Оразаны бұзбайтын нәрселер
Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
Ұмытшақтықпен ішіп-жеу, жыныстық қатынасқа бару
Әбу Һурайрадан Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Ұмытшақтықпен жеп не ішіп қойған адамның оразасы бұзылмайды, өйткені, расында, оны тамақтандырып, сусындатқан – Аллаһ» (әл-Бухари 1933, Муслим 2/171).
Ғалымдардың көпшілігі осы хадиске сүйенген. Тек имам Мәлик қана бұл бұйрықты нәпіл оразаға ғана қатысты деп есептеген. Алайда оның пікірі қабыл етуге жарамсыз, өйткені басқа хадисте сөз рамазан айындағы ораза туралы болып жатқаны анық және нақты айтылған. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Егер адам Рамазан айының ораза күнінде ұмытшақтықпен тамақтанған болса, онда ол бұл күнді толтыруға да, ақысын өтеу ге де тиісті емес» (әл-Хаким 1/420, әд-Дарақутни 2/178. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әл-Байхақи, хафиз әз-Зәһаби, имам ән-Нәуауи, хафиз Ибн Хәжар және шейх әл-Әлбани растаған).
Егер де біреу ұмытшақтықпен жеп не ішіп жатқан адамды көретін болса, онда ол оны тоқтатуға және оған оның ораза ұстап жүргенін ескертуге міндетті. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден кім айыпталатын нәрсе көрсе, оны өзгертсін», — деген (Муслим 1/78).
Хасан әл-Басри мен Мужаһид былай деп айтқан: «Ұмытшақтықпен жыныстық қатынасқа барған адам, ештеңені өтеуге тиісті емес» (Қараңыз: әл-Бухари “Сахих” 1/452).
Түкірік пен қақырықты жұту
Ораза кезінде түкірік жұтуға рұқсат етілетіндігі жайында ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ. ‘Ата: “Түкірікті жұту оразаны бұзбайды”, - деген. Қз.: әл-Бухари “Сахих” 1/451.
Тіпті егер адам әдейі түкірігін жинап, кейін оны жұтып жіберсе де, ең дұрыс пікірге сәйкес, оның оразасы бұзылмайды. Қз.: “әл-Муғни” 3/106. Алайда бұлай істемеген дұрыс.
Ал қақырықты немесе мұрын мен тамақтан шығатын қандайда нәрселерді жұтуға келер болсақ, мұндайды жұтудың рұқсат етілгендігіне қатысты ғалымдардың пікірлері әр түрлі болған. Имам Ахмад пен әш-Шәфи’и қақырықты жұту оразаны бұзбайды деп есептеген. Қз.: “Раддуль-махтар” 2/101, “әл-Муғни” 2/43.
«Қақырықты жұту оразаны бұзады» деген пікір мұсылмандар үшін қиындықтар туғызады, ал шариғаттың мақсаты мұсылмандардың жағдайын қиындату емес, жеңілдетуде. Ал Құранда да, Сүннетте де бұған қатысты ешқандай тыйымдар жоқ екендігін және ғалымдардың арасында да бұл туралы бір ауызды пікір жоқ екендігін ескеру тіпті қажет. Қз.: “Сахих фиқһу-с-Сунна” 2/117.
Бұл пікірді сондай-ақ шейх әл-Әлбани де мақұлдаған және “Қақырықты жұту оразаны бұзады ма?” деген сұраққа: “Жоқ, бұл оразаны бұзбайды», - деп жауап берген. Тз.: “Силсиләту һуда уә-н-нур” № 52.
Алайда, егер адам қақырықты мұрнынан не тамағынан ауызына шығарған болса, онда оны жұтпай, түкіріп тастауы керек. Қз.: “Раудату-т-талибин” 2/360.
Құшақтасу мен сүйісу
Ораза кезінде күйеуіне де, әйеліне де бір-бірін сүйюге, құшақтауға және аймалауға рұқсат етіледі. `Айша, Аллаһ оған разы болсын, былай дейтін: «Ораза кезінде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз әйелдерін құшақтап, сүйген кездер сирек емес еді, алайда ол сендердің кез-келгенідеріңнен өзін-өзі мықты ұстай алатын» (әл-Бухари 1927, Муслим 1/65).
Сондай-ақ `Айшаның жиені Масруқ одан: «Ораза уақытында күйеуі мен әйеліне не рұқсат етіледі?», - деп сұрағыны хабарланады. Ол: «Жыныстық қатынастан басқасынын барлығы», — деп жауап берді (‘Абдур-Раззақ 4/190. Хадистің сенімділігін хафиз Ибн Хажар растаған. Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/183).
Бұл хадистер ауызы берік адам, егер бұл жыныстық қатынаспен аяқталады деп қорықпаса, өз әйелін құшақтап, аймалауына рұқсат етілетініне нұсқайды. Ал егер адам әлсіз болса, әрі өзін-өзі ұстай алмай қалатынын білсе, онда ол бұдан тыйылғаны жөн. Шариғатта маңызды бір қағида бар: «Харамға апаратын нәрсе де харам!».
Сүйісу кезінде адамда мәзи (қою емес) сұйықтығы шығатын болса, онда оның оразасы бұзылмайды. Бұған «мәзи сұйықтығы оразаны бұзады» деген дәлелдің жоқтығы дәлел болып табылады. Ораза — құлшылық рәсімі болып табылады, ал белгілі бір құлшылықты жарамсыз болды деп айту үшін Құран мен Сүннеттен дәлел келтіру қажет (қараңыз: «Шархул-Мумти’» 6/397).
Жыныстық қатынассыз әдейілеп ұрық шығару оразаны бұзады ма?
Хафиз Ибн Хажар былай деген: “Әйелін аймалау және сүйю кезінде ұрығы шығып кеткен немесе мәзи сүйықтығы шыққан адамға қатысты ғалымдардың пікірлері әртүрлі болған. Куфалық ғалымдар мен имам әш-Шафи’и: “Көз тігудің емес, іс-әрекеттің себебімен ұрығы төгілген адам осы күнді өтеу керек, ал тек қана мәзи сұйықтығы шыққан адам өтеуге тиісті емес», - деген. Имам Мәлик пен Исхақ: “Әдейілеп ұрық шығарылған болса, ол қандай жолмен шығарылса да, осы күнді қайта толықтыру керек және өтеуін жасау қажет, ал мәзи сұйықтығы шыққан жағдайда тек осы күнді ғана қайта толықтыру керек”, - деген. Олар ұрық шығаруды жыныстық қатынаспен салыстырып қараған. Мәлик: «Әйелін аймалап сүйген және соның нәтижесінде эрекция болған (жыныстық мүшесі серпінген) адам осы күнді қайта толықтыруы қажет, тіпті одан ұрық пен мәзи сұйықтығы шықпаған болса да», - деп сесптеген. Ибн Қудама былай деген: “Кімде сүйісу себебімен ұрық шықса, сол оразасын бұзды, әрі біз бұда келіспеушіліктер білмейміз”. Алайда бұл мәселеде келіспеушілік бар, өйткені Ибн Хазм жыныстық қатынассыз ұрық шығару оразаны бұзбайды деп санаған, әрі ол осы пікірді күшті деп ұстанған”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 4/151-152.
Имам Ибн Хазм былай деп айтатын: “«Жыныстық қатынассыз ұрық шыққан кезде ораза бұзылады» дегенге Құранда да, Сүннетте де нұсқау жоқ, әрі бұған бір ауызды келісілген пікір де (ижма`) жоқ, және сахабалардан жеткен бірде-бір сенімді хабар да жоқ”. Қз.: “әл-Мухаллә” 6/203-205.
Бұл пікірді тек имам Ибн Хазм ғана емес, имам Ибн Хузайма да ұстанған, әрі ол өзінің «Сахихындағы» тарауды “Ораза ұстаушыға жыныстық қатынассыз ләззат алуға рұқсат етілгендігі туралы тарау” деп атаған. Қз.: Ибн Хузайма “Сахих” 3/242.
Сондай-ақ ханафи имам әл-Марғинани “әл-Хидаяда” былай деп жазған: “Жыныстық қатынассыз ұрық шығару оразаны бұзбайды”. Қз.: имам әш-Шәукани “Булюғ әл-маний фи хукмиль-истимна” 54.
Имам әс-Сан’ани де осы мәселеге қатысты келіспеушіліктер мен имамдардың пікірлерін атап айтып, былай деген: “Алайда жыныстық қатынас жасағаннан басқа ешкім өтеу де, қайта толықтыру да жасамайды, өйткені илхақ – бұл жыныстық қатынас емес”. Қз.: “Субулю-с-Сәләм” 2/226.
Оларға бұл мәселеде имам әш-Шәукани де ілесті, әрі ол: “Оразаның бұзылуы туралы үкім тек жыныстық қатынас жасаумен ғана байланысты, және осымен бітті», - деді. Қз.: “Нәйлюл-әутар” 4/526.
Бірде Жәбир ибн Зәйдке рамазан айында әйеліне шақуатпен қараған және соның нәтижесінде ұрығы шығып кеткен адам туралы «Осы жағдай оның оразасын бұзады ма?» деген сұрақ қойылды. Ол: “Жоқ, ол оразасын соңына дейін жеткізсін”, - деп жауап берді. Ибн Абу Шайба 1/170, иснады сахих.
Шейх әл-Әлбани де жыныстық қатынас жасамай ұрық шығару оразаны бұзбайды деп есептеген!
Алайда ғалымдардың басым бөлігі мұндай ораза бұзылады әрі бұл күнді кейіннен қайта толықтыру қажет деп есептеген. Осы орайда олар “Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Ораза Мен үшін ұсталады, әрі Мен Өзім Ол үшін сый беремін, өйткені адам өзінің құмарлықтарын қанағаттандырудан және өз тамағынан Мен үшін бас тартады!»” деген құдси хадиске сүйенген. Муслим 1151.
Ал осы хадистің басқа нұсқасында: «Ол жеуді Мен үшін қалдырады, ішуді Мен үшін қалдырады, ләззаттарды Мен үшін қалдырады және әйелін Мен үшін қалдырады!», - деп айтылады. Ибн Хузайма 1151. Иснады сахих.
Бой дәреттің (ғусл) жоқтығы
Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері `Айша мен Умм Сәләмадан жеткен хабарларда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелімен өткізген түннен соң, таңды жүніп күйінде қарсы алғандығы, содан кейін шомылып, оразасын тұтқандығы туралы баяндалады (әл-Бухари 1925, Муслим 2/80).
Сондай-ақ бірде Умм Сәләмадан «Жүніп күйінде таңды қарсы алған еркек ораза тұту керек пе?», - деп сұрағанда, ол: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) поллюция (өздігінен ұрық шығып кетуі) себебті емес, әйелімен өткізген түннен соң таңды жүніп күйінде қарсы алатын. Сосын ол ораза ұстайтын әрі сол (күнгі) оразаны қайта өтемейтін», — деген (Муслим 2/80).
Осы хадистер бой дәреттің (ғусл) жоқтығы адамның оразасын жарамсыз етпейтініне нұсқайды, тіпті ол таң атқаннан кейін шомылса да.
Ал енді, «Таңды жүніп күйінде қарсы алған адам ораза ұстамай-ақ қойсын!» (Муслим 1109), — деп айтқан Әбу Һурайраның пікіріне келер болсақ, ол – қате. Себебі Әбу Һурайраның бұл сөздерін естіген `Айша мен Умм Сәләма оған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) таңды жүніп күйінде де қарсы алып, ораза ұстағанын хабарлағанда, Әбу Һурайра өз пікірінен бас тартады да: «Олар Пайғамбар туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) менен жақсырақ біледі», — деген (Муслим 1109).
Тіс тазартқыш (сиуак) қолдану
Ораза кезінде тіс тазартқышты қолданудың рұқсат етілгеніне Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалардан жеткен бірнеше хабар дәлел болады. `Амир ибн Раби`аның: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстап жүргенінде сансыз мәрте тістерін сиуакпен (тіс тазалағышпен) тазалағанын көрдім», - дегені жеткізіледі (әт-Тирмизи 725, Әбу Дәуд 2364, Ибн Хузайма 2007.).
Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи және Ибн Хузайма бұл хадисті хасан деп атаған, бірақ хафиз Ибн Хажар мен шейх әл-Әлбани оны әлсіз деген.
Алайда бұл хадис Ибн `Аббастан жеткен «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауызы берік уақытында сиуакты пайдаланған» деген басқа хабармен нығайтылады (Ахмад ибн Мәни’. Иснады сахих. Қараңыз: “әл-Мәталибул-‘алия” 1089).
Бұл сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол туралы ол осы үмметтегі хәлал мен харам мәселелерін ең жетік білетіндігін айтқан Му`аз ибн Жәбалдің сөздерімен де расталады. `Абдур-Рахман ибн Ғуним былай деп айтқан: «Мен Му`аздан: «Оразада тістерімді тазалауыма болады ма?», — деп сұрадым. Сонда ол: «Иә», — деп жауап берді» (әт-Тәбарани өзінің “әл-Кәбир” кітабында 20/133. Хафиз Ибн Хажар иснадын хасан деген).
Алайда, егер сиуактің дәмі болатын болса, мысалы жасыл сиуак, немесе лимон яки жалбыз дәмі бар т.с.с. сиуактар, онда түкірікті жұтуға болмайды. Ал ең дұрысы, бұндай сиуакты ораза кезінде мүлдем қолданбай-ақ қойған жөн.
Егер тіс тазартқышты қолдану кезінде қызыл иектен қан шыға бастаса, оны жұтуға болмайды, оны түкіріп тастау қажет. Бірақ, егер сонда да қанның кейбір бөлігі тамаққа кетіп қалса, бұның ешқандай оқасы жоқ (қараңыз: “Фатауа әл-Ләжна әд-дәима” 10/254).
Ал енді рамазан айында күндіз тіс пастасын қолдануға келер болсақ, онда ғалымдар бұл мәселеде түрлі пікірлер білдірген. Алайда келіспеушіліктерден шығу үшін және қатеден алыс болу үшін бұны жасамаған жақсы. Шейх Ибн `Усаймин: «Күндіз тіс пастасын қолданбай, оны кешкіге қалдырған дұрыс, себебі оның қатты татыйтын дәмі бар», — деп айтқан (қараңыз: “Мәжалису шаһри рамадан” 72).
Еріксіз құсу
Әбу Һурайра жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер құсық еріксіз шыққан болса, онда оразаны өтеу міндетті емес. Ал егер ол әдейі шығарылса, онда оразаның қазасын өтеу керек» (Ахмад 2/498, Әбу Дәуд 2380. Имам ән-Нәуауи, шейхул-Ислам Ибн Тәймия және шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған).
Шейх Ибн `Усаймин айтқандай, егер адам құсқысы келіп, бірақ кейін жүрек айнуы басылып, қалпына келсе, онда оразасы бұзылмайды, өйткені ол бұл жағдайға бақылау жасай алмайды. Алайда егер құсық ауызға келіп қалса, ал адам оны қайтып жұтып жіберсе, онда оразасы бұзылады. Ал егер адам асқазанында әлсіздік сезіп жатса, онда құсығын басып, өзін-өзі қинамаған жөн, әйтпесе бұл оның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін (қараңыз: “Мәжалису шаһри рамадан” 67).
Қан алу немесе қан жоғалту
Ораза кезінде қан алудың рұқсат етілгеніне қатысты ғалымдар арасында келіспеушіліктер бар. «Қан алу оразаны бұзады» деп санайтын ғалымдар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисіне сүйенген: «Қан алған және қан алдырған адам оразаларын бұзды» (Ахмад 4/123, Әбу Дәуд 2369. Хадис сахих).
Ал басқа ғалымдар «қан алу оразаны бұзбайды» деп, Ибн `Аббас жеткізген келесі хадиске сүйенеді: «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол ораза кезінде қан алынған» (әл-Бухари 1939).
Сондықтан көптеген ғалымдар қан алу оразаны бұзатындығы жайлы хадистің күші жойылған деп есептеген. Сол ғалымдардың қатарында әш-Шәфи`и, әл-Бәйһақи, Ибн `Абдул-Барр, ән-Нәуәуи, әл-Әлбани сияқты имамдарды ерекше атап өтсек болады.
Аталған келіспеушілікке Сәбит әл-Бунаниден жеткен келесі хадис айқындық енгізеді. Ол Әнастан: «Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде қан алдыру қайтарылған ба еді?», — деп сұрайды. Сонда Әнас оған былай жауап береді: «Жоқ, тек егер ол адамды әлсіретпесе ғана» (әл-Бухари 1940).
Сондай-ақ Әнас былай деген: «Басында ораза тұтушының қан алғызуы құпталмайтын іс болып саналатын. Әрі бір күні Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қан алғызып отырған Жә`фар ибн Әбу Талибтің жанынан өтіп бара жатқанда: «Бұл екеуі оразаларын бұзды», — деп айтқан. Бірақ, кейінірек Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауызы берік адамға қан алдыруына рұқсат еткен». Сондықтан Әнас ораза уақытында қан алғызатын еді (әд-Дарақутни 2/182. Хадистің сенімділігін имам әд-Дарақутни, әл-Бәйһақи және ән-Нәуауи растаған).
Сондай-ақ Абу Са`ид әл-Худриден: «Ораза тұтушы қан алғызуына рұқсат па?», — деп сұрағанда, ол: «Иә, бұның ешқандай оқасы жоқ», — деп жауап берді (Ибн Хузайма 3/235. Шейх әл-Әлбани иснадын сахих деген).
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып және барлық пікірлерді жинай келе, келесідей қорытынды шығарсақ болады:
Ораза уақытында қан алдыруға тыйым салынбаған, әрі ол оразаны бұзбайды. Алайда егер қан алдыру адамды әлсірететін болса, онда оны жасамаған жақсы. Бірақ егер қан алдыру ауызы берік адамды аузын ашуға мәжбүрлейтін болса, онда ол тыйым салынады. Бұл туралы Имам әш-Шәукани айтқан (“Нәйлюл-Әутар” 4/515).
Дәл осы үкім қан тапсыруға да қатысты. Егер осыда қажеттілік болса әрі бұл ағзаның әлсіреуіне әкеп соқпаса, онда бұл рұқсат етіледі. Ал керісінше жағдайда - тыйым салынады! (Қараңыз: “Сахих фиқһу-с-Сунна” 2/114).
Қажет болғанда тамақтың дәмін тату
Қажеттілік туып тұрса, ауызы берік адам тамақтың дәмін тілімен татып немесе оны шайнап көруіне болады. Мысалы, сәбиді тамақтандырып жатқан ана басқа амал таппаған жағдайда тамақты шайнап көрсе болады, ас әзірлеп жатқанда оның дәмін татып көрсе болады, немесе сатып аларда тағамның дәмін тексеріп көрсе болады. Ибн `Аббас былай деген: «Адам сіркенің немесе сатып алайын деп жатқан заттың дәмін көрудің еш айыбы жоқ» (Ибн Әби Шәйба 2/161. Иснады сахих).
Шейхул-Ислам ибн Тәймийя былай деп айтқан: «Ораза ұстаушы тамақтың дәмін қажетсіз көруі мәкруһ, бірақ оразаны бұзбайды. Бұл ауызды сумен шайқау тәрізді» (Мәжму’ул-фатәуа” 25/266).
Алайда тілмен тексеріп көрген тамақты жұтуға болмайды!
Ауыз шаю және шомылу
`Умар ибн әл-Хаттаб былай деп баяндайтын: «Бірде мен ораза ұстап жүргенімде өзімнің әйелімді сүйдім. Содан соң мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен қорқынышты нәрсе жасадым: ауызым берік бола тұра әйелімді сүйдім!», — деп айттым. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза кезінде ауызыңды шаюың туралы не ойлайсың?», - деп сұрады. Мен: «Бұның еш айыбы жоқ», — дедім. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда несіне уайымдайсың?», — деді» (Ахмад 1/21, Әбу Дәуд 2385, әд-Дәрими 1723. Шейх Ахмад Шәкир, шейх әл-Әлбани, ‘Абдул-Қадир әл-Арнаут және Шу’айб әл-Арнаут хадистің сенімділігін растаған).
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі жеткізген хадисте «Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шыжыған ыстықтан құтылу мақсатымен басына су құятын», - деп айтылған (Мәлик өзінің “әл-Мууатта” кітабында 1/294, Әбу Дәуд 2365, Ахмад 4/63. Шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған).
Осы хадистер ораза ұстаушы адамға ораза кезінде күндізгі уақытта ыстықтың әсерін басу үшін ауызын шаюға немесе шомылуға рұқсат етілетініне нұсқайды. Ораза кезінде ауыз шаю: дәрет алғанда болсын, одан тыс уақыттары болсын - рұқсат етілгенінде ешқандай келіспеушілік жоқ (қараңыз: “Шархул-Кәбир” 3/44).
Алайда дәрет алған кезде суды мұрынмен тартпаған жақсы, әйтпесе су тамаққа өтіп кетуі мүмкін. Ләқит ибн Сабира былай деп баяндайтын: «Бірде мен Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі, маған дәрет жайында айтып беріңізші», — деп сұрадым. Ол былай деді: «Дәретті лайықты түрде ал, саусақ араларын және, егер ораза тұтып жатқан болмасаң, мұрныңды жақсылап жу!»» (әш-Шәфи’и 1/30, Ахмад 4/33, Әбу Дәуд 142. Хадистің сенміділігін Ибн әл-Қатан, ән-Нәуауи, Ибн Хажар мен әл-Әлбани растаған).
Сондай-ақ оразаны келесі нәрселер де бұзбайды:
Сүрме қолдану
‘Аиша: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде сүрме қолданатын”, - деп баяндаған (Ибн Мәжаһ 1678).
Ғалымдар арасында бұл хадистің сеніміділігі жөнінде келіспеушіліктер бар. Шейх әл-Әлбани оны сахих деп таныған. Ал кейбір имамдар Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде сүрме қолданғандыңы туралы бір де бір сахих хадис жоқ екенін айтқан.
Десе де бұл хадистің мағынасы, яғни сүрме қолдану оразаны бұзбайтыны дұрыс. Бұған қоса имам әт-Табарани 2/132 Бәрирадан, ал әл-Бәйһақи Ибн `Аббастан, олар ораза кезінде сүрме қолданғандары туралы жеткізеді. Және Хафиз ибн Хажар бұл хабарлардың иснадын хасан деп атаған (қараңыз: “Талхисул-хабир” 2/366).
Тіс емдеу және оған пломба салу
Ауыз шаю үшін қолданылатын дәрі-дәрмектер, егер адам оларды жұтпаса, оразаны бұзбайды. Егер адам тісін пломбаласа, кейін ауызынан бір дәм сезетін болса, шейх Ибн Баз айтқандай, бұл оразаны бұзбайды.
Ине ектіру
Емделу үшін қолданылатын, пенициллин және инсулин, немесе сергітетін заттар, егу сияқты ине шаншулар оразаны бұзбайды. Ол бұлшық етке немесе тамырға егілсе де -бәрі бір. (Қараңыз “Фатауа Мухаммад ибн Ибраһим” 4/189).
Көз бен құлаққа дәрілер тамызу
Клизмалар, көз бен құлаққа дәрі тамызу, тіс жұлу және жараларды емдеу ең дұрыс пікір бойынша оразаны бұзбайды. (Қараңыз: «“Мәжму’ул-фатауа” 25/233-245»).
Әйелдердің истихада қаны (ауыртатын қансырау)
Әйелдерде болатын ауыртатын қансырау (истихада) оның намазына да, оразасына да, басқа да құлшылықтарына еш зиян тигізбейді. Бұл қан нәжіс (лас нәрсе) болып та табылмайды, әрі еттекірі немесе туғаннан кейінгі қансырауы келген әйелдерге тыйым салынған нәрсенің барлығы истихадасы келіп жатқан әйелге рұқсат етіледі (қараңыз: “Сахих фиқһу-с-Сунна” 1/216-217).
Шаң және ауызға кездейсоқ түскен нәрселерді жұту
Имам Ибн Қудама былай деген: «Егер ораза ұстаушы жараланса немесе мұрынынан қан кете беруінен жәбір шексе, немесе оның ауызына су не бензин еріксіз кіріп кетсе, онда бұл оның оразасын бұзбайды. Сондай-ақ шаң тозаң, түтін немесе шыбын байқаусыздан адамның ауыз қуысына кіріп кеткен болса, бұл да оның оразасын бұзбайды. Сондай-ақ адам жұтынған кезінде құтылуы мүмкін емес болған сілекей, не құрғақ жердің шаңы оразаны бұзбайды. Және де адам ауыз қуысын әдейі сілекейге толтырып, соны жұтқан болса, дұрысырақ пікірге сай, бұл да оразаны бұзбайды» (қараңыз: «әл-Мұғни» 3/106).
Тыйым салынған сөздер мен көз салулар
«Бес нәрсе ораза мен дәретті бұзады: өтірік, өсек, ғайбат, шаһуатпен көз салу (қарау) және жалған ант» (Бұл хадис әлсіз! Қараңыз: “әс-Силсилә әд-да’ифа уәл-мауду’а” 1708).
Алайда осы әлсіз хадисте аталған нәрселер оразаны бұзбайтынына қарамастан, бұл нәрселер Исламда ауыр күнә болып табылады және оразаның сауабын кемітеді!
Астма ауруы (демікпесі) бар адамдарға арналған оттегі қапшықтары
Астма (демікпе) кезінде қолданылатын оттегі қапшықтары оразаны бұзбайды. Себебі өкпеге баратын қысылған (сығылған) газ тамақ болып саналмайды, әрі оған деген мұқтаждық тұрақты, яғни рамазан айында да, одан басқа айларда да бола береді. (қараңыз: Сәб’уна мәсәлә фи-с-сыйям” 36).
Әрі соңында Аллаһқа мадақ!
www.ToIslam.kz сайтының редакциясы;
қазақ тіліне орыс тілінен аударған www.oraza.kz сайтының редакциясы;
аударма мәтінін редакциялаған www.abuhanifa.kz сайтының редакциясы.
Пікір қалдыру