Quickribbon

Фатиманың пікірі (Халық аузынан)

Біз әңгіме еткелі отырған заманда ел тұрмысы қазіргіден әлдеқайда өзгеше еді. Алыс жерлерден хабар алу, олармен қатынас жасау апталар, айлар тіпті жылдарға да ұласып жататын. Негізгі көлік күші шөлге шыдамды түйе мен ұзақ жүріске төзімді жылқылар еді. Көл, теңіздерді желкенді қайық, кемелермен кезетін. Ел дәулеті қолындағы малымен және де алтын-күмісімен өлшенетін.

Сол кезеңде өмір сүрген Хамза, деген кісінің тоғыз ұл, бір қызы болған екен. Тұрмыстың тауқыметін тартқан тақыр кедей болса да, өзі аса тақуа адам көрінеді. Тоғыз ұлым бір төбе, жалғыз қызым бір төбе, деп балаларының кенжесі сегіз жасар Фатимасын ерекше жақсы көріпті.

Бір күні Хамза бала-шағасын жиып, өзінің биыл қажылық сапарына жүрмек ниеті бар екенін, жария етеді. Бұл сөзді естіген әйелі мен ұлдары, наразылық танытып:

- Сен кетсең, біздің күніміз не болмақ, қара нан мен қара шәйға зар болып отырғанда, қара суға да зар болып қалармыз. Бізді аямайсың ба, тұрмысымыз түзелгенше сапарыңды кейінге қалдыра тұрсаң болмай ма, - деп өзіне дүрсе қоя береді.

Сонда Фатима, өзінің байсалды ақылдылығымен:

- Бізге ризық беруші әкеміз емес, Құдіретті Алла ғой. Қайта әкеміз Алла алдындағы парызын орындап қасиетті жерде дұға жасап, бәріміздің тілеуімізді тілеп қайтса қайырлы болмай ма. Әкемізге бөгет болмай, сапарына сәттілік тілейік, - деп, өзінің қарсы еместігін, қайта әке ниетін қоштайтындығын білдіреді.

Түбінде қызының сөзі үстем болып, Хамза қажылықтың ұзақ сапарын шегіп кетеді. Әйелі мен  ұлдары болжағандай күн өткен сайын тұрмыстары бұрынғыдан да төмендеп, күн көрістері қиындай түседі. Тағдырдың талқсына төзе алмаған ағалары Фатиманы ортаға алып жазғырып:

- Сенің кесіріңнен ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды, әкеміз болса бұлай болмас еді, - деп, бәр бәлені Фаитмадан көріп, айыптауларын қоймайды.

Фатима болса:

- Бәрі Алланың қалауымен, Жаратқанның қайырымынан күдерімізді үзбейік, Алладан тілек тілеп шама шарқымызша еңбек етейік, - деп жұбатып, өзі бұрынғы сабырлы қалпынан танбайды.

Тағдырына тарылмай табандылық танытып, тілеуін Алладан сұрап салмақтыы қалпын сақтап жүре береді.

Күндердің бір күнінде, сол қаланың уәлиі бір топ жора-жолдастарымен аң аулауға қала сыртына шығып, сайрандап жүреді. Сулары таусылып, аптап ыстықтан әбден шөлдеп, ат басын сусындап шөл басу үшін қалаға бұрады. Қала шетінде орналасқан Хамзаның үйінің қақпасын қағып уәли дауыстап:

- Әй мұсылмандар, біздің шөлімізді басатын сусындарың бар ма?, - деп су берулерін өтінеді.

Бұл сөздерді естіген Фатима, бір ожауға толтыра су алып шығып уәлиге ізеттілікпен ұсынады. Уәли достарымен шөлдерін қандырып, қыздың ерекше инабаттылықпен көрсеткен қызметіне қатты риза болып, қолындағы барлық күмісін шешіп салып:

- Кім Алланы сүйсе, содан соң кім мені өзінің адал досы деп санаса, менің істегенімді қайталасын, - деп ожауды достарына жағалатып жібереді.

Уәлидің бұл ісін көрген достары жапа-тармағай жандарында жүрген бар асылдарын жарыса салғанда, ожау лық толып жиегінен асады. Мұнша байлық Хамзаның бала шағасының біраз өміріне жетерліктей еді.

Уәли достарымен рахметін жаудырып кеткен соң Фатима қолындағы байлыққа толы ожауымен үйге кіреді. Бұндай байлықты бұрын соңды көрмеген үй-іші мәз-мәйрам болып:

- Біз кеше ыңыршағы шыққан кедей едік, бүгін дәулеті асқан бай болдық, - деп шаттанады.

Фатиманың байсалды бойынан еш өзгеріс байқай алмаған ағалары:

- Сен неге қуанбайсың, әлде осыған көңілің толмай тұр ма?, - деп оған күмәндана қарайды.

Фатима:

- Қарапайым бір адамның назары бізге ауғанда осыншама байлыққа кенелдік. Ал егер бізге Құдіретті Алланың назары ауса қандай болар едік!, - депті.

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|