Quickribbon

Тасбақаның тағдыры (Халық аузынан)

http://islamic.kz/

Адам баласының басына қайғы-қасырет келіп, қауып төніп, не ауруға шалдықса әркімнің әр қилы әрекет жасайтын әдеті. Біреулері өзін жаратқан Иесін есіне алып, тәубәсіне келеді. Енді бірі иманның төмендігінен: «Мен бүйтпегенде бұлай болмайтын еді, былай істемей былай істеуім керек еді», - деп, не өзін, не біреуді кінәләп әлек болады. Үшіншісі, күпірлік қылып, құдіреті күшті Алланы кінәләп: «Мен Саған не жаздым?!», - деп өз күнәсін бұрынғыдан да зорайтып алады.
Біздің әңгімеміздің арқауы болып отырған Мұхтар, осы аталғандардың біріншісінен болса керек. Олай дейтініміз, осыдан алты ай бұрын мәшинесімен жол апатына ұшырап мертіккен еді. Соның салдарынан екі аяғы қимылсыз қалып, қазіргі күндері мүгедектер арбасымен ғана қозғалатын күй кешуде.
Жол апатынан кейін ауруханаға түсіп, ең алғаш өз-өзіне келе бастағанда Мұхтардың бірінші айтқан сөзі:
- Иә Алла, менің күнәләрімді кешіре гөр! Өзіңнен басқа Құдайдың жоқ екендігіне куәлік етемін!», - деген.
Қасында отырған әйелі Жәния оның бұл айтқан сөздерінің мағынасын басқаша түсініп:
- Мұхтаржан, неге олай дедің, сенің ешбір күнәң жоқ қой, бас аман болса бәрі оңалар», - деп жұбатпақ болған.
- Жоқ Жәния, сен мені дұрыс түсінбедің, Алланы есінен шығарып, үкімдерін толық орындамағандардың бәрі күнәһәр, - деп жауап қайтарып, Мұхтар терең демалып, қатты күрсінген еді.
Ауруханадан үйге шығып келгеннен бері Мұхтар мүгедектер арбасымен үйінің кең терассасына шығып табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстауды ерекше ұнататын боп алған. Ендігі ермегі көбіне өз-өзімен сырласып ой қорыту. Арасында анда-санда халін білуге келген туыстарымен әңгімелесу. Бұрынғы сау кезінде маза бермейтін достары біртіндеп келулерін сирете бастаған, әредік телефон шалып хал сұрасып қана қоятын болды. Кеше ғана өз құрбысының алды болып, іскерлігімен талай жетістіктерге жетіп жүрген Мұхтарға, бүгінгі күйі бұл өмірге басқаша қарауға көп әсерін берді. Өткенге ой жүгіртіп, кешегісі мен бүгінгісін саралап, өзімшіл ойларынан арылып бұл өмірдегі орынын енді ғана ұғына бастағандай.
Осы халге түскеннен бері атасы Асанбай жиі есіне оралып, түсіне кіретін болып жүр. Ол кісінің марқұм болғанына биыл он алты жыл болады екен. Көпті көрген көнекөз қария, деп жұрт атасын ерекше құрметтейтін. Мұхтар бала күнінде атасынан бір елі қалмай барған жерінде, атасына көрсетілген құрмет оған да көрсетіліп жататын. Атасы Асанбай отырған жерінде елге насихат айтып, құран оқып, діни әңгімелерді көп айтатын. Жұрт та атасының әңгімелерін ерекше ықыласпен сүйсіне тыңдайтын.
Атасының сондай бір отырыста Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, айтты, - деп: «Алланы есіңнен шығарма, сонда Оны алдыңнан табарсың, Алланы бақытты шағыңда ізде, Ол да сені бақытсыздыққа душар болғанда табады. Саған кезігу керектің жолықпай, ал жолыққанның сені айналып өтуі мүкін емес екендігін біл. Сондай-ақ, көмек – сабырдан соң, қуаныш – қайғыдан соң, ал жеңілдік – қиындықтан соң келетіндігін ұғын», - деген әңгімесі жадында жатталып қалыпты.
Адамды шын бақытқа жетелейтін асыл сөздер ғой, шіркін. Қолда барда алтынның қадірі жоқ, деген сөздің мәнісі осында шығар, атасының тірісінде айтқан сөздерін енді ғана ұғынып, санасына сіңіріп жатыр. Сабыр сақтайын Алланың көмегі келер, қайғымның арты қуаныш, қиындығымның соңы жеңілдік болар. Иә Алла, Өзіңнің мейіріміңнен күдерімді үзбеймін, - деп іштей Алламен жалбарына сұхбаттасып жатқан күйін,
- Әке, мынаны қараңыз, - деп таңырқаған ұлы Болатжанының даусы бөлді.
Мұхтар бұрылып қараса, ұлы қолына шойындай қара тас сияқты бірдеңені ұстап шатырдан түсіп келе жатыр екен.
- Әке, міне қызық, мына тасбақаны шатырдан тауып алдым, білесіз бе бұның шешесі шағала, - деп өз сөзіне өзі жауап беріп, - рас айтам, бұған шағаланың тамақ әкеліп беріп жатқанын өз көзіммен көрдім, - деп мәз болып тұр.
Ұлынның қолындағы тырбаңдаған тасбақаны көргенде, Мұхтардың төбесінен мұздай су құйып жібергендей әсер берді. Көз алды тұманданып, басы айналып бара жатқандай. Мынау сол тасбақаның дәл өзі ғой. Мұхтардың мазасын кетіріп, ойынан шықпай, бірақ осы күнге дейін бұлыңғыр болып жүрген жол апатындағы оқиға көз алдына ап-анық боп келе қалды және өзі жақсы білетін үй тұрғызғанда болған жағдай да еріксіз есіне оралды. Бұл екеуінің байланысы барында сөз жоқ.
Жол апатындағы оқиғаның тарихы былай болған еді.
Осыдан алты ай бұрын, Мұхтар іс сапарымен көрші қалаға барған еді. Екі қала арасының қашықтығы жүз шақырымдай жер. Қайтар жолда қаланың сыртына шыға бере мәшинесіне жанар май құйып, Жәнияға телефон соғып, бір сағаттан кейін үйде болатындығын
хабарлап ескертіп қойған. Қаладан жетпіс шақырымдай ұзағанда, күн ұясына батуға таянған шақ болатын. Шаруасының сәтті аяқталғанына риза болып, ойша ертеңгі күннің жоспарын құрып келеді. Алдағы дөңнен асып төмен құлдилай бергенде жол ортасында жатқан шәугімдей тасты көзі шалып қалған Мұхтар, рөлді оқыс оңға бұрып әлгі тасты айналып өтпек әрекет жасаған. Сол сәтте тас та орнынан қозғалып, оң жаққа ығысып жылжи берді. Енді байқаса жаңағы қозғалып келе жатқан, тас емес тасбақа екен. Келесі сәтте машинасы жолдың терең жиегінен ауып бара жатқаны ғана есінде.
Үйін тұрғызғандағы жәй былай.
Алдыңғы жылы тау бөктерінен жер алып, балконын көлге қаратып екі қабат үй салған. Еңсесі биік, көркі көз тартатын үй, талайдың қызғанышын қоздырған. Шындығында үйдің орналасқан жері де ерекше. Бір жағы көлге, бір жағы тауға қарап тұр. Табиғаттың терең қолтығына сұғынып тұрғандай әсер қалдырады. Ауласы да кең, осы заманның талабына сай шағын теннис корты, бассейіні бар. Қоршауды жағалай қондырылған май қарағай, шырша ағаштары үйге қосымша көрік беріп тұр. Үй құрылысы аяқталар кезде достарының бірі шатырыңа тасбақа бекітіп қойсаң, шаңырағың тастай берік болады, деп айта салғаны бар. Әлгі сөзге сеніп, шынайы қабылдаған Мұхтар, көл жағасынан маң-маң басып бара жатқан жазықсыз тасбақаны ұстап алып, құрылысшыларына шатырға тастай салуды тапсырған еді.
Міне қызық, төбедегі тасбақа мен тас жолдағы тасбақаның арасында қандай байланыс бар екен? Жоқ әлде бұл кездейсоқтық па? Жо-жоқ бұндай кездейсоқтық болуы мүмкін емес. Ешкімге зияны жоқ тілсіз мақұлықты төбеге апарып қорлауыма не себеп болды? Нағыз еріккен ақымақтың ісі ғой. Жайбарақат жүрген мақұлыққа соқтықпасам қайтер еді? Тілсіз тіршілік иесін төбеме қамап, оған қамқорлық жасамақ түгілі, мүлде естен шығаруым адамгершіліктің белгісі емес-ау. Менмендік пен нағыз имансыздықтың белгісі емес пе. Бір тасбақаға жасаған қиянатыма Алла жолымнан екіншісін шығарып, өзімді сәтсіздікке ұшыратпады ма? Бүгінгідей мүсәпір күй кешпесем, сол тасбақаны бәлкім ешқашан есіме де алмас па едім? Мейірімді Алла Тағала Өзінің жаратқанын назарынан тыс қалдырмай, оған шағаланы қамқор етіп, ризықтандырып қоюы мені қалайша бей-жәй қалдырмақ.
Бұл ойлар Мұхтарды толғандырып тереңге тартып барады. Алланың бойыма берген күш-қуатына, қажыр-қайратына мен-менсіп, шектен шығып әлсіз мақұлыққа күш көрсеттім. Шыбын-шіркейді де, құрт-құмырсқаны да Құдыретті Алла мақсатымен жаратпады ма. Жандыны да, жансызды да өз қажетімен, керегімен қылмады ма. Осыны ұғарға, әр нәрседен ғибрат аларға, адамды ерекшелеп кеудемізге сезімтал жүрек беріп, ойланарға ақыл бермеді ме. Соның бәрін орнына пайдаланбай қарнымның қампайғанына мәз болып жүріп, мәңгүрт болып кете жаздаппын. Еркін жүрген ешкімге зияны жоқ тасбақаға жасаған қиянатымды Алла көріп, жолымнан басқа тасбақаны шығарып, жазалағаны менің дандайсуыма бөгет болып тәубәмә келтірді. Ендігі күйім мынау, сол тасбақа құрлы өз еркіммен қозғала да алмаймын. Мен үшін осыдан маңызы зор мысал болуы мүмкін бе?
Осы ойлардан Мұхтардың денесі шымырлап, өн бойын ыстық қан аралап өтті. Тұла бойы тітіркеніп, денесі бір ысып бір суып, буындары босап барады. Іштегі асау толқын көздеріне лап қойып, ыстық жас болып құйылды. Аяулы анасын сағынған жас сәбидей егіле еңіреп жылады. Бұл жас қайғы мен қасыреттің жасы емес. Қайырымды, Мейірімді Аллаға деген махаббат және үміт пен үрей жасы еді. Сабыр сақтайын Алланың көмегі келер, қайғымның арты қуаныш, қиындығымның соңы жеңілдік болар. Иә Алла, Өзіңнің мейіріміңнен күдерімді үзбеймін.

(Халық аузынан) ” Өмір онегесі” кітабі.

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|