Алланың бары - Ақиқат
«Алладан басқа жоқ Тәңір,
Мұхаммед - оның елшісі».
Соны айтып жаннат баққа кір
Иманың жанның - емшісі.
Болуы қиын Хаққа құл
Ібіліс болса көршісі.
Адамның бәрі жатбауыр
Заманның жалған кем тұсы.
Жер бетіндегі көп қабір -
Адамның алған еншісі.
Құлдың да құлдан несі артық?
Нәпсісін түгел тыйса артық
Зікір ғып Хақты ішінен,
Иманың кәміл жыйса артық
Разы боп қылған ісінен,
Раббыңның өзі сүйсе артық
Жәннаттан бір жай күтіп ең,
Кірерсің сонда күй шалқып.
Анаңның аппақ сүтінен
Жұмақтың жұпар иісі аңқып.
Ғибадат жасап құрметпен
Жаратқан хақтың нұрын көр
Пайғамбар салған сүннетпен,
Жаңылмай жолдан жүріңдер.
Жұмағың жаннат гүл көктем
Тұрағың болмас жұмыр жер
Рақым нұр жауып тұр көктен
Танитын соны ілім бер.
Құлшылық еткен үмметке
Тіршілік етер ғұмыр бер!
Өтпелі мына ғасырдың,
Өткелі қиын жол болар.
Мерейі тасып тасырдың,
Асылдың бағы кем болар.
Сынағы ол да Хакимнің,
Шүкірлік етсең жөн болар.
Есіктен кірген басыңның,
Алатын орны - төр болар.
Бесіктен шыққан басыңның,
Баратын жері - көр болар.
Құранның сөзі - қасиет,
Пайғамбар сөзі - өсиет.
Ұмытпа сабыр етуді
Көрсең де қайғы, қасырет.
Бабалар өткен не түрлі,
Иманы жалғыз досы боп.
Сүйгені сүннет секілді
Бұйрығы хақтың осы деп.
Ғибратты ғұмыр кешуді,
Бізге де Алла нәсіп ет!
Өмір өлшемі (Азан мен Намаз)
Құдайға құл екенін күнде айғақтап,
Көрмеген тірі жанды бір ғайбаттап.
Оңаша ойға батып отырды қарт,
Жанында немересі жүрді ойнақтап.
Маңдайдан бала терін тамшылатып,
Қасына келді дағы шаң шұбатып.
Ерке ұлға ес кіргендей:
- Ата! - деді,
- Ғұмыры бір адамның қанша уақыт?
Сұрақты күтпегенмен дәл осындай,
Қария жауап берді баласынбай.
- Ғұмыры бір адамның, түсінгенге,
Азан менен намаздың арасындай!
Алланың пендесіне көп сынағы…
Қарт адам, ойын солай топшылады.
Таң қалып немересі:
- Адамдардың
Өмірі неге қысқа? - деп сұрады.
- Қорықпай, ой жүгіртіп қарашы, әкем,
Жаныңа болсын сабыр, парасат ем.
Қамшы ғұмыр - «намазсыз азан» менен
«Азансыз намазыңның» арасы екен.
- Санама жауабыңыз тіпті сіңбей,
Сөзіңді тұрмын, ата, түк түсінбей?
Ақсақал әңгімесін жалғастырды
Жас ұлдың жүрегіне жүк түсірмей:
- Өткенде есіңде ме, тыңда, балам,
Көрші үйде сәби туды іңгәлаған.
Сәбидің құлағына азан айтып
Ат қойып бермеп пе еді діндар адам?!
- Соған куә қылды ма көрші бәрін?
- Айналдым ақылыңнан, жөн сұрағың.
Намазы сол азанның оқылған жоқ
«Намазсыз азан» деген сол шырағым!
Өмірге келу - қызық, қайту - қайғы.
Амалың, сауабыңды айқындайды.
Ал, адам өлген кезде оқылатын
Намаздың азаны ұлым, айтылмайды.
«Азансыз намаз» деген осы, қарғам,
Өлім – хақ,тұратұғын тосып алдан.
- Неге азан шақырмайды?
- Тоқта, бала,
Ұмытпау керек мұны есі бар жан.
Бүгінгі емес бақилық бақытты ойлан,
Қайтатұғын келеді уақыт тойдан.
Ол намаздың азанын, есіңде ме
Адам туған кезінде оқып қойған…
Бес парыз бұйрық болып жетсе Алладан,
Мүміндер сан сауаптан кеш қалмаған.
Сондықтан, құлшылық қып аз ғұмырда
Сәт сайын бір Алланы еске ал, балам.
ӘДЕП
Бір ғұлама тәрбиесі тым бөлек,
Шәкірттердің қарсы алдына бірде кеп.
Түзу сызық сызып қойып тақтаға,
Сынақ болар, сұрақ қойды «бұл не?» – деп.
Біреулері: «бұл бір деген сан» - деді,
Біреулері: «бәлкім, жалғыз жан…» - деді.
Біреулері: таяқша деп тік тұрған,
Улап - шулап айтып жатты әр нені,
Бағанадан болып жатқан құр әлек,
Шәкірттерге тақпай ұстаз кінә көп…
- Білмесеңдер енді біліп жүріңдер,
Бір дегенім - баға жетпес бұл ӘДЕП!.
- Деп, ғұлама өзі берді жауабын,
Алла берер айтқан сөздің сауабын.
Бір артынан НӨЛ-ді жазып: «Бұл не?» – деп,
Ұстаз адам тағы қойды сауалын.
Сол болған соң көзі жетіп көргені,
Бәрі бірдей жауап беріп «НӨЛ!» - деді.
- Жоқ, балалар, БІЛІМ! - деді, бұл деген,
Таң қалысып қалды бұған сенгені…
Нөл артынан нөлді жазып тағыда,
- АҚЫЛ! – деді, керек бұл да жаныңа.
Мұның атын: ӨНЕР! – деді ғұлама,
Тағыда бір нөлді қосып соңына.
Біреулері мұның сырын кеш ұғып,
Біреулері қағазына көшіріп
Жатыр еді, алдындағы сызықты,
Өз қолымен тастады да өшіріп…
Ұстаздары: - Не қалды? - деп сұрады,
Ал, шәкірттер кейіпке еніп кінәлі…
Кілең нөлдің қалғанына таңданып,
Бірі күліп, бірі іштей жылады.
…Көкжиектен бара жатты күн қайтып,
Мұның мәнін түсінеді кім қайтіп?…
Ақыл, білім, өнеріңнің ӘДЕПСІЗ,
НӨЛ екенін ғұлама адам тұрды айтып.
Сарин Қалқаман Айымғазыұлы