Quickribbon

Нақшбандия сектасының адасуын әшкерелеу

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Оны дәріптеп әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ әрі жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.

Осы кішкентай ғана кітапша Тариқат әл-Нақшбандия сектасының ілімін Құран мен Сүннет аясында зерттеп, талдауға арналған. Сонымен қатар, осы кітапша аталмыш сектаның зұлымдығына тыйым салып, мұсылман үмметін алдын-ала сақтандыру мақсатында жазылды. Мұсылман әлемінде үнемі ислами ақиданы бұрмалайтын, мұсылмандарды тура жолдан адастыратын түрлі қозғалыстар мен ағымдар пайда болып отырды. Әсіресе, қазіргі таңда кең таралған, әрі ең қауіпті топтардың бірі – Тариқат әл-Нақшбанди сектасына тоқталып өткен жөн.

Көптеген адасқан топтар секілді нақшбанди тобы да «мұсылмандардың барлығы надан, сондықтан олар құпия білімге ие пірге мұқтаж» деп мәлімдейді. Сондай-ақ, олардың айтуынша, діни мәтіндер (Құран мен Сүннет мәтіндері) анық және құпия мағынаға ие: анық мәтіндерді қарапайым халық түсінеді, ал құпия мәтіндерді тек пірлер ғана түсіне алады. Нақшбани сектасының жалған сенімдерінің тағы бірі – құпия мәтіндерді түсіне алмайтын қарапайым халық Аллаһпен тікелей байланыса алмайды, олар тек Аллаһ пен құлдың арасында дәнекер болып табылатын пірдің айтқанын екі етпестен ғана Аллаһқа жақындай алады.

Бұл сектаның қауіптілігі сол, олар Исламның кейіпінде, оны іштен іріту арқылы Ислам сәулесін өшіріп, Аллаһтың түсірген дініне ерген мұсылмандарды адастырады.

Аллаһтың разылығын қалай отырып, аталған топтың аса ауыр қателіктері мен жалған сенімдерден құралған Исламға жат дүниетанымын әшкерелеуді өз міндетіміз деп таптық. Олардың торына түскендерге ағымның адасуы анық әрі түсінікті болатынына сенеміз, сондай-ақ бұл топқа «міне, қосыламын» деп ниет еткен бауырларымызға ескерту болады деп үміт етеміз.

Қалың оқырман қауымға өте қарапайым әдіс арқылы осы адасқан топ пен Исламның айырмашылығын түсіндіруге тырысамыз –Аллаһтың сөзі Құран мен Оның шынайы елшісі Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді хадистеріне, нақшбандилердің сенетін мәтіндеріне қарама-қарсы қоя отырып, ақиқаттан жалғанды айырамыз.

Сөзімізге дәйек ретінде кітаптардың атымен қоса, беттерінің номерін де келтіреміз. Құран мен хадиске сілтемені де ұмыт қалдырмаймыз.

Бұл құнды кітапша, адамдардың маңызды мәселелерде адасушылық пен надандықтан құтылуына себеп болсын деп Аллаһ Тағаладан жалбанырып, дұға етеміз. Иә Аллаһ Тағала, ақиқатты шынайы түрде іздеушілерді тура жолға салып, қасіреттен құтқара гөр!

 

1. ИСЛАМИ СЕНІМ: Тек Аллаһ қана Ақиқат (Хақ).

Аллаһ Тағала Құранда былай дейді:

«Бұл өйткені, Аллаһ – Хақ. Күдіксіз Ол, өліктерді тірілтеді» (Хаж сүресі, 6-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Ақиқат (Хақ) – Әбә Йәзид әл-Бәстами.

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 15 бетінде былай деп жазылған:

«Осы-аятты өмірінде бір-ақ рет оқыған адам аса жоғары дәрежені иемденеді… Ол адам пайғамбарлар мен әулиелер жете алмаған дәрежеге жетіп, тариғатымыздың имамы Әбә Йәзид әл-Бәстамидің деңгейіне көтеріледі. Әбә Йәзид әл-Бәстами ұстазымыздың өзі былай дейтін: Мен – Ақиқатпын (әл-Хақ)».

Жоғарыда келтірілген «Мен – Ақиқатпын (әл-Хақ)» сөзі – Аллаһтың Есімдері мен Сипаттарындағы ауытқушылық екені анық белгілі. Себебі әл-Хақ – тек Аллаһқа ғана тән сипат және бұл сөз жаратылыстарға «әбд» (құл) тіркесі арқылы жазылады. Сол себепті, кезінде әл-Халләдж есімді кісі өзін «Әнәл-Хақ» дегені үшін діннен шыққан кәпір ретінде өлім жазасына кесілді.

 

2. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтың ешқандай көмекшісі жоқ.

Аллаһ Тағала Құранда былай дейді:

«Шын мәнінде Ол, бір нәрсені қаласа, Оның бұйрығы оған “бол” деу, сонда ол бола қалады» (Ясин сүресі, 82-аят).

Тағы да Құранның басқа жерінде Аллаһ Тағала былай дейді:

«Оларға Аллаһтан өзге көмекші жоқ. Ол, Өз үкіміне ешкімді ортақ қылмайды» (Кәһф сүресі, 26-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір – Аллаһтың көмекшісі.

«Мұхиттар мейірімі» атты кітаптың бірінші бөлімінің 33 бетінде былай жазылған:

«Пірдің күш-қуаты соншалықты, ол бір нәрсені қаласа, оған Бол деп айтады, сонда ол нәрсе бола қалады».

Жоғарыда айтылған сөздер – Аллаһтың Раббылық сипатындағы анық ауытқушылық, себебі Ислам қағидасы бойынша, Аллаһтан басқа біреуге Раббылық сипат ешкімге берілмеген. Сондықтан, бұл сөздер Таухидке анық қарама-қайшы, әрі айқын адасушылық екені белгілі болды.

3. ИСЛАМИ СЕНІМ: Ешкім пайғамбарлар мен сахабалардың дәрежесіне жете алмайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бәрімізге белгілі хадисте былай дейді:

 

«Ең жақсы адамдар – менің кезеңімдегі адамдар. Одан кейін – олардан соң келгендер, сосын – олардан кейін келгендер». Әл-Бухари 3651, Муслим 2533.

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Арнайы бір адамдар пайғамбарлар мен сахабалар жетпеген дәрежеге жете алады.

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 1 бетінде былай жазылған:

«Қазіргі кезде, осы қағидаларға сай әрекет ете білген адам тым жоғары деңгейге көтеріліп, үлкен сатыға жетеді… Ол сондай биік дәрежеге жетеді, тіпті ондай дәрежеге пайғамбарлар мен олардың сахабаларының өздері де жете алмайды».

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 4 бетінде былай жазылған:

«Әсіресе, Пайғамбардың Сүннетін ұстанғандар өткен қауымдарға белгілі болмаған құпия білімге жетіп, ерекше күйді бастан кешіреді. Тіпті, Пайғамбарымыздың сахабаларының өзі ондай сатыға жетпеген».

Нақшбанди сектасының тағы да өтірігінің бірі – Пайғамбардың өзі жете алмаған дәрежеге жету. Мұндай жиеркенішті жалған мәлімдеуді тіпті қарапайым мұсылманның өзі өтірік екенін бірден байқайды.

 

4. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ аспанда.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«Жер теңселген сәтте Аспандағының сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдерме?» (Мүлік сүресі, 16-аят).

Имам Муслим өзінің “Сахихінде” Му’ауия ибн Хакәм әс-Суләмидің, оған Аллаһ разы болсын, сөзін жеткізеді: “Тағы, Ухуд және әл-Джууәний жақта менің қойларымды бағатын күңім бар еді. Бір күні ол жотаның төбесіне шығып тұрғанда, қасқыр бір қойды алып бара жатқанын байқайды. Ал менің көңіл-күйім түсіп тұрса да, Адам баласы ретінде оны түсінуге тырыстым. Алайда, мен оны бетінен шапалақпен ұрдым да, осы болған жайтты Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткіздім. Ол бұл жағдайды жақсы әрекет емес деп бағалады. Сонда мен Аллаһ елшісіне: “Онда мен оны босатамын” – дедім. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Күңді шақыр!» – деп бұйырды. Мен күңді ертіп алып келген кезде, Аллаһ Елшісі одан былай деп сұрады: «Аллаһ қайда?» Күң былай деп жауап берді: “Аспанда!” Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да: «Мен кіммін?», – деп сұрады. Ол: “Сен – Аллаһ елшісісің”, – деп жауап қатты.” Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Оны бостандыққа жібер, себебі ол – иман келтірген әйел (мумина)»!” Хадистің номері 537.

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Аллаһ барлық жерде.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 13 бетінде былай делінген:

«Аллаһ Тағала барлық жерде, әсіресе Бәйтуллаһтың ішінде, себебі Аллаһтың Өзі ол үйді – Аллаһтың үйі деп атады. Ол үй – Раббының үйі деп аталғандықтан Раббымыз Аллаһ сол үйдің ішінде болуы керек».

Аллаһ барлық жерде деген сенім – ислами сенім емес және Құран мен хадистерге ашық қарсы келеді. Егер шынымен Аллаһ барлық жерде болғанда, онда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһпен жүздесу үшін Миғраж түнінде жеті қат аспанның үстіне көтерілместен, өзінің үйінде жатып-ақ Аллаһ Тағаламен кездесе салар еді.

 

5. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтан басқа ешкім Қиямет Күнінің қашан болатынын білмейді.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«Шынында, Қиямет Күнінің мерзімі туралы білім Аллаһтың қасында» (Лұқман сүресі, 34-аят).

Бәрімізге белгілі Джәбрейлдің ұзақ хадисінде, ол ер адам кейіпінде пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп Ислам, Иман және Ихсан туралы сұрап білгеннен кейін Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: “Енді маған Қиямет Күнінің қашан болатынын айтып бер”. Сонда пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді» (Бухари, Муслим).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір Қиямет Күні туралы біледі.

«Мұхиттар мейірімі» атты кітаптың 19 бетінің жоғары жағында былай делінген:

«Бізге берілген осы нышандар келесі екі жылдың көлемінде міндетті түрде ұлы оқиға – Қияметтің болатынын көрсетіп тұр».

Бұл сөйлем жазылған кітап 1987 жылы жарыққа шыққан еді. Бірақ, 23 жыл (қазір 2010 жыл) өтсе де біз әлі Қиямет Күнін көре алмай отырмыз. Егер Құранда Аллаһ Тағала:

«(Мұхаммед оларға) айт: “Көктер мен жердегі көместі (ғайыпты) ешкім білмейді. Олар қашан тірілетіндіктерін де білмейді” де» (Нәміл сүресі, 65-аят), – деп тұрса, онда саналы, сау адамның санасына сыймайтын осындай сұрқия сөздер қайдан рас болсын?!

 

6. ИСЛАМИ СЕНІМ: Мұсылмандар мен кәпірлер тең емес.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«(Кәпір, Мұсылман) екі топтың мысалы: Соқыр, саңырау және көріп, естуші тәрізді. Мысал тұрғысынан екеуі тең бе? Түсінбейсіңдер ме?» (Һұд сүресі, 24-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Мұсылмандар мен кәпірлер тең.

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 12 бетінде былай деп жазылған:

«Аллаһ Тағала кәпір мен пасықтың немесе мүмін мен мұсылман арасын бөлмейді. Олардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Аллаһ үшін олардың барлығы бірдей».

Дәл осы кітаптың 16 бетінде былай деп жазылған: “Аллаһ Тағала кәпір мен екіжүздіні және әулие мен пайғамбар арасын бөліп жармайды, сондай-ақ олардың бір-бірінен ешқандай да айырмашылығы жоқ”.

 

7. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ пен адам арасында дәнекер жоқ.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«(Мұхаммед) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» (Бақара сүресі, 186-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір – Аллаһ пен адамның арасындағы дәнекер.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 23 бетінде былай делінген:

“Егер Сейәдин Маһди мен біздің арамызда Мәуләнә Шейх Назим болмағанда, Қасиетті пайғамбар Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пен біздің арамызда Мәуләнә Шейх Назим болмағанда, бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ пен біздің арамызда Мәуләнә Шейх Назим болмағанда, онда ешкім илаһи білімге қол жеткізе алмас еді. Себебі, Мәуләнә Шейх Назим – біз бен Аллаһтың арасындағы дәнекер”.

Құдай мен адамның арасында дәнекер бар деп сену – басқа діндерден алынған көпқұдайшылдық сенім боп табылады. Мәселен, христиан дінінде Құдай мен адамның арасындағы дәнекерші – пірәдәр (священник) болып табылады. Қарапайым халық күнәларына тәубе етуге тікелей Құдайға арнаудың орнына, пірәдәрларға барып өз кемшіліктерін айтып, ақталады.

 

8. ИСЛАМИ СЕНІМ: Барлық нәрсе Аллаһтың қалауымен болады.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«Әлемдердің Раббысы Аллаһ қаламайынша тілеулерің жүрмейді» (Текуир сүресі, 29-аят).

Бір күні бір сахаба Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұхбаттасып болған соң, әңгімесін мынадай сөздермен: “Бұл Аллаһтың және сенің қалағаның”, – деп бітірген кезде, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сахабасының сөзін дереу былай түзеді: «Сен мені Аллаһпен теңестіріп тұрсың ба? Былай деп айт: бұл тек Аллаһтың ғана қалағаны» (Ахмад).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Аллаһтың және әулиелердің қалағаны болады.

«Ғусуб ус-Сайлан» атты кітаптың 23 бетінде жергілікті топтың басшысы былай деп айтады:

«Бір күні таңертеңгі уақытта мен бір газетте: “Дауатагаха мешітінің әкімшілігі аға қамқоршы іздейді” деген сөздерді оқыдым. Бірнеше күннен кейін маған қайырымдылық қордың басшысы мен аға демеуші М.И.М. Шаукат келіп, осыған байланысты “не айтасыз” деп сұрады. Мен: “Егер Аллаһ және әулиелер қаламаса, онда ешнәрсе істей алмайсын”, – деп жауап бердім».

 

9. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ жаратушы.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратқан» (Ағраф сүресі, 54-аят).

«Ол сондай Аллаһ, көктер мен жерді әрі екі арасындағыларды алты күнде жаратты» (Сәжде сүресі, 4-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір жаратушы.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 15 бетінде былай делінген:

«Сендерге мәлім барлық нәрсе Султан әл-Әулияның рухани билігінің қол астында. Ол жалғыз өзі осы әлемдегі адамзатқа билігін жүргізеді. Сондай-ақ ол жындар мен періштелер әлемін басқарады».

Бұл айтылған сөздер Таухид әр-Рубубиядағы адасушылық. Ақылы бар адамның миына сыймайтын мұндай сөздер тек терең адасқан адамның аузынан шығады.

 

10. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтан басқа ешкім жағдайды өзгерте алмайды.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«Егер Аллаһ саған қиыншылық келтірсе, сонда оны Өзінен басқа ешбір айықтырушы жоқ» (Әнғам сүресі, 6-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір қиыншылықтан құтқара алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 26 бетіндегі екінші параграфте былай делінген:

«Егер мүрид (шәкірт) бір қиыншылыққа тап болса, онда оны құтқаруға Пірдің күш-қуаты жетеді».

 

11. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтан басқа ешкім адамды тозақтан құтқарып, жаннатқа кіргізе алмайды.

Сахих хадистің бірінде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді:

«Әй Құрайш тайпасы, құтылу тек Аллаһтан, мен сендерге Аллаһқа қарсы еш көмектесе алмаймын. Әй Әбдул-Муталибтің ұрпақтары, әлбетте мен сендерге Аллаһқа қарсы еш көмектесе алмаймын. Әй (менің ағам) ибн Әбдул-Муталиб, әй (менің әпкем) Сафия, мен сендерге Аллаһқа қарсы еш көмектесе алмаймын. Әй Мұхаммедтің қызы Фатима, менен қалағаныңды сұра, бірақ менде Аллаһқа қарсы көмектесетін ешнәрсе жоқ!» (Муслим)

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір адамды тозақтап құтқарып, жаннатқа кіргізе алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 30 бетіндегі үшінші параграфте былай делінген:

«Муридтің тозаққа түсіп кетуінен Пір құтқарады. Шейх Назим өзінің ізбасарларын жаннатқа кіргізеді».

 

12. ИСЛАМИ СЕНІМ: Өлім періштесі адамға ақырғы сәтінде келіп жанын алады.

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«(Мұхаммед оларға): “Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар” де» (Сәжде сүресі, 11-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМ: Пір өлім халінде жатқан адамға келіп, жанын алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 35 бетіндегі “Қабірде сұрақ-жауап жоқ” деген тарауда былай делінген:

«Өлім періштесі Әзрейіл Мәуләнә Шейх Назимнің мүридтерінің жанын ала алмайды. Мүридтер өлім халінде жатқанда олардың жандарын Мәуләнә Шейх Назим келіп алады. Ол мүридтерге қараған кезде, олардың жандары әп сәтте денені тастап шығады. Шейх Назимнің мүридтеріне өлім періштесі де, қабірдегі періштелерде еш зиян тигізе алмайды».

 

13. ИСЛАМИ СЕНІМ: Исламда құпия білімдер жоқ. Барлық білім Құран мен Сүннетте берілген.

Сахих хадистердің бірінде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

«Мен сендерге Аллаһтың бұйрықтарының барлығын жеткіздім, сондай-ақ Аллаһтың тыйым салғандарының бірде-біреуін қалдырмастан барлығын жеткіздім» (әл-Бәйхақи).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір құпия білімдерге ие.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 60-61 беттеріндегі үшінші параграфында былай делінген:

«Мәуләнә Шейх Назим өзінің мүридтерін құпия білімге үйретті. Шейх Назим олардың тұрмысқа және дінге қатысты сұрақтарына жауап берді. Мүридтер пірден құпия білімдерді алғаннан кейін ешқашан кітаптардағы білімдерге мұқтаж болмайды».

 

14. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ адамды жақсы көрген кезде…

Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді:

«Аллаһ айтады: … Маған құлымды жақындататын ең сүйікті нәрсе – парыз еткендерім. Мен оны жақсы көргенше Маған жақындап, нәпілдер орындайды. Ал Мен оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы боламын, көретін көзі боламын, ұстайтын қолы боламын, жүретін аяғы боламын» (Бухари 6502).

Жоғарыда келтірген хадисті оқырман дұрыс түсінуі керек. Бұл хадис туралы ғалымдар былай түсіндірген: «Еститін құлағы боламын» дегеніміз адам тек қана халал нәрселерді естіп, тыйым салынған әңгімелерден аулақ болады. «Көретін көзі боламын» дегеніміз адам тек рұқсат етілген нәрсені көріп, тыйым салынған нәрселерден аулақ болады. «Ұстайтын қолы боламын» дегеніміз адамның қолы тек рұқсат етілген нәрсені ұстап, тыйым салынғаннан аулақ болады.

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Бұл хадиске анық қарама-қайшы келеді.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 62 бетінде соңғы параграфында былай делінген:

«Мәуләнә Шейх Назимнің өзінің мүридтерінің денелеріне енгенін талай байқадық. Мұндай жағдай болған кезде мүридтер өз-өздерін сезбей, өзіндік Менін жоғалтып алады. Сондай-ақ мүридтер өздерін Шейх Назим сияқты сезінеді – олар Шейхтің көзімен көріп, оның құлағымен естиді де, оның аузымен сөйлейді».

 

15. НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір бір уақытта бірнеше жерде бола алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 33 бетінде былай делінген:

«Мәуләнә Шейх Назим денесі мен кейпінде бір уақытта бірнеше жерде бола алады».

Сонымен қатар, аталмыш кітаптың 65 беттің екінші параграфында былай делінген:

«Кейде мүридтер басқа ел мен жерге баратын. Мысалы, олар бір минут ішінде Лондонға барып келе алады. Шейх Назимнің қалауымен кейбір мүридтер бір минуттің ішінде Меккеге, Мединеге, Лондонға және Бағдадқа барғаны белгілі».

ИСЛАМИ СЕНІМ: Нақшбанди сектасының жоғарыдағы пайымдауына былай жауап береді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

«Үш түрлі жын бар, оның біріншісі - ұшатын жын…» (Әл-Хәким, Табәрани және әл-Бәйхақи).

Құранда Аллаһ Тағала айтады:

«Шынында, адамдардан кейбір ерлер, жындардың кейбір ерлеріне сиынатын еді де сонда олар, жындардың менменсінуін артыратын еді» (Жын сүресі, 6-аят).

Біз осы кітапшада келтірілген дәлелдерге сүйеніп, нақшбанди сектасы таза Исламның негіздері мен тіректеріне тікелей қарама-қайшы екендігін кесімді түрде айта аламыз. Мұндай топтардың пайда болатынын пайғамбарымыз Мұхаммед (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтып кеткен еді:

«Яһудилер жетпіс бір ағымға бөлінді. Христиандар жетпіс екі ағымға бөлінді. Ал менің үмметім жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың барлығы тозақта, тек біреуінен басқа». Одан: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар кімдер?» – деп сұрағанда. Ол: «Олар менің және сахабаларымның артынан ергендер», – деді (Ахмад 2/503, Әбу Дәуд 3/367, Ибн Мәджәһ 2/479, әд-Дәрими 2/241, әл-Хәким 1/128. Бұл хадисті шейх әл-Ислам Ибн Тәймия, шейх Ибн әл-Қойим, имам әш-Шәтыби, хафиз әл-‘Ирақи және шейх әл-Әлбәни сахих деген).

Осылайша, өздерін тура жолда жүрміз деп мәлімдейтін кез-келген топтың дұрыстығын, оның ұстанатын сенімі мен жолын Құран, Сүннетке қаншалықты сәйкес келетіні арқылы бағалап, анықтаймыз.

Адамзат тарихы көрсеткен мынадай (жалған) қағида бар: «Егер оларды жеңе алмасаңдар, онда олармен бірігіңдер» – дәл осы қағидаға сүйенген нақшбанди ағымы Исламды жоюға бар күшін салады. Олардың мақсаты – Исламды іштей іріту. Қой терісін жабылған қасқыр секілді бұл топ та Исламның кейпіне еніп, мұсылмандарды адастыруда. Сондықтан, нақшбанди сектасының сыртқы алдамшы түрі ешкімді адастыруға алып бармауы тиіс.

Ислам сәулесін іздеп, алайда аталмыш топтың алдап-арбауына түсіп қалған қандастарымызға барынша ескертуіміз қажет.

Мұсылман адамға осы дәлелдер жеткеннен соң, адасуын тастамаса, онда ғұламалар айтқандай, күпірлікке түсіп, Исламнан шығуы әбден мүмкін. Себебі, бұл топтың сенімдері соншалықты Исламнан алыс, тіпті мұндай зиянды сенімді қарапайым адамның өзі дұрыс емес екендігін түсінеді. Сондықтан, әрбір мұсылман өз апа-қарындасына, аға-ініге, ата-анаға және барлық таныстарына бұл сектаның Исламға түбегейлі қарама-қайшы екендігін түсіндіру міндетті болып табылады. Ескерту, біз бұл кітапшаны белгілі бір адамды күпірлікте айыптау үшін емес, керісінше мұсылмандарды барынша осы сектаның қатерінен сақтандыру мақсатында жаздық.

 

Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән! Мұхаммедке, отбасына және оның сахабаларына Аллаһ Тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын!

 

al-hanifiya.kz

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|