ескертіп отырасың, келістік пе?

Бұл Айша үшін жаңалық болды, демек әкем мен шешем де қателеседі екен ғой. Әкесінің өзі қателессем түзет, деп жатыр. Бұл ой Айшаға қатты ұнап:

-          Әрине, папа, - деген

Әкесі:

- Ал мамаң саған бір нәрсені уәде бергенде не деу керек екендігін үйретпеп пе еді?, - деп әкесі қызының жауабының толық болуын талап еткен.

- Иншалла, қателессеңіздер түзетемін.  Мен бұл сөздің мағынасын білемін, ол «Алла жазса», не болмаса «Алла қаласа» деген сөз, – деп Айша, әкесінің сұрақ қоюын күтпестен жауап бере бастады, - Өткенде Бауыржан ағаның Мариямы босанғанда, ол қуанып «Иншалла», деп айтып жатқанда сен бұндай жағдайда «Әлхамдулиллаһ» де, ал «Иншаллаһ», деген «Аллаһ жазса», не «Аллаһ қаласа»  мағынасын білдіреді, деп айтқаныңызды естігенмін. Сонда мен Бауыржан ағаның: «Алла қаласа Мариям ұл туды», - деп айтқанының ерсі екендігіне күлген болатынмын.

Әкесі қызының ұғымында бұл сөздің де осылайша нық бекігеніне қуанды. Осы кезде әткеншек те тоқтаған болатын. [6]

- Білесің бе, мен саған қандай ұсыныс жасағым келеді?, - деді әкесі Айшаға.

- Қандай?, - деді Айша.

-   Біз былай келісейік: егер біз осы сөздерді керек кезінде айтуға ұмытып кетсек, не болмаса дұрыс қолданбасақ, бір-біріміздің есімізге салып отыратын болайық. Келістік пе?

-          Иншалла, - деп Айша келіскендігін білдірді.

- Әлхамдулилла!, - деп әкесі өздерінің келісіміне қуанғандығын байқатып.

Әкесімен әңгімелескен аз уақыт арасында Айша өзін керемет есейіп кеткендей сезінді. Әрине, ата-анасы өзіне, ал өзі ата-анасына келешекте қателеспеуге көмектесе алады. Әкесі қызын құшақтап бетінен мейірлене сүйіп:

- Ал енді үйге барайық, ақшам намазының уақыты келген шығар, - деді.

- Бұл да еске салу ма, папа? – деді Айша.

- Иә бұл да өзінше бір еске салу, - деді әкесі.

Әкесі Айшаға бір парақ қағаз бетіне дұға жазып беріп, оны кешкі астың алдында оқуын өтінген.  Бәрі дастархан басына отырып, тамақ әкелінген соң, Айша: бисмиллә деп дұғаны оқығанда әкесі мен шешесі оның соңынан қайталап отырды: «Аллааһумма, баарик ләнаа фи һи уә атъимнә хайран минһу» (мағынасы: «Иә Алла, бұны бізге игілікті ет және бізді бұдан да жақсырағымен тамақтандыр»).

Ата-анасының көмегімен Айша өздерінің күнделікті қолданып жүрген ұлы сөздердің мағынасын терең түсініп ұмтылмастай етіп есінде сақтап қалды.

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|