shadow

Мақаланы WORD (DOC) форматта жүктеу
 

ИМАМ АБУ ХАНИФАНЫҢ ӨМІРІ ЖӘНЕ СЕНІМІ

 

Абу Ханифаның туылуы, толық аты және нисбасы[1]

Ән-Нуғман бин Сабит бин әл-Мәрзубан әл-Куфи атақты парсы әулетінен шыққан және Ауғанстанның астанасы Кабулда дүниеге келген. Оның атасы әл-Мәрзубан екінші салиқалы халифа Умар ибн әл-Хаттабтың, Аллаһ Тағала оған разы болсын, билік құруы кезінде Исламды қабылдады және Куфаға көшіп барды.

Ең кең таралған пікірге сәйкес, Абу Ханифа, Аллаһ оны рахым етсін, хижраның 80 жылы Куфа қаласында дүниеге келді. Сол кезде халифалық билік Абд әл-Мәлик бин Мәруанның, Аллаһ оны рахым етсін, қолында еді.

 

Имамның білім алу жолына түсуі

Имам Абу Ханифа, Аллаһ оны рахым етсін, Куфада, бай, ауқатты, салиқалы және атақты отбасыда тәрбиеленді және ол өз ата-анасының жалғыз ұлы болған болуы көбірек ықтимал. Оның әкесі Куфада өз дүкенінде жібек сататын еді, ол қайтыс болғаннан кейін дүкен баласына мұрагерлік бойынша өтті.  Басқа да білімді және салиқалы адамдар сияқты Абу Ханифа бала кезінде-ақ Құранды толығымен жаттап алған еді. Ол сахабалардың ізбасарларының қатарынан болған әш-Шәғби деген ғалыммен кездеспейінше ешбір ғалымдардан білім алмаған және өз әкесінің дүкенінде отырған болуы көбірек ықтимал. Бұл кездесу имам үшін, Аллаһ оны рахым етсін, ұлы игілікке жол ашты.

Ол он алты жасты толтырған кезде әкесі оны өзімен бірге қажылыққа және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қаласын зиярат жасауға Меккеге және Мәдинаға алып барды.

Ғылымдарды игеру ол үшін діннің негізін үйренуден және құдайсыздар мен адасушылыққа түскендермен пікірталас жүргізуден басталды. Осы мақсатпен ол жиырма жеті реттен көбірек Басраға келіп, сол жерде шариғатты күмәндардан және адасқандар Исламға телігісі келген нәрселерден қорғап, пікір-таластар жүргізді. –Абу Ханифа үлкен атақтылыққа ие болғанша осылайша жалғаса берді, ал сол кезде ол тек жиырма жаста болатын. Сол кезден бастап Куфа мешітінде оның шәкірттерінің осындай ғылымдарды зерттеумен айналысатын үйірмесі жинала бастады.

Аллаһ Абу Ханифаның өзін, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, және сонымен бірге барлық мұсылмандарды ұлы игілікке келтіруді қалағандықтан, имам фиқһты үйренумен айналысты. Мұның себебі Зуфардың ол Абу Ханифаның, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деп айтқаны туралы жеткізген дерегінде айтылады:  “Мен үлкен танымалдылыққа ие болғанымша кәламмен[2] айналысатынмын. Бірде біз Хәммад ибн Абу Сулайманның үйірмесіне жақын отырғанымызда маған бір әйел келді де, былай деді: «Бір ер кісі әйелімен Сүннетке сәйкес ажырасқысы келеді. Ол әйеліне қанша рет талақ беруі керек?», - деп сұрады. Мен оған мұны Хәммадтан сұрауын және кейін маған қайта келіп, бәрін айтып беруін бұйырдым. Ол бұл сұрақты Хәммадқа қойды, ал ол: «Ол әйеліне талақты бір-ақ рет оның етеккірі біткен соң беруі керек және онымен жыныстық қатынасқа бармауы керек. Кейін ол тағы екі етеккірдің аяқталуын күтуі керек, бірінші хайызы мен барлығы үшеу болғанға дейін, кейін тұрмысқа шығуына болады», - деп жауап берді. Оны тыңдап болып, әлгі әйел қайтып келіп, Хәммадтың сөздерін маған жеткізді. Ал мен: «Кәламның маған қажеті жоқ», - дедім де, содан соң кебістерімді қолыма алып, Хәммадтың алдына барып отырып, ол талдаған мәселелерді тыңдауға кірісіп, оны айтқандарын есте сақтай бастадым. Келесі күні ол тағы да мен есте сақтап қалған сол мәселелермен айналысты, ал оның оқушылары қателесті, сонда ол: «Шеңбердің ортасына менің жаныма Абу Ханифадан басқа ешкім отырмасын!», - деді”.

 

Имам Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, шейхтары

Сол кезден бастап Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің шейхы Хәммадқа қалмай ілесті, ал ол оны Абу Ханифа есте сақтауымен және жақсы тәрбиесімен  өз құрдастарын және шейхтың үйірмесіне өзінен бұрынырақ қосылғандардан асып түскенше фиқһқа үйретті, осы себепті шейх оны өзіне жақындатты да, оны мәжілістің ортасына отырғызатын болды. Оның өз шейхына деген қатынасы таң қалдырады. Мысалы, ол шейхтың үйіне келетін және ол намазға немесе қандай да бір істермен шыққанынша оны есігінің алдында күтетін, ал ол шыққан соң Абу Ханифа оған сұрақтарын қойып, оның жанында жүретін. Шейх өзінің жұмыстарымен шыққан кезде, ол оған қызмет жасайтын, ал Абу Ханифа өз үйінде отырған кезде тіпті шейхының үйіне қарата аяғын созудан тартынатын. Абу Ханифа намаз оқығанда, ол Аллаһқа өзінің шейхы және оның ата-анасы үшін де дұға ететін.

Осы күйінде ол шейх Хәммадтың, Аллаһ оны рахым етсін, өліміне дейін он сегіз жыл жүрді, ал шейх дүниеден өткен соң оның шәкірттері шейх Хәммадтың орнын Абу Ханифа басады және әрі қарай олар білімді содан алады деген бірауызды шешімге келді, сөйтіп ол керемет сәлафтың ең жақсы мирасқоры болды.

Имам Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, шейхтары өте көп еді. Олардың кейбіреулері төменде аталған:

1. Ибраһим бин Мухаммад әл-Мунташир әл-Куфи.

2. Ибраһим бин Йазид ән-Нәха‘и әл-Куфи.

3. Исма‘ил бин Хәммад бин Абу Сулайман әл-Куфи.

4. Аййуб әс-Сихтийяни әл-Басри.

5. Абу Хинд әл-Харис бин Абд әр-Рахман әл-Хамадани әл-Куфи.

6. Раби‘а бин Абд әр-Рахман әл-Мәдани.

7. Салим бин Абдуллаһ бин Умар бин әл-Хаттаб.

 

Ол ижтиһад жасауға арналған мәселелерді қалайша құрастыратыны және жазып алатыны туралы 

Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, ижтиһад[3] жасауға арналған мәселелерді құрастырудың өз әдістемесін жасап шығарды, ал ол төмендегідей еді. Өз шәкірттерімен кездескенде, ол олардың ішіндегі білгірлеріне белгілі бір мәселені қарап шығуды ұсынатын, осы орайда олардың әрбірі өздерінің дәлелдерін ұсынуға және өзінің көзқарасын қолдауға арналған, оның пікіріне сәйкес қажет болған дәйектер келтіруге тиіс еді. Содан соң Абу Ханифа шәкірттерінің айтқандарына пікірін білдіретін, оларды Құран мен Сүннетке немесе ақылдың дәйектеріне жасалған сілтемелермен нығайтатын және дұрыс шешім тапқандарының пікірлерін мақұлдайтын.  Кейде осындай бір сұрақты құрастыру үшін бірнеше күн кететін.   Мұндай білім беру еркін сипатқа ие болатын, отырғанның барлығының пікірлері тиісті құрметпен тыңдалатын, ал талқылау шәкірттердің зердесіне қажетті қорек болатын және сонымен бірге ұстаздың білімдері мен мәртебесін сызып көрсететін және осындай әдіспен фиқһ саласынан белгілі бір мәселе шешілген соң, оны жарамсыз деп айту түгілі,  сынға алудың өзі қиынға түсетін, ал тура жолға салып, игілікке жеткізуші тек Аллаһ.

Әл-Мууаффақ әл-Мәкки былай деген: «Өз мәзһабының[4] ережелерін жасап шығаруда Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің шәкірттерімен және ізбасарларымен кеңесетін және тек қана өзінің ұйғарымымен ғана әрекет жасамайтын. Бір мәселеден соң басқа мәселені қарап, ол олардың әрбірін жан-жақты талқылайтын, өз ізбасарларының пікірін тыңдайтын, өзі пікір білдіретін және олармен пікір сайыстар жасап, белгілі бір тұжырым толығымен анық болмайынша оларды бір айға дейін және одан да көбірек уақытқа созатын, ал содан соң оны қады Абу Йусуф жазып алатын. Ал егер қандай да бір мәселе Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін, қиын болып көрінсе, ол өзінің ізбасарларына: «Себеп тек менің қандай да бір күнә жасағанымда болып тұр», - деп айтатын және Аллаһтан кешірім тілей бастайтайтын, ал кейде бірден намазға кірісетін де, сол арқылы шешімді табатын және содан соң: «Менің тәубем қабыл етілген деп үміттенемін», - деп айтатын.

Бұл жөнінде әл-Фудәйл бин Ийяд естіген кезде қатты жылап, ал соңынан: «Бұл онда күнәлар аз болғандығынан, ал басқалар бұған көңіл бөлмейді!», - деп айтқан екен».

 

Абу Ханифаның ең көрнекті шәкірттері

Аллаһ Тағала Өзінің қалауымен Абу Ханифаны, Аллаһ оны рахым етсін, ұлы шәкірттердің болуымен де құрметтеді. Имам олармен бірге фиқһ мәселелерін шешіп, оның негіздерін жасап шығаратын, ал бұл оған қателік жасауға таяу қалған сәттерінде оны жасаудан құтылуға мүмкіндік беретін.

Шейх Абд әл-Қадир әл-Қурашидің «әл-Жәуәхир әл-мудийя» атты кітабында келтірілген Йахйя бин Закарийя бин Абу Зәидтің өмірбаянында Әсад бин әл-Фураттың былай дегені келтіріледі: «Абу Ханифаның жазу жазатын ізбасарларының саны қырық адамға жететін, ал олардың ең танымал ондығының құрамына Абу Йусуф, Зуфар, Дауд әт-Та’и, Әсад бин Амр, Йусуф бин Халид әс-Самти және Йахйа бин Закарийя кіретін».

Шейх Ахмад әл-Мәкки әл-Хорезми ірі ғалымдардың санатынан болған имамның сөздерін жеткізушілердің саны жеті жүзге жеткен және олардың әрқайсысы мұсылмандардың шейхы саналған, бұл адамдардың барлығы жердің түкпір-түкпіріне имамның риуаят еткен сөздерін жеткізген.

Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, ең танымал шәкірттеріне мына ғалымдар жатады:

1. Абу Йусуф Йакуб ибн Ибраһим әл-Куфи (113-182). Аббасилердің халифасы Харун әр-Рашидтің билік құруы тұсында жоғарғы қады болған. Ханафи мәзһабының құрылуында және дамуында үлкен рөл атқарған.

2. Мухаммад ибн Хасан әш-Шәйбани (132-189). Уәситте туылған. Соңынан Куфада және Бағдадта өмір сүрді. Райда қайтыс болды. Абу Ханифадан және Абу Йусуфтан тәлім алды. Ирак мектебінің Абу Йусуфтан кейінгі ең көрнекті құқықтанушысы болды. Ханафи мәзһабының құрылуында және дамуында үлкен рөл атқарды. Оның кітаптары ханафи мәзһабындағы ең атақты кітаптардың  (Захир әр-Риуаййа) бірі болып табылады.

3. Абу әл-Хузайл Зуфар ибн Хузайл ибн Каус әл-Куфи (110-158). Исфаханда туып, Бәсрада қайтыс болған. Құқықты жеткізуші болған, кейіннен құқықтанумен айналысқан. Абу Ханифаның қиястағы ең қабілетті оқушысы болған. Ханафи мәзһабының қалыптасуында үлкен рөл атқарған.

4. Хасан ибн Зияд әл-Лулу (х. 204 ж. қайтыс болған). Фиқһты Абу Ханифадан, кейін Абу Йусуфтан және Мухаммад әш-Шәйбаниден оқып үйренді. Сондай-ақ хадис жеткізуші болған. Өзінің ұстазы Абу Ханифаның дүниетанымын баяндап жазған. Алайда ханафи мәзһабындағы атақтылық дәрежесі бойынша оның кітаптары  «Захир әр-Риуайяның» құрамына кірген Мухаммад әш-Шәйбанидің кітаптарынан қалады.

 

Имамның сыртқы бейнесі және адамгершілік сипаттары

Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, орта бойдан биіктеу, қараторы адам болған. Ол ұнамды және жылы жүзді келбетке ие еді, ұзын сақалы бар болатын, әдемі киім, сәлде және кебістер киетін.  Оның дауысы әдемі еді, ол сөзге шешен болатын, хош иістерді жиі пайдаланатын және олардың иістерінен оның келгенін білуге болатын. Ол ерекше арық еді, өйткені оның Аллаһтан қорыққандығынан және ұзақ ғибадаттарынан сүйектерінде май түгілі, ет те қалмауға жақын еді.

Әдетте адамның адамгершілік сипаттары оның иманының жемісі болып табылады және оның жүрегін қандай дәрежеде иман, салиқалылық және тақуалық толтырғанына нұсқайды. Иман қаншалықты күшті болса, ол жүректе қаншалықты мығым орнықса және оны өзінің нұрымен қаншалықты толтырса – соншалықты адамның адамгершілік сипаттары да жоғары болады, ал бұл оның өмірінің барлық жақтарына әсерін тигізеді, өйткені кез келген ыдыстан оның ішінде болған нәрсе ғана төгіледі.

Біздің салиқалы алдынғы буынымыздың өкілдері (салиқалы сәлафтарымыз) – сенімдер мен ниеттердің тазалығының, тақуалық пен ықыластылықтың үлгісі.

Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақсы ғасырлар деп атаған Исламның алғашқы үш ғасырының ғұламаларына жатады және сондықтан да оның Аллаһпен және адамдармен болған қатынасын ескерсек, ол – біздің салиқалы сәлафтармыздың ішіндегі ең құрметтілерінің бірі екендігі таң қаларлық нәрсе емес.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Ең жақсы буын (ұрпақ) – менің кезімдегі буын (ұрпақ). Ал содан соң – олардан кейін келетіндер, содан соң – олардан кейінгілер». Әл-Бухари 3651, Муслим 2533.

Осы орайда, біз бірнеше мысалдарды келтіруді және оларды екіге бөлуді пайдалы деп санадық. Бірінші топқа жататын мысалдар Абу Ханифаның, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, Аллаһ Тағалаға қалайша құлшылық еткенін және қалайша Одан қорыққанын көрсетеді. Ал өзге мысалдарға келер болсақ, олар оның жомарттығы, кішіпейілдігі, сабырлылығы және адамдарға ықыластылығы туралы куәлік етеді.

 

Имамның Аллаһ Тағалаға құлшылық етуі

Хафс бин Абд әр-Рахманның былай дегені жеткізіледі: «Мен Абу Ханифамен отыз жыл бойы іскерлік қатынаста болдым. Ол Құранды әр үш күн сайын оқып бітіретін және күнде садақа беретін».

Әл-Мууаффақ Букайр бин Мә‘руфтың былай деп айтқанын жеткізеді: «Мен Абу Ханифамен оның сапарлары кезінде де, ол қалада болған кезде де ажырамай жүрдім, оның түнде өз үйінде немен айналысатынын көрдім, әрі маған жасырын болып қалған нәрселер аз болды. Мен одан артық ыждағаттылықпен ерекшеленетін адам кездестірмеппін! Ол күндіз ораза ұстайтын, ал түнде намазда тұратын және Құран оқитын. Ол айырықша бойсұнушылықпен  ерекшеленетін, ешқашан Аллаһқа мойынсұнудан шықпайтын және адамдарға түсіну қиын болған нәрселерде олардың сауатын ашатын. Аллаһ Тағала оған Өзінің ұлы рахымын нәсіп етсін!»

Аллаһқа құлшылық етуші және мойынсұнушы, түнделетіп Құран оқушы және оны өзінің сұхбаттасы етуші, Аллаһтан қорқушы және осының барлығын адамдардың назарынан жасырушы, ұзағынан күндер бойы ораза ұстаушы[5], әкесі оны алғаш рет қажылыққа алып барған жылдан бастап жыл сайын қажылық жасайтын және күнде садақа тарататын имам Абу Ханифа осындай еді.

Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескергенде, ғалымдар оған жиі мақтау айтқаны ғажап емес. Әл-Фәдл бин Сууайд Куфаға келгенде және адамдар одан Абу Ханифа туралы сұраған кезде, ол: «Біз жиі онымен бірге жүретінбіз және оның жиі ораза ұстайтынын және түнделетіп намаз оқитынын көретінбіз», - деп жауап берді.

Абу Муқатил былай деп айтқан: «Мен ұзақ уақыт бойы Абу Ханифамен, оның сапарларында да, ол өзінің үйінде тұрғанда да ажырамай жүрдім және мен Аллаһқа одан көп құлшылық жасайтын және намаз оқитын, одан артық салиқалылықпен ерекшеленетін адамды, ал фиқһқа келер болсақ, бұл салада одан артық хабардар болған адамды көрмеппін».

Ата бин Жәбала былай деген: «Абу Ханифа фиқһ мәселелерін баршадан жақсырақ  игергендігіне, (сол кездегі) адамдардың арасында ең салиқалы, Аллаһқа баршадан көбірек құлшылық ететін және баршадан көп намаз оқитын адам болғанына қарсы болатын бірде-бір ғалым-ғұламаны кездестірмеппін».

«Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, бірде түнде Құран оқып отырып «әт-Тур» сүресінің «…бірақ Аллаһ бізге рахым көрсетті және (бізді) жалынды боранның азабынан қорғады!» деген 27-аятына келген кезінде, бұл аятты муәззін (азаншы) таң намазына азан шақыра бастағанға дейін қайталай берді» деген хабар жеткізіледі. Ал тағы бірде ол түн бойы намаз оқып тұрып, Аллаһ Тағаланың «Әлбетте оларға уәде етілген Қиямет, ол - үрейлі, тым ащы бір мезгіл» («әл-Қамар» сүресі, 46-аят) деген сөздерін қайталап тұрды. Абу Ханифаның ұлының шешесі болған оның күңі былай деген: «Мен оны білгелі бері, ол ешқашан жайлы төсекте ұйықтамайтын, ал ұйқыға уақытты жаз мезгілінде бесін мен екінті намазының аралығында бөлетін; қыс мезгілінде ол әдетте намаз оқитын жерінде түннің бас жағында ұйықтайтын».

Әл-Кардари Йахйя бин Са‘ид әл-Қаттанның былай деп айтқанын жеткізген: «Біз Абу Ханифамен бірге уақыт өткізетінбіз және оны тыңдайтынбыз. Аллаһпен ант етемін, мен оған қарағанымда, оның жүзінен ол Ұлы Аллаһ Тағаладан қорқатыны байқалатын».

Әл-Кардари Ибн әл-Мубарактың да былай деп айтқанын жеткізген: «Мен Куфаға келіп, адамдардан фиқһ мәселелері бойынша кім ең жақсы хабардар деп сұрадым және маған: «Абу Ханифа», - деп айтылды. Кейін мен олардан кім бұл дүниеден барынша алшақтауға тырысады деп сұрағанымда, маған: «Абу Ханифа», - делінді. Ал кейін мен олардан кім ең көбірек салиқалылықпен ерекшеленеді деп сұрадым және олар: «Абу Ханифа», - деп жауап берді».

Әл-Мууаффақ Мис‘ар бин Қудамның былай дегенін жеткізген: «Бірде мен Абу Ханифамен бірге көшемен жүріп бара жатқанымызда, ол абайсыздықпен бір баланың аяғын басып кетті, ал ол: «Уа, шейх, сен Қиямет күні тең мөлшерде болатын жазалаудан қорықпайсың ба?», - деді және осы сөздерді естіген Абу Ханифа ес-түсін жоғалтты. Мен оның жанында қала бердім, ал ол өзіне келген кезде: «Уа, Абу Ханифа, мына баланың сөздері саған соншалықты әсер еткенін-ай!», - дедім. Бұған ол: «Мен бұл сөздер оған білдірілді ме деп қорқамын!», - деп жауап берді».

Әл-Мууаффақ Ибн әл-Мубарактың былай деп айтқанын жеткізген: «Бірде мен Суфйян әс-Сауриге: «Абу Ханифа өзгелерді балағаттаудан нендей аулақ! Мен оның тіпті өзінің дұшпаны туралы жаман сөз айтқанын естімеппін», - дедім. Ол бұған: «Аллаһпен ант етемін,  ол өзінің игі істерінің үстінен билікті осы істерді жоятын адамға беріп қоюшы болудан ақылды», - деп жауап берді.

Әл-Мууаффақ Абд әр-Раззақтың былай деп айтқанын жеткізген: «Мен қашан Абу Ханифаға көз салғанымда, оның көздері мен беттерінде көз жастарының іздерін көретінмін».

Әл-Мууаффақ Дирар бин Сурадтың ол ең жақсы адамдардың  бірі деп есептеген Йазид бин әл-Кумайттан мына сөздерді естігенін жеткізеді: “Абу Ханифа Аллаһтан өте қатты қорқатын. Бірде кешкі намазда артында Абу Ханифа тұрған бізге «Жер сілкіндірілген кезде…» («Зилзала» сүресі, 1-аят) деп айтылатын сүрені оқып берді. Біз намазды орындап болғанда және адамдар таралған кезде, мен өз орнында ой құрып және күрсініп отырған Абу Ханифаға қарадым да: «Оны мазаламай кете қояйын», - дедім.  Кетіп бара жатып, мен ішінде азғантай май қалған шырақты сол жерде қалдырып қойдым, ал таңға азғантай уақыт қалғанда қайта оралғанымда оның (Абу Ханифаның) өз сақалын ұстап: «Уа, тозаңдай болған игілікке игілікпен қайыратын және тозаңдай жамандық үшін тиісті жазасын беретін (Аллаһ)! Өзіңнің құлың ән-Нуғманды Оттан және Отқа жақындататын жамандықтардан қорғай гөр және оны Өз рахымыңа бөле!», - деп айтып, сол орнында тұрғанын көрдім. Содан соң мен азан шақырдым және шырақтың жанып тұрғанын, әрі оның әлі де тұрып тұрғанын көрдім, ал мен ішке кіргенімде, ол менен: «Сен шырақты алып кеткің келіп тұр ма?», - деп сұрады. Мен: «Таң намазына шақырып қойдым», - дедім. Ол: «Көрген нәрсең туралы ешкімге айтпа», - деді де, содан соң екі ракағат сүннет (нәпіл) намазын оқып, мен парыз намаздың басталғанын жариялағаныма дейін отырды. Оны Абу Ханифа түнгі намазға алған дәретін бұзбаған күйінде бізбен бірге орындады”.

 

Имамның салиқалығы және бұл дүниені тәрк етуі туралы

Әл-Мууаффақ әл-Фәйд бин Мухаммад әр-Раккидің былай деп айтқанын жеткізеді: “Куфаға жол жүріп бара жатып, Бағдадта болғанымда, мен сол жерде Абу Ханифамен кездестім. Ол маған: «Хәммадты (Абу Ханифаның баласы) тап та, оған менен: «Сен менің бір айда екі дирхамға сауиқ[6] жейтінімді білесің және оны ұстап отырсың», - дегенімді жеткіз де, оны тездетіп жібер», - деді”.

Әл-Мууаффақ былай деген: «Бәлкім, бұл Абу Ханифаның оған халифа әл-Мәнсур (754-775 жж.) ұсынған қады лауазымынан табанды түрде бас тартқандығы үшін Бағдадта қамауда болған кезінде орын алған болуы мүмкін. Ол өзінің шын ықыласты салиқалылығының себебімен халифа оған жіберген ас-тағамдардан бас тартатын және өзіне Куфадан тамақ жіберуді сұрайтын».

Әл-Мууаффақ Абу Ханифа оны тауарлармен қамтамасыз ететін серіктесі болған Хафса бин Абд әр-Рахманның бірде Абу Ханифа оған тауар жібергендігі және жіберген киімдердің біреуінде кемшілік бар екендігін атап айтып, оны сатқан кезде сатып алушыларға көрсету қажет екендігін айтқаны туралы баяндап бергенін жеткізген. Хафс тауарды сатып жібереді, бірақ тауардың кемшіліктері туралы сатқан адамына айтуды ұмытады, ал бұл жөнінде Абу Ханифа білгенде, ол алынған ақшаның барлығын садақа етіп таратып жібереді, ал ол жерде отыз мың дирхам болады.

Шейх Мәнсур бин Шәйба былай деген: «Имамның, Аллаһ оған разы болсын, артықшылықтары туралы оның әкесі Сәбит қайтыс болғанда, ол оған, мал-мүлікті санамағанда, тастап кеткен екі жүз мың дирхамның барлығын білім іздеуге және өзінің шәкірттеріне жұмсағаны, ал өзінің тамағына күніне екі-ақ дирхам жұмсайтыны айғақ болады».

Шейх Мәнсур бин Шәйба Сәһл бин Музахимнің былай деп айтқанын жеткізеді: «Біз Абу Ханифаға жиі келіп тұратынбыз, бірақ оның үйінде қамыстан жасалған өрме төсеніштен басқа еш нәрсе көрмейтінбіз».

 

Имамның адамдармен қарым-қатынасы

Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, жомарттығы және кеңпейілдігі туралы былай деп жеткізіледі:

Имам әл-Хәлаби, Ахмад әл-Аскари және әс-Саймари Мис‘ардың былай дегенін жеткізеді: «Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, балаларына бір нәрселер сатып алып жатқан кезінде, немесе оған ең алғашқы жемістерді алып келетін кезде, ол осыдан мухаддистерден болған шейхтарға да сатып алатын және оларға өзі мен балаларына жұмсағаннан көбірек қаражат жұмсайтын, сауда істерінде және адамдармен болған қарым-қатынасында ол үнемі кеңпейілділік танытатын».

Хафиз әс-Сулами былай деп айтқан: «Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, саудамен айналысатын, ал жыл соңында пайда ретінде түскен ақшаны жинаған кезінде, оған мухаддистер мұқтаж болған нәрселерді сатып алатын да, ал осыдан қалған дирхамдарды тағы соларға беретін және кедейлерге былай деп айтатын: «Аллаһ Тағалаға мадақтар айтыңдар, өйткені сендерге тиген нәрселер Оның мүлкінің Ол сендерге сыйлаған бір бөлігі болып табылады және бұл – Аллаһ сендерге мен арқылы жіберген сендердің тауарларыңнан түскен пайда».

Абу Йусуф, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деген: «Мен Абу Ханифадан жомарттау ешкімді кездестірмеппін, мен оған жиі: «Сенен жомарт ешкімді көрмеппін», - деп айтатынмын, ал ол бұған: «Сен Хәммадты көргеніңде не айтар едің?», - деп жауап беретін. Абу Ханифа мені және менің отбасымды он жыл бойы тамақтандырды және мен бойында осыншама ардақты сипаттар жиналған ешкімді көрмеппін».

Адамдарға қарым-қатынас жасаудың шын жүректі болуы оларға игілік тілеуде көрініс табады, ал имамның, Аллаһ оны рахым етсін, бүкіл өмірі дәл осындай қарым-қатынастың үлгісі болды, өйткені ол әркез баршаға игілік қалайтын.  Біз оның кедей шәкірттеріне қатысты ізгілік танытқанының мысалдарын келтірдік және оларға көп жылдар бойы өзінің қаражатын жұмсағаны, өзінің шейхтарына, олардың ішіндегі мухаддистерге құрмет көрсеткені және олардан тек Аллаһқа Ол оларға өзі арқылы жіберген нәрселеріне шүкіршілік айтуларын сұрайтыны туралы баяндап бердік.  Сондай-ақ біз оның барлық мәжілістері ғибадатқа, жаңа білім алуға және өткенді қайталауға арналғандығы туралы, сондай-ақ ол ешкім туралы ешқашан жаман нәрсе айтпағаны және біреу ол туралы жаман сөйлесе де, ол ешкімді ренжітпегені туралы баяндағанбыз.

Жоғарыда айтылғандарды ескергенде, осы үшін имам туралы, Аллаһ оны рахым етсін, ең жақсы ғұламалар оны ерекше ізгі, игі ниетті және салиқалы адам ретінде сипаттағаны ғажап емес. Ал мұның барлығы Аллаһтың нығметі болып табылады және Ол оны қалағанына береді.

Са‘дан бин Са‘идтың былай деп айтқаны жеткізіледі: «Абу Ханифа бұл үмметтің дәрігері еді, өйткені надандық ең жаман ауру, ал білім ең жақсы дәрі болып табылады. Ал Абу Ханифа бұл білімге түбегейлі түсіндірме берді және оның себебімен надандық жойылды».

Имамның сабырлығы және кішіпейілділігі туралы мыналарды айтуға болады:

Сабырлық – бұл өз нәпсіңді, оған бұл ұнамаса да тыю, ал имам Абу Ханифа адамдарды оқытуда және оларға тура жол нұсқауда қанша көп сабырлық танытты десеңізші!

Өз кітабының Имам Абу Ханифаға арналған бөлімінде имам әз-Зәһаби имам Абд әр-Раззақтың былай деп айтқанын жеткізеді: “Мен Абу Ханифадан кішіпейіл адамды көрмеппін. Бірде біз әл-Хайфа мешітінде онымен бірге болғанымызда, бір адам оған сұрақ қойды, ал ол оған жауап берді. Сонда әлгі адам: «Әл-Хасан әл-Басри былай және былай деген», - деді. Содан соң имамға бір қызыл бетті адам келіп, ол әл-Хасанның қателігіне нұсқағаны үшін оны қатаң балағаттады. Адамдар осы үшін оған сазайын бергісі келгенде, Абу Ханифа: «Мен: «Әл-Хасан қателесті, ал ибн Мас`уд дұрыс айтты», - деп айттым», - деді”.

Мухаммад бин Сулайм Уқай‘тың «Йазид бин Кумайт былай деп айтты…» деп айтқанын жеткізген: “Бірде мен Абу Ханифаны тыңдап отырғанымда, бір адам имамды балағаттай бастап: «Уа, кәпір! Уа, дінбұзар!», - деп айтты, ал Абу Ханифа оған: «Мен туралы сен айтып тұрғаннан мүлде басқа нәрсені білетін Аллаһ сені кешірсін!», - деп жауап берді”.

 

Имамның өз ата-анасына деген құрметі мен ілтипаты туралы

Имам Абу Ханифаның өз ата-анасына ерекше ілтипат танытуына оның Аллаһқа олар үшін дұға етуі және олар мен шейхы Хәммадты кешіруін тілеуі, сондай-ақ олардың атынан ай сайын жиырма динар садақа беруі нұсқайды.

Абу Ханифаның анасы оның әкесінен көбірек өмір сүрді, ал имамның оған құрметпен қарауы туралы әл-Кардаридің  Хәжар бин Абд әл-Жәббар әл-Хадрамиден жеткізген мына сөздері растайды: “Имам былай депті: “Біздің мешітіміздің жанында Зур‘а есімді бір қиссашы тұратын. Бірде менің шешем діннен бір нәрсе сұрағысы келді де, бұл жөнінде менен сұрады және мен оған жауап бердім, алайда ол: «Мені тек Зур‘а берген жауап қана қанағаттандырады», - деді. Сонда мен оны оған алып бардым да, оған: «Менің шешем пәлен мәселе бойынша сенің пікіріңді білгісі келеді», - дедім. Ол оған мен айтқан нәрсені айтты, ал ол разы болып қалды”.

Әс-Сәймари әл-Хасанның имам былай деп айтты деген сөздерін жеткізген: “Мен үшін мені сабап тастаған кездегі анамның шеккен қайғысынан ауырырақ еш нәрсе болмады. Сол кезде ол маған: «Уа, Нуғман, ақиқатында, сені осыған дейін жеткізген білім одан қашуға лайықты», - деді, ал мен: «Мен бұл білімді бұл дүние үшін емес, Аллаһ үшін алдым», - дедім”.

Имамның анасы одан көбірек өмір сүрген тәрізді. Аллаһ Тағала имамды, оның ата-анасын рахмет етсін және оларға разы болсын.

 

 Имамның шариғи білімге деген қатынасы

Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, діндар жанұяда өсті, дінді түсінуге және оның қағидаларын адамдарға жеткізуге тырысты, бұған оның бүкіл өмірі айғақ болады.

Біз жастайынан керемет тәлім-тәрбие және білім алған, ал соңынан Аллаһ оны жетпіс жасында көз жұмдырғанға дейін өзі адамдарды оқытып, оларға  насихат берген имамның қызметін ашып көрсеткіміз келді. Ал өлім туралы айтар болсақ, имам үнемі адамдарға: «Ақиқаттың үстіндегі өлім бос өмірден жақсы», - деп үйрететін.

Йазид бин әл-Қумайттың былай дегені жеткізіледі: “Бірде имам бір адаммен айтысып жатқан кезде, әлгі адам: «Аллаһтан қорық!», - деді. Осы сөздерді естіп, имамның реңі кетті, ол қалтырап қалды да, басын түсіріп: «Уа, бауырым, Аллаһ саған игілігімен қайырсын! Адамдар өздерімен сүйсініп, білім туралы сөйлеп тұрған кезде, олар өз амалдарын Аллаһқа арнауы үшін,  өздеріне Аллаһ Тағала туралы ескерту айтылуына бәрінен де көп мұқтаж. Біл, білімге қатысты бір нәрсе айтқан кез келген уақытта мен Аллаһ мені жауапкершілікке тартатынын ұмытпайтынмын және мен үнемі құтылуға ұмтылатынмын»”.

Әл-Бухаридің шейхтарының бірі болған Мәкки бин Ибраһим былай дегені жеткізіледі: “Мен саудамен айналысатынмын және имам маған: «Білімсіз сауда адамдардың арасындағы қарым-қатынасты бұзады», - деді, содан соң ол мен білімге ие болғанымша маған насихат айтты. Ал сол кезден бері мен имамды және оның сөздерін еске алсам, намаздарымда Аллаһтан оған игілік беруін тілеймін, өйткені соның себебімен менің алдымда білімнің қақпалары ашылды”.

Абу Шиһаб әл-Ханнаттың былай дегені жеткізілген: “Мен Абу Ханифаның былай дегенін естідім: «Осы дүние үшін білім алған адам білімнің берекесінен жұрдай болады, ол оның жүрегінде орнықпайды және ешкімге пайда әкелмейді. Ал кім дін үшін білім алған болса, ол үшін білім берекелі болады және жүрегінде орнығады, ал одан білім алғандар оның білімі арқылы пайдаға қол жеткізеді»”.

Имам Абу Ханифа өзінің ең жақсы шәкірті Абу Йусуфқа, Аллаһ Тағала олардың екеуін де рахым етсін, былай дейтін: «Ең алдымен білім іздеумен шұғылдан, кейін – хәлал байлық табумен, ал содан соң – жар іздеумен, өйткені, ақиқатында, егер сен ең басында білім іздеудің орнына байлық табумен шұғылдансаң, сен білім іздене алмайсың. Байлық сені күңдер мен құлдар алуға итермелейтін болады және сен фәни дүниенің істерінен шыға алмай қаласың». Кейін имам оған: «Ал байлық жинап алған соң, неке мәселесімен айналыс және әйеліңмен мен саған айтқандай қарым-қатынас жаса. Бұған қоса, сен Аллаһ Тағаладан қорқуың, аманатты иесіне қайыруың, барша адамдарға қатысты ықыластылық танытуың (бұл оларға бақилық өмірде де осы дүниеде де пайда келтіретін нәрселерге нұсқауда көрініс табады) және оларға менсінбей қарамауың керек. Оларды құрметте, олармен азырақ сөйлес, тек егер олардың өздері сенімен сөйлесуге ұмтылмаса ғана, ал олармен кездескен кездеріңде фиқһ мәселелерін талқыла, сонда осыған қызығатындар білімге жетумен айналысады, ал бұған қызықпайтындар сенен аулақ жүретін болады және сонымен бірге олар саған ренжімейді де, сені қоршап та алмайды».

Бәкр бин Жәфардың былай дегені жеткізіледі: “Кейде Абу Ханифаға,  Аллаһ оны рахым етсін, бір адам келіп, бір нәрселер айтатын және егер ол көп сөзді болып жатса, имам оның сөзін бөліп: «Қойшы соны, сен не үшін пәлен және пәлен нәрсе туралы айтып тұрсың?», - деп айтатын. Имам сондай-ақ жиі: «Адамдарға ұнамайтын нәрселерді әрі қарай жеткізбеңдер! Біз туралы жаман айтатынды Аллаһ кешірсін, ал біз туралы жақсы сөз айтатынды Аллаһ рахымына бөлесін! Аллаһтың дінін үйреніңдер және адамдар мен олардың өздері үшін айналысып жатқандарын тастаңдар, өйткені бұл оларды сендерге мұқтаж болуға мәжбүр етеді», - деп айтатын”.

Йахйя бин Шәйбан, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деген: “Бірде Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің ұлы Хәммадтың оның оқушыларымен кәлам мәселелеріне байланысты пікір таластырып жатқанын көріп, оларға мұнымен айналысуға тыйым салды, ал олар оған: «Біз сенің өзіңнің сен біз жүргізуге тыйым салып тұрғандай осындай пікірталастар жүргізгеніңді көргенбіз», - дегенде, имам, Аллаһ оны рахым етсін: «Біз пікірталастарымызды, басымызда құстар отырғандай етіп, сақтықтықпен жүргізетінбіз, өйткені жолдасымыз қателікке жол беріп қояды ма деп қорқатынбыз, ал сендер жолдастарыңның қателесуін қалап, пікірталас жүргізесіңдер, ал кім мұны қаласа – жолдасының күпірлікке түсуін қалайды», - деді”.

Исма‘ил бин Хәммад бин Абу Ханифаның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Абу Ханифаның ұлы «әл-Фәтиха» сүресін жақсы оқуды үйреніп алған кезде, ол оның ұстазына бес жүз дирхәм сыйлады». Өзінің «әл-Кәмил» деген атымен танымал кітабында Ибн Жәббар мұғалімнің: «Мұны маған не үшін беріп жіберді?», - деп сұрағанын келтіреді. Кейін бұл мұғалімге Абу Ханифаның өзі келіп, одан кешірім сұрап: «Уа, пәлен, менің ұлымды үйреткен нәрсеңді аз деп санама, өйткені, Аллаһпен ант етемін, егер бізде бұдан көбірек болғанда,  Құранға деген құрметімізден, оны да саған берер едік!», - деп айтқан.

 

Имамның өз шәкірттеріне деген қатынасы

Әс-Сәймариден қады Шурайктың былай деп айтқаны жеткізіледі: «Абу Ханифа ұзақ уақыт үнсіз болатын, көп ойланатын, фиқһ мәселелерін мұқият қарайтын, зерттеудің шебер әдістерін керемет игерген еді және оқытқаны үшін ешқандай ақша талап етпейтін. Егер шәкірт кедей болса, ол өзінің қаражатына оны да, оның отбасын да асырайтын, ал оқу біткен кезде: «Харам мен хәлалды игеріп, сен ең үлкен байлыққа ие болдың», - деп айтатын. Ол үлкен ақылға ие еді және олармен аз айтысатын».

Әл-Кардари өзінің имам Абу Ханифаның артықшылықтары туралы кітабында Абу Йусуфтың, Аллаһ оны рахым етсін, былай дегенін жеткізген: “Мен хадистерді оқумен айналысатынмын, бірақ ақшам аз болатын. Имам Абу Ханифада оқуда болған кезімде, маған әкем келіп: «Әй, балақаным, сен онымен тең боламын деме, ол тәжірибелі адам, ал сен оған (тәжірибеге) мұқтажсың», - деді, сонда мен әкеме бағынайын деп шештім де, білім ізденуге осыншама уақыт бөлуді қойдым. Имам мені жоғалтып, мен туралы сұрастыра бастады, ал мені көрген кезде: «Сені бізден кетуге не мәжбүрледі?», - деп сұрады. Мен: «Табыс іздеу», - дедім. Ал адамдар оралғанда және мен кеткім келгенде, ол маған  жүз дирхам салынған әмиянды ұсынды да: «Мынаны жарат, олар біткен кезде, маған айт та, бұл мәжілісті тастап кетпе», - деді. Біраз уақыт өткен соң ол маған тағы да жүз дирхам берді және үнемі ақша тауысылып жатқанда маған тағы ақша беріп тұрды, оған мендегі ақшаның жаратылғанын біреу хабарлайтындай, мен бұл туралы оған еш нәрсе деп айтпасам да. Мен біліп алуға ұмтылған нәрсемнің барлығын игеріп алғанымша осылайша жалғаса берді. Аллаһтың оған деген сыйы керемет болсын және Ол оны кешірсін!»

Бұл кітапта сондай-ақ мына қисса да келтіріледі: “Имамның жанында қалмай ілесіп жүретін әл-Хасан бин Зийяд кедей болатын, ал оның әкесі оған: «Біздің қыздарымыз бар, бірақ сенен басқа ұлымыз жоқ. Ендеше, олармен айналыс», - дейтін. Бұл туралы естіген имам оған қажетті қаражат бөліп: «Фиқһпен айналыс, өйткені, ақиқатында, мен ешқашан мұқтаждықта жүретін фақиһты көрмеппін», - деді”.

Әл-Уәлид бин әл-Қасимнің былай дегені жеткізіледі: «Ән-Нуғман бин Сабит өзінің ізбасарларына үлкен қамқорлық танытатын және басқалардан олардың жағдайлары туралы құпия түрде сұрастыратын. Олардың біреуі мұқтаж екенін білсе, имам оны жұбататын; олардың біреуі немесе олардың жақындарының біреуі ауырса, ол оларды зиярат ететін; олардың біреуі немесе олардың жақындарының біреуі қайтыс болса, ол оны жерлеуге қатысатын; ал оның ізбасарларының біреуі қайғылы жағдайға тап болып қалса, жомарттығымен ерекшеленетін және адамдармен жақсы қарым-қатынас ұстанатын имам оған көмектесуге тырысатын».

Хафс бин Хамза әл-Қурашидің былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кейде Абу Ханифаның жанынан өтіп бара жатқан бір адам ешқандай мақсатсыз, әңгімеге араласпай-ақ, оның жанына келіп отыратын, ал ол орнынан тұрғанда, имам ол туралы сұрайтын және егер ол мұқтаж болса, Абу Ханифа оған бір нәрсе сыйлайтын, ол ауырып қалса, оны зиярат ететін, ал бұл - адамдарды өз таныстарына ерекше жомарттық танытатын  имаммен қарым-қатынасты ұстап тұруға ынталандыратын».

Әл-Хасан бин Сулайман былай деген: «Имам жомарттығымен ерекшеленетін және мен ол сияқтыны көрмегенмін. Ол ай сайын өз ізбасарларына нәфақасын беріп тұратын және оларға үнемі қолдау көрсететін».

Абу Сулайман әл-Жузжани былай деген: “Аллаһ Абу Ханифаға фиқһты меңгеруді жеңілдетті және ол оның қыр-сырларын жақсы игерген еді. Имам өз ізбасарларымен бірге белгілі бір мәселені қарағанда, олар білімнің түрлі салаларын қозғап, дауыстап және көп сөйлейтін, ал Абу Ханифа үнсіздік сақтайтын. Ал Абу Ханифа олар талқылаған нәрсені түсіндіре бастаған кезде, барлығы үнсіз қалатын және мәжілісте фиқһ білгірлері мен танымал ғалымдар отырғанына қарамастан, ешкім жоқ сияқты болып көрінетін. Бірде Абу Ханифа сөйлеп тұрды, ал қалғандары үнсіздік сақтады, ал ол сөйлеп болған кезде олардың біреуі: «Баршаны сені зейін қойып тыңдауға мәжбүрлегенге  мадақтар болсын!», - деді”.

Абу Сулайман сондай-ақ былай деді: «Абу Ханифа таң қаларлық адам еді, ал оның сөздерін оларды түсінуге қабілетсіз болған ғана естігі келмейтін».

Бірде Суфйян бин Уйяйна Абу Ханифа өз ізбасарларымен отырған мешіттің жанынан өтіп бара жатып, қатты дауыстарды естіді де: «Уа, Абу Ханифа, бұл - мешіт және бұл жерде дауысты көтермеу керек», - деді. Бұған имам: «Оларды қоя сал, әйтпесе олар фиқһты үйрене алмайды», - деп жауап берді.

Абу Йусуфтың, Аллаһ оны рахым етсін, былай деп айтқаны жеткізіледі: “Бірде, жаңбырлы күні біз арасында Дауд әт-Та’и, ‘Афийә әл-Әуди, әл-Қасим бин Мә‘н әл-Мәс‘уди, Хафс бин Ғийяс ән-Нәха‘и, Ууқай‘ бин әл-Жәррах, Мәлик бин Муғаууил, Зуфар бин әл-Хузайл т.б. бар имамның басқа ізбасарларымен бірге Абу Ханифаның үйінде, Аллаһ оны рахым етсін, жиналдық. Ол бізді күтіп алып: «Сендер менің жүрегіме қуаныш алып келдіңдер және оның мұңын таратып жібердіңдер. Мен сендер үшін фиқһты егерледім және оны жүгендедім, ал сендер қаласаңдар, оған мініп отыра аласыңдар. Сендердің араларыңда қады лауазымына жарамсыз болғандарың жоқ, ал сендердің араларыңдағы оның қадыларға ұстаз бола алады. Мен сендерден Аллаһ үшін және Ол сендерге сыйлаған ұлы білім үшін сұрайтыным, бұл білімнің қорлануына жол бермеңдер! Егер сендердің біреулерің сынаққа түсіп, оған қады лауазымы ұсынылса, бірақ ол өзінде Аллаһ басқа құлдарынан жасырған кемшілігі бар екенін білсе, оған қады болуға болмайтынын ұмытпасын және оның несібесі берекелі болмайды; ал егер ол іштей де, сырттай қалай көрінетін болса, онда ол қады бола алады және оның несібесі игі болады. Және егер қажеттілік оны қады болуға мәжбүрлесе, ол ешқашан өзін адамдардан бөлмесін және жамағат намаздарына қатыссын, және әр намаздың алдында кімге не керектігін сұрасын, ал кешкі намаздан соң бұл туралы үш реттен сұрасын және тек содан соң ғана үйіне кете берсін. Егер ол ауырып қалса және өзінің міндеттерін орындай алмаса, ол өзінің ауырған кезіне нәфақа алмауы керек»”.

Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің оқушыларына уақыт-уақытымен, әркез ғана насихат айтатын, өйткені насихаттары оларды жалықтырып жіберуінен қорқатын. Мусауир бин әл-Уаррақтың былай дегені жеткізіледі: “Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деген: «Фиқһ туралы оны игергісі келмеген адаммен сөйлеспе, әйтпесе сен бұл адамды да, өзіңнің басқа тыңдаушыларыңды да қинап жібересің. Сенің сөзіңді бөліп тастайтынмен сөйлесуге қайта оралма, өйткені мұндай адам білімге деген махаббаттан жұрдай және аз тәрбиеленген». Имам сондай-ақ жиі былай дейтін: «Құран – Аллаһтың Сөзі, сен одан биік көтеріле алмайсың»”.

Фәдл бин Ғәнимнің былай деп айтқаны жеткізіледі: “Абу Йусуф науқастанып қалған кезде, имам бірнеше рет оны зиярат етті. Бірде науқас ауыр хәлде жатқанын көрген Абу Ханифа: «Мен қайтыс болған соң сен мұсылмандар үшін менің орнымды басасың деп үмітенетінмін және, ақиқатында, сенің өліміңмен дүниеден көп білім жоғалады!», - деді. Содан соң науқасынан айыққан Абу Йусуф өзі туралы өте жоғары пікір ұстанатын болды да, мешітте өзінің сөздерін жазып алатын адамдардың үйірмесін (мәжілісін) құрды. Бұл туралы білген имам Абу Йусуфке адам жіберіп, одан: «Сен белгілі бір матаның біреудікі екенін алдымен мойындағысы келмеген, кейін сол матаны ағартып оның иесіне алып келіп, одан ақы талап ететін мата ағартушы туралы не айтасың?», - деп сұрауды бұйырды. Және имам: «Ол: «Оған ақы төлеу керек», - десе, «Сен қателестің», - де, ал егер ол: «Төлемеу керек», - десе, тағы да: «Қателестің», - де», - деп айтты. Бұл адам бәрін тура осылай істеді, содан кейін Абу Йусуф кешікпей Абу Ханифаға жетті, ал ол оған: «Сен мата ағартушы туралы сұраққа байланысты келген тәріздісің ғой. Аллаһ Пәк! Дін туралы сөйлейтін және ақы төлеуге қатысты сұрақтардың біреуіне жауап бере алмайтын адам таң қалуға лайықты!», - деді. Сонда Абу Йусуф: «Маған үйретші», - деді, ал Абу Ханифа: «Егер ол матаны мойындаудан бас тартқанға дейін ағартқан болса, төлеу керек, өйткені ол матаны иесі үшін ағартқан еді, ал егер ол кейін ағартқан болса, онда төлемеу керек, өйткені ол матаны өзі үшін ағартты», - деп айтты да, кейін: «Үйренетін еш нәрсесі қалмады деп есептейтін адам өзін-өзі жоқтай берсін», - деп аяқтады”.

Шәкірттер бірін-бірі оқытпауы керек және ұстаздардан өзге ешкім олардың жүрегінде білімге деген сүйіспеншілік оята алмайды.

Бірде Абу Ханифаға, Аллаһ Тағала оған рахым етсін, бір адамдар: «Мына мешітте фиқһты оқитын адамдар жиналады», - деп айтты. Ол: «Олардың үлкені бар ма?», - деді. Оған: «Жоқ», - деген жауап айтылды және сол кезде ол: «Олар ешқашан еш нәрсе үйренбейді, бірақ ол туралы біле алмайды және ақиқатқа қарсы жүріп, өздерін дұрыс істеп жатырмыз деп есептеуі мүмкін», - деді.

 

Имамның мәзһабының таралуы 

Имам, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, білім алған кезінде және оны өзгелерге бергенде Аллаһтың алдында ықыласты болатын және ол барлық кезде және барлық жерде адамдарды тек Аллаһ Тағала үшін фиқһқа оқытатын. Біз Аллаһ Тағала оның өмірін және еңбегін нендей берекелі еткенін көрдік, өйткені білім ізденушілер және фиқһ саласында жетілуді қалағандар жан-жақтан оған қарай ұмтылатын және одан білім алып, кейіннен өз өлкелеріне оралып, өзгелерді оқытатын.

Міне, осының себебімен имам Абу Ханифаның мәзһабы жарқыраған нұр сияқты Куфадан Ирактың, Иранның, Ауғанстанның, Пәкістанның, Үндістанның, Қытайдың, Жапонияның, Түркістанның, Шамның, Мысырдың, Мағрибтың және Андалусияның аймақтарына тарады және бүкіл Еуропа аумағында, нақты айтқанда Кавказда, Қырымда, Полшада, Румынияда, Болгарияда, Австрияда, Түркияда, Грецияда, Югославияда және Албанияда тамыр жайды, соның нәтижесінде  Аллаһ Тағалаға ханафи мәзһабының ережелері бойынша құлшылық ететін мұсылмандардың саны мұсылмандардың жалпы санының жартысынан асты және бұл мәзһабты халифатта  да,  басқа мемлекеттерде де ұстанатын болды.

Аббасилердің халифатында ханафи мәзһабы Харун әр-Рашидтың кезінен бастап ресми мойындалды, ал соңынан селжуктар мен ғәзнауилердің мемлекетінде және Еуропада алты жүз жылдай өмір сүрген Осман империясында да ресми түрде мойындалған еді.

Ханафи мәзһабының кейбір ережелері қазір де Мысырда, Сирияда, Иорданияда, Иракта, Ливанда т.б. елдерде пәтуа шығаруда және сот істерінде қолданылады және, егер Аллаһ қаласа, бұл мәзһабтың нұры юриспруденцияның және мемлекеттік басқарудың жаңа салаларын қамтып, әрі қарай тарала береді.

 

Имамның, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, қайтыс болуы

Әл-Мууаффақ Абу Йусуфтың былай деп айтқанын жеткізеді: «Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, хижра бойынша 150 жылдың шәууал айында қайтыс болды».

Әл-Мууаффақ Абу Хаййян әз-Зийадидің былай дегенін жеткізеді: «Абу Ханифа өлімі жақындағанын сезген кезде, сәжде жасағаны және сол кезде оның жаны тәнінен айырылғаны маған жетті».

Имамды соңғы сапарға шығарып салуға жалпы саны елу мыңға жеткен өте көп адамдар жиналғандығы туралы деректер айтылған.

Аллаһтың Елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтатын: «Ақиқатында, Аллаһ жай Өзінің құлдарын білімнен айырып қана білімді алып кетпейді, бірақ Ол білімділерді алып кетіп, білімді алып кетеді. Ал Ол бірде-бір ғалымды тірі қалдырмаған кезде, адамдар өздеріне надан жетекшілерді сайлай бастайды. Оларға сұрақ қояды, ал олар білімге ие болмай пәтуа шығарады, нәтижесінде өздері де жолдан таяды, өзгелерді де адастырады!» Әл-Бухари 100, Муслим 3/737.

Салиқалы сәлафтар: «Ғалымның өлімі – қайғы және бүкіл бір халықтың өлімінің маңызы бір ғалымның өліміне қарағанда төмендеу!» Қз.: «Мифтаху дари-сса’ада» 1/68.

Хәллал ибн Хәбаб бірде Са’ид ибн Жубайрдан: «Уа, Абу Абдуллаһ! Адамдарға қашан опат келеді?!», - деп сұрады. Ол: «Ғалымдар жойылған кезде!», - деп жауап берді.  Әд-Дәрими 251.

Зәйд дүниеден өткен кезде Ибн Аббастың жылағаны хабарланады, өйткені білім иелерінен болған адам өлген еді. Ал ол Зәйдтің табытын көтерген кезде, оның басынан сәлдесі түсті және ол оны Зәйдті жерлеп болмайынша түземеді.  Зәйдты жерлеп болған соң, Ибн Аббас оның қабірінің үстіне тұрды да бір нәрсе деп айтпақ болды, бірақ тұтылып қала берді. Кейін ол жылап жіберді де: «Кім Аллаһтың қалайша білімді алып кететінін көргісі келсе, қарасын. Міне, Аллаһ өстіп, ғалымдардың өлімі арқылы білімді алып кетеді!», - деді. Әт-Табарани 5/109, Ибн Са’д 2/361.

Аллаһ Тағаладан имам Абу Ханифаны кешіруін, рахым етуін және оны Жәннатпен сүйіншілеуін сұраймыз!

 

Төрт имамның ақидасы негізінде бірдей екендігі туралы

Төрт имамның – Абу Ханифаның, Мәликтің, әш-Шәфи’идің және Ахмадтың ақидасы Құран мен Сүннетте баяндалғанға сәйкес келеді. Олардың ақидасы сахабалардың және олардың ізінен шын ықыласпен ауытқымай ілескен ізбасарларының ұстанған көзқарастарына да сәйкес келеді.  Бұл имамдардың арасында дін негіздері мәселелеріне қатысты ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Олар Раббының сипаттарына және Құран – Аллаһтың сөзі болып табылып, жаратылмағанына иман келтіру жөнінде бірауызды келіскен. Имамдардың көзқарастарына сәйкес иманның міндетті шарты болып тілмен және жүрекпен растау болып табылады. Олардың барлығы грек пәлсапасының және кәламға негізделген пікірлердің ықпалында жүрген жәхмилерден және басқа секталардан болған кәламның жақтаушыларын сөгетін.

Ибн Таймийя, Аллаһ оны рахым етсін, былай деген: «Алайда Аллаһтың Өз құлдарына деген рахымы – бұл үмметтің имамдарының, мысалы, төрт имамның және басқалардың (ғалымдар) өз сөздерінде шыншыл болуында. Бұл имамдардың әрбірі мұсылман үмметінің алғашқы ұрпақтарынан болған салиқалы сәлафтар (мұсылман үмметінің алдынғы буынының салиқалы өкілдері) ұстанған ақидаға ие еді. Олардың барлығы «Аллаһты болашақ өмірде көруге болады», «Құран - Аллаһтың Сөзі болған күйінде жаратылмаған» және «Иманның міндетті шарты оны жүрекпен және тілмен растау болып табылады» дегенге бірауызды келіскен». Қз.: «Китаб әл-Иман»,  350-351, «әл-Мухамадиййя» баспасы. Мухаммад әл-Харрастың түсіндірмесімен.

Ибн Таймийя сондай-ақ былай деген: “Барлық атақты имамдар Аллаһтың сипаттарын растайды және: «Ақиқатында, Құран – Аллаһтың Сөзі және ол жаратылған болып табылмайды», - деп айтады. Олар сондай-ақ: «Аллаһты болашақ өмірде көруге болады», - деп айтады. Сахабалардың және олардың ізінен ықыласты түрде және ауытқымай ілескен мұсылмандардың: мейлі олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұрпақтарынан немесе басқа адамдардан болсын - мәзһабы осындай. Мұсылмандар олардың өнегесіне ілескен Мәлик ибн Әнас, әс-Саури, әл-Ләйс бин Сағд, әл-Аузағи, Абу Ханифа, әш-Шәфи’и және Ахмад сынды имамдардың мәзһабы да осындай болып табылады…” Қз.: «Минһаж әс-Сунна» (2/106).

Имам әш-Шәфи’идің ақидасы туралы сұраққа шейх әл-Ислам Ибн Таймийя былай деп жауап берген: «Әш-Шәфи’идің, Аллаһ оны рахым етсін, және бұл үмметтің сәлафтарының (алдынғы буын өкілдерінің), мысалы,  Мәликтің, әс-Сауридің, әл-Аузағидің, Ибн әл-Мубарактың, Ахмад бин Хәнбалдің, Исхақ бин Рахауайхтың ақидасы, адамдарға өнеге болып табылатын имамдар - Фудайл бин Ийядтың, Абу Сулайман әд-Даранидің, Сәхл бин Абдуллаһ әт-Тустаридің және басқалардың ақидасындай. Ақиқатында, бұл имамдардың арасында да, осы сияқты ғалымдарда да дін негіздерінде ешқандай пікірталастар және келіспеушіліктер болмаған. Бұл тізімге Абу Ханифа да, Аллаһ Тағала оған рахым етсін, кіреді, өйткені оның бірқұдайшылық (таухид), тағдыр т.б. мәселелердегі ақидасы жоғарыда аталған имамдардың ақидасына сәйкес болғаны сахих түрде  бекітілген, ал олардың ақидасы, өз кезегінде, сахабалар және олардың ізбасарлары (табиғиндер) ұстанған сенімге сәйкес келетін еді. Ал сахабалардың және табиғиндердің ақидасы Құран мен Сүннетте баяндалған нәрселерден құралатын». Қз.: «Мәжму’ әл-Фәтауа» ( 5/256).

Атақты ғалым Сыддық Хасан Хан да дәл осыған нұсқап, былай деген: «Біздің мәзһабымыз – бұл мұсылмандардың алғашқы буынынан болған салиқалы сәлафтардың мәзһабы. Біз Аллаһтың есімдері мен сипаттарын еш нәрсеге ұқсатпай (теңдестірмей) (била тәшбих[7]) бекітеміз және Аллаһтың есімдері мен сипаттарын олардың мәндік мағынасынан айырмай (билә та’тыл[8]) тазартамыз. Ислам дінінің имамдары - Мәликтің, әш-Шәфи’идің, әс-Сәуридің, ибн әл-Мубарактың, Ахмадтың… тағы да басқалардың мәзһабы осындай еді. Ақиқатында, олардың арасында діннің негіздері бойынша айтыстар да, келіспеушіліктер де болмаған. Тура соны Абу Ханифа туралы да, Аллаһ оны рахым етсін,  айтуға болады, өйткені бізге сахих түрде жеткендей, оның ақидасы басқа имамдардың Құран мен Сүннетте баяндалғаннан құралған ақидасына сәйкес келетін еді…» Қз.: «Катф әс-Самар», 47-48.

 

Имам Абу Ханифаның Бірқұдайшылық (Таухид) туралы айтқан сөздері

Біріншісі: Имам Абу Ханифаның Бірқұдайшылыққа (Таухид) қатысты ақидасы, Аллаһқа жақындаудың шариғи тәсілін (әт-тәуассул әш-шәриғи) және Аллаһқа жақындаудың дінбұзар тәсілін (әт-тәуассул әл-бидғи) түсіндіруі:

1. Абу Ханифа былай деген: «Кім Аллаһқа дұға етсе, Оған тек Оның Өзі арқылы ғана жалбарынуы қажет. Рұқсат етілген және олар арқылы (Аллаһқа жалбарыну) бұйырылған дұғалар туралы Аллаһ Тағаланың мына сөздерінде айтылады: «Ең жақсы есімдер Аллаһқа тән. Сондықтан оған сол есімдер арқылы жалбарыныңдар. Оның есімдерінде қатысты  ақиқаттан бас тартатындарды қойып-қойыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады» («әл-Әғраф» сүресі, 180-аят)». Қз.: «әд-Дурр әл-Мухтар», 6/396-397.

2. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға етуші: «Мен Сенен пәленге тиісті болған нәрсе үшін сұраймын», - немесе, - «Мен Сенен елшілерің мен пайғамбарларыңа тиісті нәрсе үшін сұраймын», - немесе, - «Мен Сенен Сенің Қорықты Үйіңе (әл-Бәйт әл-Харам) және Қорықты Мекеніңе (әл-Маш’ар әл-Харам) тиісті нәрсе үшін сұраймын“, - деп айтатынның сөздері нендей жиіркенішті». Қз.: «Шарх әл-Ақида әт-Тахауийя»,  234; «Итхаф әс-Сада әл-Муттақин», 2/285; әл-Қаридің «әл-Фиқһ әл-Әкбарға» шархы,  198.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға етіп жалбарынатын адам Оған тек Оның Өзі арқылы ғана дұға етуі керек. «Сенің Аршыңның[9] ұлықтығы үшін» немесе «Сенің жаратылыстарыңа тиісті болған нәрсе үшін», - деп айту маған жек көрінішті». Қз.: «әт-Тәуассул уәл-Уәсила»,  82; «әл-Фиқһ әл-акбардың» шархы,  198.

Екінші: Абу Ханифаның Аллаһтың сипаттарын бекітуге қатысты айтқан сөздері және жәхмилерді[10] теріске шығаруы

4. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланы оның жаратылыстарының сипаттарымен сипаттауға болмайды. Оның Қаһары мен Оның Разылығы олар туралы: «Олар қандай?» (била кәйфа), - деп сұрауға тыйым салынатын Оның екі сипаттары болып табылады.

Сүннеттің жақтаушылары болып табылатын және оның төңірегіне бірігетіндердің (Әһли әс-Сунна уәл-Жәма’аның) көзқарасы осындай. Аллаһ қаһарланады және разылығын танытады және: «Оның Қаһары – бұл оның жазасы, ал оның Разылығы – бұл оның сыйы», - деп айтуға болмайды. Біз оны Ол өзін қалай сипаттаған болса - тура солай сипаттаймыз: Ахад (Бір, Жалғыз), Самад (Мұңсыз, Өзіне Өзі толық жеткілікті), ләм йәлид уә ләм йуләд уә ләм йәкун ләһу куфууән ахад (Ол тумаған және туылмаған және оған ұқсас ешкім жоқ), Хайй (Тірі), Қадир (барлық нәрсеге Құдіретті), Сами’ (барлық нәрсені Естуші), Басыр (барлық нәрсені Көруші), ‘Алим (барлық нәрсені Білуші). Аллаһтың Қолы олардың қолының үстінде, алайда Оның Қолы Оның жаратылыстарының қолыдарына ұқсамайды, ал Оның Жүзі Оның жаратылыстарының жүздеріне ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат»,  56.

5. Абу Ханифа былай деген: «Оның Қолы (Йәд), Жүзі (Уәжх) және Болмысы (Нәфс) бар, бұл туралы АллаҺ Құранда айтқандай. Құранда Аллаһ Тағала тарапынан аталған Оның Жүзі, Қолы, Болмысы оларға қатысты: «(Олар) қандай?», - деп сұрауға тыйым салынатын Оның сипаттарына жатады. Бұдан тыс Оның Қолы – бұл оның құдіреті (қудра) немесе Оның игілігі (ниғма) деп айтуға болмайды, өйткені мұндай сөздерде Аллаһтың сипаттарын жоққа шығару (ибтал) бар, ал бұл қадарилер[11] мен му’тазилилердің[12] көзқарастары болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

6. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланың Болмысы туралы ешкім еш нәрсе айтпауы керек. Керісінше, Оны Ол Өзін қалай сипаттаған болса, солай сипаттау керек. Ол туралы жеке пікірге (райй) сүйенген нәрсе айтуға болмайды. Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағала Игі (Пәк)!». Қз.: «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййя» (2/427). Доктор әт-Туркидің «Жәла’ әл-‘Айнайн» зерттеуі (368).

7. Абу Ханифадан Аллаһтың ең жақын аспанға түсуі (ән-нузул) туралы сұрағанда, ол былай деп жауап берді: ”Ол оған қатысты «Қалайша?» деп сұрауға болмайтындай етіп түседі”. Әл-Байһақи «Ақида әс-Сәлаф Асхаб әл-Хадис» (42) және «әл-Асма уә әс-Сыфәт» (456).  Әл-Каусари бұл туралы айтпаған. Сондай-ақ хадистері мен асарларын сахихтығына шейх әл-Әлбани тексерген «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййяны» (245) және әл-Қаридің «әл-Фиқһ әл-Әкбар» (60) шархын қараңыз.

8. Абу Ханифа былай деген:  «Аллаһқа дұға еткенде төменге емес, жоғарыға қарау керек, өйткені төмен Аллаһтың Раббылығының (әр-рубубиййя) және құлшылықтың тек Оған арналуы (әл-улюхийя) сипатына ешқандай жатпайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 51.

9. Абу Ханифа былай деген: «Ол (Аллаһ) қаһарланады және разылығын танытады, және: «Оның қаһары – бұл оның жазасы, ал оның разылығы – бұл оның сыйы», - деп айтуға болмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56. Бұл кітаптын зерттеушісі әл-Кәусари еш нәрсе айтпаған.

10. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзінің жаратылыстарының ешқайсысына ұқсамайды және Оның жаратылыстарының ешқайсысы Оған ұқсамайды. Ол Өзінің есімдеріне және сипаттарына барлық кезде ие болған және ие болуын ешқашан тоқтатпайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.

11. Абу Ханифа былай деген:  «Оның сипаттары жаратылыстардың сипаттарынан айырықша. Оның білімі біздің білімізге ұқсамайды. Оның Құдіреті біздің құдіретімізге ұқсамайды. Ол көреді, бірақ біз көргендей етіп емес. Ол естиді, бірақ біз еститіндей емес. Ол сөйлейді, бірақ біз сөйлейтіндей емес». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302

12. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланы жаратылыстардың сипаттарымен сипаттауға болмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.

13. Абу Ханифа былай деген: «Кім Аллаһты адамның сипаттарын тұспалдап сипаттаса, кәпір болды». Қз.: «әл-Ақида әт-Тахауиййя» шейх әл-Әлбанидің ескертпелерімен,  25.

14. Абу Ханифа былай деген: «Ол иләһи (тәңірлік, құдайлық) болмыспен байланысты сипаттарға және иләһи амалдармен байланысты сипаттарға ие. Иләһи болмысқа жататын сипаттарға келер болсақ, олар – өмір, құдірет, білім, сөйлеу, есту, көру және қалау.[13]  Иләһи амалдарға жататын сипаттарға келер болсақ, олар – жарату (тахлиқ), ризық беру (тарзиқ), өсіру (танши), жасау (ибда’), бар ету (сан’) және амалдардың басқа да сипаттары». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  301.

15. Абу Ханифа былай деген: «Ол барлық кезде іс-әрекет жасайтын еді. Іс-әрекет – бұл Оған мәңгі тиісті болған сипат. Аллаһ Тағала іс-әрекетті жасаушы болып табылады, іс-әрекет Оның мәңгілік сипаттарына жатады, іс-әрекет (мәф’ул) бағытталған нәрсе жаратылған (мәхлюқ), а Аллаһтың іс-әрекеті жаратылмаған  (ғайр мәхлюқ)». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.

16. Абу Ханифа былай деген: «Кім: “Мен Раббымның қайда екенін: жерде ме әлде аспанда ма - білмеймін», - деп айтса, күпірлікке түсті. Дәл осы «Ол Аршта, бірақ мен Арштың қайда екенін: аспанда ма әлде жерде ме - білмеймін», - деп айтатын адамға да қатысты». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 46.

Осы сияқты сөздер шейх әл-Ислам Ибн Таймийядан «Мәжму’ әл-Фәтауада» (5/48), Ибн әл-Кайимнен «Ижтима әл-Жуйуш әл-Исламийяда» (139), әз-Зәһабиден «әл-Улюууда» (101-102), Ибн Қудамадан «әл-Улюууда» (116), Ибн Әби әл-Изз бин Абд әс-Сәламнан «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййяда» (301) келтіріледі.

17. Бір әйелдің “Сенің құлшылық қылатын (Құдайың) қайда?” деген сұрағына, Абу Ханифа: «Ақиқатында, Пәк Аллаһ Тағала жерде емес, аспанда», - деп жауап берген. Ал бірде бір кісі одан: “Ал сен Аллаһ Тағаланың «Сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге» («әл-Хадид» сүресі, 4-аят) деген аяты туралы не айтасың?», - деп сұрағанда, ол: «Бұл - сен бір адамға жазған хатыңда «Мен сенімен біргемін», - деп жазғаныңдай, алайда сен оның жанында тұрған жоқсын», - деп жауап берді. Қз.: «әл-Әсма уа әс-Сыфат», 429.

18. Абу Ханифа сондай-ақ былай деген: «Аллаһтың Қолы олардың қолдарының үстінде, алайда ол Оның жаратылыстарының қолдарына ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.

Абу Ханифа былай деген: «Сөйлеген (Мутакаллим) дәл Сол еді және бұл Мусаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сөзі емес еді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

20. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзіне тән Сөйлеумен сөйлейді. Ал Сөйлеу оның мәңгілік сипаты болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.

21. Абу Ханифа былай деген: «Ол сөйлейді, алайда (Оның Сөйлеуі) біздің сөйлеуге ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

22. Абу Ханифа былай деген: “Муса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһтың Сөйлеуін естіген, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деген:  «Ал Мусамен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһ тікелей сөйлесті»”. Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

23. Абу Ханифа былай деген: «Құран - оралған қағаздарға жазылған (масахиф), жүректерде сақталған, ауыздармен оқылатын және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген Аллаһтың Сөзі болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  301.

25. Абу Ханифа былай деген: «Құран жаратылмаған». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  301.

 

Имам Абу Ханифаның тағдыр туралы айтқан сөздері

1. ”Бірде бір кісі Абу Ханифаға онымен тағдыр туралы айтысу үшін келді. Сонда Абу Ханифа оған: «Тағдырды игергісі келетін адам күн көзінің дақтарына қараушыға ұқсайды. Ол қаншалықты көп қараған сайын, соншалықты көп абдырауға түседі», - деді”. Қз.: «Қалаид Уқуд әл-Акйян» (каф –77–ба).

2. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала заттар пайда болғанға дейін олар туралы мәңгі білімге ие еді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303 беттер.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала болмыстағы ешқашан болмаған нәрсе туралы біледі және Ол егер сол нәрсе болғанда қандай болатынын да біледі. Аллаһ Тағала сондай-ақ болмыстағы бар болып тұрған бар нәрсе туралы да біледі және Ол бар болып тұрған нәрсенің соңы қандай болатынын да біледі». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303 беттер.

4. Абу Ханифа былай деген: «Оның жазмышы Сақтаулы Тақтада  (әл-Ләух әл-Мәхфуз)» Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

5. Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Аллаһ Тағала Кәламға жазуды бұйырған», - деп айтамыз. Кәлам: «Мен не жазайын, уа Раббым?», - деп сұрады. Аллаһ Тағала: «Қайта тірілу күніне дейін не болатынын жаз!», - деді. Бұл туралы Аллаһ Тағаланың мына сөздерінде айтылады: «Олар істеген әр нәрсе амал дәптерлерде бекітілген. Үлкен-кіші әр нәрсе жазулы» («Қамар» сүресі, 52-53 аяттар)”. Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен,  21.

6. Абу Ханифа былай деген: «Бұл өмірде де (дүние), болашақ өмірде де (Ақырет) Оның қалауынсыз бірде-бір нәрсе орын алмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

7. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала барлық болмысты жоқтан бар етіп жаратты». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

8. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ жаратуды бастағанға дейін де Жаратушы болған». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  304.

9. Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Құл өзінің амалдарымен, сөздерімен және білімімен жаратылған», - деп айтамыз. Ал амал жасаушы жаратылған болып табылғандықтан, оның амалдары тіпті жаратылған”. Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен,  14.

10. Абу Ханифа былай деген: «Құлдардың барлық әрекеттері: қозғалысы немесе қимылсыздығы болсын - олардың өздері тарапынан орындалады, ал Аллаһ Тағала олардың Жаратушысы болып табылады. Бұл әрекеттердің барлығы Аллаһтың қалауымен, Оның білуімен, Оның алдын ала бекітуімен (қада) және Оның жаратуымен (қадар) орын алады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  303.

11. Абу Ханифа былай деген: «Құлдардың барлық әрекеттері: қозғалысы немесе қимылсыздығы болсын - олар тарапынан іс жүзінде орындалады, ал Аллаһ Тағала оларды жаратқан. Бұл әрекеттердің барлығы Оның қалауымен, Оның білуімен, Оның алдын ала бекітуімен (қада) және Оның жаратуымен (қадар) орын алады. Өзіне (Аллаһқа) мойынсұнуды қамтыған барлық әрекеттерді Аллаһ Тағала (оларды орындауды) бұйырғандықтан, Ол (мұндай әрекеттерді) жақсы көретіндіктен, Ол (оларға) разы болатындықтан, Оның (олар жайлы) білімі, Оның қалауы және Оның жаратылысы болғандықтан олар міндетті болып табылады.   Ал барлық күнәлар Оның біліумен, Оның алдын ала бекітуімен, Оның жаратылысымен және Оның қалауымен орын алады, бірақ  Оның (күнәларды) жақсы көруінен емес, Оның (оларға) разы болуынан емес және Оның (оларды істеуді) бұйырғанынан емес». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

12. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала жаратылыстарды күпірліктен және иманнан азат жаратты.[14] Кейін оларға үндеп, олар үшін бұйрықтар мен тыйымдарды орнатты. Өздерінің әрекеттері, өздерінің ақиқатты мойындамауы және табанды түрде теріске шығаруы арқылы күпірлікке түскендер Аллаһ Тағаланың көмегінен айырылып, кәпірлерге айналды. Ал өздерінің әрекеттерімен, өздерінің (тілдерімен иманның куәлігі болған шаһаданы) айтуымен, өздерінің (жүректерімен) сенуімен Аллаһ Тағаланың болысуының және Оның көмегінің арқасында  мүмін болғандар иман келтірді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302-303.

13. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Адамның ұрпақтарын оның белінен тозаң ретінде суырып алды. Ол оларды ақыл-парасатты етті, содан соң оларға үн қатып, иман келтіруді бұйырып, күпірлікке түсуге тыйым салды және олар  Оның Раббылығын мойындады. Олар тарапынан бұл иман болды және адамдар осы тума бірқұдайшыл кейпінде (фитрада) туылады. Кім кәпірге айналған болса, осыдан (Аллаһпен жасасқан келісім-шарттан) кейін өзінің фитрасын ауыстырып және өзгертіп,  күпірлікке түсті. Ал кім иман келтірген және (өзінің иманын) растаған болса, мығым негізде тұр және (фитра күйінде) тұруды жалғастыруда».  Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

14. Абу Ханифа былай деген: «Ол – барлық болмысты алдымен алдын ала белгілеп, содан соң Жаратқан (Жаратушы). Бұл дүниеде де, Ақыретте де Оның қалауынан, Оның білімінен, Оның алдын ала бекітуінен, Оның жаратуынан және Сақтаулы Тақтадағы Оның жазуынан тыс еш нәрсе жоқ». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

15. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзінің бірде-бір жаратылысын күпірлікке де, иманға да мәжбүрлемеді. Керісінше, Ол оларды әрекет жасаушы тұлғалар етіп жаратты және иман күпірлікпен бірге құлдарының өздерінің амалдары болып табылады. Аллаһ Тағала күпірлік күйінде болып күпірлікке түскеннің кәпір болып табылатынын біледі. Бірақ егер мұндай адам осыдан соң иман келтірсе және Аллаһ Өзінің білімімен оны мүмін деп таныса, Ол оны сүйеді, ал бұл Аллаһтың білімін ешқандай өзгертпейді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 303.

«Әл-қада’ уә әл-қадар» — тағдырға иман келтіру - иманның негіздерінің бірі болып табылады және адам оған иман келтірмей, иман келтірген болып саналмайды. Аллаһ Тағала былай деген: «Ақиқатында, біз әрбір затты тағдырға сәйкес жараттық» («әл-Қамар» сүресі, 49-аят).

Ибн Хәжар әл-Әсқалани әр-Рағиб әл-Әсфаханидің сөздерінен жеткізгендей, тағдыр, негізінде, тағдырды Белгілеушінің Құдіретіне әрі тағдыр етіп белгіленген нәрсе мен   Оған белгілі болған нәрсеге нұсқайды. «Фәтх әл-Бәри» (11/477).

Аллаһ Тағала абсолюттік құдіретке ие және Ол үшін мүмкін болмаған еш нәрсе жоқ. Оның есімдерінің қатарында — Әл-Қадир (Құдіретті, Қабілетті), Әл-Муқтадир (Барлық нәрсеге Құдіретті), ал құдіреттілік – Оның сипаттарының бірі.

القادر «қадир» сөзі ردق «кадара» (істей алу, қабілетті (құдіретті) болу) етістігінен шыққан сабақты етістің есімшесі болып табылады.

القدير «қадир» сөзі فعيل үлгісі бойынша жасалған және күшейтілген мағынаға ие. Ол «қалағанының барлығын даналықпен шартталған шектің ішінде аз да емес көп те емес жасайтын» дегенді білдіреді және бұл сипатпен Құдіретті және Ұлы Аллаһтан өзге ешкімді сипаттауға болмайды.  Құранда былай делінеді: «Ол барлық нәрсеге құдіретті» («әл-Әхқаф» сүресі, 33-аят).

المقتدر «муқтадир» сөзі مفتعل үлгісімен «иқтадара» (істей алу, қабілетті (құдіретті) болу) етістігінен жасалған және ол одан да күшейтілген мағынаға ие. Құранда: «…Барлық нәрсеге Құдіретті Үкім Етушінің құзырындағы ақиқат орындарында», - деп айтылған («әл-Қамар» сүресі, 55-аят).

Имам Ахмадтан тағдыр туралы сұрағанда, ол былай деген: «Тағдыр (жазмыш) – бұл Аллаһтың құдіреті». Қз.: «Мәжму‘ әл-фәтауа» (8/308).

Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Имам Ахмад: «Тағдыр (жазмыш) – бұл Аллаһтың құдіреті», - деген. Ибн ‘Ақил бұл тұжырымды мақұлдаған және былай деген: «Ол Ахмадтың нақтылығына және оның дін негіздеріндегі терең білімдеріне нұсқайды». Абу әл-Уәфа да тура соны айтқан, өйткені тағдырды теріске шығару - Раббының құлдардың амалдарын жаратуға, жазуға және алдын ала белгілеп қоюға деген қабілетін теріске шығару болып табылады”.

Әһли-әс-Сунна уәл-Жәма’аның көзқарастарына сәйкес Аллаһтың тағдырында (жазмышында) Құранмен және Сүннетпен расталатын төрт саты айқындалады.

Бірінші саты – Аллаһтың бар болған және жоқ болған барлық нәрсе туралы абсолюттік білімі. Бұл білімге Аллаһ Тағала мәңгі ие.

Екінші саты – бұл барлық жаратылыстардың тағдырының және Қиямет күніне дейін орын алатын барлық нәрселердің Сақтаулы Тақтада жазылуы. Бұл жазу көктер мен жердің жаратылуынан елу мың жыл бұрын жазылды.

Үшінші саты – Аллаһтың қалауы. Аллаһтың қалаған нәрсесі ғана орын алады, ал Ол кәламаған нәрсенің орын алуы мүмкін емес.

Төртінші саты – Аллаһ Тағаланың барлық болмысты жаратуы. Аллаһтың Құдіреті абсолюттік сипатта және Ол амал жасайтын жаратылыстарды олардың амалдарымен бірге жаратты.

«Әл-Қада» және «әл-қадар» сөздері бірге қолданылса, «әл-қада» сөзімен тағдырдың алғашқы үш сатысы меңзеледі, ал «әл-кадар» сөзімен – соңғы, төртінші саты меңзеледі.

Абу Ханифаның иман туралы айтқан сөздері

 1. Абу Ханифа былай деген: «Иман – бұл (иман куәлігін тілмен) бекіту және (жүрекпен) растау». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  304.

2. Абу Ханифа былай деген: «Иман бұл тілмен бекіту және жүрекпен растау (жәнан). Тілмен бекітудің өзі ғана иман болмайды». Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен,  әт-Тахауи бұл сөзді Абу Ханифадан және оның екі шәкіртінен жеткізген; «әл-Ақида әт-Тахауиййя» шархымен,  360.

3. Абу Ханифа былай деген: «Иман көбеймейді де, азаймайды да». Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен,  3.

Шейх Абдуррахман әл-Хумаййис былай деп айтады: «Имам Абу Ханифаның: «Иман көбеймейді де, азаймайды да», - деп айтқаны оның иманға берген жүрекпен растау және тілмен айту анықтамасымен байланысты. Ал иманды амалдармен растауды ол иманның мәнінің анықтамасына енгізбеді. Абу Ханифаның бұл пікірі оның иманға қатысты көзқарастарын  басқа имамдардың: Мәликтің, әш-Шәфи’идің, Ахмадтың, Исхақтың, әл-Бухаридің т.б. - көзқарастарынан ерекшелейді.  Ал бұл мәселедегі ақиқат солардың жағында. Абу Ханифаның бұл сөзіне келер болсақ, ол ақиқаттан алыс, алайда қалай болғанда да ол (мужтаһид ретінде) Аллаһтан сый алады.   Сонымен бірге Ибн Абд әл-Бәрр және Ибн Абу әл-Изз Абу Ханифа кейінірек өзінің пікірінен бас тартқандығын байқауға болатын деректерді жеткізеді. Ал  Аллаһ бұл туралы  жақсырақ біледі». Ибн Абд әл-Бәрр «әт-Тәмхид» (9/247); «Шарх әл-Ақида әт-Тахауийя», 395» «Вероубеждение четырех имамов» кітабын қараңыз.[15]

 

Имам Абу Ханифаның сахабалар туралы айтқан сөздері

1. Абу Ханифа былай деген: «Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары туралы біз тек жақсы нәрсе айтамыз». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 304.

2. Абу Ханифа былай деген: «Біз Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде-бір сахабасынан бас тартпаймыз және оның бірде-біреуіне басқасына қарағанда артығырақ достастық танытпаймыз». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 40.

3. Абу Ханифа былай деген: «Олардың кез келгенінің Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір сағат болса да бірге болуы біздің әрқайсымыздың өмір бойы игі амалдар істеуімізден жақсырақ, тіпті ол (өмір) ұзақ болса да».  Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа»,  76.

4. Абу Ханифа былай деген: «Біз: «Пайғамбарымыз Мухаммадтан кейін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл үмметтің ең игі адамдары Абу Бәкр әс-Сыддық, кейін Умар, кейін Усман, ал кейін Али, Аллаһ олардың барлығына разы болсын, болып табылады», - деп айтамыз». Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен, 14.

5. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһтың Елшісінен кейін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең игі адамдар Абу Бәкр, Умар, Усман және Али болып табылады, ал Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзге барлық сахабалары туралы біз тек ең жақсы сөз айтамыз». Қз.: «ән-Нур әл-Ләми» (каф, 119 – ба).

 

Имам Абу Ханифаның кәламмен (діни пәлсапамен) айналысуға  және дін туралы айтыс-тартыстарға берілуге тыйым салғандығы туралы

«Кәлам» терминінің түсіндірмесін біз алдын имам Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, білім алу жолына түскені туралы мақалада берген болатынбыз.

1. Абу Ханифа былай деген: «Басрада өздерінің әуес-қалауларына ілесетін адамдар көп. Мен: «Кәлам ең басты ғылым болып табылады», - деп ойлап, ол жерге жиырмадан астам рет барғанмын және сол жерде кейде бір жылға, кейде одан көбірек немесе азырақ мерзімге қалатынмын». Әл-Курди «Мәнақиб Аби Ханифа», 137.

2. Абу Ханифа былай деген: «Мен кәламмен көп айналысқаным соншалықты – онда үлкен белестерге жеттім және тіпті (адамдар) маған бармақтарымен көрсететіндей болды.  Бірде біз Хәммад ибн Абу Сулайманның үйірмесіне жақын отырғанымызда маған бір әйел келді де, былай деді: «Бір ер кісі әйелімен Сүннетке сәйкес ажырасқысы келеді. Ол әйеліне қанша рет талақ беруі керек?», - деп сұрады. Мен оған мұны Хәммадтан сұрауын және кейін маған қайтып келіп, бәрін айтып беруін бұйырдым. Ол бұл сұрақты Хәммадқа қойды, ал ол: «Ол әйеліне талақты оның хайызы біткен соң бір рет беруі керек және онымен жыныстық қатынасқа бармауы керек. Кейін ол тағы екі хайыздың аяқталуын күтуі керек, бірінші хайызы мен барлығы үшеу болғанға дейін. Кейін тұрмысқа шығуына болады», - деп жауап берді. Оны тыңдап болып әлгі әйел қайтып келіп, Хәммадтың сөздерін маған жеткізді. Ал мен: «Кәламның маған қажеті жоқ», - дедім де, содан соң кебістерімді қолыма алып, Хәммадтың алдына барып отырдым». Қз.: «Тарих Бағдад», 13/333.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Амр бин Убайдті лағнеттесін, өйткені ол адамдарға кәламға алып баратын, оларға еш пайда бермейтін жолды ашып берді». Әл-Харауи «Замм әл-Кәлам»,  28-31.

Бір адам Абу Ханифадан: «Адамдар тілге «акциденция» (әл-а’рад) және “объекттілік” (әл-әжсам) ұғымдарын енгізе бастағанына сенің пікірің қалай?», - деп сұрағанда, Абу Ханифа:  «Бұл – пәлсапашшылардың сөздері. Деректерден (асарлардан) ұстан,  салиқалы алдынғы буынымыздың өкілдерінің (сәлафтардың) жолымен жүр және діни жаңалықтардан сақ бол, өйткені кез келген діни жаңалық – дінбұзушылық (бидғат)». Әл-Харауи «Замм әл-Кәлам» (194).

4. Абу Ханифаның ұлы Хәммад былай деп баяндайтын: “Бірде маған әкем кіріп келді, ал сол кезде менің алдымда кәламның жақтаушылары болған бір топ адамдар бар болатын. Біз бір мәселе бойынша қызу айтысып жатқанымыз соншалықты – тіпті дауыстарымызды көтеретінбіз. Мен үйде әкемнің қимылынан шығып жатқан дауысты естіп, оның алдына шықтым. Ол менен: «Сенің алдыңдағы адамдар кім, уа, Хәммад?», - деп сұрады. Мен: «Пәлен, пәлен және пәлен», - деп олардың аттарын атап, жауап бердім. Ол: «Уа, Хәммад, кәламмен айналысуды қой!», - деді». Хәммад былай деді: «Мен әкемнің өз-өзіне қайшы келгенін және алдын бір нәрсені бұйырып, содан соң одан тыятындардан болатынын байқамаппын. Сондықтан мен одан: «Уа, әке, маған кәламды үйрен деген сен емес пе едің?», - деп сұрадым. Ол: «Иә, балам, алайда мен саған бүгін бұған тыйым саламын», - деді. Мен: «Не үшін?», - деп сұрадым. Бұған ол: «Уа, балам. Кәлам мәселелері бойынша келіспеушілікке түскен бұл адамдарды сен бұрын көзқарастары да бір, діндері де бір болғандардың арасында көретін едің. Шайтан олардың арасына дұшпандық және келіспеушіліктер егіп, олардан мұны тартып алмайынша осылай жалғаса берді, ал кейін олар бір-бірімен келіспеушілікке түсті…», - деп жауап берді”. Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа», 183-184.

5. Абу Ханифа Абу Йусуфқа былай деген: «Адамдармен діннің негіздері жайлы кәламға сүйеніп сөйлесуден сақ бол, өйткені олар саған еліктейді және осымен айналыса бастауы мүмкін». Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа»,  373.

Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, діннің негіздеріне қатысты мәселелердегі сөздері мен сенімдері, сондай-ақ оның кәламға және онымен айналысушыларға деген қатынасы осындай болған.

 

Абу Ханифаның әдісі

Абу Ханифа ұлы фақиһ еді және ол осы өте маңызды ғылымның әдіснамалық негіздерін жасап шығарды, ал оларды мұндай формада оған дейін ешкім қолданбаған  еді. Осы себепті ол өзінің әдістемесін толық түсінбейтін адамдардың тарапынан жиі сыналатын. Бұл табиғи да, өйткені кез келген істе алғашқылардан болу қиын іс. Бұдан тыс, ұлы ұстаз кең дүниетанымға ие ілгерішіл және еркін ойлы адам еді. Ол орынсыз діни догматизмге ешқашан түспейтін. Бұл мүмкін де емес еді, өйткені ол өзінің ұстаздық әдістерін пікірталастыруға негіздеп құратын. Ол (шариғатқа негізделетін) кез келген пікірге төзімділікпен және түсінушілікпен қарайтын және сау ақыл-парасатты адамдардың дәйекетерін назар қойып зерттейтін. Тек Уахидің (нассам) сөзіне ғана ілесетін кейбір адамдар оны тіпті Ислам заңының кейбір ережелерінен орынсыз  ауытқуда негізсіз айыптайтын. Мұндай адамдардың субъективтігінен (өз тұжырымына жүгінуінен) туындаған осындай корсеватизм және сөзбе-сөзділік тек Абу Ханифа үшін ғана емес, барша ілгерішіл ойлайтын адамдар үшін кедергі болып табылатын еді. Діни догматиктер ұлы имамдардың және ғалымдардың ілгерішіл әдістерін түсінбейтін және олардың іс-әрекетіне бөгет жасайтын. Алайда Абу Ханифаның және басқа да ағартушы имамдардың және ғалымдардың  артықшылығы – олар осының барлығына қарамастан, өздерінің ұстанымдарын жүйелі түрде қорғайтынында және осы арқылы үмметті сахабалар мен олардың ізбасарларының түсінігіндегі Құран мен Пәк Сүннетке қайтару арқылы дұрыс бағыт беруінде. Сонымен бірге олардың қарсыластарының аттары қалың бұқараға сол бойы танылмай кетті немесе Сүннетке қарсы дінбұзарлықтың, догматизм мен адасушылықтың көрінісі ретінде еске алынатын болды.

Абу Ханифаның әдісі – ол ең алдымен Құранның аяттарының, кейін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының Сүннетінің негізінде өз тұжырымдарын құратынында және шариғи ұйғарым ұсынатынында еді. Хатиб әл-Бағдади «Бағдад тарихы» еңбегінде Абу Ханифаның өзінің мына сөздерін келтірген еді: «Мен ұйғарымдарды Аллаһтың Кітабының негізінде беремін. Егер мен бір нәрсені таппасам, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне жүгінемін. Ал егер шариғи ұйғарым үшін дәлел болатын негізді ол жерден де таппасам, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының сөздеріне жүгінемін. Осылай істей тұра, мен олардың айтқандарының шегінен шықпаймын. Осы орайда, мен олардың (сахабалардың) арасында айырмашылықтар жасамаймын».

Абу Ханифаның өмір сүрген кезеңінде мұсылман қоғамы едәуір ілгерілеген болатын және Кітапта сөзбе-сөз көрсетілмеген көптеген мәселелер пайда бола бастады. Сондықтан Абу Ханифа түрлі мәселелерді Кітаптың (Құран мен Сүннеттің) сөзбе-сөз мағынасына қияс (ұқсастықтары бойынша) келтіру әдісін енгізді.

Сөйтіп Абу Ханифаның құқықтық ұйғарымдарды шығару әдісі мына негіз салушы ұстанымдарға негізделген еді:

а) Құран. Бұл – Аллаһтың Сөзі және Шариғаттың іргетастық негізі.

б) Сүннет. Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесі, оның айтқандары және Құранның аяттарын түсіндіретін сөздері.

в) Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының айтқан сөздері. Дәйек алынатын бұл көз де Шариғаттың түрлі салаларына нақтылық енгізеді, өйткені сахабалар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қасында болған және түрлі мәселелердің мәнін немесе алғышартын білген.  Табиғиндердің (сахабалардың ізбасарларының) сөздері сахабалардың сөздеріне тең емес, өйткені олар Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тікелей сөйлеспеген.

«Әл-Хидая» кітабының авторы имам әл-Мәрғинани  мынандай тарихи фактіні келтіреді. Бірде имам Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін «Егер сен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін пікір айтқан болсаң, біз не істеуіміз қажет?» деген сұрақ қойылды. Ол: «Онда менің пікірімді тастаңдар да, Аллаһтың Кітабындағыны алыңдар». Олар: «Ал егер ол Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен істеріне қайшы келсе ше?», - деп жалғастырды. Ол: «Онда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы хабарды алыңдар да, менің пікірімді тастаңдар», - деді. Сонда олар: «Ал егер ол сахабалардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне қайшы келсе ше?», - деп сұрады. Имам Абу Ханифа: «Сахабалардың сөздерін алып, оны тастаңдар», - деді.

г) Қияс. Ұқсастық бойынша тұжырымдау. Ол Уахида (Құран мен Сүннетте) белгілі бір мәселенің сөзбе-сөз шешілуі болмаған жағдайда пайдаланылады. Бұл әдістің мәні құқықтық  мәселе мұндай жағдайларда Уахида (Құран мен Сүннет) бар нәрсемен ұқсастыққа сәйкес шешілуі мүмкіндігінде. Құқықтық мәселе шешіліп қойған мәселемен теңестіріледі де, соның негізінде шешім шығарылады.

д) Истихсан (дұрысырақ көру (санау)). Егер аталған  жағдайда ұқсастық бойынша дұрыс тұжырым формалды түрде мақсатқа толық сәйкес болып табылмаса, қиястан бас тарту мүмкіндігі. Бұл жағдайда ұйғарым айқын қиясқа қарама-қайшы келетін өзге дәлелдің негізінде шығарылады. Истихсан қияс ижмаға және ғұрыпқа қарама-қайшылыққа түскен жағдайда қолданылады.

е) Ижма. Ертедегі және қазіргі заман мужтаһидтарының (ғалымдарының) қандай да бір мәселе бойынша бірауызды пікірде болуы.

ж) Ғұрып (‘урф). Егер Уахида (Құран мен Сүннетте) сөзбе-сөз дәлелдер жоқ болса, дәлел ретінде  мұсылман қоғамында дәстүрлі түрде қалыптасқан пікірлерді қолдану. Ғұрып сахих және фәсид болып екіге бөлінеді. Сахих – бұл Уахиға (Құран мен Сүннетке) қайшы келмейтін ғұрып. Дәл соны ғана дәлел ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Фәсид – Уахиға қайшы келетін ғұрып. Ғұрыптың бұл түрі дәлел ретінде қолданылмайды.

Абу Ханифа өзінің жеке басына ілесуге бұйырмайтын, ол тек Пайғамбарға ғана (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабаларына және олардың ісбасарларына (табиғиндерге) ілесу міндетті дейтін.

Имам Абу Ханифа: «Егер хадис сенімді болса – міне, сол менің мәзһабым», - дейтін.

Ол сондай-ақ былай дейтін: «Ешкімге біздің сөздерімізді, біз оларды қайдан алғанымызды білмей, алуға рұқсат етілмейді». Қз.: «әл-Хашия» 6/293, «И’лам әл-Муқи’ин» 2/309, «әл-Мизан» 1/55.

Ол тағы да былай деген: «Менің дәлелімді білмейтінге, менің сөздеріме негізделіп пәтуа беру харам (тыйым салынады)!» Қз.: «Расмул-муфти» 1/29, «әл-Мизан» 1/55.

Өкінішке орай, оның мәзһабын ұстанушылардың көбі оның сөздеріне назар бұрмай және оның дәлелдерін білмей, оған соқыр түрде ілеседі. Сондай-ақ Абу Ханифа өзінің шәкірті Абу Юсуфқа: «Қасірет саған, уа, Йақуб! Сен менен естігеніңнің барлығын жазып ала берме. Ақиқатында, бүгін мен былай ойлаймын, ал ертең – өзгеше, немесе ертең – былай ойлаймын да, ал бүрсі күні өзгеше ойлаймын». Қз.: «әл-Мизан» 1/62.

Имам Абу Ханифа жиі жағдайда ұқсастық бойынша теңеуге (қиясқа) сүйеніп тұжырым шығаратын, ал содан соң егер қаралып жатқан мәселе бойынша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі туралы білсе, немесе күштірек дәйектелген қиясты тапса, өзінің бұрынғы көзқарасынан бас тартатын.

Сондай-ақ ол: «Егер мен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін нәрсе айтсам, онда менің сөздерімді тастап, Аллаһтың Кітабына ілесіңдер», - дейтін. Одан: «Ал егер олар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөздеріне қайшы келсе ше?», - деп сұрағанда, ол: «Менің сөздерімді тастаңдар да, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне ілесіңдер», - деп айтатын. Одан тағы да: «Ал егер олар оның сахабаларының сөздеріне қайшы келсе ше?», - деп сұрағанда, ол: «Менің сөздерімді тастап, сахабалардың сөздеріне ілесіңдер», - деп жауап берген. Қз.: «Фәтхул-Мәжид» 241.

Имам Абу Ханифа былай деп айтатын: «Бұл менің пікірім, ал кімде бұдан жақсырағы болса, мен оны қабыл аламын».

Имам Абу Ханифа, Аллаһ оны рахым етсін, пәтуа шығарғанда былай дейтін: «Біздің білгеніміз – осы. Ал егер біреу нақтырақ түсіндірмені тапса, ол ақиқат болуға лайықтырақ». Осылай деп әш-Шә’рани «Танбих әл-муғратаррин» кітабында келтірген.

Және Абу Ханифаның бұйырғандарына оның мәзһабын оқып-үйренген ізгі мұсылмандар ілесетін. Мысалы, оның атақты пікірлестерінің бірі болған Мухаммад ибн әл-Хасан жаңбырды сұрау намазын орындау туралы былай дейтін: «Абу Ханифа жаңбырды сұрау намазын (истиска) орындау керек емес деп есептейтін. Ал біздің пікіріміз бойынша имам адамдармен екі ракағат намазды орындап, кейін дұға жасап, киімін (шапанын)  теріс киюі қажет деп есептейміз»[16]. Қз.: «әл-Мууатта» 1/158.

Сондай-ақ имам әл-Касани «Бәдаи әс-Санаида» шұлыққа масих тарту туралы мәселесі бойынша былай деп жазады: “Егер шұлық үстінен және астынан қайыспен қапталған болса, оған масих тартуға болады. Біздің пікірлестеріміздің (яғни ханафи мәзһабына ілесушілердің – ред.) бұл мәселе бойынша келіспеушіліктері жоқ. Ал үстінен және астынан, немесе табаны жағынан қайыспен қапталмаған шұлыққа қатысты айтар болсақ, оларға масих тартудың рұқсат етілуі олардың қалыңдығына байланысты. Егер шұлық жұқа және астынан дене көрінетіндей болса, онда ғалымдардың бірауызды келісілген пікірі бойынша (ижма)[17] оларға масих тартуға болмайды. Ал тығыз[18] шұлыққа қатысты айтар болсақ, Абу Ханифа алғашында оларға масих тартуға болмайды деп есептеген, ал Абу Йусуф пен Мухаммад (ибн әл-Хасан), керісінше, мұны рұқсат етілген деп есептеген. Десе де, Абу Ханифа өмірінің соңында, ауырған кезінде өзінің шұлықтарына масих тарта бастағаны, ал кейін өзін зиярат етіп келген адамдарға: «Мен адамдарға тыйым салатын нәрсені өзім істедім», - дегені жеткізіледі”.  Имам әл-Касани осы әңгімені келтірген өзінің «әл-Бәдаи» еңбегінде жазғандай: «Имамның бұл сөздерінен ол өзінің алғашындағы пікірінен бас тартқандығы келіп шығады».

Абу Ханифаның өзінің алғашқы пікірінен бас тартуы, оның артықшылығы, әділеттілігі және әуестерге жүгінбейтіндігі туралы куәлік етеді. Мужтаһид-ғалымдарға едәуір салмақтырақ пікірге сәйкес өз пікірін өзгерту тән және бұл олардың артықшылықтарына және лайықты қызметтеріне нұсқайды. Имам Абу Ханифа туралы бұл деректен алынатын ең ғибратты сабақ – оның, оларға темірді жұмсартатын және тасты талқандайтын қанша дәлелдер келтірсең де, ақиқатты ешқашан мойындамайтын және оған ешқашан қайтпайтын кейбір қырсықтар сияқты емес, өз пікірінен бас тартып, бұл туралы адамдардың алдында жариялауында. Абу Ханифаның бұл әрекетінде таң қаларлық еш нәрсе жоқ, өйткені мужтаһид-имамдарға жұмсақтық, кәмілдік, ізгі мінез, әділдік және кез келген уақытта ақиқатты мойындауға дайын болу тән еді.

Әрі қарай имам әл-Касани былай деп жазады: «Абу Йусуф және Мухаммад дәлел ретінде әл-Муғира ибн Шу’баның Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алып, шұлығына масих тартқандығы туралы хадисті келтіреді. Бұдан тыс олар мынандай қияс келтіреді: хуффтарға масих тартуға адамды оларды шешіп-киюге байланысты ауыртпалықтардан босату үшін рұқсат етілетіндіктен, тура сол мағына шұлықтарға масих тартуда да қамтылған».

 

Абу Ханифаның Сүннетке ілесу қажеттігі туралы айтқан сөздері

Біз осы жерде имам Абу Ханифаның Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілесу және имамның пікірлерінен, егер олар Сүннетке қайшы келсе, бас тарту қажеттілігі туралы айтқан сөздерін келтіруіміз өте пайдалы болады. Өйткені бұл - имамдардың айтқандарына, ұлы имамдарға да емес,  олардан мәртебесі бойынша едәуір төмен болғандарға соқыр түрде ілесетіндерге (тақлид жасаушыларға), өздерінің мәзһабтары мен көзқарастарына олар Көктен түскендей дәрежеде ілесетіндерге сақтандыру және ескерту болады! Ал Пәк Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге бой ұсыныңдар да, Одан өзгені қамқоршы тұтып ілеспеңдер. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар!» («әл-Әғраф» сүресі, 3-аят).

Ізбасарлары көптеген сөздерін және ескертулерін бізге жеткізген имам Абу Ханифа ән-Нуғман ибн Сабиттің, Аллаһ оны рахым етсін, айтқандарының барлығы бір нәрсеге келіп ұштасады, яғни негіз ретінде хадисті алу және имамдардың қандай да бір сахих хадиске қайшы келетін көзқарастарынан бас тарту қажеттігіне. Мысалы:

1. «Егер хадис сенімді (сахих) болса – міне, сол менің мәзһабым». Ибн ’Абидин «әл-Хашийя» (1/63) және «Расм әл-Муфти» (1/4), шейх Салих әл-Фулани «Иқаз әл-Химам» ( 62-бет) және басқалар.

2. «Ешкімге біздің пікірлерімізді, олар қайдан алынғандығын білмей, алуға рұқсат етілмейді». Ибн Абд әл-Бәрр «әл-Интика’ фи Фәда’ил әс-Сәласа әл-А’ймат әл-Фуқаһа» (145), Ибн әл-Каййим «И’ләм әл-Муқи’ин» (2/309), Ибн ’Абидин «әл-Бахр әр-Ра’икке»(6/293) және «Расм әл-Муфтиге» (29, 32) жасаған ескертпелерінде және екінші деректі жеткізген әш-Шә’рани «әл-Мизан» (1/55), соңғы деректі Аббас әд-Даури «әт-Тарих Ибн Мә’инде» (6/77/1) сахих иснадпен Абу Ханифаның шәкірті Зуфардан жеткізген. Тура осындай деректер Абу Ханифаның серіктерінен: Зуфардан, Абу Йусуфтан және Афийи ибн Йазидтен («Иқаз», 52-бет) жеткізілген. Ибн әл-Қаййим Абу Йусуфтан келген дерекке «И’ләм әл-Муқи’инде» нұсқаған (2/344). Екінші дерекке жасалған қосымшаны «Иқаздың» редакторы (65-бет) Ибн Абд әл-Баррға, Ибн әл-Қаййимға және басқаларға қатысты етеді.

Басқа бір хабарда былай деп жеткізіледі: «Белгілі бір мәселе бойынша менің дәлелдерімді білмей, менің сөздеріме негізделіп пәтуа шығару - тыйым салынған (харам)».

Тағы бір риуаятта (хабарда) «…өйткені біз барлығымыз - адам: бүгін біз бір сөздерді айтамыз, ал ертең олардан бас тартамыз» деген қосымша жасалған.

Сондай-ақ мынандай хабар да жеткізіледі: «Қасірет саған, уа, Йақуб (бұл жерде Абу Ханифа өзінің шәкірті Абу Йусуфқа айтып тұр)! Сен менен естігеніңнің барлығын жазып ала берме. Ақиқатында, бүгін мен былай ойлаймын, ал ертең – өзгеше, немесе ертең – былай ойлаймын да, ал бүрсі күні өзгеше ойлаймын».

Имам Абу Ханифа жиі жағдайда ұқсастық бойынша теңеуге (қиясқа) сүйеніп тұжырым шығаратын, ал содан соң егер қаралып жатқан мәселе бойынша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі туралы білсе, немесе күштірек дәйектелген қиясты тапса, өзінің бұрынғы көзқарасынан бас тартатын болғандықтан осылай дейтін.

3. «Егер мен Аллаһ Тағаланың Кітабына немесе Елші туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарларға қайшы нәрселер айтсам, менің сөздерімнен бас тартыңдар».

Әл-Фулани «Иқаз әл-Химамда» (50-бет) бұл сөздерді имам Мухаммадқа телитін, ал кейіннен: «Бұл мужтаһидке қатысты емес, өйткені ол олардың пікірімен еш байланысты емес, бірақ бұл муқаллидке қатысты».

Тақлид — белгілі бір ғалымға соқыр түрде ілесу. Муқаллид деп қандай да бір имамға, оның сөздері Құран мен Сүннетке қайшы келетінін білсе де, соқыр түрде ілесетін адамды айтады. Тақлидке имамдар барлық уақытта тыйым салатын және олар белгілі бір имамға Құран мен Сүннетке қайшы болған түрде еліктейтіндерді сөгетін. Имам әт-Тахауи былай деген: «Ой-өрісі тар және парықсыз адамнан басқа ешкім соқыр түрде еліктемейді». Қз.: «Расмул-муфти» 1/32.

Имам Ибн Хазм былай деген: «Ақиқатында іздерінен өзгелер соқыр түрде ілесетін ғалымдардың өздері соқыр ілесудің (тақлидтің) қарсыластары болған. Олар өздерінің жақтастарына олардың пікірлеріне соқыр түрде ілесуге тыйым салатын. Бұл мәселеде ең үлкен қызғаныш танытатын имам әш-Шәфи’и еді, Аллаһ оны рахым етсін, өйткені ол жиі және басқаларға қарағанда жүйелірек түрде сахих хабарларға ілесу және дәлелге сәйкес келетін нәрселерді ғана қабылдау қажеттілігі туралы айтатын. Ол сондай-ақ өзіне соқыр ілесуге қарсы болатын және айналасындағыларды осыдан сақтандыратын. Ендеше, Аллаһ Тағала оған рахымын сыйласын және оның сыйы өте үлкен болсын, өйткені ол ұлы игіліктің себепкері болды!» Қз.: «Усулюл-әхкам» 6/118.

Алынған дереккөздер:

1. «Имам Абу Ханифа»

2. «Вероубеждение четырех имамов: Абу Ханифы, Малика, аш-Шафи’и и Ахмада»

3. www.abuhanifa.ru


[1] Нисба – қандай да бір затқа, адамға, қалаға, елге, тайпаға т.с.с. қатыстылықты білдіретін қатыстылық есімі.

[2] Кәлам — бұл діни-пәлсапалық ағым. Оның өкілдері логика мен пәлсапаны оқып үйренуге ерекше назар қояды, өздерінің көзқарастарын логикалық дәйектердің негізінде құрады, әрі соларға Құран мен Сүннеттің қасиетті мәтіндеріне қарағанда басымдық береді. Осы орайда олар өз тәсілдерін «логикалық дәйектер күмән тудырмайды, ал қасиетті мәтіндер болжалмен айтылған сипатқа ие» деген тұжырымдарымен негіздейді. Немесе олар: «Қасиетті мәтіндердің дәлелдері Исламның дұшпандарымен болатын пікірталастарда қабылданбайды», - дейді, ал бұл оларды логикалық дәйектерге жүгінуге талпындырады. Алайда мұндай тәсіл сахабалар ұстанған жолға қайшы келеді, өйткені олар Құран мен Сүннеттің қасиетті мәтіндеріне адамдардың кез келген логикалық дәйекетерінің және пікірлерінің үстінен басымдық беретін. Ал мутақаллимдердің, яғни кәламға ілесушілердің әдістері сахабалардың әдіснамасында (манһажында) көрініс таппағандықтан, олар: «Сахабалар діннің негізгі ережелерін жетік меңгермеген, өйткені Аллаһтың жолындағы соғыстармен айналысқан және күш-қайратын дінді қорғауда жұмсаған», - деп есептейді. Кәламның жақтаушылары өздерінің жолын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының, Аллаһ олардың барлығына разы болсын, жолынан  едәуір сауаттырақ және едәуір жетік деп ойлайды. Сөйтіп олар сахабалардың артықшылықтарын кемсітеді, олардың діннің негіздеріндегі білімдерін  жетік емес, ал олардың бұл жолдағы күш-қайрат жұмсауын толыққанды емес деп айтады. Сахабаларға мұндай қатынас жасау олардың жолы - ең дұрыс, ең сауатты, ең кемел жол деп есептейтін Суннеттке ілесетін және оның төңірегіне бірігетін мұсылмандардың (Әһлю-Сунна уәл жәма’аның) ұстанымына мүлде үйлеспейді. Әһлю-Сунна уәл-жәма’а сондай-ақ: «Сахабалардың көзқарастары дұрыс және шынайы болды, ал оларға қайшы келетін нәрсенің барлығы адасушылық болып табылады», - деп есептейді. Айтылғанның барлығынан мутақаллимдердің және басқа да бидғатшылардың өздерін Әһлю-Сунна уәл жәма’аға қатысты етуге деген талаптары әділетсіз және бұзақы болып табылатыны айқын болады.

 

[3] Ижтиһад — ғалымға Құран мен Сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық мәселелерді дербес түрде шешуге құқық беретін ғалымдықтың жоғары дәрежесі. Ижтиһадпен тек араб тілін жетік білетін, Құранды және оның тәпсірлерін толық жатқа білетін, Сүннетті және оның түсіндірмесін жақсы меңгерген, сондай-ақ басқа да бірқатар талаптарға жауап беретін тұлғалар ғана айналыса алады.

[4] Мәзһаб — белгілі бір ғалымның діни-құқықтық мектебі. «Мәзһаб» сөзі «бару», «кету» дегенді білдіретін «заһаба» деген араб түбіріне жатады. Сондықтан да діндегі біреудің пікіріне негізделген кез келген бағыт «мәзһаб» деп аталып кеткен.  Әл-Фәйюми «Мисбәх әл-мунирде» 1/211 былай деген: «Араб тілінде «пәленнің мәзһабымен жүру» деген оның жолымен және бағытымен жүру дегенді, ал «дінде пәлен деген адамның мәзһабымен жүру» деген діни мәселелерде оның пікіріне ілесу дегенді білдіреді».

 

[5] Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаға берілетін сауаппен еш нәрсе тең келмейді деген.

[6] Сауиқ — тез дайындалатын, сапарда тамақтанатын тағам. Оның негізін бидайдың немесе арпаның май, бал немесе құрма қосып қайнатылған жармасы құрайды. Жеуден алдын оны сумен жібітеді.

 

[7] Тәшбих (сөзбе-сөз: «ұқсату, теңдестіру, бірдей көру») — Аллаһты біреуге болсын, бір нәрсеге болсын ұқсату (теңдестіру). Ұқсатудың (теңдестірудің) үш түрін теріске шығару (мойындамау) керек: (1) өзін Аллаһқа ұқсату (теңдестіру); (2) жаратылғанды Аллаһқа ұқсату (теңдестіру); (3) Аллаһты жаратылысқа ұқсату (теңдестіру).

[8] Та’тыл — сөзбе-сөз: «айыру, алып қою». Аллаһтың есімдері мен сипаттарын мән- мағынасынан айыру бағдарлы идеясын қамтыған мазмұны бойынша кең термин.

[9] Имам Абу Ханифа және Мухаммад бин әл-Хасан кісінің өз дұғасында: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен Сенен Аршыңның ұлықты үшін сұраймын», - деп айтуын мұны рұқсат ететін шариғи мәтіннің (ән-насс) жоқ болғандығы себепті сөгетін еді. Ал Абу Йусуфке келер болсақ, ол «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен Сенен Аршыңның ұлықтығы үшін және Кітабыңнан шығатын таусылмас рахметің үшін сұраймын», - деп дұға еткен» деген хадиске сүйеніп, осылай істеуге рұқсат ететін. Бұл хадисті әл-Бәйһақи «әд-Дә’ауат әл-Кәбира» кітабында келтіреді. Ол сондай-ақ «әл-Бинайа» (9/382) және «Нәсб әр-Райя» ( 4/272) кітаптарында да келтірілген.

Алайда бұл хадистің иснадында үш салмақты кемшілік бар: Дауд бин Абу Әсим Ибн Мәс’удтан хадис естімеген; Абдул-Мәлик бин Журайж мурсал хадистерді жеткізетін сөздерді алмастырушы (мудаллис) болған; Амр бин Харун өтірікші деп айыпталған.

Осыдан шыға келе Ибн әл-Жәузи былай деген: «Ешбір күмәнсіз, бұл хадис, сендер мұны өздерің көріп тұрғандарыңдай, ойдан тоқылған, ал оның иснады кемшіліке ие». Қз.: «әл-Бинайа», 9/382. Толығырақ «Тахзиб әт-Тахзибті» (3/189), (6/405), (7/501) және «Такриб әт-Тахзибті» (1/520) қараңыз.

[10] Жәхмия – кәламның бір тармағы, оған ілесушілер өздерін мұсылманға телиді, алайда иманға және Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарына қатысты дінбұзар (бидғатшыл, яғни Сүннетке қайшы – аудармашыдан) көзқарастарды ұстанады. Бұл ағымның негізін салған Абу Мухриз деген атпен танылған әл-Жәхм ибн Сәфуан еді. Оның іс-әрекеті хижраның 102 жылы өзіне ғалымдардың назарын қаратқан болатын. Ол ерік бостандығын толық жоққа шығаратын, алғашқы болып Құранның жаратылғандығы туралы дінбұзар көзқарастарды тарата бастады және иләһи сипаттарды толығымен жоққа шығаратын. Жәхмилердің қауіпті көзқарастарының бірі болып Аллаһтың сипаттарын толығымен жоққа шығару болып табылады. Іс жүзінде олар Оның көркем есімдерін де жоққа шығарады, өйткені оларды басқаша мағынада түсінеді. Жәхмилер сондай-ақ адам іс-әрекет жасау қабілетіне де, қалауға да, таңдау еркіне де ие емес деп айтады. Олар сондай-ақ иман сенімнен, сөзден және амалдан құралмайды деп айтады. Жәхмилер иман - Аллаһ туралы білу, ал күпірлік – Аллаһ туралы білмеу деп айтады. Осы орайда, олар: «Адам алдын Аллаһ туралы біліп, содан соң одан сөзбен бас тартса да, ол мүмин (иман келтірген) болып қала береді», - дейді. Олар сондай-ақ пайғамбарлардан бастап, қарапайым мұсылмандарға дейін баршаның иманы бірдей деп санайды. Жәхмилер Қиямет күні орын алатын көптеген оқиғаларды жоққа шығарады. Олар Тозақтың жоталарының арасынан өтетін Көпірге (әс-Сырат) сенбейді, Таразыға (Мизам) сенбейді, Аллаһты (Жәннатта) көру мүмкіндігін жоққа шығарады, қабір азабын жоққа шығарады және Тозақ пен Жәннат жойылады деген көзқарастарды таратады.   Олар Аллаһтың Сөйлеуін жоққа шығарады және Аллаһ Өзінің Болмысымен жаратылыстарының арасында дейді. Жәхмилердің көзқарастарын көптеген мәртебелі мұсылман ғалымдары теріске шығарды, солардың ішінде Ахмад ибн Хәнбалді, Ибн Кутайбаны, әд-Дәримиді, Ибн Тәймийяны т.б. атауға болады.

[11] Аудармашының (араб тілінен) ескертпесі: Қадарилер – атауы арабтың «әл-қадар» («жазмыш», «өлшем») сөзінен туындаған дінбұзар бағыттың өкілдері.  Бұл бағыт мұсылман күнтізбесі бойынша І-ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Қадарилер: «Адам өз іс-әрекеттерінің жаратушысы болып табылады және өзінің әрекеттерін Аллаһтың қалауынсыз өзі жасайды», - деп айтады. Бұл жолдың негізін салғандар  - халиф Абд әл-Мәликтің бұйрығы бойынша  хижраның 80 жылы керу арқылы өлім жазасына кесілген Мәбад әл-Жухани, сондай-ақ халиф Хишам аяқтары мен қолдарын шауып тастап, кейін керіп өлтіруді бұйырған оның шәкірті Ғәйлан әд-Димашки.

Қадарилердің қалау (ерік) бостандығы туралы көзқарастары христиан ортасының ықпалымен қалыптасты және жоғарыда аталған бұл дінбұзар бағыттың негізін салушылар арабтардан емес еді. Қадарилер адам еркін ерікпен жаратылып қойылған деп уағыздайтын, сондай-ақ жаман тағдыр Аллаһтан болуы мүмкін емес деп, «иләһи әділдік» туралы бұлжымас тұжырымды жақтайтын. Кейінірек қадарилердің көзқарастары оларды қадарилер деп атаумен келіспеген му’тазилилер тарапынан дамытылды. Өз ұстанымын олар: «Қадари деп тағдырдың адам амалдарына әсері бар деп айтатындарды атау керек, бірақ бұл әсерді жоққа шығаратындарды емес», - деп дәйектейтін.

[12] Аудармашының (араб тілінен) ескертпесі: Му’тазилилер («оңашаланғандар», «бөлініп шыққандар») – хижраның 105-110 жылдары аралығында пайда болған кәламдағы алғашқы ірі бағыттың бірі. Бұл ағымның көзқарастары му’тазили Абу Хузайл әл-Әллафтің тұсында толық қалыптасып болды және олар мына бес ережеге ұштасады.

Біріншісі - әділеттілік (әл-‘адл). Олар иләһи әділеттілік адамның еркінің бостандығын, Аллаһтың жақсылықты ғана жарата алатындығын және заттардың бекітілген тәртібін Аллаһ бұзуы мүмкін емес екендігін тұспалдайды деп санайды. Бұл ереже қадарилердің иләһи тағдыр туралы көзқарастарына сүйенеді.

Екіншісі – бірқұдайшылдық (әт-таухид). Му’тәзилилер иләһи сипаттардың бар болуын және мәңгі болуын жоққа шығарады. Олар сондай-ақ Аллаһтың Сөйлеуін жоққа шығарады және Құранды жаратылған деп санайды. Бұл ереже му’тәзилилерді жәхмилермен жақындатады.

Үшіншісі – уәде және қорқыту (әл-уәәд уә әл-уәид). Олар егер Аллаһ мойынсұнушы құлдарын Жәннатқа, ал мойынсұнбайтындарын Тозаққа  кіргізетінін уәде еткен болса, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шапағатшы болуы да, Аллаһтың рахымы да адамның жасаған амалы үшін берілетін жазаның сипатын өзгерте алмайды дейді.

Төртіншісі – екі кейіптің арасындағы аралық кейіп (әл-мәнзила бәйна әл-мәнзилатайн). Кейде бұл қалыпты «атау және тұжырымдау мәселесі» деп те атайды (мәсәлат әл-әсма уә әл-әхкам). Му’тазилилер егер мұсылман адам ауыр күнәлар жасаса, ол мүминдердің қатарынан шығады, бірақ кәпір болмайды деп есептейді. Олар оны күнәхар (фәсиқ) деп атайды және Ақыретте ол мәңгіге Отқа тасталады деп айтады.

Бесінші – жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару   (әл-амр би әл-мә’руф уә ән-нахйи ән әл-мункар). Сүннеттің жақтаушылары болған және оның төңірегіне біріккен адамдар (Әхли әс-Сунна уәл-Жәма’а) да, жақсылыққа үндеудің және жамандықтан қайтарудың қажеттілігін мойындайды, алайда олардың көзқарастары му’тазилилердің сенімдерінен ерекшеленеді. Біріншіден, му’тәзилилер залым әмірге ашық қарсы шығуға болады, тіпті ол мұсылман болса да, деп есептейді. Екіншіден, олар қару алып олардың пікірлеріне қосылмайтын мұсылмандарға қарсы соғысуға болады деп есептейді.

Му’тәзилилер өздерінің ілесушілері деп тек осы бес ережені мойындайтындарды ғана есептейтейді, олар осы ережелердің негізінде Аллаһтың ең жоғарыда болуын жоққа шығарады. Олардың кейбіреулері Аллаһ Өзінің билігінің арқасында барлық жерде деп есептейді.  Осындай пікірді Абу әл-Хузайл, әл-Искафи, Мухаммад бин Абд әл-Уаххаб әл-Жуббаи ұстанған.  Солармен бірге Хишам әл-Фаути, Ибад бин Сулайман және Абу Зуфр Аллаһтың мүлде орны жоқ деп есептейтін. Му’тәзилилер Аллаһтың Аршқа көтерілгенін Оның Аршты меңгергені деп түсіну керек дейді. Олар сондай-ақ ізгілер Ақыретте Аллаһты көрмейді деп есептейді. Му’тәзилилердің рационалистік (ақылға жүгінген) нұсқаулары және теологиялық-пәлсапалық тұжырымдамалары ашария және матуридия сияқты кәламның кейіннен пайда болған еншісіне айналды.

[13] Аудармашының (арабшадан) ескертпесі: Аллаһтың иләһи болмысымен байланысты басқа да сипаттары бар екендігін айтып кету қажет. Мысалы: Ұлылық (әл-`Изза), Даналық (әл-Хикма), Аллаһтың Өз болмысымен жаратылыстарынан жоғары күйде (әл-Улюуу),  Аршқа көтерілуі (әл-Истиуа), ең жақын аспанға түсуі (ән-Нузул), Жүзі (әл-Уажх), екі Қолы (әл-Йәдайн), екі Көзі (әл-Айнайн) т.б.

[14] Аллаһ Тағала жаратылыстарды өздерінің болмысы (фитрасы) бойынша бірқұдайшылдар етіп жаратты деп айту дұрысырақ болар еді, бұл туралы Абу Ханифа келесі сөзінде айқанындай.

 

[15] Әһлю әс-Сунна уәл-Жәма’а ғалымдары Абу Ханифаны, Аллаһ оны рахым етсін, және осы мәселеде оның пікірлестері болғандарды фәқиһ-муржилерге – муржилердің бір тобына жатқызған.

Муржилер – бұл ертедегі адасқан секталардың бірі. Олардың әһлю-Суннадан негізгі айырмашылығы - иман мәселесіндегі келіспеушіліктері. Муржилер өз атауын «артта қалдыру» деген мағынаны білдіретін «иржа» сөзінен алған, яғни амалдарды иманның артында қалдырғандар.  Қз.: «әл-Милал уә-ннихал» 1/136, «Мәқалат әл-исламиин» 1/212.

Сүннетте бұл секта туралы ешқандай сахих дерек жоқ. Алайда шейх әл-Әлбани муржилер туралы айтылған бір хадистің сахихтығын күшейткен. Әнастан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімнен болған екі санаттағы адамдар менің су айдыныма жақындатылмайды және Жәннатқа кірмейді! Олар – қадарилер мен муржилер!», - деген. Әт-Табарани «әл-Әусат» 1/253. Хасан хадис. Қз.: “әс-Силсила әс-сахиха” 2748.

Муржилер үш негізгі топқа бөлініп кеткен:

“Бірінші тобы: «Иман – бұл тек қана жүректегі нәрсе (яғни нық сенім)», - деушілер. Оларды сондай-ақ жәхмилер деп те атайды.

Екінші тобы – иман тек тілде деп айтушылар. Және бұл анықтама кәрамилерден өзге ешкімнен келмеген.

Үшінші тобы – «Иманға - жүректегі сенім және тілмен айту қатысты, ал амалдар иманның құрамдас бөлігіне кірмейді, және ол көбеймейді де, азаймайды да!», - деп айтушылар. Және бұлар – ғалымдар оларды фәқиһ-муржилер деп атайтындар, ғалымдар олардың қатарына Абу Ханифа мен оның пікірлестерін де жатқызған”.

Муржилердің осындай анықтамасын шейхул-Ислам Ибн Таймия өзінің «әл-Иман» кітабында (184), имам Абул-Хасан әл-А’шари «Мәқалат әл-исламиин» енбегінде (1/213) және имам әш-Шәхристани  «әл-Милал уә-ннихал» кітабында (1/139) берген.

Алғашқы екі топ – жәхмилер мен карамилер – шекке шыққан муржилер деп аталатындар (ғулату муржия).

Үшінші топқа келер болсақ, оларды орташыл муржилер деп атайды. Мұның үстіне, шейхул-Ислам Ибн Таймия олармен айырмашылық тілдік сипатта ғана, өйткені олар адам күнә жасағаны және парыздарды қалдырғаны үшін жазаланбайды демейді, және олар - Әһлю-Суннадан деген. Ол былай деп жазған:  “Егер адам: «Амалдарды тастаушы - айыпталуға және жазалануға лайықты», - деп ұғынса, онда бұдан кейін бұл мәселеге қатысты келіспеушіліктердің мәні жоқ. Керісінше, бұл келіспеушілік – (тек) тілдік тұрғыда болады, дегенмен, олар (фақиһ-муржилер) бұл анықтамада қателесетіні және Құран мен Сүннетке қайшы келетіні - кумәнсіз!” Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 7/181.

Сондай-ақ шейхул-Ислам былай деді: “Әһлю-Сунна ішіндегі («Амалдар иманның бөлігі болып табылады ма?» деген) бұл мәселеге байланысты айтысулардың басым бөлігі – тілдік тұрғыдағы келіспеушіліктер. Өйткені, «Иман – бұл амалсыз сөздер», - дейтіндер - фақиһтер, ал бұл – Хәммад ибн Аби Сулайман, әрі ол осылай деп айтқандардың алғашқысы болды. Сондай-ақ Куфалық фәқиһтер және оларға ілескендер, басқа қалған имамдар сияқты, күнә жасаушылар айыпталуға және жазалауға лайықтылардың қатарына кіреді деп есептейді! «Олардың (күна жасаушылардың) иманы Жәбірейіл періштенің иманындай кемел», - деп айтуына қарамастан, олардың барлығы әһлю-Сунна уәл жәма`а бұл жөнінде: «Амалсыз немесе күнә істеумен бірге болған иман жазалауға әкеледі», - деп айтатын тұжырымға  нық сенеді!” “Мәжму’ул-фәтауа” 7/297.

Яғни имам Абу Ханифа және оның пікірлестері амалдарды иманның құрамдас бөлігіне қоспағандығына және иман көбеймейді және азаймайды деп айтуына қарамастан, күнәлар жазалаларға және қауіп-қатерлерге әкеп соқтырады дегенді мойындаған.

Істің түйіні олардың «Азаятын иман емес, өйткені иманның азаюы күмәнға нұсқайды, ал имандағы күмән – бұл үлкен күпірлік!», - деп айтуында болып тұр. Қз.: «әл-Бәзазия» 4/112, «әл-Бәхру-рраиқ» 2/46, 3/103, «Әлфаз әл-куфр» 51.

Алайда фақиһ-муржилер Әһлю-Суннаға жататынына қарамастан, көптеген ғалымдар айтқандай, олармен айырмашылық тек тілдік сипатта ғана емес. Имам Ахмад былай дейтін: «Жәрир ибн Абдуллаһ Исламды қабылдаған соңғы сахабалардан еді және ол: «Мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) изгі пиғылды болуға ант берген едім!», - деген. Ал қалайша сонда ізгі пейілділік және ұялу иманнан болады да, ал намаз бен ораза иманнан болмайды?!» Әл-Хәллал «әс-Сунна» 1021.

[16] Бұл намаз туралы имам Ахмад 4/41, әл-Бухари 1027, Муслим 894, Абу Дауд 1165, әт-Тирмизи 555, ән-Нәсаи 1/226  жеткізген көптеген сенімді (сахих) хадистерде айтылған.

[17] Егер әл-Касани өзінің сөздерімен мұсылмандардың ертедегі және соңғы буындарындағы барлық имамдардың бірауызды пікірін меңзеген болса, бұл – түбегейлі қате.  Өйткені имам ән-Нәуауи «Шарх әл-Мухаззабта» шұлыққа масих тартуды, тіпті егер олар жұқа болса да, мүміндердің әмірлері Умар және Али, Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын, сондай-ақ Исхақ және Дауд рұқсат етілген деп санағанын жеткізген.  Мұның үстіне, имам ән-Нәуауи Абу Ханифаның екі атақты шәкірттері: Абу Йусуф және Мухаммад та – жұқа шұлыққа масих тартуға болады деп есептегенін айтқан. Осының барлығын ескергенде, ғалымдардың бұл мәселе бойынша бірауызды пікірі болған деп қалайша айтуға болады?! Ал егер әл-Касани бұл жерде ханафи мәзһабының ғалымдарының бірауызды пікірін меңзеген болса, онда оның сөздері орынды деуге лайықтырақ. Десе де, ән-Нәуауиден келтірілген Абу Йусуф пен Мухаммадтың пікірлері туралы дерек бұл тұжырымды да теріске шығарады. Сөйтіп, бұл мәселе бойынша ғалымдардың бірауызды пікірі бойынша ешқандай сөз де болуы мүмкін емес.

[18] Тығыз деп аяқта қосымша тетіктерсіз тұратын шұлық айтылады.

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Автор

Админ

Оқы

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Толтырылуға міндетті орындар * белгіленген.

Сіз келесі HTML тегтерді қолданала аласыз. <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>