Quickribbon

Ислам шақыруының (дағуатының) негізін қалаушы принциптер

Мейірімді, Рахымды Аллаһтың атымен!

Бұл мақаланың негізіне шейх Салих әл-Фәузанның, Аллаһ оған есендік берсін, шейх Раби’ әл-Мәдхалидің, Аллаһ оған есендік берсін «Пайғамбарлардың Аллаһқа шақыру әдістеріндегі даналық пен қисын» кітабына жазған кіріспесі алынған. Аталған кітапты орыс тіліне аударған – Кулиев Эльмир.

Бізге Өзінің Елшісінің жолына ілесуді және Өзінің дінін уағыздауды әмір еткен әлемдердің Раббысы - Аллаһқа мадақ. Пайғамбарымыз Мухаммедке оның отбасына, сахабаларына және барлық дұрыс ізбасарларына  Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.

Аллаһқа шақыру – бұл Мухаммед пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) және оның ізбасарлары ілескен жол. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деді:  «Айт: «Менің жолым - осындай. Мен және маған ергендер Аллаһқа ашық дәлелге (кәміл сенімге) сәйкес шақырамыз. Аллаһ - Пәк және мен – көпқұдайшылдардан емеспін».  (Юсуф 12: 108).

Мұның үстіне, Аллаһқа шақыру – бұл Жаратушының барлық елшілерінің және барлық муминдердің миссиясы, Аллаһ Тағала оларға адамдарды қараңғылықтардан жарыққа, күпірліктің тұңғиығынан хақ сенімге, көпқұдайшылдықтың милауытынан бір Аллаһқа құлшылық етуге, Тозақтан Жәннәтқа шығаруға деген міндеттілік жүктеді. Алайда, бұл шақыруды белгілі шарттарға сәйкес жүргізу міндетті болады, және оның біреуі бұзылса, бұл - Исламның таралуына кедергі жасайды. Ал сонда адамдар қанша тырысса да, және қанша уақыттарын сарп етсе де – олардың уағыз-құтпалары қалаулы нәтиже бермейді. Міне дәл осындай жағдай осы ережелерді басшылыққа алмайтын көптеген мұсылмандармен бүгіңгі күні орын алуда.

Ислам шақыруының (дағуатының) негізін қалаушы осы принциптер Қасиетті Құранда және Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде  баяндалған және төмендегілерге келіп түйіседі:

1.  Аллаһқа шақырушы шақырып жатқан нәрсесін білуі керек. (Діни) сауатсыз адам Исламның дағуатшысы (шақырушысы) бола алмайды. Аллаһ Тағала Өзінің пайғамбары Мухаммедке (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Айт: «Менің жолым - осындай. Мен және маған ергендер Аллаһқа ашық дәлелге (кәміл сенімге) сәйкес шақырамыз…», - деп айтты. (Юсуф 12: 108).

Айқын дәлел (кәміл сенім) – бұл білім. Ақиқатқа шақырушы адам оның жүрегіне күмән салғысы келетін және көзқарастарын жоққа шығаруды қалайтын, және сол арқылы ақиқатты жоққа шығаруға тырысатын жалғанның жақтаушыларына жиі тап болады. Сондықтан, Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Рабыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр, және көпқұдайшылдармен айтысуды ең жақсы құралдармен жүргіз. Ақиқатында, сенің Раббың Оның жолынан кім тайып кеткенін жақсы біледі, және Ол тура жолдағыларды да жақсы біледі». (ән-Нәхль 16:125)

Мұсылман адам ақиқаттың қарсыластары белгілі білімге ие екендігін, және сондықтан да Мухаммед Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәлді Йеменге аттандырып, оған Кітап иелері арасына түсетінін ескерткенін білуі керек. Егер дінге шақырушы ол арқылы кез-келген күдіктерді жоятын және кез-келген өтірікті әшкерелейтін  тиянақты білімге ие болмаса, өзінің қарсыласымен болған алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліске ұшырайды және жолының басында-ақ тоқтап қалады.

2. Ол адамдарды шақырып жатқан нәрселерін өзі орындауы керек. Соны істеу арқылы ол айналасындағыларға көркем үлгі болады. Оның сөздері мен істері екі түрлі болмайды, және дұшпандары оған ешқандай қарсы сөз айта алмайды. Аллаһ Тағала Шуъайб пайғамбардың өз қауымына былай дегенін айтады: «Мен сендерге тыйым салатынымды өзім істегім келмейді, бірақ, күшім жеткенше (сендердің) амалдарыңның түзетілуін қалаймын». (әл-Худ 11:88)

Ал өзінің Пайғамбарына (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағала: «Ақиқатында, менің намазым және құрбандығым, өмірім және өлімім – ешбір серігі жоқ әлемдердің Раббысы Аллаһ үшін», - деп айт!» - деп бұйырды. (әл-Әнъәм 6:162-163).

Раббымыз, сондай-ақ, былай деп айтты: «Аллаһқа шақырып, ізгі амалдар жасап және: «Мен – мұсылмандардың бірімін!» - деп айтушының сөзінен не жақсырақ?!» (әл- Фуссиләт 41:33).

3. Ол өзінің шақыруын өзгелерге көрсету, даңқ, ұлылық, құрмет немесе дүние пайдасы үшін емес, шын ықыласпен Аллаһ үшін жүргізуі керек. Егер дінге шақырушы осы аталған мақсаттардың біріне жетуге ұмтылса, онда ол адамдарды хақ дінге Аллаһ үшін емес, өзі үшін немесе өзінің пайдасы үшін шақырып жатқан болады. Сондықтан да, пайғамбарлардың бірі өз халқына: «Мен осы үшін сендерден сый тілемеймін, өйткені, менің сыйымды тек Әлемдердің Раббысы ғана береді», - деді. (әш-Шуъәра 26:109)

Ал Нух пайғамбар: «Әй, менің халқым! Мен сендерден сыйға дәулет сұрамаймын, менің сыйымды тек бір Аллаһ ғана береді», - деді. (әл-Худ 11:29)

4.  Ол ең бастысынан бастап, ал тек содан соң ғана маңызы аздауына көшуі керек. Ең бірінші кезекте ол адамдардың діни сенімін (ақидасын) түзету және оларға бір ғана Аллаһқа құлшылық ету қажеттілігін және Оған серік қосуға еш жол берілмейтінін  түсіндіруі қажет. Сондан кейін ғана оларды намазды орындауға, зекет төлеуге және басқа да міндетті болған әмірлерді орындауға шақыруына және оларды күнәларды жасаудан сақтандыруына болады. Аллаһтың барлық елшілері де дәл осылай істеді, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқандай:  «Аллаһқа құлшылық етіңдер және жалған құдайлардан аулақ болыңдар». (ән-Нәхль 16:36).

Ол сондай-ақ былай деді: «Сенен бұрын қандай пайғамбар жіберсек те, оған: «Күдіксіз, Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар» - деп уахи етпей қалдырған жоқпыз». (Әнбия 21:25).

Ал, Муъаз ибн Жәбәл туралы хадисте Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) оған былай деп айтқаны жеткізіледі: «Сен Кітап иелерінен болған халыққа барып жетесің. Оларды ең алдымен шақыратының - Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ екендігі туралы куәлік болсын. Егер олар осыда саған мойынсынса, онда Аллаһ оларды тәулік сайын бес уақыт намазбен міндеттегенін білдір. Егер олар осыда саған мойынсынса, онда Аллаһ олардың байларына кедейлердің пайдасына зекет беруіне міндеттегенін білдір. Егер олар осыда да саған мойынсынса, онда олардың таңдаулы мал-мүлкіне қол сұғушы болма, және жәбірленушінің дұғасынан қорқ, өйткені, онымен  Аллаһтың арасында бөгет жоқ». әл-Бухари және Муслим.

Исламды қалайша таратудың ең жақсы және ең кемел өнегесі болып, әрине, Аллаһтың Елшісінің өзінің өмірі табылады. Он үш жыл бойы Меккеде дінді уағыздаған кезінде  ол адамдарды жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық етуге шақырды және көпқұдайшылықты әшкереледі. Көп жылдар бойы ол оларға намазды орындауды және зекетті төлеуді, ораза ұстауды және қажылық жасауды бұйырмады, оларға өсімқорлықты және зинақорлықты, ұрлықты және тіпті адам өлтіруді тыйым салмады.

5. Ол Аллаһқа шақыруы барысында мойнына түсетін қиындықтарды табанды түрде көтере білуі керек. Адамдар ізгілікке үйретушілерді жиі ренжітіп, олардың ар-намысын қорлап жатады, және дінге шақырушының жолы гүлдермен төселмеген. Керісінше, мұсылманды онда сәтсіздіктер және қауіп-қатерлер тосып тұрады, ал бұл - Аллаһтың пайғамбарларының мысалында жақсы көрініс тапқан. Олар өз руластарының қаншама мысқыл-тәлкегіне және қорлауына сабыр етті! Аллаһ Тағала Мухаммед пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «(Мухаммед) сенен бұрыңғы пайғамбарлар да мазақталған болатын. Бірақ, пайғамбарларды тәлкек қылғандардың бастарына оларды келеке еткендері үшін (жаза) жетіп отырды», - деді.  (әл-Әнъәм 6:10)

Ол сондай-ақ былай деді: «Расында, сенен бұрыңғы пайғамбарларды да өтірікші деп айтқан еді. Бірақ, олар жалғаншы деп айыпталғандарына және көрген жапаларына жәрдеміміз келгенге дейін сабыр еткен болатын». (әл-Әнъәм 6:34)

Аллаһтың елшілерінің қалдырып кеткен ізімен жүруші және адамдарды Аллаһқа шақырушы муминдердің де басына қайғы мен мұқтаждықтар түседі, және адам қаншалықты пайғамбарлар жолына берілген болса, оған соншалықты ауыр болады.

6. Ол өте жақсы мінез-құлққа ие болуы және Исламды даналықпен және парасаттылықпен уағыздап-насихаттауы керек, өйткені, осы - жетістіктің негізгі себебі болып табылады. өзін Раббы Құдай деп жариялаған жер бетіндегі ең сорақы кәпір - Перғауынға Аллаһ Муса және Харун пайғамбарларын жолдап, оларға: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе (Раббысынан) қорқар», - деді. (Та Ха 20:44 )

Аллаһ Тағала Мусаға: «Перғауынға бар, өйткені ол рұқсат етілгеннің шегінен шықты және оған: «Тазарғың келе ме? Мен сені Рабыңның жолына сілтеймін және сен сонда (Одан) қорқушы боласың», - деп айт», - деді. (ән-Нәзиъәт 79:17-19)

Ал, Мухаммед пайғамбарға (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағала былай деді:   (Мұхаммед) оларға, Аллаһтың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине, олар маңайыңнан тарқап кетер еді». (Әли Имран 3:159)

Аллаһ, сондай-ақ, былай деді: «Және шын мәнінде сен - ұлы мінезге иесің». (әл-Қаләм 68:4)

Раббымыз, сондай-ақ, былай деп бұйырды: «Рабыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр және көпқұдайшылдармен айтысуды ең жақсы құралдармен жүргіз. Ақиқатында, сенің Раббың Оның жолынан кім тайып кеткенін жақсы біледі, және Ол тура жолдағыларды да жақсы біледі». (ән-Нәхль 16:125)

7.  Уағыз-насихатшы, сондай-ақ, оптимист (жақсылыққа үміт етуші) болуы керек. Ол өзінің халқы оның шақыруына жауап беріп, тура жолға түсетініне үміт етуі және Аллаһтың көмегі мен қолдауынан күдер үзбеуі керек, тіпті ол адамдар арасында Исламды ұзақ уақыт бойы таратып жүрсе, ал олар оған  бәрібір құлақ аспаса да.  Мұндай жағдайлар Аллаһтың Елшілерімен де орын алған.

Нух пайғамбар (Аллаһтың оған сәлемі болсын) өз халқының ішінде тоғыз жүз елу жыл өмір сүрді және оны Аллаһтан өзге ешкімге құлшылық қылмауға шақырды. Мухаммед пайғамбар (Аллаһтың оған сәлемі мен игілігі болсын) көп жылдар бойы арабтардың арасында Исламды насихаттады, бірақ олар оған тек азап шектірді, ал оған Тау періштесі келіп, тауларды жылжытып және олардың астына Таиф қаласының тұрғындарын көміп тастауға рұқсат етуін сұрағанда, ол: «Жоқ, Аллаһ олардың бел омыртқаларынан Оған ешбір серік қоспай Оған ғана құлшылық қылатындарды шығаруын қалаймын», - деді.

Егер уағыздаушы осы сипаттарға ие болмаса, ол өзінің жолының басында-ақ сүрінеді де, сәтсіздікке ұшырайды.

Бұл маңызды принциптерді Аллаһтың дінін таратушының әрбірі ұстануы қажет. Ал кім оларды басшылыққа алмаса және пайғамбарлардың жолына ілеспесе, күйреуге ұшырайды, ал оның барлық еңбектері мен тырысулары оған, шаршаудан басқа, ешнәрсе әкелмейді. Бұл сөздің тамаша растауы болып пайғамбарлардың жолымен жүрмей, өз жолын таңдап алған Исламды таратушы қазіргі заман мұсылман топтарының сәтсіз соңы табылады. Олардың көбі адамдарды бір Аллаһқа ғана шақыруға және дұрыс мұсылмандық көзқарастарды таратуға емес,  екінші кезектегі мәселелерді түсіндіруге назар бөлуде. Олардың біреуі саясатқа араласып және шариғат заңдарын өмірге енгізуді  талап ете бастады. Мұның барлығы өте маңызды, бірақ, одан да маңыздырақ нәрселер бар. Аллаһтың заңдары Аллаһқа серік қосушыларға қатысты қолданылмай жатқан кезде қалайша ұрылар мен зинақорларды Аллаһтың заңдары бойынша жазалауды талап етуге болады?! Шариғаттың заң ережелері пұттар мен қабірлерге құлшылық етушілерге, Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарын жоққа шығарушыларға, оларды өзгертіп, мағынасын бұрмалаушыларға қатысты қолданылмайынша қалайша бір қойдың немесе түйенің себебінен болған тартысты шариғаттың заң ережелеріне сәйкес шешілуін талап етуге болады?!

Бұл - зинақорлықтан да, шарап ішуден де және ұрлықтан да қорқыныштырақ күнә емес пе?!  Зинақорлық және ұрлық жасап, адам өзге адамдардың құқықтарын бұзады, ал қабірлерге және әулиелерге құлшылық қылып және Аллаһтың есімдері мен сипаттарын жоққа шығарып, адам Құдыретті Жаратушының Өзін қорлайды! Сөзсіз, біздің Жаратушымыздың алдындағы міндеттеріміз Оның жаратылыстарының алдындағы міндеттерімізден едәуір жоғары.

Шейх-уль-ислам Ибн Таймия «әл-Истиқамә» кітабында (1/466) былай деп жазған: «Аллаһқа серік қоспаған күйде күнәлар жасау, басқа күнәлар жасамай Оған серік қосудан жақсырақ».[1]

Басқа бір топ бар. Оның ілесушілері өздерін Исламның уағыздаушылары деп есептейді, бірақ, Аллаһтың пайғамбарлары мирас еткен жолдан өзге жолмен жүруде. Олар ізгі ислами сенімдердің таралуына лайықты назар бөлмей, сопылар секілді, негізінен адамдарды ғибадатқа және Аллаһты жиі зікір етуге шақырады. Олар халықты өзіне қарату үшін сапарларларға шығады, бірақ адамдар жиі жағдайда дұрыс емес көзқарасқа ие екендігіне маңыз бермейді.

Мұндай топтардың барлығы бидъатшыл болып табылады. Олардың бидъаты Аллаһтың елшілерінің жолы біткен жерден-ақ бастау алады. Ақиқатында, олар -басы жоқ денені емдеп жатқандар сияқты, өйткені, дұрыс сенімнің діндегі орнының маңызы - бастың денедегі маңызы секілді.  Бұл топтар өздерінің көзқарастарын қайта қарап, оларды Құран мен Сүннеттің негізінде құруы қажет. Тек Аллаһтың Кітабының және хадистердің арқасында олар Аллаһтың елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) Исламды таратуда қандай әдістерді қолданғаны туралы біле алады.  Билікке жетуге және Аллаһтың заңын орнатуға ұмтылған мұсылмандар мұның барлығы біз тек дұрыс сенімге қайтып, бір ғана Аллаһқа құлшылық етіп және оған серік қоспағаннан соң ғана мүмкін болатынын білуі керек.  Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Аллаһ сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге; өздерінен бүрынғы өткендердей жер жүзіне мұрагер қылуды уәде етті. Сондай-ақ, олар үшін Өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп-қатерден кейін бейбітшілікке айналдырады. Олар, Маған құлшылық қылады. Маған серік қоспайды. Кім бұдан кейін қарсы келсе, міне солар - бұзақылар». (ән-Нур 24:55).

Олар надан мұсылмандар өлілерге және олардың қабірлеріне құлшылық етуінде көрініс табатын және әл-Ләтқа, әл-Уззаға және Мәнәтқа құлшылық етуден ерекшеленбейтін пұтқа табынушылығынан тазарғанға дейін-ақ ислам мемлекетін құрғысы келеді. Ақиқатында, олар мүмкін болмаған нәрсеге ұмтылуда, бұл жөнінде бір ақын керемет етіп айтып өткендей:

Кім еңбексіз белеске жетуді ұйғарса,

Өмірін сырап етеді, бірақ белеске жете алмайды.

Жер бетінде Аллаһтың шариғатын орнату, қылмыскерлерді Аллаһ Тағаланың заңдарына сәйкес жазалау, ислам мемлекетін құру, жалпы айтқанда, ізгі істерді істеп, күнәлардан аулақ болу: мұның барлығы - бір Аллаһқа ғана құлшылық қылуды толықтырып кемелдендіретін нәрселер ғана.  Ендеше, қалайша маңызы бойынша біріңші кезектегіні елемей қалдырып, екінші кезекті нәрселерге назар бөлуге болмақ?

Мен Аллаһтың елшілері қолданбаған әдістерді пайдаланып Аллаһтың дінін таратушы топтардың барлығы тек осы әдістер жөнінде хабардар болмағандығы себепті осылай істеп жатыр деп есептеймін. Надан адам Исламның уағыздаушысы бола алмайды, өйткені, Аллаһқа шақырушы адамға қойылатын ең маңызды талаптардың бірі – дұрыс білім болып табылады. Аллаһ Тағала өзінің пайғамбарына (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Айт: «Менің жолым - осындай. Мен және маған ергендер Аллаһқа ашық дәлелге (кәміл сенімге) сәйкес шақырамыз. Аллаһ – Пәк, және мен – көпқұдайшылдардан емеспін», -деп айтуды бұйырғанда осыны меңзеді.

Ал өзін ақиқаттың уағыздаушылары деп атайтын, бірақ, «Ислам деген не, және онымен не үйлеспейді?» деген сұраққа дұрыс жауап бере алмайтын мұсылмандар қаншама! Қалайша мұндай адамдар діннің уағыздаушылары бола алады?

Мен, сондай-ақ, бұл топтардың әрбірі, басқаларынан ерекшелену үшін, өз өзіне дербес бағыт таңдап алады және өзінің әдістеріне жүгінеді деп есептеймін. Бұл міндетті түрде Пайғамбар Мухаммед (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүрген бағыттан ауытқуға алып келеді. Аллаһтың Елшісінің жолы – бұл жалғыз ғана жол, және онда жан-жаққа тармақталу жоқ. Аллаһ Тағала былай деді: «Айт (Мухаммед): «Менің жолым - осындай. Мен және маған ергендер Аллаһқа ашық дәлелге (кәміл сенімге) сәйкес шақырамыз…»

Демек, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) барлық шынайы ізбасарлары бір жолмен журуде, келіспеушілікке салынбай және бөлінбей.

Олармен тек тура жолдан тайғандар ғана келіспейді, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «(Мухаммед, оларға айт): «Бұл жол – менің тура жолым. Оған ілесіңдер де, басқа жолдарға ілеспеңдер, әйтпесе сендерді Ол нұсқаған жолдан адастырады…»» (әл-Әнъәм 6:153)

Ал, ақиқатпен де, бір-бірімен де келіспейтін осы сияқты топтар Исламға қауіп төндіретін болғандықан, біз олардың қатарына тұруды қалаған әрбір адамды осындай ағат қадамнан сақтандыруға, олардың көздерін бұл топтардың қате көзқарастарына ашуға және олардың ешқайсысының Аллаһтың дінімен ортақтығы жоқ екендігін түсіндіруге міндеттіміз. Аллаһ Тағалада да дәл осылай деп айтты: «Расында, өздерінің дінінде бөлінушілік жасағандарға және секталарға бөліңгендерге сенің қатысың жоқ». (ән-Әнъәм 6:159)

Ал шынайы Исламға келер болсақ, ол адамдарды хақ жолында бірігуге шақырады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай деп айтқандай: «Діндеріңдегі (уәделеріңді) орындаңдар және ол жөнінде қарама-қайшылыққа түспеңдер». (әш-Шура 42:13)

Ол, сондай-ақ, былай деді: «Аллаһтың жібінен бірге ұстаныңдар да, (өзара жауласушы топтарға) бөлінбеңдер». (Әли Имран 3:103)

Біз барлығымыз адамдарға осыны түсіндіруіміз керек, және ізгі мұсылман діндарлары басқа мұсылмандардың назарын осы топтардың қателіктері мен адасушылықтарына қаратады және олардың әдістерінің Аллаһтың пайғамбарларының жолына сәйкес келмейтіндігін ашып береді. Ақиқат әркезде әрбір муминнің ізденістерінің мәні болды, және, мүмкін, осы ғалымдардың тырысуларының себебімен кейбір мұсылмандар өз қателіктерін саналы түрде мойындап, Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жолына қайтар. Бұл ғалымдар Аллаһтың Елшісінің (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Дін – бұл ықыластылық таныту» - деген өсиетіне сәйкес өздерінің миссиясын орындауда. Пайғамбар (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұны үш рет қайталап айтты, және адамдар одан: «Кімге қатысты, йә, Аллаһтың Елшісі?» - деп сұрады. Ол: «Аллаһқа, Оның Кітабына, Оның Елшісіне, мұсылмандардың әмірлері мен ғалымдарына және қарапайым мұсылмандарға қатысты», - деді.   Бұл хадисті Муслим, Әбу Дауд, ән-Нәсәи және Әхмәд Тамим әд-Дәриден жеткізген. Оны сондай-ақ Әбу Хурайра, Абдуллаһ ибн Умар және Абдуллаһ ибн Аббас жеткізген.

[1] Бұл сөздердің шындығының дәлелі болып Аллаһ Тағаланың мына сөздері табылады: «Ақиқатында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал қалған күнәлардың барлығын кімге қаласа кешіреді». (ән-Нисә 4:48 және 116) Аллаһтың шариғатын өмірге енгізу үшін күресіп жүрген кейбір топтардың жетекшілері өздерінің кітаптарында қабірлерден береке тілеуді және Аллаһтан әулиелердің құрметі үшін көмек сұрауды рұқсат ететіні – таң қаларлық жағдай!

(Основополагающие принципы исламского призыва)

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|