Періштелер - біз үшін ғайып әлем. Олар да жаратылыс, яғни оларды да Аллаһ жаратқан. Оларда үстемдік, не құдайлық қасиеттер жоқ. Аллаһ оларды нұрдан жаратып, оларға Өзінің бұйрықтарына толық бағынып, бұлжытпай орындайтын қабілет берген. Аллаһ Тағала Өзiнiң Кітабында былай дейді:
«Көктегілер мен жердегілер – Аллаһтікі. Оның қасындағылар Оған құлшылық етуден дандайсымайды да шаршамайды. Олар күндіз-түні Аллаhты дәріптеуден жалықпайды.»[52]
Пайғамбардың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, бір хадистерінде: «Періштелер нұрдан жаратылған, жындар - жанып түрған оттан жаратылған, ал Адам өздерің білетіннен жаратылған[53]» - делінеді.[54]
Олардың сандары өте көп. Оны тек Аллаһ біледі. Періштелерге иман келтіру төрт нәрсені қамтиды:
1. Олардың хақтығына, яғни бар екендігіне иман келтіру.
2. Құранда және хадистерде айтылған періштелердің есімдеріне иман келтіру.
3. Құранда және хадистерде айтылған періштелердің сипаттарына иман келтіру. Мысалы, Пайғамбар, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, Жебірейіл періштені Аллаһ алғашқы жаратқан қалпында көргенін айтқан, сонда оның 600 қанаты болғанын айтады. Аллаһтың әмірімен періштелер түрлі сипатта бола алады. Мысалы, Аллаһтың әмірімен Жебірейіл періште Мариямға жынлы лебізді кісі ретінде келсе, ал біздің Пайғамбарымызға, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, осы кітаптың екінші бетінде келтірілген хадис бойыншна ақ киімді және қара шашты кісі ретінде келген. Cол сияқты Аллаһтың Ибраһимге, оған Аллаһтың сәлемі болсын, Лұтқа, оған Аллаһтың сәлемі болсын, жіберген періштелері де адам түрінде келген.
4. Аллаһ Тағаланың әмірімен олардың істейтін істеріне иман келтіру.
Олардың кейбіреуінің Құранда және хадистерде айтылған apнаулы істері бар:
1. Жебірейіл, оған Аллаһтың сәлемі болсын, Пайғамбарларға Аллаһтан уаһи жеткізуші. Аллаһтың кітаптары осы періште арқылы түсірілген.
2. Мекайл, оған Аллаһтың сәлемі болсын, - жаңбыр, өсімдік сияқты табиғат істерге жауапты.
3. Өлім періштесі - жан алуға міндеттелген.
4. Мәлік, оған Аллаһтың сәлемі болсын - Тозаққа жауапты.
5. Жатырдағы баланың ризық-несібесін жазу жүктелген періштелер.
6. Исрафил, оған Аллаһтың сәлемі болсын, - Ақырзаман мен адамдардың қайта тірілу күнінде сүр үрлеуге міндеттелген періште және т.б. періштелер.
7. Қайтыс болған кісіден сұрақ алуға міндеттелген періштелер.
«Иманшарт» кітабынан.