Quickribbon

Парасатты Фарида (Өмірде болған оқиға, көркемделген)

http://islamic.kz/

Шіркін, жаз кімге болсын ерекше қолайлы мезгіл ғой. Кеңес құрған қариялар да, шаруа қамындағы ересектер де, ойын қуған балалар да осы уақытты асыға күтетіні бәрімізге мәлім. Жаз келсе-ақ тіршіліктің тынысы кеңейіп сала береді. Шығыстан күн қылаң бере адамдар қайшалысып қыруар жұмысына құлшына кірісіп кетеді. Дүние бейне бір құмырсқаның илеуі дерсің.

Қыстық киімінен құтылып, жеңіл жейде киінген жандар жүздері жарқырап мөлдір көл бетінде сыбдырсыз жүзген құстардай жеңіл жылжиды. Жарқыраған күн де қызуын еселеп төгіп, жердегілерге мейлінше мейірленіп тұрмай ма. Жеті қабат жер де жібіп, қойнынан қаулап шыққан көк жасыл кілемдей көрікті көгі құлпырып, көзіңді қуантады. Жаңбырдан соң жан бітіп жасарып шыға келген көгал шөп,  жасыл жамылғы киіп жапырағы жайқалған ағаш-талдар көңіліңді көркейтпей қоя ма. Табиғаттың тамаша сыйына қуанған жыршы құстар да өз қуаныштарын жасыра алмай аянбай әсем әндерін жарыса қошеметпен сайрата салады. Жаны жалқау еместер табиғаттың осы бір таңғажайып келбетінен ләззәт алары анық.

Былтырға қарағанада біздің аула көп өзгерді. Балалар ойнайтын алаңға айналдыра дөңгелектер орнатып, ішіне гүл отырғызылған. Шатырлы үш орындық, екі алтыбақан, екі сатылы турник қойылып, майда құм төгілген. Балалар да, біз де мәзбіз.

Кішкентай Фарида жаз шықса өз бетімен аулаға шығып, емін-еркін ойнап келуді әдетіне айналдырған. Ол биыл бесте. Ілияс пен Гүлжанның тұңғышы. Фарида басқа балаларға ұқсамайды. Мінез-құлқы да, сөйлеген сөзі де ерекеше. Сонысын қызық көретін ауладағы әжелер Фариданы көрсе орталарына алып, сұрақтарын жаудырып, ермек етеді. Сұрақтарына салмақты жауап алған әжелер:

- Өркеннің өссін айналайын, көп жаса, ақылыңнан айналайын, - деп мәре-сәре болып, Фариданың қолына алма, кәмпит ұстатып жатқандары.

Фарида бүгін де күндегі әдетінше аулаға ойын ойнауға бет алған. Аулада ойнайтын ешкім байқалмаған соң, құм үстіне өзінің ойыншықтарын ретімен орналастырып өз ойнының қызығына беріліп кеткен. Ауланың арғы бетінде биыл басталған жаңа үйдің құрылысы енді қарқын алып келеді. Соның бірінші қабатында бір топ мектеп жасындағы балалар ата-аналарынан жасырынып темекі шегіп тұрғанын Фариданың көзі шалып қалды. Мұны байқаған балалардың ішіндегі ересектеуі ымдап Фариданы өзіне шақырды.

Бейғам Фарида әлгілерге жақындап келгенде, жаңағы ересек бала оны өз қылмыстарына ортақ етпек оймен:

- Мә, шегіп көр, - деп қолындағы түтіні бұрқыраған темекісін ұсынды.

Жаңа ғана жайдары жүрген Фариданың әп-сәтте түрі бұзылып:

- Жоқ шекпеймін, мұсылмандар темекі шекпейді, - деп, үзілді-кесілді жауап қайырған.

Әлгі бала алдыға бір қадам ұмтылып:

- Сенің темекі шеккеніңді ешкім көріп тұрған жоқ қой, кел шегіп көрсеңші, - деп қолқалай түсті.

- Неге көріп тұрған жоқ? Мені Алла көріп тұр, Ол қайда болсам да көреді, - деп Фарида сенімді жауап берді.

Күтпеген жауапты естіген топ, төбелерінен жәй түскендей әсер алып дағдарып қалды. Енді Фариданы көндіру мүмкін еместігін түсініп:

- Жарайды шекпесең, біздің шеккенімізді ешкімге айтушы болма, - деп жамырай шуласты. Фарида жауап қайтармастан, олардың жаман қылықтарын ұнатпағанын байқатып қабағын түйіп, күрт бұрылып өзінің сүйікті ойыншықтарына бағыт алды. Қолма-қол ойыншықтарын жинап алып үйге тартып тұрған.

Гүлжан қызының әдеттегіден ерте оралғанына таңырқап:

- Қошақаным, неге ерте оралдың, аулада ешкім жоқ па екен?, - деген, сұрағына Фарида мамасына жаңа ғана болған жайды бастан аяқ баяндап берген.

Қызының таза пиғылы мен сәбилік адал пейілі Гүлжанды қатты тебірентіп:

- Ботақаным менің, ақылдым менің, - деді де, құшағына алып құшырлана сүйіп, - Жамандыққа жуымаған ақылыңнан айналайын, - деп еміреніп алған.

Кешке, Ілияс жұмыстан оралып астарын ішкен соң, Гүлжан екеуі Фариданы ертіп, қала сыртындағы көл жағасына бет алған. Ілиясқа бүгінгі Фариданың оқиғасын жол жөнекей әңгімелеп бергенде ол таңырқауы мен қуанышын жасыра алмай:

- Екеуміздің өз дінімізге деген таза ниетіміз, өзінің алғашқы жемістерін беруде. Бала деген сорғыш сияқты, бойына көргенін, естігенін сіңіреді. Жамандықты жанына жуытпауы, арам істен аулақ болуы бізден көрген өнегесі, - деп, Фариданы еркелете көтеріп құшағына алды да Гүлжанға сүйсіне қараған.

Ілиястың бұл сөздеріне Гүлжан

- Расында, біздің дініміздің пәктігінің көрінісін кішкентай қызымыздың бүгінгі кішкентай ғана амалынан көріп тұрмыз.

Гүлжанның тамаша ойын жалғастырған Ілияс:

- Нашақор болма, арақ ішпе, ұрлық қылма, өтірік айтпа, жалқау болма дегенше дінімізді толық ұстануды үйретсек, Ислам барлық жетістіктерге еш бір қиындықсыз апарады емес пе. Шынымен-ақ ата-ананы құрметтеу, үлкен мен кішіні сыйлау, инабаттылық, ізеттілік, секілді барлық жақсы қасиеттерді асыл дініміздің өзі-ақ бойымызға дарытып тұрған жоқ па, - деген.

Көл басы күндізгідей емес, тынышталып қалыпты. Қызған темірдей болып қызарып, ұясына қонып бара жатқан күннің алтынды шұғыласы көрікті нұрын төккенде, көл беті тотының қанатындай түрлі бояуларға бөленген. Ел аяғы басылған соң аққу, шағала, қаз, үйректер еркінсіп жағаға жақындап, су бетінде отырып көлдің сұлу толқындарында бесіктегі баладай тербелуде. Бір-бірін қуалай жарысқан шағын толқындар көл жиегіндегі сандықтай тастарды еркелей шапалақтап, шөлп-шөлп сүйіп қаша жөнеледі. Фарида үйреншікті әдетінше, үйден алып шыққан нан түйірлерімен қол жетер жерге тақап келген сүйікті қос аққуын кезек-кезек тамақтандыруға кіріскен. Бір-бірлеріне әбден бауыр басып достасып кеткен. Ілияс пен Гүлжан қыздарының тәтті қылығына сүйсіне қарап, табиғаттың сүйкімді суретін қызықтап тұр. Расында, жаз кімге болсын ерекше қолайлы мезгіл ғой.

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|