аударған: Әбу Әбдиррахман (Октам) әл-Қазақстани
Бұл еңбек Үлкен Ғалымдар Комитетінің мүшесі, белгілі ғалым Бакр Абу Зайттың «Хирасатул фадыйла», яғни «Пәктікті қорғау» атты кітабынан теріліп алынды. Бакр Абу Зайт осы кітапшаны хадис, тәфсір, фиқх туралы жазылған екі жүзге жуық кітапты зерттеп - зерделеу арқылы жазған.
Құран кәрімде хиджаб сөзі жеті рет қолданылған. Ол араб тілінде: «перде», «тосық» «бөгет», «тосқауыл» деген мағыналарда жұмсалатын көп мағыналы сөз. Ал хиджабтың шариғаттық мағынасын екі түрлі түсінуге болады.
Ол – ерлер мен әйелдердің арсыздыққа алып баратын толып жатқан алғы шарттардан алдын-ала сақтануы. Осыған орай хиджабтың жалпы ұғымы бойынша оны ұстану ер кісіге де, әйел кісіге де парыз болып табылады.
- Шариғат ер кісі ер кісіден немесе әйел кісі әйел кісіден, немесе ер кісі мен әйел кісі бірі бірінен әуреттерін жасыруды бұйырған. Сондай-ақ ер кісі басқа ер кісілерден, сондай-ақ бөтен әйелдерден тізесі мен кіндік арасын жасыруы керек.
- Шариғат денесі денесіне тиіп, бірі бірінің әуреттерін көріп, нәпсілерінің қозбаулары үшін жас балаларды бір төсекте жатудан қайтарған.
- Шариғат ер кісілердің әйел кісілер сияқты киінуіне және олар сияқты сөйлеуіне және оларға ұқсап безенуіне тиым салған.
- Шариғат ер кісілерді әлі сақал-мұрты шыға қоймаған сүйкімді ер балаларға қызығып, сүйсініп қараудан және олармен жалғыз қалудан қайтарды.
Осы тақырыпты біз төрт түрлі мәселемен қарастырамыз:
1. хиджабтың анықтамасы;
2. хиджаб немен (яғни не арқылы) хиджаб болады;
3. мүмін әйелдерге хиджабта болу парыз екеніне дәлелдер;
4. хиджабтың артықшылықтары.
1. Хиджаб ұғымының тар мағынадағы анықтамасы. Ол – әйелдің бүкіл денесі мен әшекейлерін бөтен ер кісілердің көзінен жасыру. Шариғат бойынша мүмін қыздар мен мүмін әйелдерге бөтен ер кісілерден жүздері мен қолдарын қоса бүкіл денесін және құлақ, қол, мойын, омырау, аяққа тағатын әшекейлерін толық жабу парыз етілген.
2. Хиджаб немен (яғни не арқылы) хиджаб болады? Құран мен Суннаны зерттеу арқылы хиджаб екі нәрсемен болатынын білеміз. Біріншіден, хиджаб үйде отырумен болады. Өйткені үй әйелдерді бөтен ер кісілердің көзінен және оларды басқа ер кіслермен араласып кетуден сақтайды. Екіншіден, хиджаб киіммен болады. Ол етегі ұзын жамылғыш пен орамалдан тұрады. Орамал ораудың тәртібі: әйел кісі алдымен орамалды басына салып, сосын онымен мойнын орап, содан соң орамалдың қалған бөлігін жүзі мен омырауына түсіріп қояды. Орамалға қойылатын талап бойынша ол әйелдің жапқан жері сыртынан көрініп тұратындай жұқа болмауы керек.
Ибн Саад және имам Мәлік «Муатта» деген кітабында Умму Әлқама деген әйелден риуаят етеді: – Абу Бәкірдің Абдурахман деген ұлының қызы Хафса Айша анамыздың алдына кіргенін көрдім. Оның басында сыртынан қарағанда мойны көрініп тұрған жұқа орамал бар еді. Сонда Айша анамыз Хафсаның орамалын жыртып тастап, оған: «Аллаһ Тағала «Нұр» сүресінде түсірген үкімді білмейсің бе?» - деді де оның басына одан басқа орамал жапты.
Жамылғыш дегеніміз – ол әйелді басынан бастап аяғына дейін бүкіл денесін әшекейлерімен қоса біртұтас жасырып тұратын сырт киім. Оны киюдің сипаты: оны орамалдың және әшекейлерінің сыртынан басынан бастап киеді. Хиджабтың, яғни жамылғыштың негізгі қызметі сыртынан қарағанда әйел кісінің дене мүшелері білінбейтіндей етіп басынан бастап аяғына дейін оны әшекейлерімен қоса тұтас жасыру. Демек, осы құлшылықты орындау үшін төмендегідей шарттар талап етіледі:
- Жамылғыш әйел кісінің ішкі киімдері мен дене мүшелері сыртынан көрініп тұратындай жұқа болмауы тиіс;
- Жамылғышты әйел кісі басынан бастап жамылғаны жөн, осылай жамылу Құранда Аллаһ Тағала бұйырған «жилбабын жамылсын!» яғни «жамылғышты әйелдер басынан бастап жамылсын!» - деген бұйрыққа сай келеді.
- Жамылғыштың матасы сыртынан қарағанда көз тартатын, яғни адамдарды өзіне қарататындай, немесе қызықтыратындай түсте болмауы керек.
3. Мүмін әйелдерге хиджабта болу парыз екеніне дәлелдер. Мүмін әйелдердің тек қажеттілік болмаса үйде отыруы және бөтен еркектердің алдына тек хиджабпен шығуы сахабалардан басталып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр. Осы сахабалардан басталған дәстүр жиырмасыншы ғасырдың орта шеніне дейін барлық мұсылман елдерінде сақталып келді. Әйелдердің жүзін ашу тарихта тұңғыш рет Мысырда басталып, сосын Түркияда, сосын Шам елдерінде, сосын Иракта, сосын басқа да мұсылман елдерінде жалғасты. Кейін әйелдердің жүзін ашу бірте-бірте олардың киімдерін қысқартып, жалаңаштауға дейін жетті. Аллаһ бізді осындай бүліктер мен адасулардан сақтасын!
Құран кәрімде әйелдерге хиджабта болу парыз екенінің дәлеледері «Нұр» және «Ахзаб» сүрелерінде келген. Бұған бірінші дәлел Аллаһ Тағаланың Құран кітабының «Ахзаб» сүресінің 32-33-ші аяттарында берілген. «Әй, пайғамбардың әйелдері! Сендер әйелдерден әлде біреу сияқты емессіңдер, егер тақуалық етсеңдер қылымсып сөйлемеңдер, онда жүрегінде дерті бар дәмеленіп қалады. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер! /32/ Үйлеріңде отырыңдар! Әуелгі надандық дәуріндегідей ашық-шашық жүрмеңдер! Сондай-ақ намаз оқып, зекет беріп, Аллаһ пен Оның елшісіне бойұсыныңдар! …»/33/
Осы екі аятта хиджабтың парыз екендігіне үш түрлі дәлел бар:
1. «…егер тақуалық етсеңдер қылымсып сөйлемеңдер, онда жүрегінде дерті бар дәмеленіп қалады». Бұл аятта Аллаһ Тағала әйелдерге бөтен ер кісілермен кылымсып, назданып сөйлесуден тиым салды. Осы назданып сөйлеуден тиым әйелдерге хиджаптың парыз екеніне дәлел болады. Өйткені сөзбен наздану әйелді бұзылуына әрі жүрегінде зина дерті бар адамдарды ол әйелден дәмеленуіне себеп болады. Осы бұйрыққа амал ету – ар-ұят, ізеттілік, инабаттылық, тағы да басқа ізгі қасиеттермен толық іске асады. Осы құндылықтар хиджабта болғанда ғана сақталады.
2. «…үйлеріңде отырыңдар!» Яғни «қажетсіз үйлеріңнен шықпаңдар!» - деген Аллаһ Тағаланың сөзі. Осы сөзді біздің Раббымыз Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдеріне қарата айтқанымен, оның үкімі барлық мүмін әйелдерді қамтиды. Себебі Пайғамбарымыздың салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдері барлық мүмін әйелдерге үлгі. Құран мен Суннадағы үкімдер барлық адамдарға жалпы тиесілі. Имам Тирмизи және ибн Хиббан Абдуллаһ ибн Масъудтан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам айтты: «Әйел кісі – әурет. Егер ол үйден шығатын болса, онда шайтан оны азғыруға ұмтылады. Әйел кісі Аллаһтың мейіріміне ең жақын болатын кезі - ол оның үйінде болғандағы кезі». Демек, хиджаб әйелдің әуретін жабатыны сияқты үй де әйелдің әуретін сырт көзден тасалайды. Сол үшін үйдің терезелеріне перде тағып, ал үйдің айналасына дуал соққан жөн.
3. «…әуелгі надандық дәуріндегідей ашық-шашық жүрмеңдер!» Аллаһ Тағала әйелдерді исламнан бұрынғы надандық дәуірі кезіндегі сияқты үстеріне иіс су сеуіп, беттерін опалап, әшекейлерін көрсетіп, ашық-шашық үйден шығудан қайтарды. Ал әйел кісінің ашық-шашық жүруі бұл да зинаға апаратын себептерден. Өйткені осылай жүру жүрегінде зина дерті бар ер кіслерді ол әйелден дәмелендіреді.
Құраннан екінші дәлел
«… егер пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар! Осылай істеулерің сендердің де, олардың да, (яғни екеулеріңнің де) жүректерің үшін шайтанның азғыруынан, (яғни жаман ойлардан) таза болмақ… /Ахзаб, 53/ Құрандағы осы аят «хиджаб аяты» деп танылған. Өйткені ол мүмін әйелдерге хиджабтың парыз болып түскені туралы бірінші аят. Ол хижраның бесінші жылы зулқаъда айында түскен. Осы аяттың түсу себебін Имам Ахмад және имам Бұхари Әнас ибн Маликтен риуаят еткен хадисінде Омар ибн Хаттаб: «Әй, Аллаһтың елшісі! Сенің үйіңе жақсы да, жаман да кіреді, сондықтан мүміндердің аналары болған жұбайларыңа хиджабта болуға бұйырсаңыз» - деді. Осы ұсынысқа орай Аллаһ Тағала осы аятты түсірді. Бұл Омар ибн Хаттабтың үлкен артықшылықтарынан. Осы аят түскенде пайғамбар Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам. және барлық мұсылмандар әйелдерін хиджабқа кіргізді. Демек, барлық мұсылман әйелдерге хиджабта болу Қияметке дейін мәңгі өзгермейтін парыз. Осы аятта хиджабта болу парыз екеніне оның бірнеше жері дәлел болады.
1.Осы аят түскенде пайғамбар Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам. және барлық сахаббалар әйелдерін хиджабқа кіргізді. Сондай-ақ осы істі олардан кейін өмір сүрген мүмін әйелдер де жалғастырды. Демек, олардың осылай істеуі бүкіл мұсылмандардың арасында әйелдердің хиджабта болуына ижма яғни бір ауыздан келісім болғанын білдіреді. Сол үшін имам Табари осы аятты: «Егер пайғамбардың жұбайларынан және басқа мүміндердің әйелдерінен бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар!» - деп түсіндірді.
2. Осылай істеулерің сендердің де, олардың да жүректерің үшін шайтанның азғыруынан, (яғни жаман ойлардан) таза болмақ… Осы «хиджап аятының» екінші бөлігі әйелдерге хижабта болудың не үшін парыз етілген себебін білдіріп тұр. Ал еркектердің де, әйелдердің де шайтанның азғыруынан, жаман ойлардан таза болмағы барлық уақытта, барлық мұсылмандардан талап етілетін нәрсе. Демек, хиджабта болу тек Пайғамбарымыз Мұхаммедтің салла Ллаху ъалайхи уа ссалам әйелдеріне ғана емес, барлық уақытта, барлық мұсылман әйелдерге парыз. Өйткені аяттың үкімінің себебі, яғни жүректердің шайтанның азғыруы мен жаман ойлардан таза болуы барлық адамдарға бірдей қатысты.
3. Келесі 55-ші аятта Аллаһ Тағала мүмін әйелдерге өздерінің әкелері, ұлдары, аға-інілері сияқты ең жақын туыстарының алдында хиджабсыз жүрсе, онда оларға күнә емес екенін айтты. Демек, осы аятта атап айтылған өздерінің ең жақын туыстары болмаса, басқа еркектердің алдында әйелдер хиджабсыз жүрсе, онда оларға күнә болады. Сондай-ақ осы ұйғарым әйелдерге бөтен еркектердің алдында хиджабта болу парыз екеніне дәлел болады.
Құраннан үшінші дәлел
Аллаһ Тағала «Ахзаб» сүресінің 59-шы аятында: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт! Үйлерінен шығатын болса үстеріне жилбәбін, яғни жамылғысын жапсын! Бұл олардың күң емес, жезөкше емес, азат әрі пәк әйел екендігі танылып, оларға бөтен еркектердің тиіспеуіне жақын!» - деп бұйырды. Осы аят көпшілік ғалымдардың мақұлдауымен негізгі «хиджаб аяты» деп саналады. Бұл аят барлық мүмін әйелдер бөтен еркектерден бүкіл денесін жасыруы парыз екенін ашық білдіреді. Осы аяттағы «жилбәб» сөзі араб тілінде бүкіл денені жабатын жамылғыш. Сахабалардың әйелдері осы аяттан соң бүкіл денесін жапты.
Умму Атыйя айтты: «Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Ллаху ъалайхи уа ссалам. құрбан айтында және рамазан айтында жас қыздарды және етеккірдегі әйелдерді әрі шымылдықтың ішінде отырған әйелдерді айт намазға шығаруға бұйырды. Ал етеккірде болған әйелдер намаз оқымайды, бірақ осы қайырлы іске, мұсылмандардың дұғасына қатысады». «Әй, Аллаһтың елшісі! Біреуміздің жамылғышымыз болмаса ше?» - деп сұрадым. Сонда ол: «Оған әпке-сіңлілері жамылғышын бере тұрсын» - деді. Имам Бұхари және имам Муслим риуаяты. Осы хадис әйел кісі еркектердің алдына хиджабсыз шығуға болмайтындығын ашық білдіреді.
Құраннан төртінші дәлел
Аллаһ Тағала айтады: «Әй, Мұхаммед! Мүміндерге айт! Бөгде әйелдерге қараудан көздерін төмен түсірсін және ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Осы олар үшін ең таза жол. Расында Аллаһ олардың не істейтіндерінен Хабардар. Мүмін әйелдерге де айт! Бөтен еркектерден көздерін төмен түсірсін! Әрі ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Әрі тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа олар әшекейлерін көрсетпесін! Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін! Тек олар күйеулеріне, немесе әкелеріне, немесе күйеулерінің әкелеріне, яғни қайын аталарына, немесе ұлдарына, немесе күйеулерінің басқа әйелдерден туған ұлдарына, немесе аға-інілеріне, немесе аға-інілерінің ұлдарына, немесе әпке-сіңлілерінің ұлдарына, немесе мұсылман әйелдерге, немесе құлдарына, немесе жындылар сияқты әйел керек қылмайтын еркектерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін жас балаларға көрсетсе онда оған рұқсат. Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! Әй мүміндер! Табыста болуларың үшін барлығың Аллаһқа тәуба етіңдер!» /«Нұр сүресі, 30,31 аяттар/
Осы екі аятта да хиджабта болудың парыз екеніне бірнеше дәлелдер бар:
1. Аллаһ Тағаланың ер кісілерге де, әйел кісілерге де көздерін түсіріп, ұятты жерлерін харамнан сақтауға бұйырған бұйрығы.
Өйткені көзді түсіріп, ұятты жерді харамнан сақтау – сақтану себептерін істеумен болады. Сол себептердің ішіндегі ең үлкендерінің бірі – ол көзді әуретке қараудан сақтау. Осы көзді әуретке қараудан сақтау толық болуы үшін әйелдер де бүкіл денесін хиджабпен жасырғаны жөн. Әрбір ақыл иесі әйелдердің жүздерін ашуы оған қарауға және онымен ләззаттануға себеп болатынын жақсы біледі. Көздер де зина қылады, олардың зинасы – әуретке қарау.
2.«… тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әйелдер әшекейлерін көрсетпесін!…» Яғни әйелдер әшекейлерін бөтен адамдарға әдейі көрсетпесін! Өз қалауымен емес, өздігінен көрінетін әрі оны жасыру мүмкін болмайтын әйелдің жамылғышының сырты мен оның сымбаты көрінсе, онда оған рұқсат. Осы аятта Аллаһ Тағала: «әйел кісі әшекейлерін көрсетпесін!» - деп бұйырды. Одан соң «..тек кейбір жерлерін көрсетсе болады деместен тек өздігінен көрініп тұратыны рұқсат деді. Демек, әйел кісіге әшекейлерін толық жасыруды бұйырып, оған өз еркімен әшекейлерінен бір жерін әдейілеп көрсетуге рұқсат етілген жоқ. Тек қана жасыру мүмкін емес сыртқы сымбаты, жамылғышының сырты сияқты жерлері көрінсе, жел себепті әшекейлерінің кейбір жерлері көрініп қалса, немесе емделу үшін ауырған жерін көрсетсе, оған күнә жоқ. Осы аят «Бақара сүресінің 286-шы аятындағы: «Аллаһ ешбір кісіге оның шамасынан тыс нәрсені жүктемейді…» - деген аятқа ұқсайды.
3. «… Өздерінің жасырған әшекейлері біліну, яғни сылдырын естірту үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! …» Аллаһ Тағала жоғарыдағы аятта әйелдерге әшекейлерін көрсетпеуге әрі жүзі мен омырауларын орамалмен жасыруға бұйырғаннан кейін олардың хиджабы толық болу үшін, әрі ер кісілерді арсыздыққа алып баратын себептерді болдырмау үшін, оларға өздерінің аяқтарына таққан әшекейлерінің сылдырын естіртіп жүрулеріне тиым салды. Аяттың тек осы бөлігінде біз үшін бірнеше пайдалар бар.
1. әйелдерге көрінбей тұрған әшекейлерін әдейі білдіруге тиым салды.
2. әйелдердің аяқтары да әуретке жататындықтан оны көрсетуге тиым салды.
3. Аллаһ Тағала әйелдерге ер кісілерді арсыздыққа алып баратын барлық себептерді істеуге тиым салды. Демек, Аллаһ Тағала әйелдерге ер кісілерді арсыздыққа кішентай себеп болатын аяқтарын тепсініп жүруден қайтарған болса, онда оларға үлкен бұзықтықтарға баруға себеп болатын жүзі мен басқа дене мүшелерін ашық-шашық көрсетіп жүрулеріне тіптен болмайды.