shadow
Мақаланы WORD (DOC) форматта жүктеу

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Бүкіл әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ! Пайғамбарымыз Мұхаммәдқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ергендерге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Көрнекті ғалым, шейх Мұхаммәд ибн Салих әл-Усәйминнің (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) қысқаша өмірбаяны

(1347-1421 х.ж.)

Біздің арамызда дінтанушы ғалымдардың ішінде, жердің түкпір-түкпірінде әр бір мұсылман оның білімін дінде қолданып, оны ғалым ретіндегі дәрежесін жоғары бағалаған адамды, яғни шейх ибн әл-Усәйминді танымайтындар бар ма екен?

Құрметті шейх әл-Усәйминнің өмірбаяны, дінге шын ықыласымен еңбек еткен басқа да, ізгі мұсылмандардың әуелгі буындарының, яғни сахабалар, табиғиндер, таба табиғиндердің (Аллаһ олардан разы болсын) артынан ерген ғалымдардың өмірбаяны секілді маңызы бар екенін ескере отырып, біз осында шейхтың өмірбаянын қысқаша түрде ұсынуды қажет санадық.

Шейх Мұхаммәд ибн әл-Усәймин – ғылымда, тақуалықта, шыншылдықта, дұрыстықта, ықыластықта жақсы үлгі болған, сондай-ақ діни пәтуаларды беруге тағайындалған адамдарға мысал болған ұлы ғалым, тамаша тәрбиеші.

Мұхаммәд ибн әл-Усәймин – тәпсір, ислам ақидасы, фикһ, пайғамбар (Аллаһ игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны, араб грамматикасы және тағы басқа шариғи ғылымдардың ұлы білімпазы. Шейх Мұхаммәд терең білімнің және көрегендіктің негізінде Аллаһқа шақырған ғалым болып табылатын. Оның діндегі танымы ислам әлемінің әр жақ бұрыштарында тұратын, шейхті жақсы көріп, ғылым майданында алатын орнын жоғары бағалаған мұсылмандарға көптеген пайдалар алып келді.

Біздің құрметті шейх – бүкіл ислам үмметінің факиһы, көрнекті ғалым Мұхаммәд ибн Салих әл-Усәймин, Аллаһ ол кісіні мейіріміне бөлеп, Фирдаус бақтарында Раббымыз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, шыншылдармен, шахидтермен және ізгі адамдармен бірге болуын нәсіп етсін!

Шейхтың туылғаны 

Толық есімі - Әбу Абдуллаһ Мұхаммәд ибн Салих ибн Мұхаммәд ибн Суләймән ибн Абдуррахман әл-Усәймин әл-Ухәйби әт-Тәмими. Шейх хижра бойынша (жалғысында «х.б.») 1347 жылы құтты болған Рамазан айының 27 түнінде Сауд Аравия Корольдігінің (САК) әл-Қасим правинциясының бір қаласы Унейзада дүниеге келген.

Шейхтің ғылым жолындағы бірінші қадамдары

Алғашқы этапта шейх Усәймин Құран Кәрімді өзінің нағашы атасы -  Абдуррахман ибн Суләймән ад-Дамиғадан (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) оқыған, содан кейін сауаттылықты үйреніп, сондай-ақ әдебиеттен және арифметикадан білімдер алған. Бертін келе шейх мектепке түсіп, жастайынан Құранды, қысқаша хадистер жинақтарын, фикһ бойынша еңбектерді жаттап алған.

Құрметті шейх, атақты ғалым Абдуррахман ибн Насир ас-Саади (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) кезінде өзінің кейбір ең талапты шәкірттерін білім алуды енді бастап алып жатқандарға мұғалім ретінде қоятын. Осындай мұғалімдердің біреуі Мұхаммәд ибн Абдуль-Азиз әл-Мутәууи’ (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) біздің құрметті шейхіміз Усәйминге сабақтар берген. Шейх әл-Мутәууиден таухид, фикһ және араб тілі грамматикасынан сабақтар алған шейх Усәймин, сондай-ақ көрнекті ғалым Абдуррахман ибн Насир ас-Саадидің сабақтарына қатысып, ол кісіден Құран тәпсірін, хадис ғылымын, таухид (бірқұдайшылық), фикһ негіздері, мұрагерлік құқық және синтаксис сабақтарын алған.

Шейх Абдуррахман ибн Насир ас-Саади – шейх Усәйминнің білім алған, мәнхәжын қатайтқан, шариғи дәлелдерді келтіруді үйренген және шариғи білімді басқаларға үйрету әдістемесін үйренген бірінші устаздары болып табылатыны сөзсіз. Шейх ас-Саади өзінің шәкіртінен алғыр ақылды, интеллектуалды дарындылықты көріп, оған жеке назарын бөлген. Кейіннен шәкірті бола тұра, оған мұғалімдік қызметті берген.

Шейх Усәймин сол кездегі Унейза қаласында шариғи сот болған, шейх Абдуррахман ибн Әли Ауданнан (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) мұрагерлік құқық мәселелері бойынша сабақтар алған. Сондай-ақ, Унейзаға келіп тұратын  Абдурраззақ Афифиден (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) араб тілі грамматикасы және риторика сабақтарын алған.

Эр-Рияд қаласында шариғи институт ашылғаннан кейін, шейх өзінің ұстазы Абдуррахман ас-Саадидің рұқсатын алып, х.б. 1372 жылы институтқа түсіп, екі жыл институт қабырғаларында сабақ беріп жүрген ғалымдардан, атап айтқанда көрнекті ғалым Мұхаммәд әл-Әмин әш-Шинқитиден, шейх Абдуль-Азиз ибн Насир ибн Рашидтен, шейх Абдуррахман әл-Африкиден және тағы басқа діни біліпаздардан (Аллаһ оларды мейіріміне бөлесін) білім талап еткен.

Шейх Усәймин әр уақытта жоғарғы мәртебелі шейх, көрнекті ғалым Абдуль-Азиз ибн Абдуллаһ ибн Базбен (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) қарым-қатынасын үзбей, байланыста болған. Ол кісіден мешіт қабырғаларында  әл-Бухаридің «Сахих» хадистер жинағын, шейх әл-Ислам ибн Тәймияның «Жолдауын», сондай-ақ хадистер туралы ғылымын, төрт мазхабтың факиһ-ғалымдарының пікірлерін және олардың салыстырмалы талдауын үйренген.

Институтты бітіріп, шейх Усәймин, сырттай оқуды жалғастырып, кейіннен Эр-Рияд қаласындағы Мұхаммәд ибн Сауд атындағы Ислам Университетінің дипломын алған.

Шейх Мұхаммәд ибн Салих Әл-Усәйминнің білімдегі иснады

Бұл шейх Мұхаммәд әл-Усәйминнің Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дейін жететін білім алған устаздар тізімі:

Ол өзінің шейхы, көрнекті ғалым, муфассир ‘Абдур-Рахман ән-Наср ас-Саадиден білім алды.

Ол (ас-Са’ди) ш. Салих ибн ‘Усман әл-Қадиден

Ол – шейх ‘АбдуЛлаһ ибн ‘Аидадан

Ол - ‘Али ибн Мұхаммәд ибн ‘Алиден, ‘Унейза қаласының қадисы

Ол – Нежданың белгілі муфтиі шейх ‘АбдуЛлаһ ибн ‘АбдурРахман Әбу Батыннан білім алған.

Ол – шейх Ахмад ибн Хасан ибн Рашид әл-Ихсаиден

Ол – белгілі ғалым Мұхаммәд ибн Фәйруздан білім алған, ал ол өз әкесі ‘АбдуЛлаһ ибн Фәйруздан білім алған.

Ол – өз әкесі Мұхаммәд ибн Фәйруздан (атасы)

Ол – ‘Абдуль-Қадир әт-Тәғләбиден

Ол – Мұхаммәд әл-Балбаниден және Әбу әл-Мауахибтің әкесі шейх ‘Абдуль-Бақиден.

Олар - «Әр-рауд» (ханбали фикһы бойынша кітаптың) авторы, көрнекті ғалым Мансур әл-Бухутиден білім алған.

Ол – «Әз-зәдуль-мустакни’» (ханбали фикһы бойынша кітаптың) авторы Яхъя ибн Муса әл-Хижәуиден және ш. Ахмад әл-Уафаиден білім алған

Ал олар болса «Әл-иқна’» (ханбали фикһы бойынша кітаптың) авторы ш. Муса әл-Хижәуиден білім алған.

Ол – ш. Ахмад әш-Шуикиден

Ол – Ахмад әл-’Аскариден

Ол – көрнекті ғалым, ханбали мазхабының білімпазы ‘Али ибн Суләйман әл-Мардауиден.

Ол – Ибн Кундустан.

Ол – Ибн әл-Ләххамнан.

Ол – белгілі мухаддис (хадистанушы) ибн Ражәб әл-Ханбалиден.

Ол – Шамсуд-Дин ибн Қайим әл-Жәузийден.

Ол – Шейхуль-ислам Ибн Тәймиядан.

Ол – «Әш-шарх әл-кабир» (ханбали фикһы бойынша кітаптың) авторы ш. Шамсуд-Дин ‘Абдур-Рахман ибн Әбу ‘Умардан, сондай-ақ өзінің көкесі Муваффак әд-Дин ибн Қудамадан білім алған.

Ол – шейх, құлшылығымен танылған ‘Абдуль-Қадир әл-Жиляниден, және де хадистанушы Ибн әл-Жәузийден, сондай-ақ фикһ ғылымының танымал білімпазы Ибн әл-Муннан білім талап еткен.

Олар – «Китаб әл-фунун» (фикһ негіздерін, хадис ғылымын қамтыған кітаптың) авторы Әбу әл-Уаф ибн ‘Укайлядан. Және де «Әл-хидая» (фикһ бойынша кітаптың) авторы Әбу әл-Хаттабтан білім алған.

Олар – Қади Әбу Йа’лядан

Ол – Әбу Хамадтан

Ол – Әбу Бакр ибн ‘Абдуль-’Азизден

Ол – Әбу Бакр ибн әл-Халлялдан

Ол – әл-Маруазиден және имам Ахмадтың ұлдары – Салих және ‘АбдуЛлахтан.

Олар – Имам Ахмад ибн Ханбалдан

Ол – арасында Мұхаммәд ибн Идрис әш-Шафи’и, Суфиян ибн ‘Уейна секілді ғалымдар болған, басқа да имамдардан білім алған.

Олар – ‘Амру ибн Динардан және имам Малик ибн Анастан.

Ол – Ибн ‘Умар құлдықтан босатқан Нафи’ден білім алған.

Ол болса – Аллаһ елшісінің ұлы сахабасы ‘АбдуЛлаһ ибн ‘Умар ибн әл-Хаттабтан, оған Аллаһ разы болсын

Ал ол – тақуалардың көшбасшысы, пайғамбарлардың ең абызалы, жаратылыстың ең жақсысы, Аллаһ елшісі Мұхаммәдтан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) білім алған.

Шейх Усәйминнің еңбектері және оның ғылыми қызметі

Хижра бойынша 1370 жылы устазы Абдуррахман ас-Саади қамқорлығымен Унейза қаласындағы әл-Кәбир мешітінде шейх сабақ беріп қызметін бастады. Эр-Риядтағы ғылыми институтты бітіргеннен кейін, шейх х.б. 1374 жылы Унейза қаласындағы ғылыми институтқа оқытушы етіп тағайындалды.

Х.б.1376 жылы шейх Абдуррахман ас-Саадидің өлімінен кейін, шейх Усәймин әл-Кәбир мешітіне хатыб-имам болды. Имамдықпен қатар х.б. 1359 жылы шейх ас-Саади ашқан Унейза қаласының Ұлттық кітапханасында оқытушы қызметін атқарды.

Шейх Усәйминнің студент-оқушылар саны жылдан жылға артып, тіпті кітапхана қабырғасына сыймай кетті. Осы себепті шейх амалсыздан мешітте сабағын жалғастыруға тура келді. Шейх Усәйминге Сауд Аравия, сондай-ақ елден тыс аймақтардан ұмтылған студенттер саны бірнеше жүздегенге жетті. Олар шейхке тек тындаушы ретінде ғана емес, діндегі фундаментальді білімдерді алу мақсатымен келді. Шейх имамдық және оқытушылық қызметтерін өмір соңына дейін беруді жалғастырды, Аллаһ ол кісіні мейіріміне бөлеп, еңбектерін қабыл етсін!

Шейх Унейзадағы ғылыми-зерттеу институтында білім беру қызметінде х.б. 1398 жылға дейін, соңынан имам Мұхаммәд ибн Сауд атындағы Ислам Университетіндегі білім беру программаларын жоспарлау және жетілдіру комитетінің мүшесі болды. Айта кетер бір жайт, шейх осы программалардың кейбіреулерінің авторы болып табылады.

Кейіннен х.б. 1398 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін шейх Усәймин имам Мұхаммәд ибн Сауд (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) атындағы Ислам Университетінің әл-Қасим қаласындағы филиалында шариғи ғылым және ислам діні негіздері факультетінде оқытушы қызметін атқарған.

Сондай-ақ, шейх Қажылық кезінде, Рамазан айында, студенттердің жазғы демалыс кезінде әл-Харам мешітінде, Пайғамбар (оған Аллаһ игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде сабақтар беретін.

Сонымен қатар, шейх Сауд Аравиясының көптеген мамандандырылған ғылыми комитеттерінің жұмыстарына қатысты.

Шейх Усәймин телефон арқылы бірнеше ғылыми дәрістерді Аравия және одан тыс аймақтағы тындаушылар үшін өткізіп тұратын.

Шейх Унейзада Құран Кәрімді тану жөнінде қайырымдылық ассоциациясы ашылғаннан, оны өз өмірінің соңына дейін басқарды.

Х.б. 1398 – 1400 жылдар аралығында имам Мұхаммәд ибн Сауд атындағы Ислам университетінің Ғылыми комитет мүшесі болды.

Осыдан басқа, шейх Усәймин аталмыш университеттің әл-Қасим қаласындағы филиалында шариғи ғылым және ислам діні негіздері факультетінің Кеңес құрамына кірді.

Шейх Усәймин х.б. 1407 жылдан өмірінің соңына дейін САК ірі ғұламалар кеңесінің мүшесі болды. Өзінің игі қызметін атқарып және өзіне жүктелген жауапкершілікті аңғарған шейх, өз елінде немесе сапар кезінде, сау болып немесе ауырып тұрса да, әрдайым қоршаған адамдарына дін жайлы білім беріп, әр түрлі мәселелерге пәтуа шығарып, күндіз-түні олардың қажеттіліктерін қанағаттандырып пайда беруге тырысқан.

Сондай-ақ шейх жиі өтіп тұратын пайдалы ғылыми-әлеуметтік форумдарға әрдайым қатысап тұратын. Бұдан басқа, шейх әл-Қасимдағы қазылармен апталық кездесулер өткізетін, сонымен қатар Унейзаның жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтару мәселелері бойынша Ұжымның мүшелерімен, өз қаласының хатыб-имамдарымен, ең үздік шәкірттерімен, жатақханада тұратын студенттермен, Құран Кәрімді тану жөнінде Ассоциациясының директорлар Кеңесі мүшелерімен, сондай-ақ Мұхаммәд ибн Сауд атындағы университеттің әл-Қасимдегі филиалдағы ислам ақидасын тану бөлімінің мұғалімдерімен жиі кездесіп тұратын.

Шейх әртүрлі әлеуметтік кездесулерді өткізетін. Мәселен, әр апта сайын өз үйінде, ай сайын мешіт қабырғаларында, жыл сайын Қажылық кезінде және Рамазан айында өз қаласынан тыс жерлерде дінді түсіндірумен айналысқан. Осыдан көретініміз, шейхтің өмірі үздіксіз дінге, ынталы қызмет ету болған. Шейх сарқылмас білім бұлағы болды, өйткені қайда барса да, аспаннан түскен жаңбыр секілді пайдасын алып келетін.

Х.б. 1414 жылы шейх Усәйминге Исламға жасаған еңбегі үшін Король Фәйсалдың Жоғарғы Премиясы берілді. Шейхқа осындай марапатты бере отырып, іріктеу комиссиясы өз таңдауын келесі белгілермен жасады:

1. Шейхтың өзінде ғұламаға сай ең жақсы сипаттарды жинауы, олардың жарқын мысалдары – тақуалық, мейірбандық, шыншылдық, мұсылмандар мүдделері үшін қызметі, барлық адамдармен ара қатынастағы адалдық.

2. Шейхтың көп мұсылмандар қолданған, сабақтар, пәтуалар және кітаптар түріндегі білімінің пайдасы.

3. Шейхтың Корольдік аймағында пайдалы дәрестер беруі.

4. Шейхтың ірі ислами конверенцияларда қатысуы.

5. Шейхтың даналықпен және көркем насихатпен жасаған Аллаһқа шақыруы, ойымен және амалымен сөзсіз сол ізгі әуелгі мұсылмандардың тірі үлгісі болып табылады.

Шейх Усәймин шариғат мәселелері бойынша үлкен білім иесі болған, және өмірін оларды алумен, сосын басқалармен бөлісуге арнаған. Шейх шариғатқа қатысты тек дұрыс дәлелдемелерді ұстанатын. Сондай-ақ шейх ақида (сенім) мәселелерінде тек ізгі ауелгі мұсылмандардың жолын ұстануға бар жігерін салған. Және де бұл нәрсе оның білімінде, амалында, дағуатында, жүріс-тұрысында көрініс тапқан. Оның ғылыми еңбектері және ислами дағуат әдістемесі толығымен дұрыс ұстанымға – ізгі әуелгі мұсылмандардың, яғни сахабалардың, табиғиндердің және таба табиғиндердің ұстанымына негізделген. Барлық кемшіліктен пәк Аллаһ Тағала шейхке Құран және хадистерді түсіну қабілетін беріп, соның себебінен діни мәселелерде даусыз дәлелдерді келтіре алатын, шариғи заң үкімдерін түпнұсқалардан шығара білген.

Күнінің әр уақытын шейх демалуға уақыт бөлмей оқытуға, пәтуалар беруге, ғылыми-зерттеу жұмыстарына арнайтын. Мешітке барар жолда, қайтқанда шейх әрдайым сұрақтар, кеңестер сұрайтын адамдармен қоршаулы болатын.

Шейхтың өзінің ерекше оқыту әдістемесі бар еді. Мәселен, шейх студенттерге сұрақтар ғана қоймай, сол сұрақты олармен белсенді түрде талқылайтын. Шейх шаршамай, бірнеше сағаттар бойы сабақтар, дәрістер бере алатын. Осындай тәртіп шейхты тек қуандыратын.

Шейхтың оқытушылық қызметі жарты ғасырдан астам, дәлірек айтсақ х.б. 1370 жылдан 1421 жылдың Рамазан айына дейін созылған.

Шейх жиі өз тындаушыларының алдында Аллаһтың «сендер Онымен кездесетіндеріңді біліңдер» («Бақара» 223 аят) деген сөзін айтып: «Аллаһтың атымен ент етемін, егер біздің жүрегіміз тірі болғанында, осы (Аллаһтың) сөздері біздің жадымызда қалар еді» дейтін.

Шейхтың пәтуалары, Аллаһ қалауымен, адамдар арасында кең таралып, қабылданып, сеніммен қолданып жүрген.

Өзінің дәрістерін шейх бұқаралақ ақпарат құралдары, сондай-ақ аудио жазулары арқылы да тарататын. Оның сабақтары белгілі радиопрограмма «Нунун ‘алә ад-дәрб» арқылы трансляцияланатын болған.

Бірақ, оның ғылым аясындағы жігерінің баға жетпес ең жақсы еңбектері кітаптар, жолдаулар, шариғи мәтіндерді түсіндіру түрінде, бүкіл жер бетіндегі білім ізденіп жүрген адамдардың арасында үлкен сұраныста болды. Шейхтың ғылыми еңбектері аудиокассетадағы жазылған баға жетпес білім қайнар көздерін айтпағанда, 90-нан астам кітап және жолдаулардан тұрады.

Шейх Мұхаммәд ибн Салих әл-Усәйминнің х.б. 1422 жылы ашылған қайырымдылық қоры, шейх (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін) қалдырған ұлы мұраны, Аллаһ қалауымен және көмегімен, барлық мұсылмандарға жеткізу үшін, барлық амалмен сақтау және тарату мүмшілігін өз жауапкершілігіне алды.

Шейх діни білім беру жолында ерінбей еңбек еткен. Тіпті, өліміне алты ай қалғанда, АҚШ-та ем қабылдап жүргенінде, аталмыш елде орналасқан ислам орталықтарында дәрістер берді. Көптеген америкалық және шетелдік мұсылмандармен кездесіп, оларға пайдалы насихаттар, кеңестер айтып, олармен жұма намаздарын өткізетін.

АҚШ-тан қайтқаннан кейін де, білім беру қызметін және Исламға шақыруын қатты ауруына қарамастан тоқтатпады. Тіпті, өліміне бірнеше күн қалғанның өзінде әл-Харам мешітінде сабақтар беріп, мұсылмандарға насихат айтатын болған. 

Шейхтың өлімі

Х.б. 1421 жылы 15 шаууаль сәрсенбі күні көрнекті ғалым, шейх Мұхаммәд ибн Салих әл-Усәйминнің Джидда қаласында көз жұмғанын естіген ислам үмметі үлкен қайғыға түсті. Ауыр қазаны естімеген бір үй, бір қала, бір ауыл қалған жоқ. Сауда орталықтарында, мешіттерде, жиын орындарында адамдар бір-бірінен көңіл айтып жатты. Екі Харамның қорғаушысы, король Фахд ибн Абдуль-Азиз, принц Абдуллаһ және премьер-министр Султан ибн Абдуль-Азиз (Аллаһ мейіріміне бөлесін) әр жақтан көптеген телеграмма түрінде көңіл айтулар алып жатты.

Жаназа намазы х.б. 1421 жылы 16 шаууаль, бейсенбі күні, аср намазынан кейін Мекке қаласындағы әл-Харам мешітінде оқылды. Намазға бірнеше мыңдаған мұсылмандар қатысты. Шейх Усәймин (Аллаһ оны мейіріміне бөлесін)Меккеде жерленді.

Расында, адамдардың біреуді жақсы көруі – Аллаһ қалағанына беретін үлкен мейірім. Шейхқа деген сүйіспеншілік адамдардың жүректері бір. Пайғамбар (Аллаһ игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде айтқанын екен: «Егер Аллаһ Өз құлын жақсы көрсе, Ол Жәбрейіл періштеге: «Мен мына құлымды жақсы көрдім, сен де оны жақсы көретін бол» дейді. Сонда Жәбрейілде оны жақсы көре бастайды да, басқа аспан мекендеушілеріне (яғни періштелерге) айтады: «Аллаһ мына құлын жақсы көрді, сендер де жақсы көріңдер». Сонда аспан мекендеушілері де оны жақсы көріп, сосын ол құлға жер бетіндегілер де жақсы ниетпен қарай бастайды» (әл-Бухари (3209) және Муслим (2637)). Және біз Аллаһтан, шын ықыласпен Оны шақыра отырып, шейх Усәйминді Өзі жақсы көрген құлдары қатарында қылуын сұраймыз.

Шейх өзінен кейін бес ұл бала қалдырды: Абдуллаһ, Абдуррахман, Ибрахим, Абдуль-Азиз және Абдуррахим. Аллаһ оларға береке беріп, әкелерінің артынан ізгілікте ерушілерден қылсын. Шейх Усәймин өлімінен кейін ислам әлемі және мұсылман үмметі құлшылықта, мәнхәжда, білімге деген сүйіспеншілікте және діндегі бауырларына пайда алып келуде мұсылман ауелгілерін үлгі еткен, ең ірі ғұламалырының және ізгі ерлерінің бірі болған адамды жоғалтты.

Біз Аллаһ тағаладан оны мейіріміне бөлеуін, астынан өзендер аққан Жәннәт бақтарында болуын, мұсылмандарға жасаған еңбегі үшін оған жақсы сауаптар жазуын сұраймыз. Аллаһтан шейхтың орнын ауыстыратын жақсы адамды сұраймыз. Барлық мақтауды Аллаһқа осындай жазымы үшін арнаймыз. Расында, біз Аллаһқа тәнбіз, әрі Оған қайтушыларданбыз! Аллаһ игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мұхаммәдқа, оның отбасына, сахабаларына және барлық Қиямет күнінен дейін артынан ергендеріне болсын

 

Қазақ тіліне орыс тілінен аударған және толықтырулар енгізген: www.kz.islamic.kz сайтының редакциясы

 

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Автор

Админ

Оқы

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Толтырылуға міндетті орындар * белгіленген.

Сіз келесі HTML тегтерді қолданала аласыз. <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>