Оразбай ақсақал биыл алпыс беске келді. Дүниеге шыр етіп келісімен Совет дәуірінің тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Мектеп қабырғасынан шыққан соң ауыл шаруашылық институтын бітіріп, комсомолда, қалалық атқару комиетінде әр түрлі дәрежедегі қызмет атқарды. Ірі денелі, ұзын бойлы, жылы жүзді аса салмақты адам. Туған-туыс, өзі араласқан адамдардың арасында бедел-абыройы да жоғары. Оразбай ақсақалдың үш ұл, бір қызы бар. Ұлдары Талғат, Мұрат, Қайырлы, қызы Гүлжан. Талғаты мен Мұраты үйленіп өз жанұяларымен бөлек тұрады. Гүлжан да тұрмыс құрып балалы-шағалы болып кеткен.
Соңғы жылдары Оразбай ақсақал күрт төмендеп кетті. Ақсақалды қажытып, қартайтып жіберген кенжесі Қайырлының тағдыры. Өзі ерекше жақсы көріп, үлкен үміт артып жүретін ұлы Қайырлы, соңғы үш-төрт жылда көңілін мұқалтып, жанын жасытатын талай ауыртпашылық әкелді. Оқып жүрген институтындағы достарымен бірігіп, оқуға жаңа түскен баланың ақшасын тартып алып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, соңында оқудан қуылуымен тынды. Енді алты ай болды түрмеде қамауда. Бұл жолғысы қала сыртында жол торып қарақшылық жасаған. Оңтүстіктен жүк әкеле жатқан жүк машинасы жүргізушісінің аяқ-қолын байлап, қару көрсетіп қатігездікпен тонаған.
Оразбай ақсақал Қайырлының осындай болуына аң-таң қалады. Кішкентайынан көкешім, құлыным деп еркелетіп, тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адал бол, өтірік айтпа, арамдықтан аулақ бол, деп айтудан жалықпайтын. Ал осындай тәрбие көрген Қайырлының бүгінгідей күй кешу салдарына не себеп? Тамағы тоқ, көйлегі көк боп өсті. Ешнәрседен тарлық көрмеді.
Оразбай ақсақалдың ойына Қайырлының жетінші сыныпта оқып жүргендегі елеулі оқиғасы оралды. Қайырлы сабақтан кеш оралатынды шығарды. Әкесінің: «Қайда болдың?», - деген сұрағына, Ұлы: «Қосымша сабаққа барып жүрмін», - деп жауап қайтаратын. Іс-әрекеті, қимылына қарап баланың бойында үлкен өзгерістердің жүріп жатқанын байқамау мүмкін еместі. Кісіге қарағанда көзі ойлы, қимылы салмақты, ал сөзінде сабырлылық байқалады.
Оразбай ақсақал ұлының жанында ересек жігіттің жиі әңгімелесіп жүргенін бірнеше рет көзі шалып қалғаны бар. Бір күні әлгі жігітті аңдып жүріп Қайырлымен қоштасқаннан кейін дауыстап тоқтатып алды.
- Сен кімсің? Қайырлыда не шаруаң бар?, - деп, сұрақ астына алды.
Әлгі жігіт ерекше байсалдылықпен, биязы үнімен Арабиядан оқып келгендігін, қазір қалалық мешітте қызмет атқаратындығын мәлімдеді. Одан соң Қайырлымен жақында танысып, оған Құран үйретіп, намазға баулып жүргендігін баяндаған. Қайырлы шын ықыласты, өте зерек, деп барып оның осы жолды таңдағанына, өзінің үлкен қуанышта екендігін айтты.
Бұл сөздерді естіген Оразбай ақсақалдың түрі өрт сөндіргендей бүлініп кетті.
- Сен, - деді Оразбай ақсақал, - Ақылыңды кесеге сап езіп іш, сенің өз білгенің өзіңе, менікі өзіме. Менің баламның кім боларын мен ғана білем, онда сенің шаруаң болмасын, - деді, - Және де мен Қайырлының үлкен қызмет иесі болып, ғылыммен айналысуын қалаймын. Сен оның уақытын алып, бекер бөгет болма, - деп, өз ойының тоқ етерін айтты.
Жігіт сабырлы қалпын бұзбай:
- Ақсақал, мен Қайырлыға ең адал да әділетті Алланың түзу жолын көрсеткеннен басқа жаманшылық ойламаймын, - деді.
Жігіттің бұл сөзіне Оразбай ақсақал ендігі жерде Қайрлының мазасын алушы болма, - деп үзілді кесілді талап етіп сырт айналып кете берген.
Үйге келген соң Қайырлының кітап сөресінен Құран кітабын, арабша үйренейік, намаз үйренейік, деген кітаптарын тауып алып, өз сандығына салып қойғанды.
Қайырлының әкесіне жалынып, кітаптарын қайтарып беру өтінішіне,
- Бос сөзді қойып, сабағыңмен айналыс. Ана жігіттің маңына жуушы болма, - деп қатаң тыйым салған.
Әке үкіміне қарсы келмейтін Қайырлы, жаңа сүйіп бастаған ісімен осылай хош айтысуға мәжбүр болды.
Иә, Оразбай ақсақалдың ойына бұл оқиғаның оралуы бекер еместі. Ішін өкініш оты жалап, жанын жегідей жеп барады. Осыдан он екі жыл бұрын Қайырлыдан тәркілеген қазақша Құранды сандығынан шығарып, алғашқы бетін ашқанда, көзінің бірінші түскені, Бақара сүресі:
«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Алиф Ләм Мим. Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші…»
Оразбай ақсақалдың тамағына тас тығылып қалған. Жүрегі тынымсыз тулап кеудесіне әзер сиып тұр. Көздерінен жас бұршақтай бұрқ ете түсіп, бұлақтай бұрқырап қоя берді. Құран ұстаған қолдары дірілдеп, өз-өзіне ие бола алмай көз жасына ерік беріп қоя берген. Әжімдерін бойлап аққан жас, сақалынан сорғалап кеудесіне құйылды. Жүрегі езіліп бара жатқандай.
Қандай керемет! Бақара сүресін ары қарай жалғастырды: «Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден Алла жолында жұмсайды. (Мухаммад,) олар саған түсірілгенге, әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және Ахиретке анық нанады. Міне солар Раббылары тарапынан тура жолда және солар құтылушылар».
Міне ғажап! Құдіретті Алланың сөзін оқып қасиетін толық сезінуден артық бақыттың жоқтығын енді ғана ұғынды. Иегі кемсеңдеп, Қасиетті Құранды ерініне тақап сүйді де жүрек тұсына басып ұзақ отырды.
Бүгін Қайырлымен кездесуге рұқсат етілген күн. Дайындап қойған тағамдарын, таза көйлек-көншіктерін сөмкеге салған соң, ең бетіне ақ матаға орап Қасиетті Құранды қойды. Қағаз бен қалам алып: «Ештен кеш жақсы, менің жасаған күнәләрімді Алла кешірсін, сонан-соң алдыңда жасаған қателіктерімді, балам, сен кешір…!», - деп жазды.
Үш бүктеп хатты көйлегінің қалтасына салды.
Бүгін күн жұма. Түрмедегі ұлына апарған аманатын тапсырған соң, ешқайда бұрылмастан орталық мешітке бет алды. Бұрын да жұма сайын Алла үйіне барып құран оқытып, қайыр садақа берумен шектелетін. Бұл жолғы келіс басқа. Таң ертеңгі оқылған: «Сондай олар көмеске иман келтіріп, намазды толық орындайды…!», - деген Құран аяттары жүрегінде жатталып қапты. Ендігі ойы, бар өмірін Алланың әміріне сай намазды толық орындауға белін бекем буған.
Жұма намазын жиылған жамағатпен оқыған соң, елдің соңынан қалып, Алладан тілек тілеп, дұға оқып біраз отырды. Байқаса өзінен де басқа біраз адамдар бөгеліп құлшылықтарын жалғастырып жатыр екен. Солардың бірі мінбердің жанында отырған жігіт. Әлгі жігіттің іс-әрекеті Оразбай ақсақалдың еріксіз көзін тартты. Сұңғақ бойлы, пішінінде сабырлылық тұнып тұр, қимылы байсалды. Ойлы көзбен маңын шолып, отырғандардың бәріне ізетпен сәлем бере келе, кезек біздің ақсақалға жеткенде, қоңырқай әсем даусын көтеріңкіреп:
- Ассаламуғалейкум, - деп сәлем берді. Оразбай ақсақал жазбай таныды. Жүзі жылы бұл жігіт, баяғы, Қайырлысының ұстазы еді.