shadow

Мақаланы WORD (DOC) форматта жүктеу
 

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһ атымен!

 

ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ КЕЛУІН МЕЙРАМДАУДЫ ХАРАМ ЕТЕТІН СЕБЕПТЕР

 

Барлық мақтауларға бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһ лайықты! Аллаһтың игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мухаммедке, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ергендерге болсын!

 

Жаңа жылдың келуін мейрамдауды харам, яғни тыйым салатын себептер:

 

I) ШИРК (Аллаһқа серік қосы)

Ширк – ол,  бүкіл әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа серік қосу, яғни Аллаһқа басқа бір нәрсені теңестіру, сондай-ақ Аллаһпен бірге тағы басқа бір нәрсеге құлшылық ету, дұға етіп сұрау, сондай-ақ Аллаһты бір жаратылысқа ұқсату немесе бір жаратылысты Аллаһқа ұқсату, яғни Аллаһқа ғана тән болған сипаттарды басқаға беру. Осының барлығы ширк күнәсі болып табылады, әрі ең үлкен күнә болып есептеледі, өйткені ол – Аллаһтың хақысын бермеу, Аллаһқа әділетсіздік жасау. Бұл күнә адамның барлық жақсы амалдарын жояды, және егер адам бұл күнәні біле тұра жасаса, діннен шығады, мұсылман болып есептелмейді, өйткені Аллаһ бұл күнәні, адам кешірім сұрап, тәубесіне келмейінше кешірмейді. Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді де, одан кішісін қалағанына кешіреді. Кімде-кім Аллаһқа серік қосса, ол үлкен күнә жасады» («Ниса», 48 аят).

 

Жаңа жыл келуін мейрамдауда ширктың көрінісі келесі амалдарда көрінеді:

 

1 – Аяз Атаның (Санта-Клаустың), Ақшақардың  және тағы басқа нәрселердің бар екеніне сену

Расында ғайып, яғни бізден жасырылған нәрселерді тек Аллаһ біледі, және ол Өзін Құранда: «Жасырулы мен анықты білуші. Үстем, Хикмет иесі (Аса Дана)» («Тағабун», 18 аят) деп сипаттады.

Және бізге жасырулы болған: Аллаһтың Өзі жайлы, Оның періштелері, жәннат пен тозақ жайлы білімімізді, тек сол Аллаһ Тағала Құранда және Пайғамбары (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы берген хабарларынан аламыз. Сол себепті, бізге Аллаһ хабар бермеген нәрселерге сенуге болмайды, өйткені тек Аллаһ Заңдастырушы болып табылады. Аллаһ былай айтты: «Немесе дін тұрғысынан Аллаһ бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын (заңдастыратын) ортақтары бар ма?» («Шура», 21 аят), сондай-ақ айтты: «Раббыларың тарапынан түскенге еріп, Одан өзгені дос тұтып ілеспеңдер» («А’раф», 3 аят). Адамдар болса, жас бүлдіршіндерге аяз атаның бар екенін сендіре отырып, Аллаһқа ғана мәлім болған жасырын әлемді білетіндігіне таласады, сондай-ақ Аллаһ бұйырмаған нәрсені заңдастырғысы келеді. Осымен өздерін Аллаһқа ұқсатып, Онымен тең болуды қалайды. Аллаһ Тағала былай айтты: «Сендер өз тілдеріңмен өтірік айтып, білімдерің болмаған нәрселерді айтасыңдар, әрі осыны жеңіл көресіңдер, бірақ Аллаһ алдында бұл зор күнә» («Нұр», 15 аят)

 

2 – Аяз Атадан (Санта-Клаустан) дұға етіп сұрау және оған үміт ету

Адамдар балаларды аяз атадан дұға етіп, одан керек нәрселерін сұрауды үйретеді. Сөйтіп, олардың кейбіреулері іштей сұраса, басқалары айтып сұрайды, ал біреулері қағазға керегін жазып, шыршаның астына қойып қояды. Кейін жас бүлдіршіндер аяз атаға қатты үміт етіп, ол оның қалауын орындайтынына бар жүрегімен сенеді. Сондай-ақ, олар балаларды жиындарда айқайлап аяз атаны шақыруды үйретеді. Осылайша, адамдар жас бүлдіршіндерді бір Аллаһтан дұға етіп сұрауды үйретудің орнына, кішкентайынан Аллаһқа серік қосуды үйретеді және аяз атаны Аллаһқа теңестіреді. Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһпен бірге ешкімді шақырмаңдар» («Жин», 18 аят), «Аллаһқа ортақ қосушыларға айт: «Егер сендерге Аллаһтың азабы келсе немесе қиямет келсе, Аллаһтан басқаны шақырасыңдар ма? Егер сөздерің рас болса, соны айтыңдаршы маған»» («Ән’ам», 40 аят), «Олар Аллаһтан басқа өздеріне не пайда, не зиян бере алмайтын нәрселерге сиынады. Міне сол ұзақ адасу» («Хаж», 12 аят), «Аллаһтан басқаға қияметке дейін оларға жауап бере алмайтын біреуге табынғаннан кім залымырақ? Әрине табынғандары олардың жалбарынулары жайында хабарсыз» («Ахқаф», 5 аят). Сол себепті біз тек Аллаһқа дұға етіп, Оны ғана шақыруымыз қажет. Аллаһ Тағала былай айтты: «Айт: “Шын мәнінде мен Раббыма (құлшылық қылып) дұға етемін, Оған ешбір серік қоспаймын”» («Жин», 20 аят), «Маған дұға етіңдер, сонда Мен сендерге жауап беремін» («Мумин», 60), «Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса, Мен өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» («Бақара», 186)

 

3 – Пұтқа табынушылық

Жаңа жылдық шырша – ол Жаңа жыл мейрамының символы. Аяз атаға барлығы сенбегеннің өзінде, жаңа жылдық шырша әр үйде орын алған белгі болды. Оны әшейкейлеп, безендіріп, оған сол пұтқа табынушылар өз пұттарына құрмет көрсеткендей құрмет көрсетеді. Оның үстіне түрлі-түсті жанып тұрған гирляндаларды пұтқа табынушылар өз пұттарының үстіне ілгендей іледі. Оны ұлықтап, мақтап әндер шығарады. Бұның барлығы кейіннен сол пұтқа табынулышықтың өзіне, және сол балалар есейгенде Аллаһқа серік қосуды жаман амал деп санамауға алып келуге әбден ықтимал. Ал Аллаһ Тағала: «Расында, кім Аллаһқа серік қосса, оған Аллаһ Жәннатқа кіреуге тыйым салады, әрі оның орны Тозақ оты болады. Залымдар үшін еш көмекші болмайды»,- деп айтты. («Мәида», 72 аят).

Сахаба Әбу Уәқид әл-Ләйси жеткізген хадисте былай айтылған: «Бірде Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге Хунайнға жол тартады. Олармен бірге жақын арада Ислам қабылдаған мұсылмандар болады. Кенет, көпқұдайшылар көпке дейін жанынан шықпай, әркез береке тілей отырып қару жарақтарын ілетін (Зәт әл-ануат деген) бір талдың жанынан өтіп бара жатқанда жақын арада Ислам қабылдаған мұсылмандар: “Иә, Аллаһтың елшісі! Бізде де олардыкіндей Зәт әл-ануат болуын қалаймыз”-дейді. Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Аллаһу әкбар! (Аллаһ ұлы!) Бұл бұрынғылардың салты. Жаным Қолында болғанмен ант етемін, сендер Исраил ұрпақтарының Мұсаға айтқан сөзін айтып тұрсыңдар: «Бұлардың тәңірлері сияқты бізге де тәңір жасап бер. Мұса оларға: “Шынында сендер надан қауымсыңдар”- дейді» («А`раф», 138 аят). Шынында сендер бұрынғылардың салтымен жүресіңдер”-дейді Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)» (Тирмизи 5/218)

Осы хадиске байланысты шейх Салиха Әли Шейх мынадай түсінік берді: «Пұтқа табынушыларда лотус (тал) болды, олар оған сенетін еді. Біріншіден, олар оны аса қадірлейтін. Екіншіден, олар оның маңайында жиналып, оны ұлықтап, осымен жақын болуды қалайтын. Үшіншіден, олар өздерінің қару-жарақтарының берекелі болуын, әрі өткірірек, және иесіне көп пайда алып келуін қалап оған іліп қоятын. Осы себептермен, олардың амалдары үлкен ширк болып есептелді» (Қараңыз: «Таухид кітабына» берген шарх, №9 бап)

Сондай-ақ, адамдар сол шыршаны Қағбаны тауаф еткендей (айналғандай) айналады. Исламда тек Қағбаны ғана тауаф етіп айналу заңдастырылған.

 

3 - Сиқыршылық

Адамдардың арасында ширк күнәсінің тағы бір көрінісі, ол – жаңа жыл кірген уақытта ғажайып нәрселердің болуы турасында сенімдер. Бұл жайында жүздеген оқиғалар, театралды қойылымдар, кинофильмдер құрастырылған. Осылайша, балаларға жастайынан сиқырларды ғажайыптар немесе кереметтер деп үйретеді.  Аллаһ былай деді: «Расында, сиқыршылар табысқа жетпейді» («Юнус», 77). Сондай-ақ: «Сиқыршы қайда барса да табысқа жетпейді»,- деп айтты. («Таһа», 69).

 

5 – Ырымшылдық (суеверие)

Адамдар арасында тағы бір тараған жайт, ол «қалай жаңа жылды күтіп алсаң, солай сол жылды өткізесін» деген сөздер себепті, Аллаһқа серік қосудың тағы бір түрін жасау. Аллаһтан кешірім және аманшылық сұраймыз! Расында бұндай сенімдер Исламға жат нәрселер. Аллаһ Тағала айтады: «Ол (Аллаһ) олардың болашағын да, өткенін де біледі, (ал) олар Оның білімінен, тек Ол қалаған нәрсені ғана біле алады» («Бақара», 255 аят). Сондай-ақ, адамдар жұлдызнамаларға, яғни гороскоптарға сенетін болды. Осылай, әр жыл, ит немесе айдаһар немесе сиыр жылы деп бөліп, және соған байланысты, сол жылдың қалай өтетіндігі жайында болжаулар шығарылды, әрі адамға жақсы, яки жаман жағынан әсерлері турасындар сенімдер таралды. Аллаһ Тағала былай айтты: «Сендер Аллаһтан бөлек пұттарға табынып, өтірікті құрастырасыңдар. Расында, Аллаһтан өзге табынғандарың, сендерге ризық бере алмайды. Ризықты Аллаһтың қасынан іздеңдер. Оған құлшылық қылыңдар да, Оған шүкірлік етіңдер. Оған қайтарыласыңдар» («‘Анкәбут», 17 аят)

 
II) БИДҒАТ (ДІНДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ)

Бидғат (діндегі жаңалық) – ол, толық болған Аллаһтың діні Исламға жаңалық еңгізу. Шариғатта мейрамдар құлшылық болып саналады, ал құлшылық ол діннен, сол себепті кез-келген құлшылық түрлерін Аллаһ ғана заңдастыратын болғандықтан мейрамдарды да, тек Ол ғана бекітеді.

Мейрамдарды тек Аллаһ заңдастырады екеніне дәлел Әнәс ибн Малик жеткізге хадис: Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаға келгенде, қала тұрғындарының ойнап, қуанып қарсы алатын екі мейрамы бар еді. Ол: «Бұл күндер нені білдіреді?» - деп сұрағанда, олар: «Бұл күндерді біз ойнап, күліп сол пұтқа табынушылық кезінен бастап атап келеміз», - деп жауап берді. Сонда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Расында, Аллаһ оларды екі жақсы күнмен ауыстырды, (олар): Құрбан айт және Ораза айт». Бұл хадисті Әбу Дауд (1134), ән-Насаи (1556), Ахмад (3/178), Абдур-Раззақ (15566) жеткізді. Хафиз Ибн Хәжәр және шейх әл-Әлбани хадистің «сахих», яғни сенімді екенін айтты.

Көрнекті ғалым Мухаммад ибн Салих әл-Усаймин былай айтқан: «Айт (мейрам) болып шариғатта бекітілген (күндер ғана айт болып) саналады. Олар ‘Ид әл-Фитр (Ораза айты), ‘Ид әл-Адха (Құрбан айт), ‘Арафа күні, әт-Ташриқтың үш күні және әр жұма. Бұл күндер айт (мейрам) екендеріне сахих (сенімді) хадистер меңзейді. Ал басқа мейрамдар жайлы айтатын болсақ, олардың Исламда ешқандай негізі жоқ» (Қараңыз: “Фатауа Ибн ‘Усаймин” 2/302)

Және кімде-кім дінге жаңалық еңгізсе, оның ол амалы қабыл етілмейді, тіпті үлкен күнә болып табылады. Аллаһ Тағала былай айтты: «Немесе дін тұрғысынан Аллаһ бұйырмаған нәрсені оларға шариғат қылатын (заңдастыратын) ортақтары бар ма?» («Шура», 21 аят)

Аллаһ Тағала бидғатты теріске шығарып, оны қабылдамайды. ‘Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте , Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге), онда жоқ нәрсе енгізсе, оның ісі кері қайтарылады (қабыл болмайды)”. Ал бұл хадистің басқа риуаятында: “Кімде-кім біздің бұйрығымыз болмаған бір іс жасаса, ол ісі кері қайтарылады”, - делінген. (әл-Бухари 2697, Муслим 1718)

Имам Ибн Дақық әл-‘Ид былай деген: “Тіл мамандары «қайтарылады» деген сөздің мағынасы «қабыл болмайды» деген!” (Қараңыз: “Шарх әл-арбә’ун” 24).

Ал әл-Хасан әл-Басри былай дейді: “Бидғатшының оразасы да, намазы да, қажылығы да, ‘умрасы да, садақасы да, жиһәды да қабыл болмайды”. (Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 1/125).

Бидғат – бұл Тозаққа алып баратын адасушылық. Жәбирден (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға насиха етіп былай деді: «Ең жақсы сөз – бұл Аллаһ Тағаланың Кітабы, ал ең жақсы жол – бұл Мұхаммедтің жолы. Ең жаман амалдар – бұл дінге енгізілген жаңалықтар, ал әрбір дінге енгізілген жаңалық – бұл бидғат, ал әрбір бидғат – бұл адасушылық, ал әрбір адасушылық Тозақта!» (ән-Нәсаи 3/188. Хадистің сенімділігін Шейхул-Ислам Ибн Тәймия мен шейх әл-Әлбәни растады).

Бидғат – бұл тура жолдан адастыратын себеп. Аллаһ Тағала былай дейді: «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер! Басқа жолдарға түспеңдер, олар сендерді Аллаһтың жолынан айырады» («әл-Ән’ам», 153 аят)

Ұлы ғалым Мужәһид аяттағы «басқа жолдарға түспеңдер» деген сөз туралы: “Бидғаттар мен күмәнді нәрселерге түспеңдер” – деген. (әл-Бәйхақи 3/183, әд-Дәрими 2/182).

 

III) ҮЛКЕН КҮНӘЛАР

1 – Кәпірлерге ұқсау.

Расында, бұл жаңа жыл тойлау Исламда заңдастырылмаған, әрі мұсылмандар тойламаған мейрам еді. Бұл күмәнсіз мұсылман еместердің мейрамы болып табылады. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім бір халыққа ұқсаса, ол солардан» (Бұл хадисті Ахмад (2/50), Әбу Дауд (4031), әт-Тахауи (231), әл-Байхақи (1199) жеткізді. Хадистың сенімді екенін имам әз-Захаби, шейхуль-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Хәжәр, әл-‘Ирақи, шейх әл-Әлбани растады)

Ибн Қайим былай айтты: «Ол Кітап иелеріне (яғни христиан  мен яхудилерге) және басқа да кәпірлерге ұқсауды тыйым салды, өйткені сырттай ұқсау іштей келісімге алып келеді. Егер жолдар ұқсаса, онда жүректер де ұқсайды» (Қараңыз: «Иғасат әл-ләхфан»)

Шейхуль-Ислам Ахмад ибн Таймия былай деген: «Қандай да бір кәпірлердің мейрамдарымен оларға ұқсау, адамның олардың жалған сенімдерінен және әдеп-ғұрыптарынан разы екенін білдіреді» (Қараңыз: «әл-Иқтида» 229)

 

2- Өтірік.

Адамдар балаларына аяз атаның, ақшақардың және тағы басқа жалған нәрселердің барлығын айтып өтірік айтудан басқа, олар сол өтіріктерін жүзеге асыру үшін актерларға аяз ата және ақшақар рольдерін беріп жастайынан алдайды.

Асма бинт Язидтен келген хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтады: «Өтірік айту тек үш жағдайда ғана рұқсат етілген: ер мен әйел арасында, бір-бірінің разылығын алу мақсатында; соғыс кезінде; және екі адамды татуластыру мақсатында» (Ахмад 7/459, ат-Тирмизи 3/127)

 

3 - Харам нәрсені ішіп-жеу.

 Аллаһ былай айтты: «Расында, шайтан мас қылатын нәрсемен, құмар ойындармен араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Аллаһты еске алудан және намаздан тоқтатуды қалайды. Сонда да тыйылмайсыңдар ма?» («әл-Мәида», 91 аят)

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мас қылатын нәрселер көп мөлшерде, сондай-ақ аз мөлшерде харам (тыйым салынған)»,- деп айтты. (Әбу Дауд 3681, ат-Тирмизи 1865, Ибн Маджах 3393)

Әнәс (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арақпен байланысы бар он адамды лағынеттеді, (олар): арақ жасайтын адамды; (арақ жасауды) сұрайтын адамды; арақ ішетін адамды; оны жеткізетін адамды; әрі (арақ) жеткізілетін адамды; оны құятын адамды; оны сататын адамды; ол үшін ақша алатын адамды; сатып алатын адамды; және (арақ) сатылып алынатын адамды» (Бұл хадисті Ибн Мәжә және әт-Тирмизи жеткізді)

 

4 – Қатысу және қолдау, көмектесу.

Жоғарыда айтылған жаңа жылдың келуін мейрамдаудың жамандығын еске ала отырып, ол мейрамға қатысу және көмектесу де тыйым салынғанын түсіне аламыз. Біз ол мейрамдарға қатыса отырып, олардың осындай жаман амалдарының тарауына көмектесеміз, ал құттықтауымызбен оларды осындай күнәларымен құттықтаймыз, бұл да еш күмәнсіз дұрыс емес, әрі күнәлі.

Аллаһ былай деді: «Бір-бірлеріңе жақсылыққа және тақуалыққа көмектесіңдер, бірақ бір-бірлеріңе күнәлі істерге және дұшпандыққа көмектеспеңдер» («әл-Маида», 2 аят)

 

Сөзіміздің соңында, барлық мақтаулар Аллаһқа болсын, және Аллаһтың игілігі мен сәлемі Мухаммедке болсын!

 

 

www.kz.islamic.kz порталы

 

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Автор

Админ

Оқы

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Толтырылуға міндетті орындар * белгіленген.

Сіз келесі HTML тегтерді қолданала аласыз. <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>