ОРАЗА ЖӘНЕ ҚҰРБАН
АЙТ НАМАЗДАРЫ
“Саләтул-‘идайн”
Бірінші басылым
Мазмұны
Исламдағы «әл-‘Ид» терминінің анықтамасы.. 3
Ораза айт пен Құрбан айт күндеріндегі құпталатын амалдар ……………………………………..3
Қуаныш пен шаттық таныту. 4
Ғұсыл құйыну. 4
Айт намазына жақсы киімдер киіп шығу. 5
Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу. 5
Айт намазына жаяу бару. 6
Айт намазына имамнан бұрын бару. 6
Айт намазына барған жолдан басқа жолмен қайту. 6
Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға рұқсат етілмегендігі туралы 6
Ораза және Құрбан айт түндерінде намаз орындау туралы.. 6
Мерекелі тәкбірлер туралы.. 7
Ораза айтының тәкбірлері айтылатын уақыт.. 7
Құрбан айтының тәкбірлері айтылатын уақыт.. 8
Мерекелік тәкбірлерді дәл қай кезде айту керек?. 9
Әйелдер мерекелі тәкбірлерді айтады ма?…………………………………………………………………………….9
Мерекелі тәкбірлердің түрлері 9
Мерекелі тәкбірлерді айту әдебі 10
Айт намазымен байланысты үкім-ережелер.. 10
Айт намазының міндеттілігі (уәжіптігі) 10
Айт намазы орындалатын орын. 11
Айт намазының орындалатын уақыты.. 11
Айт намазындағы ракағаттар саны.. 12
Айт намазындағы тәкбірлер саны.. 12
Айт намазындағы тәкбірлер бұл намаздың шарты болып табылмайды.. 13
Тәкбірлердің арасында не айтуға болады?. 13
Тәкбірлерді айтқанда екі қолды көтеру керек пе? 14
Айт намазының тәкбірлеріне қатысты кейбір мәселелер. 14
Айт намазында не оқу керек. 15
Айт намазында азан мен иқама бар ма?. 15
Айт намазына дейін және одан кейін намаз оқылады ма? 16
Айт намазындағы құтпа туралы.. 16
Айт намазынан қалып қалған адамдар оны өтей алады ма?. 17
Айт намазынан кейін бір-бірін құттықтауға рұқсат етілетіндігі туралы 18
Әдебиет. 19
Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз және Мухаммад – Оның құлы әрі Елшісі екеніне куәлік береміз.
Исламдағы «әл-‘Ид» терминінің анықтамасы
Арабтың «әл-‘Ид» сөзі «қайту, оралу» деген мағынаны білдіретін ‘ада, я‘уду, ‘аудан, түбірінен алынған.
Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: “«Әл-‘Ид» - бұл не жыл сайын, не апта сайын, не ай сайын, не т.с.с. қайталануы мүмкін болған адамдар жиналатын уақыт”. Қз.: “әл-Иқтида” 1/441.
Имам Ибн әл-Асир «ән-Нихаяда» Ибн әл-А’рабидің былай дегенін жеткізген: “«Әл-‘Ид» осындай атауға ие болғанының себебі ол жыл сайын өзімен бірге шаттық алып келіп, қайта оралатынында”.
Имам Ибн ‘Абидин былай деген: “«Әл-‘Ид» сөзі осы атауын Аллаһ Тағала оған көптеген игіліктер, яғни Оның құлдарының пайдасына бағытталған игіліктің түр-түрін салғандығы себебімен алды. Бұл игіліктердің арасында: тамақтан тыйылғаннан кейінгі (Ораза айт күні) ауызды ашу мен пітір садақасы, сондай-ақ (Құрбан айт күні) Қағбаны негізгі тауап жасаумен қажылықты аяқтау және құрбан шалынған малдың етінен тарату және басқа да игіліктер. Сондай-ақ бұл күнмен бірге қуаныш пен шаттық қатарласып жүретіні себепті де”.[1] Қз.: “Хашия Ибн ‘Абидин” 2/165.
Ораза айт пен Құрбан айт күндеріндегі құпталатын амалдар
Қуаныш пен шаттық таныту
Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшіп келгенде, оның тұрғындарында екі мерекелі күн болатын. Олар (сол) күндерді ойын-сауықпен өткізетін. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Бұл күндер нені білдіреді?», - деп сұрады. Олар: “Бұл біздің пұтқа табынушылық заманынан бері тойлап келе жатқан ойын-күлкімен өткізетін күндеріміз”, - деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: «Ақиқатында, Аллаһ оларды екі жақсырақ күндермен: Құрбан айт және Ораза айтпен ауыстырды!», - деді”. Абу Дауд 1134, ән-Нәсаи 1556, Ахмад 3/178, ‘Абдур-Раззақ 15566. Хафиз Ибн Хәжар мен шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растады.
Шейх Мухаммад ибн Әдам әл-Асьюби былай деген: “Бұл хадистен шариғат пен дін ережелерінің жеңіл екендігі айқын болады, өйткені Аллаһ Тағала мұсылмандар үшін олар ойнап-күлетін екі мейрамды заңдастырды!” Қз.: “Шарх «Сунан» ән-Нәсаи” 14/153.
Бұл хадисте сондай-ақ кәпірлердің мерекелерін тойлауға тыйым салынғандығына тікелей нұсқау бар. Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Бұл хадистен көпқұдайшылдардың мерекелі күндерінде қуаныш таныту айыпталатыны шығады”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 2/513.
‘Аиша былай баяндайтын: “Бірде менің (бөлмемде) даңғырада ойнап тұрған екі қыз болған кезінде, маған Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп келді. Кейін Абу Бакр кіріп келді де, менен қатал түрде: «Пайғамбардың (үйінде) шайтанның сұрнайы (не істеуде)?!», - деп сұрады.[2] Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған бұрылып: «Қоя сал оларды, я, Абу Бакр, бұл мереке күндері ғой», - деді”. Әл-Бухари 949, 987, Муслим 892.
Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Бұл хадисте айт (мереке) күндерінде отбасыны жүректерге шаттық сыйлайтын және дене құлшылық ауыртпалығынан дамылдайын түрлі нәрселермен қуантудың, ойнатудың заңдылығына нұсқау бар. Әрі, ақиқатында, айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық таныту – діннің рәсімдерінен!” Қз.: “Фатх әл-Бәри” 2/514.
Хафиз Ибн Ражаб былай деген: “Мереке күндерінде найзалармен және қалқандармен ойнау рұқсат етілетініне күмән жоқ, керісінше, бұл тіпті құпталады да. Өйткені осыда салт жүріске үйрену және жиһад үшін жаттығу бар. Исхақ және басқа имамдар ат үстінде доп ойнауға және жай доп ойнауға рұқсат ететін, өйткені бұда да жиһадқа дайындық бар”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 8/422.
Сондай-ақ ‘Аиша да мерекелі күндердің бірінде эфиоптар мешітте найзалармен ойнағанын және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған оларды тамашалауға рұқсат еткенін баяндаған. Ал ‘Умар оларды тоқтатқысы келгенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Қоя сал оларды», - деді. Хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Яһудилер біздің дініміз жеңілдетілген екенін білсін! Ақиқатында, мен бірқұдайшылықтың жеңіл дінімен жіберілгенмін!», - деп қосқан. Ахмад 6/116. Хафиз Ибн Хәжар хадистің иснадын хасан (жақсы) деген. Қз.: “Тә’лиқул-ғариб” 2/43.
Имам әл-Бағауи былай дейтін: “Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш таныту діннің рәсімдеріне жатады! Әрі бұл күндер басқа күндер сияқты емес!” Қз.: “Шархус-Сунна” 4/323.
Айт (мереке) күні ғұсыл алу
Зазан былай деп баяндайтын: “Бірде (бір кісі) ‘Али ибн Абу Талибтен, Аллаһ оған разы болсын, ғұсыл туралы сұрады, әрі ‘Али: «Қаласаң, күнде шомыл», - деп жауап берді. Әлгі кісі: “Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!”, - деді. Сонда ‘Али: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!», - деді”. Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278. Иснады сахих. Қз.: “әл-Ируа” 1/177.
Нәфи’ былай деп баяндайтын: “Ибн ‘Умар әркез Ораза айт күні намаз оқылатын орынға шығудан бұрын ғұсыл алатын”. Мәлик 1/177. Иснады сахих.
Имам Ибн Рушд былай деген: “Ғалымдар екі айт намазына толық ғұсыл құйыну абзал екендігіне бірауызды келіскен”. Қз.: “Бидаятул-мужтаһид” 1/216.
Ғалымдардың көпшілігі ғұсылды таң (фәжр) намазынан кейін айт намазына дейін алу керек деп санаған. Қз.: “әл-Муғни” 3/258, «әл-Мәжму’» 5/16.
Айт намазына жақсы киім киіп шығу
Ибн ‘Аббас былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт күні қызыл плащ киетін”. Әт-Табарани “әл-Әусатта” 2/53. Хадистің иснады хасан. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 1279.
Ибн ‘Умар былай деп баяндайтын: “Бірде ‘Умар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», - деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұндай киімді Ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді», - деп жауап берді”. Әл-Бухари 886, Муслим 2068.
Имам әс-Синди былай деген: “Бұл хадисте олардың (яғни Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны сахабаларының) әдетінде айт күндері киініп-жасану болғанына нұсқау бар”. Қз.: “Хашия ‘алә ән-Нәсаи” 3/181.
Нәфи’ былай деп баяндайтын: “Ибн ‘Умар айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін”. Әл-Бәйһақи 3/281. Хафиз Ибн Ражаб және хафиз Ибн Хәжар иснадының сахихтығын растаған.
Хафиз Ибн Ражаб былай жазған: “Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», - дейтін”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 8/414.
Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу
Әнас былай деп баяндайтын: “Ораза айты күні Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”. Әл-Бухари 953.
Бурайда былай деп баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін”. Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756. Хадистің сахихтығын имам Ибн Хузайма, имам ән-Нәуауи, шейх әл-Әлбани мен шейх Ибн Баз растаған.
Осы хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында: «Әрі Құрбан айт намазына шығудан алдын одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін. Содан соң өзінің құрбандығынан жейтін”, - деп айтылған. Ахмад 23034. Хафиз Ибн әл-Қаттан сахихтығын растаған.
Имам Ахмад былай дейтін: “Құрбан айт күні құрбан шалатын адам тамақ жемейді, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің құрбандығынан жеген. Ал егер адамда құрбандыққа шалатын малы болмаса, онда оның (намазға шығудан бұрын да) тамақ жеуінде дәнеме жоқ”. Қз.: “әл-Муғни” 2/229.
Айт намазына жаяу бару
‘Али ибн Абу Талиб былай дейтін: “Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту Сүннет болып табылады”. Ибн Мәжаһ 1297, әт-Тирмизи 530. Имам Абу ‘Иса әт-Тирмизи мен шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.
Имам Абу ‘Иса әт-Тирмизи былай деген: “Ғалымдардың көпшілігі адамның айт намазына жаяу баруын абзал көреді әрі қажеттілік болмаса, оған салтты (көлікпен) бармау керек деп санайды”. Қз.: әт-Тирмизи “Сунан” 1/428.
Имам Ибн Қудама «әл-Муғниде» имам Ахмадтың: “Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ”.
Айт намазына имамнан бұрын шығу
Язид ибн Абу ‘Убайд былай деп баяндайтын: “Бірде мен Сәләма ибн әл-Акуа’пен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде таң намазын оқыдым, әрі ол шыққан кезде, мен де онымен ілесіп шықтым, (сөйтіп) біз айт намазы орындалатын жерге келдік. Әрі біз отырып, имам шыққанға дейін күттік”. Әл-Фирьяби “Әхкамул-‘идайн” 29. Иснады сахих.
Имам әл-Бағауи былай дейтін: “Таң намазын орындап болған соң отырып, имам (айт) намазына шыққанға дейін тәкбір айту керек”. Қз.: “Шархус-Сунна” 4/302.
Айт намазына бір жолмен бару және одан басқа бір жолмен қайту
Жәбир былай деген: “Айт күні Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын”. Әл-Бухари 986.
Ғалымдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Бұл пікірлердің арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалағаны, немесе екіжүзділерге Исламның күші мен ұлылығын көрсеткісі келгені, немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалағаны деген пікірлер бар. Қз.: “Задул-мә’ад” 1/449 и “Субулюс-Сәләм” 2/435.
Алайда, бұл туралы имам ән-Нәуауи айтқанындай, осы амалдың шынайы себебін ешкім білмесе де, ол мустахаб екеніне күмән жоқ.
Бұл амал тек екі айт намазына ғана қатысты екенін ерекше атап өту керек. Қз.: “Фәтауа Ибн Усаймин” 16/223.
Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салынғандығы туралы
Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». Әл-Бухари 3/280, Муслим 2/577.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Мен сендерге Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым саламын». Абу Я’лә. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 2517.
Имам ән-Нәуауи және шейх Сыддық Хасан Хан былай деген: “Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым салынғанына барлық ғалымдар бірауызды келіскен”. Қз.: “Шарх «Сахих» Муслим” 8/15, “әр-Раудату-ннәдийя” 1/566.
Ораза айт пен Құрбан айт түндерінде орындалатын түнгі намаздар туралы
Кейбір мұсылмандар өте сауапты амал деп санайтын Құрбан және Ораза айт түндерін намаз оқып өткізудің сенімді негізі жоқ. Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларынан мұның заңдылығына нұсқайтын сөзбен де, амалмен де жасалған бірде-бір сенімді нұсқау жоқ.
Ал айт түндерінде намаз оқудың артықшылығына нұсқайтын кейбір хадистерге келер болсақ, олар сенімді емес! Мысалы, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Ораза және Құрбан айт түндерін намаз оқумен өткізсе, соның жүрегі жүректер өлетін күні өлмейді», - деп айтты деген хадис. Осы және осы сияқты хадисті Ибн Мәжаһ 1782, әт-Табарани 1/57 және әл-Бәйһақи 3/319 келтіреді. Бұл хадистің барлық риуаяттары сахих емес, олардың иснадтарында көптеген әлсіз және тәрк етілетін жеткізушілер бар. Олардың арасында: ‘Умар ибн Харун, Ибраһим Мухаммад, Ибн әл-Уәлид, Мәруан ибн Салим. Осы себепті бұл хадистерді имам Ибн ‘Ади, имам ән-Нәуауи, шейхул-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Хәжар, хафиз әл-‘Ирақи, хафиз әл-Бусайри, имам әс-Суюты, шейх әл-Әлбани сынды мухаддистер, сондай-ақ шейх Ибн Баз басқаратын Тұрақты Комитет (әл-Ләжна әд-даима) ғалымдары тәрк етті. Қз.: “әл-Кәмил” 5/372, “әз-Зауаид” 1/549, “әс-Силсилә әд-да’ифа уәл-мәуду’а” 521, 5163, “Фәтауа әл-Ләжна” № 11029.
Мерекелі тәкбірлер туралы
Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулерің үшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» («әл-Бақара» сүресі, 2: 185).
Бұл екі Ораза және Құрбан айт күндерінде белгілі тәкбірлерді айту заңдастырылған. Әрі ғалымдардың арасында мұның мустахаб екеніне келіспеушіліктер жоқ. Бұдан қалса, имам Ибн Хазм Рамазан айының оразасы аяқталатын түнінде тәкбір айту міндетті (уәжіп) деп санаған. Ол былай дейтін: “Ораза айтына қараған түні тәкбір айту уәжіп болады, ал Құрбан айтына қараған түні мустахаб болады. Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулерің үшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар». Рамазан айының оразасы біткен соң тәкбір айту керек!” Қз.: “әл-Мухаллә” 5/89.
Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”. Ибн Абу Шәйба. Иснады сахих. Қз.: “Ируаул-Ғалил” 2/121.
Бұл хабарларда сондай-ақ айт намазына бара жатқанда да тәкбір айту мустахаб екендігіне нұсқау бар.
Ораза айты тәкбірлерінің уақыты
Ғалымдардың арасында Ораза айты тәкбірлерінің уақыты қашан басталатындығы жайында келіспеушіліктер болған. Бір ғалымдар «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулерің үшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» деген аятқа сүйеніп, Ораза айты тәкбірлерінің уақыты оразаның аяқталу түнінде басталады әрі имам айт намазына шыққанға дейін жалғасады деген. Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Дұрыс пікір – Ораза айтының тәкбірлері шәуәлдің айы көрінген сәттен басталып, имам құтпаға шыққанға дейін жалғасатынында”. Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 24/221.
Ал кейбір ғалымдар Ораза айты күніндегі тәкбірлер азанда айт намазына шыққан кезде басталып, имам шыққанға дейін жалғасады деп санаған. Осы орайда олар Ибн ‘Умардың былай деп баяндайтын хабарына сүйенген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірлерді үйінен шыққанда және айт намазы орындалатын жерге жеткенге дейін айтатын”. Әл-Хаким, әл-Бәйһақи. Хадис хасан. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 5004.
Имам әз-Зухри былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рамазан айтында шығып, намаз орындалатын жерге жеткенге дейін тәкбір айтатын, әрі намаз басталғанға дейін оларды айта беретін, ал намаз басталғанда, ол оларды айтуды тоқтататын”. Ибн Абу Шәйба 1/2, әл-Бәйһақи 3/279. Иснады сахих. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 171.
Бірақ бірінші, яғни Ораза айты тәкбірлерінің уақыты Рамазанның оразасы аяқталған түннен басталады деген пікір жақсырақ болып табылады, бұған аяттың айқын мағынасы нұқсайтындай. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірлерді айт намазына бара жатып айтатын деген хадиске келер болсақ, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірлерді түнде айтпады дегенге нұсқау жоқ.
Имам әш-Шәфи’и “Са’ид ибн әл-Мусайиб, ‘Уруа ибн әз-Зубайр, Абу Сәләма мен Абу Бакр ибн ‘Абдур-Рахман Ораза айтына қараған түнде мешітте дауыстап тәкбір айтатынын” жеткізген. Қз.: “әл-Умм” 1/231.
Құрбан айт тәкбірлерінің уақыты
Құрбан айт тәкбірлерінің уақытына қатысты ең дұрыс пікір – тәкбірлер «Арафа күні таң (фәжр) намазынан кейін басталады да, әт-тәшриқтің үшінші күніндегі екінті намазына дейінгі уақытты (қосып) қамтиды» деген пікір, әрі осы Али ибн Абу Талибтен, Ибн Мәс’удтан және Ибн ‘Аббастан жеткізіледі. Ибн Абу Шәйба 1/12, әл-Бәйһақи 3/314, әл-Хаким 1/300.
Мерекелі тәкбірлерді дәл қай уақытта айту керек
Мерекелі тәкбірлерді айту уақытының кірісімен оларды кез-келген уақытта айтуға болады, өйткені оларды айту, көпшілік ойлайтындай, тек парыз намаздарының аяқталуымен ғана байланысты емес! Имам әл-Бухари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн ‘Умар әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де, бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», - деп баяндаған. Әл-Бухари 1/461.
Сондай-ақ имам әл-Бухари Ибн ‘Умар мен Абу Хурайраның зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған. Сол сияқты Мухаммад ибн ‘Али де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған. Әл-Бухари 2/448.
Хафиз Ибн Хәжар мерекелі тәкбірлер туралы сәлафтардан жеткен сөздерге қатысты былай деген: “Бұл хабарлар осы күндерде намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да тәкбір айтудың заңдылығына нұсқайды”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/535.
Сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Умар былай баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фәдл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Алимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін”. Әл-Бәйһақи 3/279. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 4934.
«Ибн ‘Умардың (өзі де), Ораза айт және Құрбан айт күндері айт намаздарына бара жатқанда, намаз орындалатын орынға жеткенінше дауыстап тәкбір айтқан, әрі кейін де имам келгенге дейін (тәкбір айтуды) жалғастырған», - деп хабарланады. Әд-Дарақутни, Ибн Абу Шайба. Иснады сенімді. Қз.: “Ируаул-ғалил” 650.
Имам әш-Шәукани былай деген: “Мерекелі тәкбірлер тек парыз намаздарынан кейін айтылумен шектелмейді. Керісінше, оларды кез-келген уақытта айтқан абзал!” Қз.: “әд-Дурарул-мудыя” 1/195.
Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: “Тәкбірлердің нақты бекітілген бір түрі де, тәкбір айту үшін бекітілген нақты бір уақыт та, немесе олардың нақты бекітілген саны да жоқ. Керісінше, тәкбір айтудың санын намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да көбейте беруге рұқсат етілген! Ал біздің кезімізде адамдардың әдетіне айналған әр парыз намазынан кейін үш реттен, ал нәпіл намазынан кейін бір реттен тәкбір айтуға келер болсақ, бұған сахабалардан жеткен ешқандай нұсқау жоқ!” Қз.: “әр-Раудату-ннәдия” 1/367.
Әйелдер мерекелі тәкбірлерді айтады ма?
Имам әл-Бухари былай деп баяндайтын: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Тәшриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». Әл-Бухари 2/463. Алайда әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.
Мерекелі тәкбірлердің түрлері
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеке өзінен жеткен нақты тәкбір айтудың үлгісіне қатысты бірде-бір сахих хабар жоқ. Алайда тәкбір сөздері сахабалардан сенімді түрде жеткізіледі.
Ибн Мәс’удтың былай дейтіні жеткізілген:
الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله، والله أكبر الله أكبر ولله الحمد
«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы, әрі Аллаһқа мақтау-мадақ!»). Ибн Абу Шәйба 2/2. Шейх әл-Әлбани иснадының сахихтығын растаған.
Ибн Мас’удтың былай дейтіні де жеткізілген:
الله أكبر كبيراً الله أكبر كبيراً الله أكبر وأجلّ ، الله أكبر ولله الحمد
“Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар уә әжәл, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд”. Әл-Мухамили. Иснады сахих. Қз.: “Ируаул-ғалил” 3/126.
Ибн ‘Аббастың былай дейтіні жеткізіледі:
الله أكبر الله أكبر الله أكبر ولله الحمد الله أكبر وأجلّ الله أكبر على ما هدانا
“Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд! Аллаһу Әкбар уә ажәл, Аллаһу Әкбар ‘алә мә һадана!” (мағынасы: «Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Барлық мақтау Аллаһқа тән! Аллаһ Аса Ұлы әрі Жоғары! Аллаһ бізді Хақ Жолға салғаны үшін аса Ұлы»). Әл-Бәйһақи 3/315. Иснады сахих.
Сәлман әл-Фариси былай дейтін: “Тәкбірді былай айтыңдар:
الله أكبر، الله أكبر كبيراً
«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар кәбира»”. Абдур-Раззақ. Хафиз Ибн Хәжар иснадын сахих деген. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.
Мерекелі тәкбірлердің дәл сахабалардан сенімді түрде жеткендеріне тоқталу әрі оларға қандай да бір қосымшалар қоспау керек, өйткені, ақиқатында, әрбір адам үшін сахабалардың жеткізген нәрселері жеткілікті. Хафиз Ибн Хәжар: “Осы кезде мерекелі тәкбірлерге ешқандай негізге ие болмаған қосымшалар енгізілген!”, - дейтін. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.
Бұл сөздер осыдан жеті жүз жыл бұрын айтылған болатын, ал біздің кезіміздегі түрлі қосымшалар мен бұрмалаулар туралы не айтуға болады?!
Мерекелі тәкбірлерді айтудың әдебі
Ғалымдардың арасында тәкбірлерді (барша қосылып) бір дауыспен айтуға қатысты келіспеушіліктер бар. Көптеген қазіргі заманның ғалымдары, солардың ішінде Ибн Баз, шейх Ибн ‘Усаймин және шейх әл-Әлбани, тәкбірлерді бір дауыспен (бірігіп) айту айыпталады деп санаған. Басқа ғалымдар бұда тұрған ешқандай проблема жоқ деп есептеген, тіпті осылай істеу жақсырақ деген. Осы орайда олар “‘Умар, Аллаһ оған разы болсын, Минада болған кезінде, тәкбірлерді шатырында айтатын, әрі мешіттегі (адамдар да) оны естіп, тәкбірлерді айтатын, ал оларға ілесіп, базардағылар да тәкбірлерді айтатын. Әрі олар оны (дауыстап) айтатыны соншалықты – бүкіл Мина тәкбірден сілкінетін!” деген хабарға сүйенеді. Әл-Бухари 1/461.
Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Мұндай сілкінуге тәкбірлерді бір дауыспен қатты айту арқылы қол жеткізіледі ”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 2/461.
Имам әш-Шәукани де осы асар туралы тура осыны айтқан. Қз.: “Нәйлюл-әутар” 3/388.
Бұған қоса, осы хабардың имам әл-Бәйһақи келтіретін риуаятында: “Әрі олар оны сондай айтатын – тіпті бүкіл Мина бір тәкбірден сілкіне түсетін!”, - деп айтылған. Қз.: “Сунан әл-Кубра” 3/312.
Сөйтіп, осы риуаят ‘Умардан жеткен хабарды әртүрлі түсінуді жоққа шығарады, әрі одан олар тәкбірлерді бір дауыспен айтатыны айқын болады.
Сондай-ақ бұл имам Мәлик жеткізген басқа бір хабармен де расталады. Яхъя ибн Са’ид былай деп баяндайтын: “Маған ‘Умар ибн әл-Хаттаб Құрбан айт күні күн шыққан бойдан шыққаны жетті. Ол тәкбір айта бастады және адамдар да онымен бірге тәкбір айта бастады. Әрі екінші және үшінші күні де осылай жалғасты”. Қз.: “әл-Мууатта” 1/404.
Имам әш-Шәфи’и былай дейтін: “Адамдар Ораза айтында тәкбірлерді күн батқаннан кейін жеке-жеке және бірігіп кез-келген жерде имам айт намазын орындау үшін шыққанға дейін айта берулері керек”. Қз.: “әл-Умм” 1/241.
Айт намаздарына қатысты үкім-ережелер
Айт намазының міндеттілігі
Айт намазын орындаудың міндеттілігіне қатысты ғалымдар әртүрлі пікірде болған. Ғалымдардың көпшілігі бұл намазды міндетті деп есептемеген. Олар Аллаһ бес намазды ғана парыз еткені жайында айтылған жалпылама хадистерге сүйенген. Ал Абу Ханифаның пікіріне келер болсақ, ол Айт намазы әрбір мұсылманға міндетті болып саналады деген, сонымен бірге бұл әш-Шәфи`и мен Ахмадтың пікірлерінің бірі болып табылады. Қз: “әл-Инсаф” 2/240, “әс-Сәйлюл-жәрар” 1/315.
Осы пікірдің жақтаушыларының айтуы бойынша, Айт намазын орындау ерлерге де, әйелдерге де міндетті (уәжиб) болып табылады, себебі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазға шығуды баршаға: балалар мен қарт кісілерге де, ерлер мен әйелдерге де - бұйыратын. Ибн `Аббас былай деген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз қыздары мен әйелдеріне екі Айт намазына шығуды бұйыратын». Ахмад 1/231, Ибн Әби Шәйба 2/182. Хадис сахих. Қз.: “әс-Силсилә әс-Сахиха” 2115.
Сондай-ақ Умм `Атыйядан жеткен хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы намазға шығуды барлық, тіпті етеккірі келген әйелдерге де бұйырғаны хабарланады. Ол былай деген: “Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім: «Жас қыздар және шымылдық артында отырған (бойжеткендер), сондай-ақ етеккірі келген әйелдер үйлерінен шығып, игі істерде және мүміндердің Аллаһқа өз дұғаларын айтып жалбарынуларына қатыссын, алайда етеккірі келгендері намаз орнынан алшақтау тұрсын[3]»”. Әл-Бухари 324, Муслим 2/605.
Ибн ‘Аббас: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қыздары мен әйелдеріне екі айт намаздарына шығуды бұйыратын», - деп баяндаған. Ахмад, Ибн Мәжаһ, әт-Табарани. Хадис сахих. «Сахих әл-жәми’» 4888.
Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: “Айт намаздары міндетті (уәжіп) екеніне дәлел - егер айт намазы мен жұма намазы бір күнге түссе, онда жұма намазы міндетті болмайтыны. Ал өз негізінде міндетті болмаған нәрсе еш уақытта міндетті болған бұйрықтың күшін жоя алмайды!” Қз.: “әр-Раудату-ннадийя” 1/142.
Әрі шындығында да, егер Айт намазы тура сондай[4] мәртебеге ие болмағанда, ол жұма намазын орындау міндеттілігінің күшін жоймас еді. Зәйд ибн Арқам былай баяндайтын: “Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазын орындады да, содан кейін жұма намазының уақыты келгенде: «Кім бұл намазды орындағысы келсе, орындасын», - деп айтты”. Абу Дауд, 3/407, Ибн Мәжаһ 1/415. Хадистің сахихтығын Ибн әл-Мәдини, әл-Хаким, имам әз-Зәһаби, хафиз әл-Бусайри, шейх әл-Әлбани, шейх ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут пен Шу’айб әл-Әрнаут растаған. Қз.: “әл-Муғни” 2/385, “Тәлхисул-хабир” 2/178, “Ируаул-ғалил” 2/135.
Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Біз, бұл туралы Абу Ханифа және басқа имамдар айтқандарындай, айт намазы әрбір (мұсылманға) жеке парыз (фардул-‘айн) болып табылады деген қорытындыға келдік. Әрі бұл имам Шәфи`идің де пікірлерінің бірі және имам Ахмад мәзһабының да пікірлерінің бірі. Ал «Айт намазы фардул-кифая[5]» деген сөздерге келсек, олар ақиқат болудан алыс! Ақиқатында, ол Исламның ең ұлы рәсімдерінің бірі, әрі оған жұма күнінен де көбірек адам жиналады, онда тәкбір бекітілген. Ал ол фардул-кифая деген тұжырым дұрыс емес”. Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 23/161.
Имам әш-Шәукани былай деп айтқан: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазын ешқашан қалдырмағанын және адамдарға, тіпті шымылдықтың артында отырған бойжеткен қыздарға, тіпті етеккірі келген әйелдерге намазға шығуды бұйырғанын біл! Әрі орамалы (жулбабы) болмаған әйелдерге оны құрбылары беруге тиіс деп айтатын еді. Мұның барлығы айт намазының мұсылмандар үшін берік бекітілген парыз болып табылатынын дәлелдейді». Қз.: “Сәйлул-жәрар” 1/315.
Шейх `Абдуллаһ әл-Бәссам ғалымдардың айт намазының үкіміне қатысты айтқан пікірлерін атап өтіп, былай деді: “Имам Ахмадтың «Айт намазы әрбір мұсылманға міндетті, әрі оның міндеттілігі аяттан және Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазды әйелдерге де орындауды бұйырғанынан шығып келеді» деген басқа да пікірі бар. Бұл пікірді шейх Тақиюддин (Ибн Тәймия) таңдаған, әрі дұрыс пікір де дәл осы” (Қз.: ”Тәудых әл-әхкам“ 2/388).
Айт намазы орындалатын орын
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес, Айт намазы қаланың немесе ауылдың жанындағы сол үшін арнайы белгіленген ашық жерде орындалады. Бұл төрт мазһабтың барлық имамдарының пікірі болып табылады. Абу Са`ид әл-Худри былай деп айтқан: “Ораза Айт пен Құрбан Айт күндері Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым намаз орындалатын жерге шығатын еді. Әрі оның ең бірінші болып бастайтын нәрсесі намаз болатын; ал ол аяқталған соң ол қатарласып отырған адамдардың алдына тұрып, оларға құтпа айтып, өсиеттері мен әмірлерін беретін”. Әл-Бухари 956.
Имам ибн әл-Хаж әл-Мәлики былай деген: “Екі Айт намаздарын олар үшін арнайы белгіленген жерде орындау бекітілген Сүннет болып табылады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің мешітімде оқылған намаз (Меккедегі) әл-Харам мешітінен басқа кез-келген жерде оқылған мың намаздан да артық», - деп айтқан. Әрі осы ұлы артықшылыққа қарамастан, ол өз мешітін қалдырып, Айт намазы орындалатын жерге шығатын еді“. Қз.: “әл-Мәдхал” 2/283.
Имам әш-Шәфи`и былай деген: “Бізге Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі Айт намаздарын орындау үшін Мәдинаның сыртына шығатыны жеткен. Одан кейін де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), егер бұған жаңбыр немесе тағы бір нәрселер кедергі болмаса, осылай жасалатын еді”. Қз.: “әл-Умм” 1/207.
Имам әл-Бәғауи: “Имам үшін Айт күні Айт намазы орындалатын жерге шығу Сүннет болып табылады. Алайда егер себеппен болса, оларды мешітте де орындауға рұқсат етіледі“, - деді. Қз.: “Шарху-с-Сунна” 4/294.
Имам әл-`Айни: “Айт намазын мешітте емес, ашық жерде орындау қажет. Ал мешітте оны тек қажеттілік болған кезде ғана орындау керек”, - деді (Қз.: “Шархул-Бухари” 6/280).
Айт намазының уақыты
Айт намазының уақыты күн көкжиектен найзаның биіктігіндей болып көтерілген уақыттан кіреді. Яғни намаз оқу құпталмайтын уақыт өтісімен бірден (басталады). Әрі оның уақыты күн тас төбеге көтерілгенге, яғни бесін намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Қз.: «‘Аунул-Мә’буд» 3/486, «Шәрхул-мумти’» 5/156.
Егер Айт намазының уақыты білместікпен жіберіліп алынған болса, онда оны келесі күнге ауыстыру керек. `Умайр ибн Әнас былай деп айтқан: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ансарлардан болған сахабалары былай баяндайтын: «Біз ораза ұстап жүрген кезде, Шәууалдің (оразаның аяқталуын білдіретін) жаңа туған айын көрмедік, сол үшін ертесіне де ораза ұстадық. Сосын кешке қарай атты бір топ келіп, Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кеше айды көргендерін хабарлады. Сонда Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны тоқтатып, келесі күні Айт намазына шығуды әмір етті»”. Абу Дәуд 1/198, Ибн Мәжаһ 1/217. Хадистің сенімділігін имам Исхақ ибн Раһауайһ, Ибн әл-Мунзир, имам әл-Бәйһақи, имам әл-Хаттаби, хафиз Ибн әс-Сакан және имам ән-Нәуауи растаған.
Имам әш-Шәфи`и: “Егер Айт намазы өз уақыты кірместен бұрын орындалып койған болса, онда оны қайта оқу керек”, - деді. Қз.: “әл-Умм” 1/386.
Ғалымдардың көпшілігі Ораза Айт намазын кішкене кейінге ілгерілетіп, ал Құрбан Айт намазын ертерек бастау керек деп есептеген. Қз.: “Ниһая әл-мухтаж” 2/396, “Хашия Ибн ‘Абидин” 2/171.
Хафиз ибн Ражаб былай деген: «Ораза Айт намазын кейінге ілгерілетудің даналығы мұсылмандар әл-Фитр зекетін асықпай кедейлерге беріп үлгеруінде. Ал Құрбан Айт намазын орындауға деген асығудың мәні адамдар құрбандықтарын ертерек шалып, одардан тезірек дәм татуында». Қз: “Фатхул-Бәри” 8/461.
Айт намазының ракағаттар саны
`Умар ибн әл-Хаттаб былай деген: “Жұма намазы екі ракағаттан тұрады, Құрбан Айт намазы екі ракағаттан тұрады, Ораза Айт намазы екі ракағаттан тұрады және жолаушы адамның намазы да екі ракағаттан тұрады. Әрі бұл - осы туралы Пайғамбарларыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тілімен айтылған, осы намаздардың қысқартылған емес, толық ракағаттарының саны!”. Ахмад 1/37, ән-Нәсаи 1420. Имам Ибн Хузайма және шейх әл-Әлбани хадистің сенімділігін растаған.
Айт намазындағы тәкбірлердің саны
`Абдуллаһ ибн `Амрдан (жеткен хадисте) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Ораза Айт намазындағы (бірінші ракағатта) тәкбірлердің саны – жеті, ал екіншісінде – бес, әрі сүрелерді солардан кейін оқу керек». Ахмад 2/180, Абу Дәуд 1151, Ибн Мәжаһ 1278.
Айт намазындағы тәкбірлердің саны жөнінде жеткен ең сенімді (хадис) – осы. Бұл хадистің сенімділігі жайында имам Ахмад, имам Ибн әл-Мәдини, имам әл-Бухари, имам әт-Тирмизи, хафиз әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани айтқан. Қз.: “әт-Талхыйс” 144.
Сондай-ақ бұл `Айшаның былай деп баяндаған хадисімен күшейеді: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт және Құрбан Айт намаздарында бірінші ракағатта жеті тәкбір, ал екіншісінде бес тәкбір айтатын”. Абу Дәуд 1149, әл-Хаким 1/299. Хадис сахих. Қараңыз: “Ируаул-ғалил” 639.
Қасим Абу `Абдур-Рахман былай деген: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір сахабалары маған: «Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен бірге Айт намазын орындаған кезінде, төрт-төрт тәкбірден жасады», - деп баяндаған”. Әт-Тахауи 4/245. Имам әт-Тахауи және шейх әл-Әлбани хадистің иснадын жақсы (хасан) деп атаған. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 2997.
Ибн Мәс`уд Айт намазындағы тәкбірлер туралы былай дейтін: “Алдымен төрт тәкбір жасап, сосын Құран оқу керек. Содан кейін тәкбір жасап, рукуғқа бару керек. Екінші ракағатта әуелі Құран оқып, содан соң төрт тәкбір жасау қажет”. ‘Абдур-Раззақ 5687. Сенімділігін имам Ибн Хазм және хафиз Ибн Хәжар растаған. Қз: “әд-Дирая” 1/220.
Ал Ибн `Аббас: “Кім қаласа, (Айт намазында) жеті тәкбір жасасын, ал кім қаласа тоғыз, он бір немесе он үш тәкбір жасасын”, - деді. Әт-Тахауи 2/401. Шейх әл-Әлбани иснадын сенімді деген.
Имам Ахмад: “Сахабалар Айт намазындағы тәкбірлердің саны жөнінде әртүрлі пікірде болған, бірақ осы үлгілердің барлығы рұқсат етілген”, - деп айтқан. Қз.: «әл-Фуру’» 2/139.
Дәл осыны шейх Ибн `Усаймин де айтқан. Қз.: «Шархул-мумти’» 5/179.
Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірінші ракағатта жеті, ал екіншісінде бес тәкбір жасағаны айтылған алғашқы түрі ең жақсы нұсқа болып табылады. Имам әл-Бәғауи былай деп айтқан: “Сахабалардың ішіндегі көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша, Айт намазында бірінші ракағатта, тәкбир әл-Ихрамды (намазға кірерде жасалытын тәкбірді) санамағанда, жеті тәкбір, ал екінші ракағатта, орыннан тұрарда айтылатын тәкбірді есептемегенде, бес тәкбір жасалады. Әрі олар сүрелер оқылудан бұрын айтылуы керек. Бұл Абу Бәкрден, `Умардан және `Алиден, Аллаһ оларға разы болсын, жеткен”. Қз.: “Шарху-с-Сунна” 4/309.
Айт намазындағы тәкбірлер оның шарты болып саналмайды
Егер имам Айт намазында әдейілеп болсын, не ұмытшақтықпен болсын, тәкбірлерді айтпаса, бұл намазды бұзбайды. Имам Ибн Қудама: “Мен бұл мәселеде келіспеушіліктер білмеймін”, - деген. Яғни тәкбірлерді қалдыру намазды бұзбайды деген мәселеде.
Бұдан қалса, ғалымдардың арасында «Егер имам Айт намазында тәкбір жасауды ұмытса, сәһу сәждесін істеу керек пе?» деген мәселеде келіспеушліктер болған. Біреулері оны істеудің қажеті жоқ десе, басқалары сәһу сәждесін істеу керектігін айтқан. Қз.: «әл-Фуру’» 2/140, “әд-Дурарул-мудыя” 1/196.
Алайда Айт намазында тәкбір жасауды ұмытқан адам сәһу сәждесін жасағаны абзалырақ болады.
Тәкбірлердің арасында не айтуға болады?
Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол тәкбірлер арасында бір нәрсе айтқаны жайлы ештеңе жетпеген, алайда Ибн Мәс`удтың Айт намазындағы тәкбірлер жайында былай дегені жеткізіледі: “Әр екі тәкбір арасында Аллаһқа мақтау мен пәктеу айтылады”. Әл-Бәйһақи 3/291. Сенімділігін хафиз әс-Сәһауи мен шейх әл-Әлбани растаған.
Тәкбірлерді айту кезінде екі қолды көтеру керек пе?
Айт намаздарында әрбір тәкбір айтқан сайын екі қолды көтеру туралы айтар болсақ, онда бұл жөнінде Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқандай нұсқау жоқ.
Ал енді `Умардың жаназа намазында да, Айт намазында да әр тәкбір сайын екі қолын көтергені туралы айтылған хабарларға келер болсақ, онда ол хабарды келтірген имам әл-Бәйһақи: “Оның иснады үзілген”, - деп айтқан. Қз.: “Сунан әл-кубра” 2/293.
Сондай-ақ кейбір имамдардың айтуы бойынша, осы тәкбірлерді айтқанда Ибн `Умар екі қолын көтерген. Ибн әл-Қайим былай деді: “Ибн `Умар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәлме-дәл ілесетініне қарамастан, ол бәрібір тәкбірлерде екі қолын көтерген” (Қз: “Зәдул-мә’ад” 1/441).
Алайда шейх әл-Әлбани былай деген: “Ибн `Умардан жеткен бұл хабарға келсек, онда мен оны әзірше таба алмадым”. Қз: “Тәмамул-минна” 349.
Имам Мәлик: “Айт намазындағы біріншісі (тәкбірден) басқа тәкбірде екі қол көтерілмейді”, - деп айтқан. Қз: “әл-Мудаууана” 1/169.
Алайда Мәликтен жеткен тағы бір хабарда екі қолды көтеруге ешқандай нұсқау келмегеніне қарамастан, оның бұған рұқсат бергені айтылады. Уәлид ибн Муслим былай деді: “Мен Мәликтен (Айт намазындағы тәкбірлерді айтқанда) қолдарды көтеру жайында сұрадым, сонда ол: «Иә, әр тәкбір сайын екі қолыңды көтере бер, бірақ мен бұл туралы ештеңе естігенім жоқ», - деп жауап берді” (Қз.: “Әхкамул-`идайн” 137).
Дегенмен, бұл істің жасау абзал екендігі жайында анық дәлелдің жоқтығы себепті, оны істемеген жақсырақ болады.
Айт намазындағы тәкбірлерге байланысты кейбір мәселелер
Имам Ибн Муфлих былай деді: “Егер имам жасалған тәкбірлердің санында күмәнданып қалса, онда азына (яғни сенімді болған санына) сүйенсін”. Қз.: «әл-Мубди’» 2/185.
Имам ән-Нәуауи былай деген: “Ал имамнан басқа біреу (яғни имамның артында ұйып тұрғандар) туралы айтар болсақ, онда олар үшін бұл тәкбірлерді іштей айту Сүннет болып табылады”. Қз.: «әл-Мәжму’» 3/295.
Айт намазында қандай сүрелер оқылады
`Умардың бірде Абу Уәқид әл-Ләйсиден Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза және Құрбан Айт намаздарында не оқығаны туралы сұрағаны жеткізіледі. Сонда ол: “Ол «Қаф. Ұлы Құранмен ант!» («Қаф») және «Сағат жақындады да, ай қақ бөлінді» («әл-Қамар») деген сүрелерді оқыды”, - деп айтты. Муслим 1477.
Ну`ман ибн Бәшир былай баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намаздары мен жұма намаздарында «Аса Жоғары Раббыңның есімін пәкте!» («әл-Ә`ла») және «Саған Қаптаушы (күннің) хабары жетті ме?» («әл-Ғашия») деген сүрелерді оқыған”. Муслим 1452.
Имам Ибн әл-Мунзир: “Имам таңдау құқығына ие, әрі егер қаласа, екі айт намаздарында «Қаф» және «Сағат жақындады» сүрелерін, немесе «Аса Жоғары Раббыңның есімін пәкте!» және «Саған Қаптаушы (күннің) хабары жетті ме?» сүрелерін оқиды. Бірақ егер имам «әл-Фатиха» сүресін және одан кейін аталғандардан басқа кез-келген сүрені оқыса да, бұл жеткілікті болады”, - деп айтқан. Қз.: “әл-Әусат” 4/284.
Айт намазының азаны мен иқамасы бар ма?
Айт намаздарында азан да, иқама да, жалпы қандай болсын шақыру да жоқ. Ибн `Аббас пен Жәбир былай деген: “Айт намазының имам шықанға дейін де, шыққаннан кейін де азаны жоқ. Азаны да, иқамасы да, қандай болсын шақыруы да жоқ”. Әл-Бухари 2/451, Муслим 2/604.
Хафиз Ибн Ражаб былай деді: “Екі Айт намазына азан мен иқама айту дінге енгізілген жаңалық (бидғат) екенінде ғалымдар бірауыздан келіскен”. Қз.: “Фатхул-Бәри” 8/447.
Айт намазының алдында немесе одан кейін оқылатын намаздар бар ма?
Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол Айт намазынан бұрын немесе кейін қандай да бір намаз орындады деген ешқандай сенімді хабар жетпеген. Ибн `Аббас былай деп баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт намазын оқыды да, оған дейін де, одан кейін де ешқандай намаз оқымады”. Әл-Бухари 945, 1364, Муслим 884.
Имам Ахмад: “Айт намазынан бұрын да, кейін де ешқандай бекітілген намаз жоқ!”, - деді. Қз.: “Мәсаилюл-имам Ахмад” 469.
Сонымен, біз Айт намазына келіп отырмастан бұрын, екі ракағат оқитын адамдардың Сүннетке қайшы келіп жатқанын көреміз. Алайда егер Айт намазы мешітте орындалатын болса, онда мешіттің белгілі намазы бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Егер сендерден біреулерің мешітке кірсе, екі ракағат оқымастан бұрын отырмасын». Әл-Бухари 444, Муслим 714.
Абу Са`ид әл-Худри былай деген: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намазына дейін ешқандай намаз оқымайтын, бірақ үйіне қайтқан соң, ол екі ракағат оқитын еді”. Ибн Мәжаһ 1/1293. Хафиз Ибн Хәжар, әл-Бусайри және шейх әл-Әлбани хадистің иснадын жақсы деп атаған.
Хафиз Ибн Хәжар мен имам әс-Сән`ани осы хадис пен одан алдын айтылған хадистерді біріктіріп, бірінші айтылған хадистерде Айт намазы орындалатын жер туралы сөз болып жатқанын, өйткені ол жерде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намазынан алдын да, кейін де ешқандай намаз оқымағанын, ал Абу Са`идтің хадисінде Айт намазынан кейін екі ракағат намазды үйде оқу туралы сөз болып жатқанын айтқан. Қз.: “әт-Тәлхис” 144, “Субулю-с-Сәләм” 2/123).
Айт намазындағы құтпа туралы
Жұма құтпасынан ерекше, Айт құтпасы намаздан кейін айтылады. Ибн ‘Аббас былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһтың Елшісімен, Абу Бакрмен, ‘Умармен және ‘Усманмен бірге айт намаздарын орындайтынмын, әрі олардың барлығы намазды құтпаға дейін орындайтын”. Әл-Бухари 962, Муслим 884.
Алайда жұма құтпасынан айырықша, Айт құтпасын тыңдау міндетті болып табылмайды. ‘Абдуллаһ ибн Сәиб былай деп баяндайтын: “Мен Аллаһ Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындалған Айт намазына қатысқанмын, әрі ол намаздан кейін: «Расында, біз қазір құтпа оқимыз; кім қалғысы келсе, отырсын, ал кім кеткісі келсе, кете берсін», - деп айтты”. Абу Дауд 1155, ән-Нәсаи 1570, Ибн Хузайма 462. Хадистің сахихтығын имам әл-Хаким, әз-Заһаби, Ибн Хузайма, әл-Әлбани растаған.
Имам әс-Сән’ани былай деген: “Екі айт намазындағы құтпа міндетті еместігі туралы бірауызды пікір (ижма’) жеткізіледі”. Қз.: “Субулю-с-Сәләм” 2/490.
Имам әш-Шәукани былай деген: “Мен осы құтпа міндетті деп айтқан ешкімді білмеймін!” Қз.: “Нәйлюл-әутар” 3/377.
Егер адамның шұғыл істері болмаса, онда оның құтпаға да қатысқаны жақсырақ болады.
Ибн әл-Қайим былай деген: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің әрбір құтпасын Аллаһты мадақтаудан бастайтын[6], және оның екі Айт құтпасын тәкбірлермен бастағаны туралы бірде-бір сенімді хадис жеткізілмеген”. Қз.: “Задул-мә’ад” 1/447.
Ал Ибн Мәжаһ келтірген, онда Айт құтпасы кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көп тәкбір айтатыны туралы хабарланатын хадиске келер болсақ, ол сенімді емес. Қз.: “Ируаул-ғалил” 647.
Сол сияқты Айт құтпасын жұма құтпасындай ортасында отырып екіге бөлуге де ешқандай нұсқау келмеген. Абу Са‘ид әл-Худри: “Ораза Айт пен Құрбан Айт күндері Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым намаз орындалатын жерге шығатын еді. Әрі оның ең бірінші болып бастайтын нәрсесі намаз еді; ал ол аяқталған соң ол қатарласып отырған адамдардың алдына тұрып, оларға құтпа айтып, өсиеттері мен әмірлерін беретін”, - деп баяндаған. Әл-Бухари 956.
Абу Са’ид құтпаны бөлу туралы еш нәрсе айтпады, әрі егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құтпаны оның арасында отырыс жасаумен бөлгенде, ол бұл туралы міндетті түрде хабарлайтын еді. Қз.: “Ахтау-ммусаллин” 410 және “Сахих фиқһу-с-Сунна” 1/607.
Имам әс-Сан’ани бұл хадиске түсіндірме жасап, былай деген: “Онда Айт құтпасы заңдастырылғанына және ол бұйрықтар мен насихаттарды қамтитын жұма құтпасы сияқты екеніне нұсқау бар. Әрі бұл хадисте Айт құтпасы олардың арасында имам жұма құтпасындағыдай отырып алатын екі бөліктен тұрады дегенге нұсқау жоқ. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндайды істегені бекітілмеген, ал адамдар мұны жұма намазына қияс жасап істейтін болды”. Қз.: “Субулюс-Сәләм” 2/140.
Ал әл-Бәззар келтіретін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айт намазында екі құтпа жасап, олардың арасын отырыспен бөлетіні туралы айтылған хадиске келер болсақ, бұл туралы хафиз Ибн Хәжар, хафиз әл-Бусайри, шейх әл-Әлбани т.б айтқандарындай, ол сенімді емес. Қз.: “әт-Тәлхыс әл-хабир” 2/86, “Кәшфул-әстар” 1/315, “әс-Силсилә әд-да’ифа” 12/635.
Сондай-ақ Ибн Мәс’удқа таңылатын “Айт күні екі құтпа айтып, олардың арасын отырыспен бөлу Сүннет болып табылады” деген сөздер де бар. Имам ән-Нәуауи бұл хабар туралы: “Ол әлсіз! Айт құтпасы туралы сенімді түрде жеткен еш нәрсе жоқ, бұда тек жұма құтпасымен қияс болған”. Қз.: “Хуласатул-әхкам” 2/838.
Айт намазынан қалып қалған адамдар оны өтеуіне болады ма?
Ибн Мәс’уд былай дейтін: “Кім имаммен бірге орындалатын Айт намазынан қалып қалса, төрт ракағат (намаз) орындасын”. Са’ид ибн Мәнсур. Сенімділігін хафиз Ибн Ражаб пен хафиз Ибн Хәжар растаған.
Алайда Әнастан ол Айт намазынан қалып қалған кезде өзінің азат еткен құлы - Ибн Абу ‘Утайбаға намаз оқитын орын дайындауды бұйырғаны, кейін өз отбасы мүшелерін жинап, олармен бірге қала тұрғындары орындайтын сияқты айт намазын тәкбірлерімен қоса орындағаны жеткізіледі. Әл-Бухари 1/241.
Хафиз Ибн Ражаб былай деген: “Ахмад Ибн Мәс’уд пен Әнастың пікірлерін біріктіріп, егер айт намазынан қалып қойғандар намазды жамағат болып оқыса, онда олар оны имам сияқты орындайды, мұны Әнас жасағандай. Ал егер Айт намазынан қалып алған адам жалғыз болып намаз орындаса, онда ол, Ибн Мәс’уд айтқандай, оны төрт ракағат оқиды деген”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 9/78.
Айт намазынан кейін бір-бірін құттықтауға рұқсат етілгендігі туралы
Жубайр ибн Нәфир: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары айт күні бір-бірімен кездескенде, бір-біріне: «Аллаһ бізден де, сіздерден де қабыл етсін», - деп айтатын”, - деп бандайтын. Әт-Табарани 22/52. Хафиз Ибн Хәжар және имам әс-Суюты иснадын хасан деген. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/517.
تَقَبَّلَ اللهُ مِنَّا وَمِنْكُمْ
“Тақаббалә-Ллаһу минна уә минкум”.
Мухаммад ибн Зияд былай баяндайтын: “Мен Абу Умама әл-Бахилимен және басқа сахабалармен бірге болғанмын, олар айт намазынан қайтып бара жатып, бір-біріне: «Аллаһ біздерден де, сіздерден де қабыл етсін!», - дейтін”. Әл-Бәйһақи “Сунан әл-кубрада” 3/320. Имам Ахмад, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбани иснадын хасан деген.
Әдхам: “Біз екі Айт мерекесі күндерінде Умар ибн Абдул-Азизге: «Тақаббалә-Ллаһу минна уә минк, я, мүміндердің әмірі!», - дейтінбіз, әрі ол тура солай жауап беретін және мұны сөкпейтін”, - деп баяндайтын. Әл-Бәйһақи. Қз.: имам әс-Суюты “әл-Хауи” 1/112.
‘Али ибн Сабит былай деп баяндайтын: “Бірде мен имам Мәликке адамдардың Айт күндерінде айтатын «Тақаббалә-Ллаһу минна уә минк» деген сөздері туралы сұрағанымда, ол: «Бұл іс бізде үнемі болатын, әрі мен бұда ешқандай жаман нәрсе көріп тұрған жоқпын!», - деп жауап берген”. Имам Ибн Хиббан “әс-Сиқат” 9/90.
Сондай-ақ имам Ахмадтың айт күнгі құттықтау туралы: «Сахабалар осылай істейтін әрі бұл туралы ғалымдар айтқан», - дейтін. Қз.: “әл-Инсаф” 5/381.
Құттықтаудың түріне қатысты сәлафтардан жеткен нұсқа (белгілі бір) бекітілген нұсқада, нақты айтқанда: «Тақаббалә-Ллаһу минна уә минк», - деп келуі бұл құттықтау түрін басқаға ауыстыруға болмайтындығын көрсетеді.
Ал кең таралған: «Куллю ‘ам уә әнтум би хайр», «Ид мубарак» т.с.с. құтықтауларға келер болсақ, мұндай құттықтаулар, бұл туралы шейх әл-Әлбани айтқандай, ешбір сахабадан және олардың ізбасарларынан (таби’ун) жетпеген әрі Исламда бұған негіз жоқ. Тыңдаңыз: “Силсиләтул-һуда уә-ннур” 52.
Әрі (сөзіміздің) соңында біз әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақтар айтамыз!
Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және оларға ілескендердің барлығына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!
Әдебиет
1. «Фәтхул-Бәри шарх «Сахих» әл-Бухари» Ибн Рәжаб әл-Ханбали.
2. «Фәтхул-Бәри би шарх «Сахих» әл-Бухари» Ибн Хәжар әл-‘Асқаләни.
3. «Шарх «Сахих» Муслим» Яхъя ибн Шараф ән-Науауи.
4. «Фәйдул-Қадир шарх «әл-Жәми’ әс-сағир»» ‘Абдур-Рауф әл-Мунауи.
5. «‘Аунул-Ма’буд шарх «Сунан» Аби Дауд» Абу ат-Тайиб Шамсул-Хакқ ‘Азым Абади.
6. «Шарх «Сунан» ән-Нәсәи» Мухаммад ибн Адам әл-Асьюби.
7. «Шарх «әл-Мууатта» ли имам Малик» Уалид ибн Сайф ан-Наср.
8. «Силсиләтул-әхадис әс-сахиха» Мухаммад Насыруддин әл-Әлбани.
9. «Сахих «әл-Жәми’ әс-сағир»» Мухаммад Насыруддин әл-Әлбани.
10. «Ируа әл-ғалил фи тахридж ахадис Манар сабил» Мухаммад Насыруддин әл-Әлбани.
11. «Саләтул-‘идайн фи мусалля хие әс-Сунна» Мухаммад Насыруддин әл-Әлбани.
12. «Тамамул-минна фи-тта’лиқ ‘аля Фиқһ әс-Сунна» Мухаммад Насыруддин әл-Әлбани.
13. «Субулю-Ссалям шарх «Булюғ әл-марам»» Мухаммад ибн Амир ас-Сан’ани.
14. «Нәйлюл-әутар шарх «Мунтақ әл-әхбар»» Мухаммад аш-Шәукәни.
15. «Маусу’атул-фиқһиятил-муяссара» Хусайн әл-‘Ауаиша.
16. «Бағятул-мутатауи’ фи саляти-ттатауу’» Мухаммад ибн ‘Умар Базмул.
17. «Ахтау мусаллин» Мәшхур ибн Хасан Али Сәлман.
18. «Әл-Уәжиз фи фиқһи-Ссунна уәл-Китабил-‘Азиз» ‘Абдул-‘Азым ибн Бадауи.
19. «Сахих «Фиқһу-Сунна»» Абу Малик Камәл ибн Сайд Салим.
20. «Тамамул-минна фи фиқһил-Китаб уә сахихи-с-Сунна» ‘Адил ибн Юсуф әл-‘Аззази.
[1] Исламда Ид (Айт) деп тек шариғат бекіткен күндер ғана аталады, ал бұл тек ‘Ид әл-Фитр, ‘Ид әл-Адха, ‘Арафа күні, әт-Тәшриқтің үш күні (яғни зул-хижа айының 11, 12, 13 күндері) және әр жұма күні. Бұл күндер Ид (Айт) болып табылатынына сенімді хадистер нұсқайды. Ал басқа мерекелерге келер болсақ, олардың Исламда ешқандай негізі жоқ! Қз.: “Фатауа Ибн ‘Усаймин” 2/302 және шейх Салих әс-Сухайми “Шарх «әл-Усул әс-сәләса»” № 2.
[2] Абу Бакрдің бұл әрекеті сахабалар музыкалық аспаптарды өз негізінде тыйым салынған (харам) деп санағандығына нұсқайды. Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Бакрдің даңғыраны «шайтанның сұрнайы» деп атағанын сөкпеді. Алайда Абу Бакр сол кезде Айт күні әйелдерге даңғырада ойнауға рұқсат етілгенін, әрі бұл жалпы тыйымнан ерекшелеу екенін білмеген болатын. Қз.: “Тәлбису Иблис” 239, “Мәдарижу-сcаликин” 1/493, “әл-Айят әл-бәйинат” 46-47.
[3] Сөз мұндай әйелдерге айт намазы орындалатын жерде басқа әйелдердің жанында тұруға тыйым салынғандығы туралы емес, намаздан тыйылу туралы болуда, бұған имам Муслимнің «Алайда етеккірі келіп жатқандар намаз орындамасын» деген риуаяты нұқсайтындай. Муслим 2093. Сондай-ақ Ибн Ражабтың “Фатхул-Бәри” 9/58 еңбегін қараңыз.
[4] Яғни жұма намаздай міндетті мәртебеге. – Аудармашыдан.
[5] Фардул-кифая – мұсылмандардың бір тобы орындаса, қалғандарының мойындарынан түсетін міндеттілік.
[6] Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір құтпасының басында айтатын Хутбатул-хаж туралы сөз болуда.
Қазақ тіліне орыс тілінен аударған «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы
Оставить комментарий