Quickribbon

РАББЫҢ КІМ? (немесе қабірде қойылатын ең алғашқы сұрақ)

Махмуд Әбдурразик

Бірінші басылым

Кіріспе

Бұл кітапша Құранда Аллаһ уәде еткен мәңгілік бақыт пен ләззәт орны болған Жәннәттан үміті бар, сондай-ақ,  қабір азабынан, мәңгілік азап болған Тозақтан «аман болсам» деген әрбір кісіге арналған. Мұнда, Пайғамбарымыз  сахих хадисте хабар бергендей, әрбір кісіге қабірде қойылатын үш сұрақтың алғашқысы: «Раббың кім?» деген сұрақтың қысқаша жауабы айтылады. Бұл кітаптың түпнұсқасы сұрақ-жауап түрінде берілмеген. Ал біз оны сұрақ-жауап ретінде беруіміздің себебі есте тез сақталуын, түсінуге жеңіл болуын қаладық. Осы кітаптағы мәселелерді түсінген кісі, діннің ең ұлы негіздерін үйреніп шығады. Аллаһ Құранда көптеген аяттарда құлшылықты дәлелге негізделіп жасауды, кім не айтса да, дәлел талап етуді бұйырған.

WORD форматымен жүктеп алу (DOC)

«Егер сөздерің рас болса,  дәлел келтіріңдер!» – де» . (әл-Бәқара; 111)

«Сендердің қосқан ортақтарыңнан (серіктеріңнен) қалайша қорқамын? Сендер ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа ортақ қосудан қорықпайсыңдар. Ибраһимның еліне берген дәлеліміз осы». (әл-Әнғам; 81-83).

«Аллаһқа ақиқатты ғана айтуға міндеттімін. Сендерге Раббыларыңнан ашық дәлел әкелдім», – де». (әл-Әғраф; 105).

«(Әй, адамдар!) Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге (Құранға) ілесіңдер. Одан басқаны дос тұтып ілеспеңдер. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар!» (әл-Әғраф; 3).

Осы аяттарға амал етіп, әрбір сұраққа Құраннан және тек сахих хадистен дәлел келтіруге тырыстық. Дәлел дегеніміз екі ғана нәрсе: «Аллаһ айтты:…» және «Пайғамбар айтты:…». Атамыз қазақта «Жаман айтпай – жақсы жоқ!» деген ұлағатты сөз бар, өлім ешкімге рұқсат сұрап келмейді. Осындай өзін Жаратушысымен, дінімен дұрыс (Пайғамбарымыздың  және оның сахабаларының сүннетіне сай), таныстыратын кітаптарды оқып-біліп және сол білгеніне сәйкес амал жасап жүрген кісі, аяқ астында өлімге душар бола қалса, қабірде сұрақ жауап жасайтын Мункәр және Нәкир атты періштелердің сұрағына дұрыс жауап беріп, өзін жан түршігерлік азаптан сақтаудың себебін жасайды.

Құрметті мұсылман бауырлар! Ақыретті ұзақ, алыс деп, Шайтанның азғыруына еріп, немқұрайдылыққа салынудан сақтанайық. Аллаһ Тағала Құранда: «Қиямет сағаты кірпік қаққандай (жақын), тіпті одан да жақынырақ» – дейді. (ән-Нәхл; 77). Пайғамбарымыз сахих хадистерде хабар беріп кеткен Қияметтің қаншама кіші белгілеріне өзіміз куә болудамыз. Міне-міне Қиямет есігі ашылғалы тұрған уақытта өмір сүріп жатқанымызды ескере отырып, Раббымызмен жолығуға үлкен дайындық қылсақ, Аллаһ қаласа, қорлықтан құтылып, бақилық бақытқа қол жеткізерміз. Аллаһ бүкіл әлемдегі мұсылмандардың ауыртпалықтарын жеңілдетіп, барша мұсылмандарға таусылмайтын хидаят, пайдалы   ғылым, шынайы ықылас, адал ризық, Өзінің алдында қабыл болатын салиқалы амалдар, ізгі ұрпақ және ең қайырлы өлім нәсіп етсін! Сондай-ақ,  елімізді де «Егер ол өлкенің елі иман келтіріп, сақтанса, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік» (әл-Әғраф; 96) деген аяттағы уәде еткенін берген жұртынан қылсын!

Аудармашыдан

1-сұрақ: Біз Раббымызды қалай танимыз?

Жауап:

Әрбір саланы зерттейтін өз ғылымы бар. Мысалы, медицина ғылымы арқылы денсаулыққа пайдалы не зиянды нәрселерді, аурулар мен олардың емін білеміз. Химия ғылымы арқылы әртүрлі органикалық, минералдық, сұйық, қатты, газ және тағы да басқа заттардың құрамдарын, олардың қоспаларынан не нәрсе алуға болатындығын үйренеміз. Осы тәрізді әрбір нәрсені зерттейтін ғылымы арқылы сол затты танимыз. Діндегі фикх ғылымы арқылы көзге көрінетін амалдарды: намазды, оразаны, қажылықты қалай орындау керектігін, сондай-ақ, халал мен харамды оқып үйренеміз. Ал Раббымыз Аллаһты таухид (бірқұдайшылық) ғылымы арқылы танимыз. Бұл ғылымның кәлимасы «лә илаһа иллаллаһ» деген кәлима. Таухид деген сөз арабтың «жалғыз ету» деген сөзінен шыққан. Бұл термин кейіннен пайда болған сөз емес, ол Пайғамбарымыздан  және оның сахабаларынан келе жатқан термин. Бұған дәлел – Абдуллаһ ибн Аббәс риуаят еткен хадисте, пайғамбарымыз  Муаз ибн Жәбәлды Йеменге жіберіп, оған: «Сенің ең бірінші шақыратын нәрсең -  «лә иләһә илләЛлаһ» («Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ») болсын», – деген. Ал басқа риуаятта: «Таухидке шақыр», – деген (Бухари, Муслим).

Сондай-ақ, «Жындар мен адамдарды тек Өзіме ғана құлшылық қылулары үшін жараттым» (әз-Зарият; 56) деген аяттағы «лияғбудун» («құлшылық қылулары») деген сөзді, ұлы ғалым сахаба Абдуллаһ ибн Абб»с «лиуаххидун», яғни «өзімді жалғыз (таухид) ету үшін» деп тәпсір еткен. Демек, бұл сөз Пайғамбарымыз  бен оның сахабаларынан келген сөз екен. Осы «лә иләһә илләЛлаһ» («Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ»)  деген кәлиманы оқып-үйреніп, оған иман келтіріп, сол бойынша өмір сүрумен ғана кісі мұсылман болады. Сондықтан ғылымдардың ішіндегі ең ұлы ғылым – бізді Раббымызбен таныстыратын таухид ғылымы.

 

2-сұрақ: Мұсылмандарға намаз, зекет, ораза, қажылық қашан парыз қылынды?

Жауап:

Пайғамбарымыз  40 жасқа келгенде, оған Аллаһтан ең алғаш уахи түсіп, пайғамбарлық келді. Пайғамбарлықтың 10-шы жылы, яғни пайғамбарымызға  50 жас толғанда, Миғраж (Исра) уақиғасында Аллаһ бұл үмметке намазды парыз қылды. Бұл туралы Құранда Ол: «Құлын (Мухаммадты) бір түні өзіне белгілерін көрсетуіміз үшін, Мәсжид Харамнан, біз айналасын мүбәрак қылған Мәсжид Ақсаға апарған Аллаһ әр түрлі кемшіліктерден пәк», – деген.

Ал, «Исра» хадисі деп аталатын Миғраж уақиғасына қатысты хадистер жинағында: Пайғамбарымыз  денесімен, сергек жағдайда Бураққа мінгізіліп, Жәбрейілмен бірге Меккедегі Мәсжидуль Харамнан Қуддустағы Мәсжидуль Ақсаға алып барылды. Ол жерде пайғамбарларға имам болып намаз оқыды. Бурақты мешіттің есігіне байлады. Содан кейін сол түні Бәйтуль Мақдистен бірінші аспанға көтерілді. Жәбрейіл пайғамбарымыз  үшін аспан қақпасының ашылуын сұрады. Олар үшін қақпа ашылды. Ол жерде адамзаттың атасы Адамды көрді…

Онда тіпті шахидтердің  Жәннәттағы орны болған Сидратул Мунтақада болды (Сидратун-жеміс ағашы. Кейбір ғалымдар, әрбір ғалымның ілімінің шекарасын, біткен жерін сидратул-мунтақа дейді, одан кейінгісін Аллаһ тағаладан басқа ешкім білмейді). Аллаһ Тағала Пайғамбарымызды  Өзі қалаған нығметтерімен құрметтеді және тікелей сөйлесті. Аллаһ Тағала Пайғамбарымызды  бұрын ешкім көтерілмеген деңгейге көтерді. Ол кісімен Аллаһ Тағаланың Өзі жасырын сөйлесті. Жәннат және Тозақтың жағдайларын көрсетті. Уахи қылған нәрселерін түсірді. Шариғат заңдарына күнделікті бес уақыт намазды енгізді.

Хижраның 2-ші жылы зекет пен ораза парыз етілді. Ал  хижраның 9-шы жылы қажылық парыз етілді.

 

3-cұрақ: Пайғамбарымыз намаз, зекет, ораза және қажылық парыз болғанға дейін адамдарды не нәрсеге және қанша жыл шақырды?

Жауап:

Пайғамбарымыздың  өмір тарихынан белгілі болғандай, намаз парыз болғанға дейін Пайғамбарымыз   таухидке, яғни  «лә иләһә илләЛлаһ» калимасына шақырды.  Бұл калиманың мағынасы: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ» дегенді білдіреді. «Иләһ» сөзінің араб тіліндегі мағынасы: «Оған ғана құрметпен және махаббатпен құлшылық қылынатын Зат» деген сөз. Сондықтан бұл сөзді «Аллаһтан басқа Жаратушы, Ризық беруші жоқ» деп, немесе «Аллаһтан басқа Құдай жоқ» деп аудару  - дұрыс емес. Өйткені, құрайыш мушриктері (көпқұдайшылдар) Аллаһтың бар екендігін, Жаратушы екендігін, ризық  Беруші екендігін білген және  осыған иман келтірген.

Пайғамбарымыз да,  оның сахабалары да намаз парыз болғанға дейін елін, халқын таухидке шақырумен,  яғни «лә иләһә илләЛлаһ» куәлігіне сәйкес қалай өмір сүру керектігін және оның мағынасын түсіндірумен айналысқан. Біреулер Пайғамбармыз  таухидке 10 жыл бойы шақырды дейді, алайда бұл дұрыс емес, Пайғамбарымыз   пайғамбарлық келгеннен бастап, дүниеден өткенге дейін таухидке шақырды. Намаз парыз болғанға дейін тек таухидке шақырса, намаз, зекет, ораза, қажылық парыз болған кезде, таухидпен қатар Исламның осы рүкіндеріне (тіректеріне) де шақырған. Тіпті Пайғамбарымыз  өзінің ең соңғы сөзінде де таухидке шақырып дүниеден өтті. Бұған дәлел – Ибн Исхақтың мына жеткізгені: «Салих ибн Қайсан маған әз-Зуһридың Убәйдуллаһ ибн Абдаллаһтың сөзінен естігенін жеткізген. Оған Айша анамыз былай депті: «Аллаһтың Елшісінің қара плащы бар еді, ол (ең соңғы) қатты ауырған кезде плащымен бүркеніп, бетін жауып, анда-санда ашып жататын. Сөйтіп жатып: «Өз Пайғамбарларының қабірлерін табынатын орындарына айналдырған халықтарды қарғыс атсын!»деді. Онысы өз халқын одан аулақ болуға шақырғаны еді», - деді. (Бухари, 425).

 

4-сұрақ: Дінге шақыруды (дағуатты) неден бастау керек?

Жауап:

Біз бүкіл ғибадат-құлшылықтарымызды Пайғамбарымыздан  және оның сахабаларынан үйренеміз. Басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару да  - құлшылық (ғибадат). Демек, мұны да Пайғамбарымыздан  үйренеміз. Абдуллаһ ибн Аббас риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз  Муаз ибн Жәбәлды Йеменге жіберіп тұрып: «Сенің ең бірінші шақыратының  – «лә иләһә илләЛлаһ» болсын» деген. Ал басқа риуаятта: «Таухидке шақыр», - деген (Бухари, Муслим). Бұл хадистен дағуатты Аллаһтың бірлігіне, тек жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық қылуға шақырудан бастау және Аллаһтан басқа құлшылық қылынатын барлық нәрседен қайтару – Сүннет екенін түсінеміз. Пайғамбарымыздың  тарихына қарасақ, ол құрайыш мушриктеріне дағуатты «намаз оқыңдар, ораза тұтыңдар» деп бастамаған, «тек бір Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар» деп, таухидке (бірқұдайшылыққа) шақырудан бастаған.

 

5-сұрақ: Таухид (бірқұдайшылық) ғылымын оқып үйренудің артықшылығы неде?

Жауап:

Бұл жерде бірнеше артықшылығын айта кеткен жөн:

1) Жәннәтқа кіру, яғни Жәннәтқа тек бірқұдайшыл  (муаххид), Аллаһқа ешкімді де, еш нәрсені де ортақ етпейтін (ширк етпейтін) адамдар ғана кіреді.

Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Расында Мариям ұлы Мәсихты Аллаһ дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй, Израил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. (Ол) Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаһқа серік қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді. Оның орны – Тозақ оты. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдемші жоқ». (әл-Мәидә; 72)

Ъитбән ибн Мәлик риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз  былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кім Аллаһтың дидарын (жүзін) қалап, шын жүрегімен сеніп, «лә иләһә илләЛлаһ» (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ) деп айтса, Аллаһ оған Тозақты харам етеді». (Бухари, Муслим).

2) Тозақтан құтылу.

Бұған да дәлел болып Аллаһ Тағаланың: «Расында Мариям ұлы Мәсихты Аллаһ дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй, Израил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. (Ол) Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаһқа серік қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді. Оның орны – Тозақ оты. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдемші жоқ», - деген сөздері табылады. (әл-Мәидә; 72)

Әнәс ибн Мәлик деген сахаба риуаят еткен ұзын хадисте Пайғамбарымыз  былай деді: «Қиямет күні болғанда адамдар қатты толқиды. Кейін барлығы жиналып Адам Пайғамбарға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) барады да: «Раббыңның алдында бізге шапағат ет!» – деп өтінеді. Сонда Адам өзінің шапағат ете алмайтынын айтып: «Ибраһимге (оған Аллаһтың сәлемі болсын) барыңдар, расында ол Аллаһтың халилі (сүйіктісі)», – дейді. Кейін адамдар Ибраһимге келеді, сонда ол да шапағат ете алмайтынын айтып: «Сендер Мусаға барыңдар, ақиқатында Аллаһ онымен тікелей сөйлескен», – дейді. Муса да өз кезегінде шапағат ете алмайтынын айтып, адамдарға: «Исаға барыңдар, шынында ол – Аллаһтан болған рух», – дейді. Иса да шапағат жасаудан бас тартып: «Сендер Мухаммадқа барыңдар», – деп маған жібереді. Сонда олар маған келгенде: «Мен сендерге шапағат етемін», – деп айтамын да, Аршының астына келіп, Ұлы да, Құдіретті Раббыма иіліп сәжде қылып, шапағат етуге рұқсат сұраймын. Содан соң Аллаһ Тағала мені шабыттандырып, бұрын ешкімге ашпаған, Өзіне ғана арналып айтылатын тамаша мадақ сөздерді маған ашады». Сонда маған: «Ей Мухаммад! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» – делінеді. Сонда мен: «Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім!» – деп айтамын. Кейін маған: «Кімнің жүрегінде тарының дәніндей иманы болса, соларды Тозақтан шығар!» – делінеді. Мен барып солай істеймін. Сосын тағы да Раббыма сәжде жасап, мадақ айтамын. Сол кезде маған тағы да: «Ей Мухаммад! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» – дейді. Мен сол кезде: «Ия  Раббым! Менің үмметім! «Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім!» – деймін. Сол уақытта маған: «Кімнің жүрегінде шаңның тозаңындай иманы болса, соларды Тозақтан шығар!» – делінеді. Мен барып тағы солай істеймін». («Сахих» әл-Бухари)

Әнәс ибн Маликтің басқа риуаятындағы осы хадистің жалғасында Пайғамбарымыз   сөзінжалғастырып былай деді: «Кейін мен тағы да Раббыма сәжде жасап, мадақ айтамын». Маған тағы да: «Ей Мухаммад! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» – делінеді. Мен: «Ия Раббым! Маған «Лә иләһа илләЛлаһ» деп айтқан адамдарға шапағат етуге рұқсат бер», – дегенімде, Аллаһ субханә уа Тағалә былай дейді: «Өзімнің Пәктігіммен, Ұлылығыммен, Әзиздігіммен ант етемін! Мен «Лә иләһа илләЛлаһ» деп айтқандарды міндетті түрде Тозақтан шығарамын». («Сахих» Бухари).

3) Күнәлардың кешірілуі.

Аллаһ Тағала Құранда бір күнәні ешкімге кешірмейтінін айтты, ол – ширк, яғни Аллаһқа ғана арналатын құлшылықты тағы немесе басқа біреуге арнау, мысалы, Аллаһтан басқадан, немесе Аллаһпен бірге тағы біреулерден сұрап-тілеу (ұл-қыз бер, жолымды аш, денсаулық бер деген сияқты) Аллаһтан өзгеге, немесе Аллаһпен бірге тағы біреуге арнап құрбандық сою, Аллаһты жақсы көргендей өзгені жақсы көру, қорқу, үміт ету,  және т.б.

Дәлел: «Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосылуды (ширкті) кешірмейді де, бұдан өзге күнәларды қалағанына кешіреді. Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ (серік) қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды». (ән-Ниса; 48)

4) Таухидті білу және ұстану – ең ұлық амал болып есептеледі.

Дәлел: «(Мухаммад) көрмейсің бе? Аллаһ қандай мысал берді: көркем сөз («Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ») – тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді». (Ибраһим; 24)

Пайғамбарымыздың  хадисінде: «Бірде бір кісі келіп, Пайғамбарымыздан : «Ия, Аллаһтың Елшісі, дүниедегі ең жақсы амал қайсы?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз : «Аллаһ пен Оның елшісіне иман келтіру», - деп жауап берді». (Нәсәи 5000).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз  былай деді: «Мен және маған дейінгі Пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы сөз әрі ең жақсы дұға: «Лә иләһә илләллаһу, уәхдәһу ләә шәрикә ләһу, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ъәлә кулли шәииң қодир» («Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты құдай жоқ, Ол жалғыз, Оның серігі жоқ,  барлық мүлік және барлық мақтау Оныкі және Оның құдреті барлық нәрсеге жетеді»). («Сахих әл-жәмиъ» 5585,  Ас-Суюти).

5) Кім шын ықыласпен сенімді түрде «Ләә иләһә илләЛлаһ» деп айтса, бұл сөз оның амал таразысында ең ауыр сөз болмақ.

Құрандағы ең ұлы аят – «Аятул-Курси». Аллаһ осы ұлы аяттың басын «Аллаһу лә иләһә иллә һуәл хайуль, қойум», – деп, таухид кәлимасымен бастаған.

Әбу Саъид әл-Худри риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп айтқаны жеткізіледі: «Муса Пайғамбар: «Ия Раббым, маған Сені еске алатын, сол арқылы Саған дұға жасайтын ең жақсы сөзді  үйрет», – деп сұрады. Аллаһ оған: «Ей Муса, «Ләә иләһә илләЛлаһ!» – деп айт!» - деді. Муса: «Ия, Раббым, мұны құлдарыңның барлығы айтады ғой», – деді. Сонда Аллаһ оған: «Егер жеті қат аспан мен жеті қат жер және оның тұрғындары таразының бір табағына қойылса, ал «Ләә иләһә илләЛлаһ» сөзі таразының екінші табағына қойылса,  «ләә иләһә илләЛлаһ»  басып кетеді», - деді». (Ибн Хиббән, Хаким хадисті сахих деген, Заһәби мұнымен келіскен).

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас риуаят еткен өзге бір хадисте Пайғамбарымыз  былай дегені жеткізіледі: «Аллаһ Қиямет күні бүкіл адамдардың алдында үмметімнен бір кісінің 99 кітабын ашады. Әрбір кітабы көз жететін жерге дейін жететіндей ұзын болады. Сосын оған: «Сен осы кітаптардан бір нәрсені жоққа шығара аласың ба? Немесе Менің жазушы періштелерім саған зұлымдық қылды ма?» - деп айтылады. Сонда ол басын төмен салып: «Жоқ, ия Раббым», – дейді. Одан: «Сенің бір сауапты амалың бар ма?» - деп сұрайды. Ол сасып, тағы да: «Жоқ», – деп жауап береді. Сонда Аллаһ: «Сенің Менің құзырымда бір сауапты ісің бар. Саған бүгін зұлымдық жасалмайды!» – деп айтады және оған бір парақ беріледі. Ол парақта «Ләә иләһә илләЛлаһ» деген калима жазылған болады. Аллаһ: «Сол парақты алып келіңдер!» - деп бұйырғанда, әлгі адам: «Осынша кітаптардың арасында бұл парақ не болады?» – дейді. Сонда Аллаһ: «Саған зұлымдық жасалмайды!» - дейді. Сол парақты таразының бір жағына, ал кітаптарды екінші жағына қойғанда, кітаптар ұшып кетеді, ал парақ ауыр басады», - делінген.

6) Аллаһ Тағала бұл дүниені таухид үшін жаратты

Дәлел: «Жындар мен адамзатты Өзіме ғана құлшылық қылулары үшін жараттым». ( әз-Зарият; 56)

Осы аятта бұл дүние емес, тек жындар мен адамдар туралы айтылған ғой делінсе, оған бұл аятты мына басқа аят түсіндіріп береді деп жауап беріледі: «Ол сондай Аллаһ, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Содан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді». (әл-Бәқара; 29)

7) Аллаһ Тағала барша пайғамбарлар мен елшілерді тек таухидті жеткізу  үшін ғана жіберді, басқа себеппен жібермеді.

Дәлел: «Расында әр үмметке: «Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар да, тағуттардан аулақ болыңдар!» – дейтін елшілер жібердік. Олардың (үмметтердің) кейбіреулерін Аллаһ оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзін кезіңдер де, жасынға шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер». (ән-Нәхл; 36);

«(Мухаммад) сенен бұрын бір Пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар!» – деп қана уахи етіп жібердік». (Әнбия; 25);

«Расында Нухты еліне елші етіп жібердік. Сонда ол: «Әй, елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Шәксіз мен сендерге келетін ұлы күннің азабынан қорқамын!», – деді». (әл-Әғраф; 59)

Осы Әғраф сүресінің 65-ші аятында Аллаһ Тағала  Һұд Пайғамбарды Ғад еліне, 73-ші аятында Салих Пайғамбарды Сәмуд еліне, 85-аятында Шұғайып Пайғамбарды Мәдиян еліне тура осы Нух Пайғамбарды жіберген сөзімен жібергендігін бізге баян етеді.

Сахих хадисте Пайғамбарымыздың : «Мен адамдар: «Ләә иләһә илләЛлаһ уә Мухаммад ғәбдуһу уә расулуһ (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайық Құдай жоқ және Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі)», – деп куәлік бергенге дейін олармен күресуге бұйырылдым», - дегені жеткізіледі. (Бухари)

Таухид біздің амалдарымыздың Аллаһтың алдында қабыл болуының ең үлкен себебі болып табылады.

Дәлел: «Аллаһтың нұсқауы осы. Құлдарынан кімді қаласа тура жолға салады. Егер олар Оған ортақ (серік) қосса (ширк жасаса) еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді». (әл-Әнғам; 88);

«Юнусты есіңе ал. Сол уақытта ашуланып кетіп қалды да, біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде, мен өзіне-өзі зұлымдық жасаушылардан болдым», – деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз». (Әнбия 87-88)

9) Аллаһ муаххидтың (таухидты ұстанған бірқұдайшыл адамның) дұғасына жауап береді.

Дәлел: «Расында Аллаһ тек тақуалардан қабыл етеді». (әл-Мәида; 27)

Сахих түрде жеткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп баяндаған: «Бірде үш кісі сапарда келе жатып, тынығу үшін бір үңгірге кіреді. Сол кезде жер сілкініп, әлгі таудағы үңгірдің аузы (таспен) бөгеліп  қалады. Әлгі адамдар: «Енді шынайы ниетпен және ықыласпен істеген істеріміз болса ғана, солар көмек болып, осы тұтқыннан шығуымыз мүмкін», – дейді. Сонда біреуі тұрып: «Уа, Аллаһ! Мен ата-анамды жұбайым мен бала-шағамнан да артық жақсы көруші едім. Бірде мен табыс тауып келуге шығып, үйге кеш оралдым. Ішке кірсем, олар мені күтіп, тамақтарын да жемей ұйықтап қалыпты. Мен қолыма ыдыс алып, оған сүт құйдым да, олар оянғанша ұйқыларын бұзбай, күтіп отырдым. Мен өз бала-шағама да еш нәрсе таттырғаным жоқ. Өйткені, ата-анам (тамақтанбай) мені тосып отырды ғой. Таң атқан соң мен сүтті әуелі ата-анама, одан кейін балаларыма бердім. Уа, Аллаһ! Шын ықыласыммен істеген осы істеріме разы болған болсаң, бізді мұнда қалдыра көрме», - деді.

Сол кезде үңгірдің аузын бөгеп тастаған үлкен тас аздап қозғалып, үңгірдің ауызын азғантай ашты, бірақ одан шығатындай мүмкіндік болмайды.

Сонда екіншісі тұрып былай дейді: «Уә, Аллаһ! Менің бір туысқанымның қызы бар еді. Мен ол қызды өте қатты ұнаттым. Мен онымен көңілдес болғым келді, бірақ ол келіспеді. Біраз уақыт өткен соң ол маған келіп, қарызға ақша сұрады. Мен онымен жақындасуға келісіп, 200 динар бердім. Сөйтіп, үстіне шыға бергенімде, ол қыз: «Аллаһтан қорық! Егер шын жақсы көрсең, шариғат жолымен некемізді қидыр да, жақында», – деді. Осы сөзден кейін мен ештеңе жасамай, ақшамды тастадым да, кетіп қалдым. Уа, Аллаһ! Егер осы ісім Сен үшін болған болса, бізді мына қапастан шығара көр», – деді.

Сонда үңгірдің аузы тағы да аздап ашыла түсті. Дегенмен әлі де сыртқа шығуға мүмкіндік болмайды.

Сол уақытта үшіншісі тұрып: «Уа, Аллаһ! Бірде мен, бір жұмысқа жұмысшылар жалдадым. Шаруаны бітірген соң, барлығына ақыларын беріп едім, бірақ араларындағы біреуі ақшасын алмай кетіп қалды. Ол ақшаға мен мал сатып алдым, ал ол мал біраз көбейді. Бір күні баяғы ақысын алмай кеткен кісі келіп, ақысын сұрады. Мен оған: «Сенің ақшаңа мал алып едім, содан мыналар көбейді», – деп, сиырлар мен қойларды көрсеттім. «Міне осының барлығы – сенікі», – дедім. Ал, әлгі кісі: «Мені мазақ қылмай, ақымды бер», – деді. Сонда мен мұның мазақ емес екенін, малдың барлығы оған тиісті екенін түсіндірдім. Сөйтіп, жұмысшы мен көрсеткен малдың барлығын айдап әкетті. Уа, Аллаһ! Осы ісім Сенің ризашылығың үшін орындалған болса, бізді мына үңгірден шығара көр», - деп жалбарынды. Сол сәтте үңгірдің аузы ашылып, үш жолаушы сапарларын жалғастырды». (Бухари 2102).

10) Аллаһ таухид арқылы Өзінің муаххид (бірқұдайшыл) құлдарын қайғы-қасірет пен қиындықтардан құтқарады.

Дәлел: «Юнусты есіңе ал. Сол уақытта ашуланып кетіп қалды да, біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде, мен өзіне-өзі зұлымдық жасаушылардан болдым», – деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз». (Әнбия 87-88)

Сол сияқты Ибраһим мен оның әйелі Сара туралы хадисте, Перғауын Сара анамызды зорламақ болып қолын созған кезде  кезде Сара анамыз: «Уа, Аллаһ, егер мен Саған Сен талап қылғандай иман келтірген әрі Пайғамбарыңа ерген және тәнімді тек өз күйеуім үшін сақтаған болсам, онда мені мына залым патшаның зұлымдығынан құтқар», – деп дұға еткенде, Перғауынның қолы семіп қалады. Сонда Перғауын: «Аллаһқа мені босатсын деп дұға ет, мен саған ешнәрсе істемеймін», – дейді (Муслим).

Ал Әбу Яғләның «Муснәд» кітабында келген басқа риуаятта, Перғауын: «Сен құлшылық қылатын Раббыңа дұға ет, мені босатсын», - деген. Аллаһ Сара анамызды Перғауынның зұлымынан  ұлылықпен құтқарды.

 

6-сұрақ: Аллаһтың алдында амалдардың қабыл болуының шарттары қандай?

Жауап:

Кез-келген амалдың Аллаһтың алдында қабыл болуының шарты екеу: ықыласты болуы және Сүннетке сай болуы.

Дәлел: «Шынында мен де сендер сияқты адаммын. Маған тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі уахи етілуде. Сондай-ақ, кім Раббысына жолығуды үміт етсе, сонда ізгі (салиқалы) іс істеп, Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді ортақ (серік) етпесін», – де». (әл-Кәһф; 110)

Бұл аятта айтылған уахи екі түрлі болады:  Құран және Сүннет.

Сүннеттің де уахи екендігіне дәлел: «Батып бара жатқан жұлдыздарға серт. Жолдастарың (Мухаммад) адаспады да, ауытқымады. Ол өз ойынан сөйлемейді. Айтқандары – көкейіне салынған уахи ғана. Оған оны өте күшті (Жебірейіл) үйретті». (ән-Нәжм; 1-5)

Ибн Касир осы аятта екі шарт айтылған деп тәпсірлеген. Бұл аяттағы салиқалы амал дегеніміз – тек Сүннетке сәйкес жасалынған амал дегенді білдіреді, оған дәлел: Үш адам келіп, Айша анамыздан Пайғамбарымыздың  амалдары туралы сұрады. Оларға Пайғамбарымыздың  құлшылықтарын, амалдарын баяндап  бергенде, олар бұл амалдарды азсынып: «Пайғамбарымыздың алдыңғы және кейінгі күнәләрі кешіріліп қойылған», - деді де, біріншісі: «Мен енді бұдан былай күндіз тамақ жемеймін, күнде ораза ұстаймын», - деді. Екіншісі: «Мен бұдан кейін түндерімде ұйықтамай, таң атқанға дейін намаз оқимын», - деді. Ал үшіншісі: «Мен әйелдерден ұзақ болып, үйленбеймін», – деді. Мұны естіген Пайғамбарымыз   оларды мақтап: «Мә шә Аллаһ, тақуа екенсіңдер, жақсы амал қылайын деп жатыр екенсіңдер!» - деді ме? Жоқ, керісінше, ол ашуланып, жамағаттың алдына шығып: «Бір кісілер былай-былай деп айтыпты. Мен сендердің іштеріңдегі ең ілімді әрі ең тақуаларыңмын. Алайда, мен ораза да ұстаймын – тамақ та жеймін, намаз да оқимын әрі ұйықтаймын да және мен әйелдерге үйленемін. Осы – менің Сүннетім! Кім менің Сүннетімнен бас тартса, ол менен емес!» - деді.  (Бухари 4776, Муслим 3469).

Ораза тұту, намаз оқу, үйлену дінімізде бар нәрселер болса да, Пайғамбарымыз  оларды өз ойларынан шығарған тәсілдерімен орындаушыларды «менен емес» деді. Не үшін? Олардың амалдары Сүннетке сай болмағандығы үшін.

Айша анамыздан имам Бухари, имам Муслим, имам Әбу Дауд және имам Ибн Мәжаһ риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз  былай деді:

«Егер кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінімізге) қатысты болмаған (дәлелі болмаған) жаңалық (бидъат) енгізсе, ол қабыл етілмейді».

Бұл хадисте Сүннетті мықты ұстанып, бидъаттың барлық түрінен аулақ болу керектігі туралы айтылған. Өйткені бидғат істеуші адам істің бидғат екенін біліп істесе, амалы қабыл етілмегенімен қоймай, зор күнә табады. Себебі – дәлел жеткеннен кейін Пайғамбардың Сүннетін тастап, оған қарсы шығу – ширктен кейінгі ең үлкен күн болып табылады. Бидъаттың барлық түрі – Тозаққа апаратын нәрсе, себебі Пайғамбарымыз : «Бидъаттың – барлығы адасушылық, ал адасушылықтың барлығы – Тозақта!» - деген. (Тирмизи).

Тағы бір сахих хадисте Пайғамбарымыз: «Маған Құран және сол тәрізді нәрсе берілді»,деген. («Сахих әл-жәмиъ» әс-Суюти).

Амалдардың ықыласты болу қажеттілігіне дәлел: «Оларға ғибадатты тек Аллаһқа арнап, шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері әмір етілген. Міне осы – тұп-тура дін». (әл-Бәйинә; 5);

«Намазым, құлшылығым, өмірім және өлімім бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһ үшін», – де». (әл-Әнғам; 162);

Омар ибн Хаттаб риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздың  былай деп айтқаны жеткізілген: «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниет арқылы (бағаланады) және, расында, кім нені ниет етсе, оған сол (тиесілі) болады». (Бухари);

 

7-сұрақ: Мүшріктердің (көпқұдайшылдардың) Пайғамбарымыз Мухаммадқа қойған «Раббың кім?» деген сұрағына оның берген жауабы қандай болды?

Жауап:

Мүшріктер Пайғамбарымызға  осы сұрақты қойғанда, Аллаһ «Ыхлас» сүресін уахи етті: (Мухаммад) оларға айт: «Ол Аллаһ – Жалғыз. Аллаһ –Мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихлас; 1-4)

 

8-сұрақ: Аллаһ несімен жалғыз?

Жауап:

Аллаһ үш нәрседе бүкіл жаратылыстардан ерекше, жалғыз. Ол таухид, таухид әр-рубубияда, таухид әл-улухияда, таухид әл әсмаи уәс-сифатта жалғыз.

9-сұрақ: Таухид әр-рубубия дегеніміз не?

Жауап:

Бұл Аллаһты істерінде жалғыздау. Рубубия сөзі «Рабб» сөзінен шыққан, оның бірнеше мағынасы бар, оны бір ғана сөзбен аудару мүмкін емес. «Рабб» – жаратушы, ризық беруші, басқарушы, тәрбиелеуші, өлтіруші, тірілтуші, зиян беріп, жақсылықты тосушы, жақсылық беріп, зиянды тосушы, ауыру жіберуші, шипа беруші және т.б. Міне осы істерінде Оның ешбір ортағы, серігі жоқ. Бұл айтылғандарға ақылдан жұрдай атеистен басқа бүкіл адамзат келіседі, атеистер де жалпы мұны іштей мойындайды, бірақ тілімен мойындағысы келмей, «табиғат» деген секілді басқа сөздерді қолданады.

Таухид әр-рубубияға Құранда дәлел өте көп, мысалы:

«Күдіксіз, Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Содан кейін аршыға көтерілген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және Күн мен Айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте Жоғары Аллаһ – бүкіл әлемдердің Раббысы». (әл-Әғраф; 54);

«Әй, адам баласы! Сондай сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар, әрине сақтанған боларсыңдар». (әл-Бәқара; 21) Бұл аят, сондай-ақ, таухид улухияға да дәлел болады.

Бір кісі: «Аллаһ бар, Ол – Жаратушы, Ризық беруші», – деп, таухид рубубияны мойындаса да, бірақ өзіне дәлел жеткеннен кейін таухид улухияны мойындамаса, мұсылман болып саналмайды. Себебі, құрайыш мушриктері де Аллаһтың жалғыз Жаратушы, Ризық беруші екенін мойындаған. Аллаһ Құранда былай дейді:

«Егер олардан: «Көктер мен жерді жаратқан кім?» – деп сұрасаң, әлбетте: «Аллаһ!» – дейді». (Лұқман; 25)

Және: «Егер білсеңдер, жер жүзі және жер бетіндегілер кімге тиісті?» – де. Олар бірден: «Аллаһқа!» – дейді» (әл-Муминун; 84-85)

Құрайыш мушриктері Аллаһтың – Жаратушы, әлемдердің Патшасы екендігін мойындаса да, Аллаһ оларды нәжіс деп атап, оларды ешқашан кешірмейтінін, Тозаққа кіргізетінін және олардың құлшылықтарын қабыл етпейтінін айтты. Бұл туралы Құранда былай айтылған: «Әй иман келтіргендер! Дау жоқ мушриктер – нәжіс. Сондықтан, биылдан кейін Мәсжид Харамға жоламасын». (әт-Тәубә; 28);

«Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосылуды кешірмейді, бұдан басқа күнәләрды қалаған кісісіне кешіреді». (ән-Ниса; 48);

«Өйткені, кім Аллаһқа ортақ қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді», (Мәидә; 72);

«Егер олар ортақ қосса еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді». (әл-Әнғам; 88).

Сондықтан Аллаһтың бар екенін, Жаратушы екенін мойындау  жеткіліксіз. Исламға кірудің шекарасы – «Ләә иләһә илләЛлаһ, Мухаммадур расулуллаһ» («Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ және Мухаммад – Аллаһтың Елшісі») деген кәлиманың мағынасы мен шарттарын біліп, оны тілмен айту, жүрекпен бекіту және оны растайтын амалдар жасау, яғни таухид улухияны ұстану.

10-сұрақ: Таухид әл-улухия дегеніміз не?

Жауап:

Аллаһты құлшылық етуде жалғыздау. Құлшылық дегеніміз – Аллаһ жақсы көретін және разы болатын ашық және жасырын амалдар мен сөздер. Ашық амалдар – фиқх, шариғат амалдары, мысалы: намаз, ораза, зекет, хаж, дағуат, жихад, құрбан шалу және т.б. сияқты. Жасырын амалдар: ниет, ихлас, қалау, дәмету, Аллаһ үшін жақсы көріп, жек көру, үміт ету, қорқу, тәуекел ету т.б. «Аллаһ» деген атау араб тілінің «илаһ» деген сөзінің алдына алиф пен ләм әріптерін жалғау арқылы шыққан. Ал «иләһ» деген сөздің араб тіліндегі мағынасы: «Тек Оған ғана құрметпен және махаббатпен құлшылық қылынатын Зат» дегенді білдіреді.

Аллаһ Тағала: «Әй, адам баласы! Сондай сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар, әрине сақтанған боларсыңдар. Ол сондай Аллаһ сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктерден ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаһқа серік қоспаңдар», - деді. (әл-Бәқара; 21-22) Ибн Касир осы аяттың тәпсірінде: «Осыларды жаратқан Зат ғана құлшылыққа лайықты», – дейді.

«Тәңірлерің – бір-ақ тәңір. Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Ол аса Қамқор ерекше Мейірімді». (әл-Бәқара; 163)

«Шын мәнінде мешіттер Аллаһқа ғана тән. Ендеше Аллаһпен қатар ешкімнен еш нәрсе тілемеңдер». (әл-Жин; 18)

Бұл аятта Аллаһ Өзінен басқа ешкімнен еш нәрсе тілемеуді бұйырады, тіпті ол ең ұлы періште, немесе Пайғамбар, әулие, жын болса да. Сондықтан, біз күн сайын намаздарымызда бірнеше рет «йякә нәғбуду уә йякә нәстәғин («тек Саған ғана құлшылық қыламыз әрі тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз)» деп айтамыз. Демек бала беру, денсаулық беру, ауруларға шипа беру, жолды ашу, бақытты ету, бәледен сақтау, жақсылықты келтіріп, жамандықты кетіру сияқты нәрсенің барлығы тек бір Аллаһтың қолында. Ендеше, осы нәрселерді өлген адамдардан сұрап жүрген кісілер «Аллаһқа иман келтірдім» деген сөздерінде шыншыл ма? Өлген адамдар кім болмасын, олардан дұға етіп, тілеуге, сұрауға болмайды, тіпті Пайғамбарымыз өзінің қабіріне келіп, өзіне дұға жасауға қатты тиым салып кетті. Бұған дәлел: Пайғамбарымыз : «Өз Пайғамбарларының қабірлерін құлшылық жасайтын орындарға айналдырған халықтарды қарғыс атсын!» – деді. (Бухари 425)

Аллаһ Құранда өлілердің естімейтіндігін, олардан дұға тілеу – Аллаһқа серік қосу екендігін айтты:

«Шынында сен өлілерге естірте алмайсың». (ән-Нәмл; 80);

«Тірілер мен өлілер тең емес. Рас Аллаһ әлде кімді қаласа, естіртеді. (Мухаммад) сен қабірдегі біреулерге естірте алмайсың». (әл-Фәтыр 22);

«Олар – өлі, тірі емес. Сондай-ақ, қашан тірілетіндерін білмейді». (ән-Нәхл; 21).

Аллаһ Пайғамбарға: «Өлілерге естірте алмайсың», – дегеннен кейін, Аллаһпен тартысып: «Қабірдегілерден сұрауға болады», – деп жүрген адам қалайша мұсылман болады?

Немесе: «Мен әруақтарға құлшылық қылмаймын, тек солардың құрметімен, солар арқылы Аллаһтан сұраймын», – деген кісілер «Тек Саған ғана құлшылық қыламыз және тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деген аятқа Қиямет күні не деп жауап бермек? Ондайлар туралы Аллаһ: «Олар Аллаһтан өзге өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге құлшылық жасап: «Оларды, Аллаһтың қасында шапағатшы етеміз», – дейді. (Мухаммад): «Сендер Аллаһқа, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?» – де. Аллаһ олардың қосқан серіктерінен пәк, жоғары», – деген. (Юнус; 18)

Бұл аятта Аллаһ Өзінен басқа пайда да, зиян да бермейтін біреуден дұға жасап сұрауды ширк (серік қосу) деп атады, өйткені, пайда мен зиян тек Жалғыз Аллаһтың қолында (иманның алты шартының соңғысы – бүкіл жақсылық пен жамандық Аллаһтан деп сену). Ал, Нисә сүресінің 48-аятында Аллаһ өзіне серік  қосуды (ширкті) ешкімге кешірмейтінін айтты:

«Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды (одан төмен күнә). Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ (серік) қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды».

Сондай-ақ, дәрежесі ширк сияқты амалдар да мәңгілік Тозақта қалдырады. Мысалы, оларға: «Құдай жоқ», – деу, немесе «Аллаһты, Ақыретті кім көріпті, барлығы бос нәрсе», – деу; Аллаһтың белгілі бір затты не істі тыйым салғанын (харам еткенін) біле тұра, оларды рұқсат етілген (халәл) деу, немесе керісінше Аллаһ халәл еткенді харам ету; сондай-ақ, «Құран – Аллаһтың сөзі емес, оны Пайғамбар   өзі жазған», – деу және осы сияқты үлкен күпірлік (куфр) болып табылатын сөздер мен амалдар жатады.

 

11-сұрақ: Таухид әл-асмаъй уас-сифат дегеніміз не?

Жауап:

Таухид әл-әсмәи уәс-сифәт дегеніміз – Аллаһ Өзін Құранда қандай есімдермен атап, қалай сипаттаған болса және Пайғамбарымыз   Аллаһты қандай есімдермен атап, қандай сипаттармен сипаттаса, біз де тура солай етіп оларды ешнәрсеге ұқсатпай және жоққа да шығармай, сондай-ақ: «қалайша?» демей, өзгертпей иман келтіруіміз.  Себебі кәләмға (фәлсәфаға) ілесуші көптеген адасқан топтар  Құран мен Сүннетте келген Аллаһтың есім-сипаттарын нақылдан (Құран мен Сүннет) бұрын ақылға салып, Аллаһтың сипаттарын ең алдымен өзгелерге ұқсатты, сосын оларды жоққа шығарды, кейін: «Қалайша?» – деп сұрақ қойды да, соңында бұл сипаттардың мағынасын өзгертті. Ал бұлай істеу – Пайғамбарымыздың  және оның Әбу Бакр, Омар, Осман, Али сияқты және басқа сахабаларының жолына сәйкес келмейді. Өйткені, Пайғамбарымыздың  қоштасу қажылығында жүз мыңнан астам сахабалар қатысқанын ескерсек, олардың біреуінен Аллаһтың есім-сипаттары туралы аят-хадистер келгенде, олар сипаттардың мағынасын өзгеге ұқсатқандығы, яки жоққа шығарғандығы, «бұл сипаты менің ақылыма сыймай жатыр, оны «қалайша түсінемін?» – деп сұрақ қойғандығы және ақылға сиятынын қалдырып, симағанының мағынасын өзгерткендігі туралы бірде-бір хадис келмеген. Керісінш, Али ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын): «Егер дін ақылға салынатын болғанда, біз масихты мәсінің үстінен емес, астынан тартуымыз керек еді, бірақ бізге үстінен тарту бұйырылды», - деген, яғни Аллаһтың есімдері мен сипаттары Құран мен хадисте қалай келген болса және Аллаһ пен Оның Пайғамбары басқа аят, хадисте «оның мағынасы былай» деп айтпаған болса, онда оларға тура солай иман келтіру – міндетті болады.

Аллаһтың есім-сипаттарына қатысты мына үш қағиданы кім түсініп, білсе, Аллаһ қаласа,  ешқашан адаспайды:

1) Аллаһтың ешбір сипаты жаратылыстарының сипатына ұқсамайды. Бұған Құран мен Сүннеттен дәлелдер:

«Оған ұқсайтын ешнәрсе, ешкім жоқ. Ол Аллаһ әр нәрсені Естуші, толық Көруші». (әш-Шура; 11).

«Расында, Аллаһ күйеуі жайында Аллаһқа шағымданып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді. Аллаһ екеуіңнің сөйлескендеріңді естиді. Күмәнсіз, Аллаһ толық естуші, тым қырағы». (әл-Мужәдәлә; 1).

Ибн Касир осы аяттың тәпсірінде имам Бухари мен имам Ахмад Айша анамыздан риуаят еткен хадисті келтірген. Ол хадисте былай деп баяндалған: «Бүкіл дауыстарды естуші Аллаһқа мақтау-мадақтар болсын! Тартысушы әйел Пайғамбарымызға келіп, онымен сөйлескенде, мен бөлменің бұрышында отырып, ештеңе естімедім. Сонда Аллаһ: «Расында Аллаһ, күйеуі жайында Аллаһқа шағымданып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді» деген аятты түсірді».

Сондай-ақ, Құранда былай деп келеді:

«Аллаһқа мысал бермеңдер (Аллаһты еш нәрсеге теңемеңдер). Негізінде Аллаһ әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер». (ән-Нәхл; 74);

«Ол сияқты басқа біреуді білесің бе?» (Марьям; 65);

«Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихлас; 4).

 

2) Аллаһ Тағала Өзін атаған есімдері мен сипаттары және Пайғамбарымыз Аллаһты атаған есімдері мен сипаттары Аллаһтың Ұлылығына сәйкес болуы керек.

Бұған дәлел: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Тәңір жоқ. Ол Мәңгі Тірі, толық Меңгеріп тұрушы. Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар Оның қалауынан өзге еш нәрсе білмейді. Оның Күрсісі көктер мен жерден кең. Оған ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Ол өте Биік, аса Зор, Ұлы». (әл-Бәқара; 255).

«Ол Аллаһ – Әуелгі әрі Соңғы (әр нәрседен бұрын ежелден бар әрі мәңгі қалады, соңы жоқ). Және Ол (әр түрлі дәлелдермен) Көрнеу әрі (ақыл жетпейтін) Көмес (ғайып). Сондай-ақ, Ол  - әр нәрсені толық Білуші» (әл-Хадид; 3);

«Ол сондай Аллаһ, Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Тәңір жоқ. Көместі (ғайып) де, көрнеуді (ашық) де біледі. Сондай-ақ, Ол аса Рахымды, ерекше Мейірімді. Ол сондай Аллаһ, Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Тәңір жоқ. Ол – Патша, өте Пәк, Есендік беруші, Қорғаушы, тым Үстем, аса Өктем, өте Ұлы. Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан пәк. Ол Аллаһ – Жаратушы, жоқтан Бар етуші және Бейнелеуші. Есімдердің ең көркемдері Оған тән. Көктер мен жердегі әрбір нәрсе Оны ұлықтап, мақтайды. Ол өте Үстем, аса Дана». (әл-Хашр; 22-24)

Сүннеттен дәлел: Әбу Хурайрадан имам Муслим жеткізген хадисте «Пайғамбарымыз бізге төсекке жатқаннан кейін: «Жеті қат көктің Раббысы әрі ұлы Аршының Раббысы. Сондай-ақ, біздің және барлық нәрселердің Раббысы, дән мен дәнекті жарушы, Тәурат, Інжіл және Құранды түсіруші Аллаһ! Сен Әуелгісің, өйткені Сенен бұрын еш нәрсе болған емес. Сен көрнеусің, Сенің үстіңде еш нәрсе жоқ. Сен Жасырынсың, Сенің астыңда еш нәрсе жоқ. Бізді қарызымыздан құтқарып әрі кедейліктен сақтап, байыта көр!»деп айтуды бұйырды».

3) Аллаһтың сипаттарының қандай, қалай екенін білемін деп, терең кетуге болмайды. Өйткені жаратылыстар оған құдіретті емес, яғни Аллаһты көрген ешкім жоқ, Оны салыстыратын еш нәрсе жоқ және Аллаһ пен Пайғамбары бізге оның қандай екенін айтқан жоқ.

Бұған дәлел: «Өйткені Аллаһ олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Басқалар Оны толық білмейді». (әт-Таһа; 110);

«Көздер Оған жете алмайды. Ол көздерді көреді және Ол өте Жұмсақ, толық Білуші». (әл-Әнғам; 103)

Әрбір ақыл-есі бүтін, саналы адам, өзінің көруі, естуі, білуі, ақылы сияқты сипаттарының шектеулі екенін біледі. Мұндай саналы кісі, өзінің ақылы жетпейтін істерге араласпайды. Ал Аллаһтың сипаттарының қандай екендігіне дәлелсіз араласудан тіптен қорқады. Сондықтан қысқа ақылына салып, Аллаһтың сипаттарының мән-мазмұнын бұрмаламай, Құранда Аллаһ Өзін қандай сипаттармен сипаттаса, тура солай иман келтіреді.

12-сұрақ: Аллаһ адамдардан қандай келісім-шарт алды?

Жауап:

1. «Әлмисақ» уәдесі.

«(Мухаммад) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да, өздеріне куә етіп: «Мен – сендердің Раббыларың емеспін бе?» – (дегенде), олар: «Әрине куәміз!» – деген. Қиямет күні:  «Бұдан хабарымыз жоқ», – демеңдер». (әл-Әғраф; 172)

2. Фитра (жаратылысынан дарытылған сипат).

«(Мухаммад) бәрінен бет бұрып, жүзіңді Ислам дініне бұр. Аллаһ жаратылыста адам баласын соған (Ислам діні) арнап жаратқан. Аллаһтың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді». (әр-Рум; 30)

Пайғамбарымыз  былай деп айтты: «Әрбір адам баласы фитрада (мұсылман болып) туылады. Кейін ата-анасы оны не мәжуси (отқа табынушы), не християн, не яхуди етеді». (Муслим 6926).

3. Пайғамбарларға еру туралы келісім.

«Расында әр үмметке: «Аллаһқа қана құлшылық қылыңдар, тағуттардан (Аллаһтан басқа құлшылық қылынатын заттар, яғни жындар, Пайғамбарлар, періштелер, әулиелер, әруақтар, тастар, ағаштар, тұмарлар және т.б.) аулақ болыңдар», – дейтін елшілер жібердік. Олардың (үмметтердің) кейбіреулерін Аллаһ оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзін кезіңдер де, жасынға шығарушылардың (кәпірлердің) соңы не болғанын көріңдер». (ән-Нәхл; 36)

«(Мухаммад) сенен бұрын бір Пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа құлылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар!» – деп ғана уахи етіп жібердік». (әл-Әнбия; 25)

4. Тек Пайғамбарлардан алынған серт.

«Сол уақытта Аллаһ Пайғамбарлардан: «Сендерге Кітап, хикмет бердім, кейінірек жандарыңдағыны растаушы Пайғамбар келсе, әлбетте оған иман келтіріп, әрине оған жәрдем етесіңдер! Мойындап ауыр міндетімді қабыл алдыңдар ма?» – дегенде, олар: «Қабыл алдық!» – деген. (Аллаһ): «Ендеше куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куә болушыларданмын!» – деген. (Әли-Имран; 81)

Осы аяттың тәпсірінде Ибн Касир (2-том, 67 бет) Али ибн Әбу Талиб пен Абдуллаһ ибн Аббәстан жеткізілген хадисті (6926) келтірген: «Аллаһ маған дейін қандай Пайғамбар жіберсе де, олардан: «Егер сенің Пайғамбарлық кезіңде Мухаммад келсе, «оған иман келтіріп, көмектесемін» деген уәде алмайынша жібермеген».

13-сұрақ: Осы үш келісім алынғандарға адамдардың қандай тобы кірмейді?

Жауап:

1. Саңырау, ол өзінің Ислам туралы естімегенін үзір қылады.

2. Өте қарт адам, ол өзінің түсінбегенін үзір қылады.

3. Ақыл-есі кем (жынды) адам, ол өзінің ақылының болмағандығын үзір қылады.

4. Жырақта Ислам шақыруы же тпеген  адам, ол өзіне дәлел жетпегендігін үзір қылады..

5. Кәпірлердің балиғатқа жетпей өлген балалары, олар ақылдарының толық болмағандығын үзір қылады. (Исхах ибн Рахауәйх «Муснәд»)

 

14-сұрақ: Аллаһ осы үш келісім алынғандардың қатарына кірмейтін адамдарды қалай сынайды?

Жауап:

Жоғарыда аталған кісілер Қиямет күні үзірлерін айтқанда, Аллаһ оларға емтихан жасайды. Хадисте: «…Қиямет күні Аллаһ бұл адамдарға: «Сендерге қазір Пайғамбар келсе, оған ересіңдер ме?» – дейді. Олар: «Ия, ереміз», – дейді. Сонда Аллаһ оларға бір періштені Пайғамбар бейнесінде жіберіп сынайды. Ол оларға: «Мына отқа секіріңдер!» – деп бұйырады. Кім оның бұйрығын орындаса, сол Жәннәтқа кіреді, ал кім бас тартса, отқа түседі» (Исхах ибн Рахауих (имам Бухаридың ұстазы), «Муснад») делінген.

 

15-сұрақ: Аллаһтың бар екенін не дәлелдейді?

Жауап:

Аллаһтың бар екеніне шариғаттан да, ақыл жақтан да дәлелдер жетіп асады, ал ең ұлы дәлел – Оның Өзінің сөзі – Құран.

«Немесе олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы – өздері ме?».  (әт-Тур; 35)

Аллаһтың осы сұрағына әрбір саналы, ақыл-есі бүтін, ұяты бар адам не деп жауап береді?

«Көктерді де, Жерді де, әрі олардың арасындағы нәрселерді де ойыншық жасап жаратпадық. Екеуін ақиқат бойынша жараттық. Бірақ олардың көбі білмейді». (әд-Духан; 38-39)

«Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы». (әс-Сад; 27)

Аллаһтың бар екенін Құран мен хадистен кейін ақылмен тануға болады. Әбу Ханифәның атеистпен (дінсіз) болған тартысында, ол кісі әдейілеп белгіленген уақыттан кешігіп келеді. Сонда әлгі атеист одан не үшін кешіккендігін сұрағанда Әбу Ханифа: «Өзеннен өтейін деп жатқанымда, бір балта келіп өзінен-өзі ағаштарды шапты, кейін ол ағаштар өзінен-өзі қайық болып қағылды, сосын ол қайыққа өзінен-өзі тауар жүктеліп, жүзіп кетті», - деді. Сол уақытта атеист ашуланып: «Не сандырақтап тұрсың?» – дегенде, Әбу Ханифа: «Субханаллаһ, мен бір қайық өзінен-өзі пайда болды дегенге сенбейсің, сонда мына бүкіл әлем өзінен-өзі пайда болды дегенге қалай сеніп жүрсің?» – дейді. Әлгі атеист сөз таппай ұтылады. Ол атеисте әділдік, ұят бар екен, ал қазіргі атеистер, надандығымен, ұятсыздығымен қатар – бос сөйлейтін бәдік те.

Сондай-ақ, имам Әхмәдтан «Аллаһтың бар екендігін немен дәлелдейсіз?» деп сұрағанда, ол жұмыртқаны, ал имам Шәфиъи ағашты мысал келтірді.

 

16-сұрақ: Таухид ар-рубубиядағы қағидалар қандай?

Жауап:

1-қағида: Әрбір іс-әрекеттің істеушісі бар. Қандай бір іс болмасын, оның міндетті түрде істеушісі болады. Мысалы бір кісі: «Мына жерде өзінен-өзі 100 кг алма пайда болды», – десе, оны жынды болған шығар дейміз. Ал енді бүкіл әлемдер, аспандар мен жер, жанды және жансыз заттар өз-өзінен пайда болды деп сандырақтап жүрген атеистер туралы не айтуға болады?

2-қағида: Кез-келген іс оны істеушінің күш-құдіретін көрсетеді. Мысалы, алманың 1 килограмы 100 тенгеден десек, сол 100 кг алманы алып келген кісінің 10000 теңгесі бар екендігін, оның көлігі бар екендігін, ересек кісі екендігін білеміз.

3-қағида: Күш-құдіреті жетпейтін істі біреуге таңу дұрыс емес (немесе орынсыз).

Бұл қағидаларға дәлел: «Немесе олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы – өздері ме?». (әт-Тур; 35);

«Көктер мен жерді жаратқан, сендер үшін көктен жаңбыр жаудырып, онымен сендер бір ағашын да өсіре алмайтын әдемі бақшаларды өсірген кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Жоқ, олар – шектен шыққан ел». (ән-Нәмл; 60)

«Ал енді еккендеріңді көрдіңдер ме? Оны сендер өсіресіңдер ме? Не біз өсіреміз бе?» (әл-Уақиға; 63-64);

«Немесе жерді тұратын орын жасап, араларынан өзендер ағызып, оған асқар таулар жасаған және екі теңіздің арасына жік жасаған кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Жоқ, олардың көбі білмейді. Немесе қиналғандар Өзіне жалбарынғанда қабыл етіп, қиыншылықты айықтыратын және сендерді жер жүзіне орынбасар қылатын кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Өте аз түсінесіңдер. Немесе құрлықтың, теңіздің қараңғылықтарында жолға салатын кім? Рахметтің (жаңбыр) алдынан қуаныш самалын естіретін кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан тым жоғары. Немесе жаратылысты бастайтын, сосын оны қайта тірілтетін кім? Және көк пен жерден ризық беретін кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? (Мухаммад): «Егер шыншыл болсаңдар, дәлелдеріңді келтіріңдер!» – де». (ән-Нәмл; 61-64)

 

17-сұрақ: Таухид әр-рубубия қандай негіздерден тұрады?

Жауап: Ол екі негізден тұрады.

1. Жарату.

Дәлел: «(Перғауын): «Әй Муса! Раббыларың кім?»- деді. (Муса): Раббымыз, әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған», – деді». (әт-Таха; 49-50);

«Мен  Жер мен көктерді жаратқанда және олардың өздерін жаратқанда, оларды керек қылмадым. Сондай-ақ, ешқашан аздырушыларды көмекші еткен емеспін». (әл-Кәһф; 51)

2. Басқару.

Дәлел: «(Мұхаммад) Ұлы Раббыңның атын дәріпте. Ол сондай  Аллаһ,  шамалап, оңғарған». (әл-Әғлә; 1-3);

«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен Жерді алты күнде жаратқан. Содан кейін Аршыға көтерілген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және Күн мен Айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Аллаһ –  бүкіл әлемдердің Раббысы». (әл-Әғраф; 54);

«Аллаһ әр нәрсеге кепіл». (әз-Зүмәр; 62)

 

18-сұрақ: Таухид ар-рубубияға қатысты мұсылмандардың ақидасында қандай аурулар бар?

Жауап:

1. Өздерін мұсылман деп санайтын көптеген адамдар Аллаһпен қатар өлген әулие-әруақтардан тілеп, оларды Аллаһқа серік қосады. Мұндай адамдар өлілерді ұл-қыз беруге, ауруларға шипа беруге, жолды ашып, бақытты қылуға, қайғыдан құтқаруға құдіретті деп ойлайды. Олардың өлілерден сұрап жатқан нәрселеріне тек Аллаһ ғана лайықты және құдіретті. Ал бұл нәрселерді Аллаһтан басқадан сұрау – оларды Аллаһқа теңеу болады. Аллаһ Құранда:

«(Мухаммад) оларға: «Аллаһтан өзге көктерде де, жерде де тозаңның салмағындай түкке ие бола алмайтын, екеуінде де бір ортақтығы жоқ», – деген. (әс-Сәбә; 22);

«Саған ғана құлшылық қыламыз әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз». (әл-Фәтиха; 5)

«Шын мәнінде мешіттер (құлшылық жасалуға қатысты барлық нәрселер) Аллаһқа ғана тән. Ендеше Аллаһпен бірге ешкімге дұға қылмаңдар». (әл-Жин; 18)

2. Кейбіреулер оларды Аллаһтың көмекшілері дейді. Енді біреулері «Дұрыс, мен сенімен келісемін, ол әулиелер мен әруақтар Аллаһ тәрізді құдіретті емес және олар Аллаһтың серігі емес. Бірақ олар жаратпаса да, аз болса да көмек бере алады ғой», – деп, оларды Аллаһқа көмекші етеді. Ал, Аллаһ Тағала Құранда:

«Сондай-ақ,  Аллаһқа олардың ешбіреуі көмекші де емес», – деген. (әс-Сәбә; 22)

Және Кәһф сүресінің 51-аятында: «Мен Жер мен көктерді және олардың өздерін жаратқанда, оларды керек қылмадым. Сондай-ақ, аздырушыларды көмекші еткен емеспін», – деген.

3. Сондай-ақ, кейбір адамдар белгілі бір бақилық болған адамдарды Аллаһтың әулиелері дейді, яғни бұл адамдар: «Жарайды, біз барып, дұға тілеп жүрген қабір иелері – Аллаһқа ортақ емес және көмекші де емес. Бірақ, олар – дүниеден тақуа болып өткен Аллаһтың әулиелері ғой», – дейді. Ал біз оған: «Уа, бейшара, Аллаһ кімді өзіне әулие қылғанын сен қайдан білесің? Әлде саған Аллаһтан уахи түседі ме? Пайғамбарымыздан  кейін ешкімге уахи түспейді. Кімде-кім: «Бір кісіге Аллаһ аян беріп жатыр», – десе, діннен шығады.

Екіншіден, Аллаһқа иман келтірген және тақуалық жасаған мүмін кісінің барлығы әулие бола алады. Бұған дәлел: «Біліңдер! Расында Аллаһтың әулиелеріне (достары) ақыретте қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Олар – иман келтіргендер әрі тақуа болғандар». (Юнус 62-63). Ал енді әрбір тақуа және мүміннің әулие болуы – одан тілек тілеп, оны Аллаһпен ортадағы дәнекер етуге болады деген сөз емес.

4. Кейбір адамдар әулиелерді Аллаһтың алдында өздеріне шапағатшы етеді. «Әулие болса, саған не көмек береді?» – десең, «Қиямет күні маған шапағатшы болады», – дейді. Аллаһ бұл сөздерден Пәк, Ол шапағатшыларды Өзі ғана тағайындайды және оның рұқсатынсыз Оның құзырында ешкім сөйлей алмайды. Тіпті шапағатшы болуы Қасиетті мәтіндерден белгілі болған ардақты Пайғамбарымыздан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсы) дұға тілеуге тыйым салынған болса, онда өзге Аллаһтың алдындағы жағдайы беймәлім болған басқалар туралы не айтуға болады.  Аллаһ Тағала Юнус сүресінің 23-ші аятында:

«Аллаһтың қасында рұқсат берілген біреуден басқаның шапағаты пайда бермейді. Ақыр жүректерінен шошыну кеткен кезде, өзара: «Раббың не айтты?» – десе, «Хақты айтты», – деседі. Ол Аллаһ – аса Жоғары, тым Ұлы» деп, күдіктің бұл есігін де жапқан.

Аллаһ Тағала Юнус сүресінің 18-ші аятында: «Олар Аллаһтан өзге өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге құлшылық жасап: «Олар – Аллаһтың қасындағы шапағатшыларымыз», – дейді. (Мухаммад) «Сендер Аллаһқа көктер мен жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?» – де. Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан (серіктерінен) Пәк, Жоғары», – деген. Ал Ниса сүресінің 48-ші аятында Аллаһ ширкті кешірмейтінін айтқанын біз жоғарыда ескерткенбіз.

 

19-сұрақ: Қиямет күні болатын шапағаттың шарттары қандай?

Жауап:

 

1. Шапағат етушінің шапағат етуіне Аллаһтың рұқсат беруі.

Дәлел: «Барлық шапағат Аллаһқа тән». (әр-Зүмәр; 44)

Яғни шапағат тек Аллаһтың рұқсатымен ғана болады.

Дәлел: «Аллаһтың қасында рұқсат берілген біреуден басқаның шапағаты пайда бермейді. Ақыр жүректерінен шошыну кеткен кезде өзара: «Раббың не айтты?» – десе, «Хақты айтты», – деседі. Ол Аллаһ – аса Жоғары тым Үлкен». (әс-Сәбә; 23)

«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы. Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Көктердегі, Жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?». (әл-Бәқара; 255)

 

2. Шапағат етілетін кісінің шапағат етілуіне Аллаһтың рұқсат беруі.

Дәлел: «Аллаһ олардың өткенін де, келешегін де біледі. Олар, Аллаһтың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады. Олар Аллаһтан қорыққаннан тітірейді». (әл-Әнбия; 28)

 

3. Шапағаттың қайсы түріне болсын Аллаһтың рұқсат беруі.

 

20-сұрақ: Шапағаттың қандай түрлері бар?

Жауап:

1. Ең үлкен шапағат, бұл Пайғамбарымыздың  Қияметте есеп-қисаптың басталуы үшін және сұрақ-жауапсыз Жәннәтқа кіретіндер үшін шапағатшы болуы. Бұл шапағат тек Пайғамбарымыз Мухаммадқа  ғана рұқсат етіледі.

Дәлел: Әбу Хурайрадан Бухари, Муслим және Әхмәд жеткізген хадисте: «Қиямет күні адамдар ұлы Пайғамбарлардан шапағат сұрайды. Сөйтіп олар шапағат етуін өтініп, алдымен Адамға барады, сонан соң –  Нұхқа, сонан соң – Ибраһимге, сонан соң –Мусаға, сонан соң Мәриям ұлы Исаға барады. Және олардың әрқайсысы: «Өзім… өзім…» (яғни мен өзім шапағатқа зәрумін) – дейді, осылайша олар біздің Пайғамбарымыз Мухаммадқа келгенше жалғаса береді. Сонда Пайғамбарымыз : «Мен соған арналғанмын», – дейді. Олар Пайғамбарымызға келіп, былай дейді: «Уа, Мухаммад, сен – Аллаһтың елшісі әрі Пайғамбарлардың соңғысысын. Аллаһ сенің өткен және кейінгі күнәларыңды кешіріп қойған. Раббыңнан біз үшін шапағат сұра, біздің басымызға түскен қиыншылықты көрмейсін бе? Бізге түскен қайғыға назар аудармайсын ба?» Сонда мен тұрып, Аршының астына келіп, Ұлы да құдіретті Раббыма сәжде етемін. Содан кейін Аллаһ мені шабыттандырып, бұрын Өзі ешкімге ашпаған, Оған ғана айтылатын тамаша мадақ сөздерді мен үшін ашады. Одан кейін маған былай деп айтылады: «Ей, Мухаммад! Көтер басыңды! Сұра, сұрағаныңды аласың. Ара түсуді сұра, шапағатшы боласың». Сонда мен: «Ия, Раббым! Үмметім! Үмметім! Үмметім! Үмметім! Үмметім! Үмметім!» – деп айтамын. Аллаһ: «Үмметіңнен сұралмайтындарды Жәннәттың оң қақпасынан кіргіз», - дейді».

Одан кейін Аллаһтың елшісі  былай дейді: «Жаным қолында болғанмен (Аллаһпен) ант етемін, Жәннәт қақпаларының арасындағы қашықтық – Мекке мен Хажәр (Йемен), немесе Мекке мен Бусра (Сирия) арасындағы қашықтықтай».

Пайғамбар  , сондай-ақ, мына нәрселерде де шапағатшы болады.

2. Жақсылығы мен жамандығы бірдей адамдарды Жәннәтқа кіргізу үшін шапағат ету.

3. Тозаққа үкім шығарылғандарға, Тозаққа түспес үшін шапағат қылу.

4. Жәннәтқа түскендерді, олардың амалдарына қарай берілген сыйлықтарынан да жоғары дәрежеге көтерілуіне шапағатшы болу.

5. Кейбір кісілердің Жәннәтқа сұраусыз кіруі үшін шапағатшы болу.

6. Жазаға лайық болғандардың азабын жеңілдетуге шапағатшы болады. Мысалы, өзінің әкесінің ағасы әбу Талибтың жазасын жеңілдетуге шапағатшы болады. (Муслим).

7. Барлық иман келтіргендердің Жәннәтқа кіруіне рұқсат берілуіне шапағатшы болу.

8. Өзінің үмметінде үлкен күнә істеп, Тозаққа түскендер үшін, олардың Тозақтан шығарылуына шапағатшы болады. Аталған шапағат түріне келетін хадистер мутауәтир (көптеген жолдармен жеткізілген) дәрежесіне жеткен.

 

21-сұрақ: Құлшылық не нәрсеге негізделеді?

Жауап:

Құлшылық 2 нәрсеге негізделеді: Аллаһ пен Оңың Елшісіне (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббат пен бой ұсыну.

Құлшылық махаббатқа негізделуі қажет екендігіне дәлел: «Адамдардың кейбіреулері Аллаһқа өзгелерді теңдес етеді де, оларды Аллаһты сүйгендей сүйеді. Ал иман келтіргендер Аллаһты артық сүйеді». (әл-Бәқара; 165);

Омар ибн Хаттаб, Аллаһ оған разы болсын, Пайғамбарымызға : «Ең әуелі Аллаһты, кейін өзімді, содан кейін сені жақсы көремін!» - дегенде, Пайғамбарымыз : «Өзіңнен көрі мені артық жақсы көрмейінше, иманың дұрыс болмайды» деді. Біршама уақыт өткеннен кейін Омар: «Ия Аллаһтың елшісі , енді сені өзімнен де артық жақсы көріп тұрмын», - дегенде, Пайғамбарымыз : «Енді дұрыс, Омар!» – деді.

«Оларға ғибадатты нағыз Аллаһқа шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері әмір етілген еді. Міне осы – тұп-тура дін». (әл-Бәйинә; 5)

Құлшылық сондай-ақ, бой ұсынуға негізделуі қажеттігіне дәлел: «Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бой ұсыныңдар. Кейін жәрдем көре алмайсыңдар». (әз-Зүмәр; 54);

«Әй мүміндер! Аллаһқа мойынсұныңдар және Пайғамбарға мойынсұныңдар,  әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де». (ән-Ниса; 59);

«Ізгі амаладар жасап, жүзін Аллаһқа тапсырып, нағыз Ибраһимнің дініне ерген кісіден кім жақсырақ бола алады?». (ән-Ниса; 125)

«… Және Аллаһқа, Пайғамбарға бой ұсыныңдар». (әл-Әнфал; 1)

 

22-сұрақ: Нұхтан бастап Мұхаммадқа дейінгі Пайғамбарлар адамдарға не үшін жіберілді?

Жауап:

Барша Пайғамбарлар адамдарға «Аллаһқа құлшылық қылыңдар», – деу үшін емес, «Тек бір Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар!» – деп шақыру үшін жіберілді.

Дәлел: «Расында әр үмметке: «Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, тағуттардан аулақ болыңдар!» – дейтін елші жібердік. Олардың кейбіреулерін Аллаһ оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзін кезіңдер де, жасынға шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер». (ән-Нәхл; 36);

«(Мухаммад) сенен бұрын бір Пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Ендеше, Маған ғана құлшылық қылыңдар», – деп қана уахи етіп жібердік». (ән-Әнбия; 25)

«Расында Нухты еліне елші етіп жібердік. Сонда ол: «Әй елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Шәксіз, мен сендерге келетін ұлы күннің азабынан қорқамын!» – деді». (әл-Әғраф 59).

Осы Ағраф сүресінің 65-ші аятында Аллаһ Тағала Һұд Пайғамбарды Ғад еліне, 73-ші аятында Солих Пайғамбарды Самуд еліне, 85-аятында Шұғайып Пайғамбарды Мәдиян еліне тура осы Нух Пайғамбарды жіберген сөзімен жібергендігін бізге баян етеді.

 

23-сұрақ: «Әл мәсәжид» сөзі қандай мағына береді?

Жауап: Оның екі мағынасы бар:

1. Мешіттер, яғни мешіт сөзінің көпше түрі (сәжде қылынатын орын).

2. Сәжде қылатын мүшелер. Олар жеті мүше: маңдай мұрынмен бірге, екі алақан, екі тізе, екі аяқтың ұшы.

«Шын мәнінде мешіттер (сәжде жасайтын мүшелер) Аллаһқа тән. Ендеше Аллаһпен бірге ешкімді шақырмаңдар». (әл-Жин; 18)

 

24-сұрақ: Дұғаның түрлері.

Жауап: Шариғатта дұғаның екі түрі бар:

1. «Дұға мәсәла» – дегеніміз Аллаһтан тілмен сұралатын дұғалар, мысалы «Ия, Аллаһ, маған Жәннәтты нәсіп ет, қабір азабынан, Тозақтан сақта, пайдалы ғылым, адал ризық, қабыл болатын амалдар, ізгі ұрпақ бер» және т.б.

«(Мухаммад) егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін және Маған иман келтірсін, әрине тура жол тапқан болар еді». (әл-Бәқара; 186);

2. Дұға ғибәда – кез-келген құлшылық (ғибадат) түрі. Мысалы: намаз, ораза, садақа, зікір, ілім үйрену, ілім үйрету т.б. Өйткені осы амалдарды орындау арқылы, біз Аллаһтың рахметін үміт етеміз және Аллаһтың азабынан пана сұраймыз.

Дәлел: «Шын мәнінде мешіттер (сәжде жасайтын мүшелер) Аллаһқа тән. Ендеше, Аллаһпен қатар ешкімнен еш нәрсе сұрамаңдар». (әл-Жин; 18);

«Мен сендерден де, Аллаһтан өзге шоқынғандарыңнан да араны ашып, Раббыма жалбарынамын. Сондай-ақ, Раббыма жалбарынсам, бос қалмауымнан үміткермін». (Мариям; 48)

 

25-сұрақ: Біз жаратылғандардан көмек сұрай аламыз ба және қандай шарттармен?

Жауап:

Бірінші Аллаһтан, содан кейін жаратылыстан сұраймыз. Жаратылыстан көмек сұраудың екі шарты бар:

  1. Біз көмек сұрап тұрған адам тірі және бізді  естіп тұруы керек.
  2. 2. Оның сол нәрсеге күш-құдіреті жетуі керек.

Осы екі шартпен адамдардан көмек сұраса, ширк болмайды.

Дәлел: «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем сұраймыз». (әл-Фатиха 5);

Пайғамбарымыз:  «Егер жәрдем сұрасаң, тек Аллаһтан ғана сұра», - деген. (Тирмизи)

 

26-сұрақ: Аллаһ жындар мен адамдарды не үшін жаратты?

Жауап:

Аллаһ жындар мен адамдарды тек бір Өзіне ғана құлшылық қылулары үшін, яғни таухид үшін жаратты.

Дәлел: «Жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым». (әз-Зәрият; 56)

Осы аяттағы «иллә лияғбудун» (тек құлшылық үшін) деген сөзді, Абдуллаһ ибн Аббәс (Пайғамбарымыздың  немере інісі, атақты ғалым-сахаба) «иллә лиуәххидун» («тек жалғыз ету») деп тәпсірлеген.

 

27-сұрақ: Аллаһ Тағаланың неше есімі бар?

Жауап:

Аллаһтың бізге белгілі 99 есімдері бар және бізге белгісіз есімдері де бар.

Дәлел: «Ең жақсы есімдер Аллаһқа тән. Оған  сол аттармен жалбарыныңдар». (әл-Ағраф; 180);

Пайғамбарымыз  былай деп айтты: «Аллаһтың 100-ден бір саны кем 99 есімі бар. Кім соларды жаттаса (және соған сәйкес амал етсе) Жәннәтқа кіреді». (Муслим 6986).

 

28-сұрақ: Ғайып әлемі туралы қайдан білеміз?

Жауап:

Біз ғайыпты Құран мен Сүннеттен, яғни нақыл арқылы білеміз. Ғайып дегеніміз үш нәрсе:

1) Көзге көрінбейтін нәрсе.

2) Өтіп кеткен нәрсе.

3) Болашақта болатын нәрсе.

Дәлел: «Ғайыптың кілті Оның Өзінде. Оны Оның Өзінен басқа ешкім білмейді. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Аллаһ оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітапта бар». (әл-Әнғам; 59);

«Аспан мен жердегі ғайыпты ешкім де білмейді, тек Аллаһ біледі!» – деп айт, әй, Мухаммад». (ән-Нәмл; 65);

Пайғамбарымыз , былай деген: «Ғайыпты Аллаһтан басқа ешкім білмейді». (Табәрани).

Осы себепті шариғат көріпкелдікпен, балгерлікпен, сиқырмен айналысуға қатаң тыйым салған. Тіпті сәуегей-көріпкелге барып, оның айтқанына сенген кісі иманынан айырылады. Бұл туралы Пайғамбарымыз: «Кім көріпкелге барып, оның айтқанын растаса, Мухаммадқа түскенге иман келтірмеген (кәпір) болды», - деген». (Әхмәд, Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ).

Басқа хадисте: «Егер кісі балгерге не көріпкелге барып, одан бір нәрсе сұрап, оның айтқанына сенбесе, оның намазы 40 күнге дейін қабыл болмайды» (Муслим).

Енді кейде тәуіптің айтқаны рас болып, ауруын тура тауып жататын кез болады. «Олар ғайыпты қайдан біледі?» – деген сұрақ туындайды.

Әбу Хурайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз  былай деп айтты: «Аллаһ аспанда қандай да бір істі шешкен кезде, періштелер Оның сөзіне бой ұсынып, қанаттарын қағады. Қанаттарының даусы, шынжырды тасқа ұрғанда шығатын дауысқа ұқсайды. Олардың жүректерінен (Аллаһтың сөзінен болған) қорқу кеткен кезде, бір-бірінен: «Раббың не айтты?» – деп сұрағанда, «Шындықты айтты, өйткені Ол – Ұлы, Аса Биік», – деседі. Бұл сөздерді жасырынып, бір-бірінің үстіне шығып, (осы  хадисті риуаят қылушы Суфьян ибн Уйәйнә оң қолының саусақтарын қойып көрсетті) тыңдап тұрған жындар естиді. Кейде аққан жұлдыз осылай тыңдап тұрған жынға, ол келесі жынға айтып үлгермей жатып, тиеді де, оны күйдіріп жібереді. Ал кейде тиіп үлгермейді. Ол жындар бір-біріне бұл сөздерді жеткізіп, ең соңында тәуіпке 100 өтірік қосып жеткізеді. Бұл тәуіпті тыңдаған кісілер: «Ол тәуіп «Мынандай күні былай-былай болады», – деп айтқан жоқ па? Шындығында солай болды ғой», – деседі. (Бірақ тек аспаннан естіген) дауыс қана болады». (Бухари, әт-Тирмизи мен Ибн Хузейма хадисті сахих деген).

Ибн Аббәс риуаят еткен басқа осыған ұқсас хадисте былай деп айтылады:  «Бірде Пайғамбарымыз бірнеше сахабаларымен бірге отырғанда, аспаннан бір жұлдыз ағып түсті. Сонда Пайғамбарымыз : «Сендер жәһилиет кезінде бұл туралы не айтатын едіңдер?» - деп сұрады. Олар: «Бір ұлы адам туылды немесе қайтыс болды», – деп айтатын едік», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз : «Расында жұлдыздар біреудің туылғанына, не өлгеніне қатысты түспейді. Біздің Ұлы Раббымыз бір бұйрық бергенде, Оны Аршыны көтеруші періштелер пәктейді, сосын келесі аспандағылар пәктейді. Солай-солай ең төменгі аспандағы періштелерге дейін пәктейді. Аршыға жақын болған періштелер, оны көтеруші періштелерден: «Рабымыз не айтты?» – деп сұрайды. (Аршыны көтеруші періштеле) оларға Раббысының не айтқанын хабарлайды. Өз кезегінде олар келесі аспандағыларға хабарлайды. Солай ең төменгі аспандағыларға дейін хабарлайды. Бұл хабарды тыңдап тұрған жындар естиді. Сол кезде оларды жұлдызбен атады. Олар еш нәрсе қоспай айтқан хабар – рас, бірақ олар бұл хабарға өздерінен өтірік қосып жеткізеді». (Әхмәд, Муслим, Тирмизи).

Бұл хадистерден тәуіп, балгер, көріпкел айтқан хабарларға сенуге болмайтындығын білеміз, тіпті олардың хабарларына сену – діннен шығарып жіберетін ауыр күнә.

 

29-сұрақ: Аллаһтың Аршыға қалай көтерілгені бізге белгілі ме? Не үшін?

Жауап:

Аллаһтың Аршыға көтерілгені белгілі, ал қалай көтерілгені бізге белгісіз. Өйткені:

1) Аллаһтың қалай көтерілгенін біз көрген жоқпыз.

2) Оны салыстыратын еш нәрсе жоқ.

3) Аллаһ пен Оның Пайғамбары бізге ол туралы ешнәрсе баян еткен жоқ.

Дәлел: «Әр-Рахман Аршыға көтерілді». (Таһа, 5);

«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен Жерді алты күнде жаратқан. Содан кейін Аршыға көтерілген…». (әл-Әғраф; 54)

Осы жерде айта кететін маңызды мәселе, жоғарыда келтірілген аяттардың арабшасында Аллаһ Тағаланың әрекеті «истауә» деген сөзбен келді. Мұның мағынасы «көтерілді, жоғарылады» дегенді білдіреді. Құранда истауә сөзі үш мағынада келеді:

Егер «ъалә» деген жалғаумен келсе, «көтерілді» дегенді білдіреді.

«Әр-Рахман Аршыға көтерілді» (Таһа; 5);

Ал, егер «илә» деген жалғаумен келсе, «мақсат қылды, көңіл бөлді» деген мағынада келеді.

«Ол сондай Аллаһ, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат етіп тәртіптеді» (әл-Бәқара; 29)

Ал, егер ешбір жалғаусыз құр өзі келсе, «өсіп жетілді» деген мағынаны білдіреді. Бұны не үшін айтып жатырмыз?

Себебі біріншіден, Құранның аяттарын өздерінің ақылына салып түсіндіретін кейбір адасқан ағымдар және кәләмның жақтаушылары (фәлсәфәшылар) «истауә» сөзін «истаулә» («менгерді») деп өзгертеді. Ал бұлай өзгерту дінде рұқсат етілмеген.  Өйткені біз діндегі ақида (сенім), фикх (амал), әдеп, мінез-құлық сияқты бүкіл мәселені Пайғамбарымыз  бен оның сахабалары қалай түсінген болса, солай түсінуге бұйырылғанбыз. Пайғамбарымыздың , сахабалардың кезінде Құран түгел уахи болып бітті. Бірақ, Пайғамбарымыз да, оның сахабалары да және төрт имам да (имам Әбу Ханифа, имам Мәлик, имам Шәфиъи, имам Әхмәд) Аллаһ Құранда Өзін сипаттаған сипаттардың ешбірін ешнәрсеге ұқсатпаған, жоққа шығармаған, «қалайша?» деп сұрақ қоймаған және ешбір сипатын өзгертпеген. Олардың ешбірі «истауәны» «истаулә» деп тәпсір етпеген. Ал қазір қаншама адам Ханафи мазхһабын ұстанамыз дейді де, бірақ ақидада Аллаһтың сипаттарын фәлсафәшылар бұрмалап түсіндіргендей етіп түсінеді. Ал, имам Әбу Ханифаның ақидасыда да, қалған төрт имамның ақидасында да, Аллаһтың есімдері мен сипаттарына қатысты құран мен Сүннетке қайшы келетін мұндай бұрмалаулар мен ауытқулар болған емес.

Екішіден, егер Аллаһ Аршыны меңгерді деп айтылса, онда «Аллаһ Аршыны меңгергенге дейін, Аршы кімде еді?» – деген сауал туындайды, яғни Аллаһты кемсітуге жол ашады.

Үшіншіден біз, Аллаһ пен Пайғамбар хабар берген ғайып нәрселерге, оларды ақылға салмастан, Құран мен хадисте қалай келсе, тура солай иман келтіруіміз керек. Бұл туралы Аллаһ шынайы мұсылмандарды сипаттап, олардың: «Естідік те, бой ұсындық», - деп айтатынын баяндап, оларды мақтаған. (әл-Бәқара 285)

Аллаһ бүкіл жаратылыстардан мына сипаттарымен ұлы, биік әрі олардың үстінде:

1) Мекендерден, яғни Өзінің Затымен ұлы;

2) Өзінің қаһарымен ұлы;

3) Өзінің құдіретімен ұлы.

Ибн Жәузи Аллаһтың биікте екендігіне жиырма түрлі жолмен дәлел келтірген.

Құраннан дәлел: «Және Ол құлдарының үстінде өктем». (әл-Әнғам; 18);

«Періштелер және Рух (яғни Жәбрейіл) мөлшері елу мың жыл болған бір күнде Оның (Аллаһтың) алдына көтеріледі». (әл-Мәғәриж; 4);

«Аллаһ – өте Үстем, Хикмет иесі», (ән-Ниса; 158);

«Кім құрметті көксесе, онда барлық күш-құдірет Аллаһқа ғана тән. (Әрбір) жақсы сөз Аллаһқа көтеріледі және жақсы амалдарды да көтереді». (әл-Фәтыр 10;

«Ол Аллаһ  - аса Жоғары, өте Ұлы». (әс-Сәбә; 23);

«Және Ол – ең Биік аса Ұлы». (әл-Бәқара; 255);

«Мейірімді және Рахымды Аллаһ тарапынан түскен». (яғни жоғарыда болған Аллаһтан төмен түскен) (әл-Фуссиләт; 2);

Аллаһ Тағала Мүлік сүресінің 16-аятында: «Жер теңселген сәтте Аспандағының сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдер ме?» – деген.

Пайғамбарымыз Аллаһтан ол үшін «Оны Құранның тәпсіршісі ет», – деп дұға етіп сұраған, ұлы ғалым сахаба  Абдуллаһ ибн Аббәс осы аяттағы «Аспандағының» деген сөзді «Аллаһтың» деп тәпсірлеген. Бұл аятта Аллаһ Өзінің аспанда екенін айтты және ұлы тәпсірші сахаба мұны өзгертпестен тура тәпсір етті және бұған басқа сахабалар қарсы шықпады.

Сүннеттен дәлел: «Бір сахаба қойын қасқырға жегізіп қойған күң әйелді бетінен ұрды. Кейін өкініп, Пайғамбарымызға келіп істеген ісін айтқанда, ол: «Сол әйелді маған алып кел», – деді. Алып келгенде Пайғамбарымыз әйелден: «Аллаһ қайда?» – деп сұрады. Сонда әлгі әйел: «Аспанда», – деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз : «Мен кіммін?» – деп сұрады. Ол: «Сен – Аллаһтың елшісісің», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз : «Бұл әйелді азат ет, ол иман келтірген», – деді. (Муслим)

Субханаллаһ, қазір біреулер «Аллаһ қайда?» – деп сұрауға болмайды дейді. Сонда осылай сұраған Пайғамбарымыздың   сенімі дұрыс емес пе? «Ол жәй қойшының сөзі ғой» – дейтіндер де бар. Пайғамбарымыз ол әйедің иман келтіргеніне куәлік берді, ал бұлар: «Оның сөзі қабыл алынбайды», – дейді. Ендеше, кімнің сөзін аламыз: Пайғамбардың ба , әлде фәлсәфашылардың ба?

«Пайғамбарымыз дүниеден өткен кезде, Әбу Бәкр келіп, оның маңдайынан сүйді. Кейін адамдардың алдына шығып: «Кім Мухаммадқа құлшылық қылса, ол өлді. Ал Аллаһ аспанда, мәңгі тірі, өлмейді», - деді (Бухари «Тарихул Кәбир» кітабы).

Әбу Язид әл-Музани былай дейді: «Хаулә ибн Сағләбә деген сахаба әйел Омар халифа болған кезде оны жолықтырып, оған өз қажеттерін айтты. Омар үндемей ол әйелді тыңдады. Әлгі әйел кеткен кезде, Омардың қасындағы бір кісі: «Осы бір құрайыштың кемпіріне бола еркектерді тоқтаттың ба?» – деді. Сонда Омар: «Әй құрығыр! Сен бұл әйелдің кім екенін білесің бе? Бұл әйелдің шағымын Аллаһ жеті қат аспанның үстінен тыңдаған. Аллаһқа серт, егер ол әйел түнге дейін сөйлесе тыңдар едім де, тек (арасында) намазға барар едім», - деді. (Усмән ибн Саид әд-Дарими).

Абдуллаһ ибн Мәсъуд былай деді: «Бірінші қат аспан мен екінші қат аспанның арасы 500 жыл жол. Екінші қат аспанмен үшінші қат аспанның арасы 500 жыл жол. Осылайша әрбір аспанның арасы 500 жыл жолдан тұрады. Жетінші қат аспан мен Курсидің арасы 500 жыл жол. Курси мен судың арасы 500 жыл жол. Аршы судың үстінде, ал Аллаһ Аршының үстінде. Ол сендердің барлық істеріңнен хабардар», – деді. (әд-Дарими)

Әнәс ибн Мәликтен: «Пайғамбарымыздың әйелі Зайнаб ибнту Жахш Пайғамбарымыздың басқа әйелдеріне: «Сендерді (Пайғамбарға) тұрмысқа әкелерің берді, ал мені жеті қабат аспанның үстінен Аллаһ берді», –  деп мақтанатын еді. (Бухари, Муслим).

Мәсрух егер Айша анамыздан хадис риуаят етсе: «Маған бұл хадисті жеті қат аспанның үстінен ақталған Пайғамбарымыздың сүйіктісі Сыддықтың қызы Сыддықа айтқан», – деп айтатын еді.

Осы асарлар (сахабалардан жеткен хабар) Ибн Қайим әл-Жәузидің «Ижтимәаъул әл жуюш әл-Исләмия» кітабының 62-67 беттерінде келтірілген.

Төртіншіден, Құран аяттарын, Аллаһтың есім сипаттарын, олар ақылға сиса – қабылдап, симаса – өзгертіп тәпсірлеу (түсіндіру) – әһлис-суннә уәл-жәмәъаның жолы емес. Құранды тәпсірлеудің төрт шарты бар:

1) бір аятты екінші аятпен тәпсірлеу;

2) аятты хадиспен тәпсірлеу;

3) аятты сахабалардың сөзімен тәпсірлеу;

4) аятты араб тілімен тәпсірлеу.

Бесіншіден, Сахабалар, табиғиндер, бұл үмметтің имамдары мен ғалымдары бір ауыздан адамзат Аллаһ Тағаланың шекарасын білмейтіндігін, сондай-ақ Аллаһтың сипаттарының бірде-бірін шектей алмайтындығын айтты. Әбу Дауд Таялуси былай деп айтады: «Суфьян әс-Саури, Шуғбә, Хаммәд ибн Зайд (Әбу Ханифәның ұстазы), Хаммәд ибн Саләмә, Шәрик және Әбу Аууәнә (табиғиндер) Аллаһ Тағаланы шектемейтін, ұқсатпайтын, теңестірмейтін және «қалайша?» – деп сұрамай, хадистерді риуаят ететін. Оларға сұрақ берілгенде хадистермен жауап беретін».

Сондай-ақ, Абдуллаһ ибн Мубәрак сияқты табиғин ғалымнан «Раббымыз туралы не білеміз?» – деп сұрағанда, ол: «Аллаһ Аршының үстінде, жаратылыстардан бөлек», – деп жауап берген.

Имам Әбу Ханифә өзінің «Фикхуль акбәр» деген кітабында: «Аллаһ Тағала Құранда Өзін сипаттағандай көзі, жүзі, нәпсісі бар (нәфс—Аллаһтың сипатынан, Мәида сүресінің 116-аятын қараңыз. (Сол уақытта) Аллаһ: «Ия Мариям ұлы Ғиса! Адамдарға Аллаһты қойып, мені әрі анамды екі тәңір етіп алыңдар деп сен айттың ба?» – дейді. (Ғиса айтады) «Ия Аллаһ! Сені пәктеймін. Маған тиісті болмаған нәрсені айтуға хақым жоқ. Егер деген болсам, сонда Сен оны анық білесің. Сондай-ақ, менің нәпсімдегіні Сен білесің, ал мен Сенің нәпсіңдегіні (фи нәфсикә) білмеймін»), – деп айтқан. Демек Аллаһ Құранда Өзін сипаттаған сипаттарды өзгертудің дұрыс еместігіне төрт мазхабтың имамдары да келіскен. Мысалы, Аллаһтың қолы деген сипатын Аллаһтың құдіреті және нығметі деу – дұрыс емес, Өйткені былай өзгерту – Аллаһтың Өзін-өзі Құранда сипаттаған сипатын жоққа шығару болып табылады.

Алтыншыдан,  Пайғамбарымыз  миғраж түні бірінші қат аспанға, кейін екінші аспанға, солай жетінші қат аспанға, одан кейін Аршыға дейін көтерілген. Егер Аллаһ бұл адасқан топтардың айтқаны сияқты барлық жерде болса, онда Пайғамбарымыз  не үшін аспанға көтерілді? Неге Пайғамбарымыз  алға, не артқа, не оңға, не солға немесе төменге бара салмады?

Жетіншіден, неге біз дұға қылғанда қолымызды жоғары қаратып жаямыз? Аллаһ барлық жерде болса, қолымыздың бірін жоғары, екіншісін төмен, немесе бірін оңға, ал екіншісін солға қаратып дұға қылмаймыз ба? Пайғамбарымыз : «Аллаһ, пендесі екі қолын жайып сұрағанда, оны бос қол қайтарудан ұялады», – деді (Әбу Дауд).

Сегізіншіден, егер Аллаһ барлық жерде десек, Аллаһ бізді бұдан сақтасын, сонда шіркеуде де, мусор жәшігінде де, арақ ішетін жерде де, зина істелінетін жерде де Аллаһ бар деп айтылғаны ма? Бұлай деп айтудың қаншалықты надандық екендігі және Пайғамбарымыз  бен оның сахабаларының жолынан адасу екендігі әрбір ықыласты, шыншыл әрі саналы мұсылманға түсінікті болар.

Тоғызыншыдан, адасқан топтардың Аллаһтың сипаттарын өзгертуі екі түрлі болады:

1)  Құран аяттарына артық әріптер қосу арқылы, мысалы «истауә» сөзіне, «л» әрпін қосып «истаулә» деу. Тіпті бұндай адасқан топтардың «Нуния» деген қасидасында:    «Яхудилердің «нуны» және жәхмилердің «ләмі» Аршының Раббысының Кітабындағы екі артық әріп» – делінген.

2) Аллаһ пен Оның пайғамбарының айтқан мағынасына ешбір сәйкес келмейтін мағынамен өзгерту. Мысалы: Аллаһтың қолы деген – Оның құдіреті, жақсы көреді деген – сыйлық береді және т.б. Бұлай тәпсірлеуге не Құраннан, не Сүннеттен, не сахабалардан, не төрт имамнан ешбір дәлел келмеген.

 

30-сұрақ: Имам Малик Аллаһтың аршыға көтерілгені туралы не айтты?

Жауап:

Имам Мәликтен «Аллаһ Аршыға қалай көтерілді?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Аллаһтың Аршыға көтерілгені белгілі, қалай көтерілгені белгісіз, бұған иман келтіру – уәжіп, бұл туралы сұрау – бидғат», – деп көркем әрі нақты жауап берді.

Біз жоғарыда айтып кеткендей, Аллаһтың Аршыға қалай көтерілгенін, Аллаһтың қолының қандай екенін, Аллаһтың қалай көтеріліп, қалай түсетінін, Аллаһтың көзінің қандай екендігін ешкім көргмеген, Оны мынаған ұқсайды деп салыстыратын еш нәрсе жоқ («Аллаһқа ұқсайтын еш нәрсе жоқ. Ол Аллаһ әр нәрсені Естуші, толық Көруші». (әш-Шура; 11) және Аллаһ пен Пайғамбары олардың қандай екендігін бізге сипаттап, баяндаған жоқ. Сондықтан, Аллаһ Құранда Өзін қандай есімдермен атап, қандай сипаттармен сипаттаса және Пайғамбарымыз  Аллаһты қандай есімдермен атап, қандай сипаттармен сипаттаса, бізге: «Естідік те, бой ұсындық», - деп, тура солай иман келтіру – уәжіп болады.

31-сұрақ: Мухкәм және муташәбиһ аяттардың арасындағы айырмашылық неде?

Жауап:

Құран аяттарының мухкам және муташәбиһ болып бөлінетіндігіне дәлел:     «Ол – Аллаһ, саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар – Кітаптың негізгі іргетасы. Сондай-ақ, астарлы ұғымдағы өзге аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық таратқысы келіп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Оның ұғымын Аллаһ ғана біледі. Ал, тиянақты білімге ие болғандар: «Бұған сендік. Мұның барлығы – Раббымыздан», – дейді. Бірақ, насихатты ақыл иелері ғана еске алады (түсінеді)». (Әли Имран; 7).    Мухкам аят дегеніміз – мағынасы да, түр-бейнесі де  анық, түсінікті. Мысалы, Құранда Аллаһ «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер», – деді. (әл-Бәқара 43). Бұл аятты оқығанда не айтылып жатқанын түсінеміз және көзімізге елестете аламыз.

Ал муташабиһ аят дегеніміз – мағынасы түсінікті, түр-бейнесі белгісіз. Мысалы, «Әр-Рахмәну ъәләл Арши истауә» (Әр-Рахмән Аршыға көтерілді) деген аят немесе «Уә жәә-а Роббука уәл мәләкул соффән соффә» (Ол күні Раббың және періштелер сап-сап болып келеді) деген аяттарды алатын болсақ, бұл аяттарды оқығанда не туралы айтылып жатқанын түсінеміз, бірақ көзге елестете алмаймыз.

Қағида – «Муташәбиһ аяттарды түсіну үшін мухкәм аяттарға қайтарамыз».

Бұл қағида мына хадиске негізделген: «Әбу Мухаммад Хасан ибн Әли ибн Әбу Талибтың былай дегені риуаят етіледі: «Мен Аллаһтың Елшісінің : «Өзіңе күмәнді көрінген нәрсені ешқандай күмән туғызбайтын нәрсенің пайдасына тәрк ет», – дегенін есімде сақтадым». (Тирмизи, Нәсаи).

 

32-сұрақ: Ашъарилер Аллаһтың қандай сипаттарын мойындайды, басқаларын не үшін жоққа шығарады?

Ашъарилер Аллаһтың тек жеті сипатын ғана мойындайды. Олар: Құдірет, Ілім, Қалау, Мәңгі тірі, Естуші, Көруші, Сөйлеуші. Өйткені бұл сипаттарды жоққа шығарса немесе өзгертсе, мүлдем жоқ нәрсеге құлшылық жасаған болады.  Ал қалған сипаттарды олар ақылдарына симағандықтан өзгертеді. Ал Аллаһтың есім-сипаттарына қатысты әһли суннә уәл жәмәъәның ақидасы қандай болу керектігін, біз жоғарыда анық дәлелдермен баян еткенбіз. Бұл адасқан топтар өздерін әһли Суннәдан деп дәурігеді де, Аллаһтың сипаттары туралы сахабалардың, имамдардың ақидасы бойынша айтылса: «Сендер Аллаһты адамға ұқсатып жатырсыңдар», – дейді. Себебі әһли Суннә: «Аллаһ Құранда Өзін қолы, нәпсі бар деп, көтеріліп, түседі деп, жақсы көреді және жек көреді деп сипаттады, біз де тура солай  иман келтіреміз және Оны ешнәрсеге ұқсатпаймыз, жоққа шығармаймыз, «қалайша?» демейміз және өзгертпейміз» дейді. Ал бұл адасқан ағымдар «Аллаһтың қолы дегені – құдіреті, Аршыға көтерілді дегені – меңгерді дегені, Аллаһ жақсы көреді дегені – сыйлық береді, жек көреді дегені – жазалайды дегені деп тәпсірлейді, яғни ақылына сыйғанын қабылдайды, ал сыймағанын өзгертеді. Біздің көру, есту, білу қабілетіміз шектелген сияқты, ақылымыз да шектелген. Құран біздің ақылымызға жүгінбейді, керісінше біз Құранға жүгінеміз. Пайғамбарымыздан  да, сахабалардан да, табиғиндарден де және төрт имамнан да Құранды осылайша олардай тәпсірлегендігі туралы бірде-бір риуаят келмеген. Жоғарыда Құранды тәпсір қылудың шарттарын айтып өткенбіз, Шын жүрекпен Аллаһтың разылығын, рахметін қалаған кісі Пайғамбарымыз  және оның сахабалары жасамаған тәпсірді жасап, нәпсісіне ұнамағаны үшін, немесе ақылына симағаны үшін Құран аяттарының мағынасын өзгертіп, тәлкек етпейді.

 

33-сұрақ: Таухид әл-әсмәи уәс-сифәтта қандай қағида бар?

Жауап:

Қағида – «Жаратылыстарға қатысты заңдарды Аллаһқа қатысты қолдануға тыйым салынған». Бұл қағида келесі аяттардан шығарылған:

«Аллаһқа ұқсайтын ешнәрсе жоқ. Ол Аллаһ әр нәрсені Естуші, толық Көруші». (әш-Шура; 11);

«Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихләс; 4).

Аллаһ Өзін Құранда «аспанда» екенін, «Аршыға көтерілгенін», қолы бар екенін айтып сипаттады. «Бұлай деп айтпаймыз, айтсақ Аллаһты адамға, жаратылысқа ұқсатып қоямыз», – деп айту – дұрыс емес. Себебі саған Аллаһты адамға ұқсатуға кім рұқсат берді? Не үшін ұқсатып жатырсың? Аллаһ Өзін қалай сипаттаса, Пайғамбарымыз  Аллаһты қалай сипаттаса, тура солай иман келтір. Аллаһтың еш бір сипатын ұқсатпа, жоққа шығарма, «қалайша?» деп сұрама және өзгертпе, себебі сенің ақылың оған ешқашан жетпейді. Өйткені, бұлай жасау -бидъат.

 

34-сұрақ: Қиястың үш түрін айтып бер және олардың қайсысын Аллаһқа қатысты қолдануға болады? Ал қайсысын қолдануға болмайды? Не үшін?

Жауап:

1) Қияс әт-тамсил, яғни бір нәрсенің түрі мен бейнесін тура сол тәрізді нәрсемен салыстыру. Мысалы, жаңа туылған бала 3-4 күннен кейін көзі көре бастағанда анасының түрінің суретін есінде сақтай бастайды. Сосын даусын естіп, оны да есінде сақтайды. Кейін анасының даусын естігенде, оның түрін көзіне елестетеді. Кейін әкесін, сосын аға-әпкелерін, содан кейін қоршаған ортасын еске сақтап, тани бастайды. Мысалы, ол өскеннен кейін «магнитафон» десең, ол көзіне итті елестетпейді ғой. Енді ол «Ол күні Раббыңның жүзінен басқаның барлығы жойылады» деген аятты оқығанда, қателесіп Аллаһтың жүзін елестете бастайды. Бұлай істеу – дұрыс емес. Өйткені, ол ешқашан Аллаһтың жүзін көрген емес, оны салыстыратын еш нәрсе жоқ және бізге оның қандай екенін ешкім айтқан жоқ. Адамдардың қателігі, Аллаһтың есім-сипаттары туралы оқып, естіген кезде, жаратылыстарға қатысты заңдарды Аллаһқа қатысты қолдана бастайды. Сондықтан, Аллаһтың есім-сипаттарын еш нәрсеге ұқсатпастан, жоққа шығармастан, «қалайша?» деместен және өзгертпестен иман келтіруге бұйырылдық.

2) Қияс әш-шумул (қисын арқылы), яғни мағынасы арқылы салыстыру. Мысалы,  сол бала өсе келе «көруші десе демек көзі, қарашығы, кірпігі бар; естуші десе демек құлағы; сөйлейді десе демек тілі, аузы, тісі, өңеші бар» деген сияқты тұжырым жасайды. Бұл ой-тұжырымды да Аллаһқа қатысты қолдануға, жоғарыдағы шарттармен тыйым салынған.

3) Қияс би-әулә, яғни «тіпті», «артығырақ» деу арқылы салыстыру. Қиястың осы түрін ғана Аллаһқа қатысты қолдануға болады.

Дәлел: «Мысалдардың ұлығы Аллаһқа тән». (ән-Нәхл; 60);

Хадисте: «Пайғамбарымыз бір жорықтан келгенде, бір әйел кісі тұтқындардың арасынан баласын іздеп, әр баланы қарап, құшақтап жүргенін Пайғамбарымыз және сахабалар куә болып, көріп отырды. Кейін әлгі әйел өз баласын  тауып, оны бауырына қысып жылады, сонда Пайғамбарымыз сахабаларынан: «Қалай ойлайсыңдар, осы әйел өз баласын отқа тастайды ма?» – деп сұрады. Сахабалар: «Аллаһқа серт, тастамайды», – деді. Сонда Пайғамбарымыз : «Аллаһ өз құлдарын отқа тастауды одан да артығырақ қаламайды», – деді». (Муслим 7154). Осы жерде Пайғамбар  қияс би-әуләны қолданды.

Қияс тамсил мен қияс әш-шумулді Аллаһқа қатысты қолдануға тиым салынған:

Дәлел: «Аллаһқа ұқсайтын ешнәрсе жоқ. Ол Аллаһ – әр нәрсені Естуші, толық Көруші». (әш-Шура; 11);

«Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихлас; 4)

«Аллаһқа мысал  бермеңдер. (Аллаһты еш нәрсеге теңемеңдер) Негізінде Аллаһ әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер». (ән-Нәхл; 74)

 

35-сұрақ: Муътәзиләлардың адасуының себебі неде және бұл оларды не нәрсеге душар қылды?

Жауап:

Олардың адасуының себебі – олар қияс аш-шумулді Аллаһқа қарсы қолданды. Бұл нәрсе оларды бірінші – тамсилге, яғни Аллаһтың сипаттарын жаратылыстарға ұқсатуға; екінші – таъкифке, яғни «қалайша?» – деп сұрақ қоюға; үшінші – таъқилге, яғни Аллаһтың сипаттарын жоққа шығаруға; төртінші – таърифке, яғни Аллаһтың сипаттарын өзгертуге әкелді. Демек, «Аллаһтың қолы бар», – деп айтпаймыз, «Бұндай аяттардың мағынасын өзгертеміз», – деп айту – адасу болады. Өйткені, кім саған Аллаһтың қолын адамның қолына ұқсатуға рұқсат берді? Аллаһ Өзін қолы бар, көзі бар деп сипаттады ма, болды сен де солай иман келтір. Мысалы пілдің де көзі бар, масаның да көзі бар, ал Аллаһтың көзі бар десе сен неге адамның көзін елестетесің? Сондықтан, Аллаһ Өзін қандай сипаттармен сипаттаса, жоғарыда айтып кеткен қағида бойынша иман келтір, «Қандай? Қалайша?» – деп сұрама. Себебі – Оны ешкім көрген жоқ, салыстыратын нәрсе жоқ және қандай екенін Аллаһ пен Пайғамбары бізге айтпады. Аллаһ пен Пайғамбары тоқтаған жерден тоқтау, Олар айтпаған сөзді айтпау – бізге парыз болады.

 

 

36-сұрақ: Бұл үмбеттің жол бастаушыларының (сахабалар, табиғиндер, табәғә-табиғиндер) Аллаһтың сипаттарына қатысты ақидасы қандай болды?

Жауап:

Аллаһ Өзін қандай есімдермен атап, қандай сипаттармен сипаттаса және Пайғамбарымыз Аллаһты қандай есімдермен атап, қандай сипаттармен сипаттаған болса, олар да тура солай етіп, оларды ешнәрсеге ұқсатпай,  жоққа шығармай, «қалайша?» – демей, өзгертпей иман келтірген. Мұны хадистен, сахабалар мен бұрынғы ғалымдардың өмір тарихынан хабары бар, бұл хабарлардың қаншалықты дұрыс екендігін ажырата білетін, тек ақиқатты қалайтын, шыншыл мұсылмандардың барлығы мойындайды.

 

 

37-сұрақ: Аллаһтың сипаттарына қатысты мұсылмандардың арасында қандай адасқан топтар бар?

Жауап:

1. Жәхмилер, Аллаһтың есімдері мен сипаттарын түгел жоққа шығарғандар. Бұлар діннен шығып кетеді, себебі жоқ нәрсеге құлшылық қылады.

2. Муътәзилилар, Аллаһтың бүкіл сипаттарын жоққа шығарады да, ал есімдерін мойындайды.

3. Әшъарилер, матурудилер, кулябилер т.с.с. фәлсафәның (кәләм) жетегінде кеткен адасқан ағымдар. Аллаһтың сипаттарын ақыл мен қисынға салып, өзгертіп, бұрмалайды. Мысалы: «Аллаһтың қолы дейтіні – қолы емес – құдыреті», – немесе, тағы да басқа осы сияқты нәрселерді айтатындар.

4. Мукайяф. Бұл «мукайяфә» сөзінен шыққан, «қалайша?» – деп сұрақ қоятындар.

5. Мушәббиха. «Шәбәха» сөзінен шыққан, Аллаһты адамға ұқсататындар.

 

38-сұрақ: «Әс-самәд» сөзінің мағынасы нені білдіреді? Аллаһ бұл сөзді не үшін Ихләс сүресінде екінші аят қылды?

Жауап:

Әс-Самәд сөзінің 1-ші мағынасы: Аллаһ ішкі мүшелерге, яғни туатын, туғызатын, ас қорытатын, тыныстандыратын және басқа да мүшелерге мұқтаж емес.

2-ші мағынасы: туылмаған да, тумаған да.

3-ші мағынасы: барлық жаратылыс Оған мұқтаж, ал Ол еш нәрсеге мұқтаж емес, ең кемел, толық Тәңірліктің иесі.

Аллаһ «әс-Самәд» сөзін Ихләс сүресінің екінші аяты етуінің себебі – таухидті күшейту, яғни «әл-Әхәд» сөзіннің мағынасын кеңейтіп, Аллаһтың  жалғыздығын күшейтіп көрсету үшін қолданған.

 

39-сұрақ: Аллаһ адамдарда  қандай табиғи сезімдер жаратты?

Жауап:

Бірінші сезім – әлсіздік және мұқтаждық кезде өзінен күштіге жүгіну. Тіпті жас баладан бастап, ересек кісіге дейін өзінен күштіден қорқу, оған жүгіну сияқты сезімге мұқтаж.

Екінші сезім – жақсыны сүю және жаманды жек көру. Өйткені, ешбір ақыл-есі бүтін адам өзіне жамандықты қаламайды.

Үшінші сезім – өзіне ұнайтын бір заңмен өмір сүруді қалау. Кісі мұсылман, не мұсылман емес болсын – ақиқатты қалайды. Сол себепті: «Зұлымдық болмасын, ақиқат, әділдік болсын», – деп, әр түрлі заңдар шығарып жатады. Заңсыз қоғам болмайды, тіпті түрмедегі қылмыскерлерге дейін өз заңдарына ие. Ал ең ұлы, теңдесі болмаған, болмайтын да заң – ол Аллаһтың шариғаты.

 

40-сұрақ: Зікірдің (Аллаһты еске алудың) қандай түрлері бар?

Жауап: Зікірдің 2 түрі бар.

1. Зікір – тіл және жүректің қатысуымен Аллаһты еске алу. Мысалы, шын жүрегімен сезіне отырып, тілімен Аллаһтан Жәннәтты сұрау, Тозақтан пана тілеу сияқты.

2. Тазаккур – Аллаһты жүрекпен еске алу. Мысалы, кісі тілімен айтпайды, бірақ жүрегімен Аллаһтың күнәләрін кешіруін қалайды немесе бір күнә істі көргенде, оны жасаудан Аллаһтан қорқады, сондай-ақ бір жақсы амал жасамақшы болса Аллаһ үшін өтеуді ниет етеді.

 

41-сұрақ: Себептер міндетті нәрсе болып табылады ма? Және сол себеп қылғаның үшін  нәтиже міндетті түрде болады ма? Неге?

Жауап:

Себептерді жасау әр бір құлға жеке міндет болып табылады (фард ъайн). Себепті не үшін жасаймыз? Себепті Аллаһ және Оның елшісі бұйырғаны үшін жасаймыз. Нәтиже себеп қылғаның үшін болмайды, нәтиже Аллаһтан болады. Әр нәрсенің себебін істеу керек.

Себеп екі түрлі болады:

1) Болмыстық себеп.

2) Шариғи себеп.

Болмыстық себеп дегеніміз – Аллаһ жаратқан табиғаттағы физикалық заңдылықтар арқылы нәтижеге қол жеткізу. Болмыстық себепті мұсылмандар да, мұсылман еместер де қолдана береді. Мысалы, су – шөлді қандыруға, тамақ – қарынды тойдыруға, киім – ыстық-суықтан сақтауға, машина – бір жерден басқа жерге жетуге, үйлену – балалы болуға, дәріні қабылдау- емделуге себеп болады және т.б. Бұлардың барлығы болмыста, тұрмыста дәлелденген, барлық адам өзі жасап көрген мәселелер, яғни себеп пен нәтиженің арасында байланыс болуы қажет.

Шариғи себеп дегеніміз – бір нәтижеге жету үшін, Аллаһтың Кітабы мен Пайғамбардың Сүннетіне негізделген заңдылықтар. Бұл себепті тек мұсылмандар ғана қолдана алады. Мысалы, кәлима шаһадатты (лә иләһә иллә Аллаһ, Мухаммадар расулуллаһ) мағынасын түсініп, шын жүректен айту – Жәннәтқа кіруге және мәңгілік азап болған Тозақтан құтылуға себеп болады; жамандықтан кейін жақсылық жасау – жамандықтарды өшіреді; намаз оқу – күнәләрдің кешірілуіне себеп болады; азан айтылғаннан кейінгі дұға – Пайғамбарымыздың  шапағатына қол жеткізеді; туысқандық қатынасты сақтау – өмірді ұзартып, ризықты арттырады. Пайғамбарымыз былай деп айтқанындай: «Кім ризық-несібесінің артып, өмір жасының ұзарғанын қаласа, туыстық қатынасты ұстансын». (Бухари, Муслим).

Сондай-ақ, шариғатта пайда табуға рұқсат етілген нәрселер – сауда, жалдау, коммерция т.б. Онымен де пайдаға қол жеткізуге болатын, бірақ Аллаһ тыйым салған пайда табудың түрлері де бар. Олар: рибә (өсімқорлық), ихтиқар (әдейілеп халық мұқтаж болған ең қажет тауарларды қымбаттату үшін жасыру), алдау, қорқытып тартып алу, таразыдан жеу, ұрлық, құмар ойындар, жезөкшелік, мас қылатын ішімдіктерді, мүсіндерді т.с.с. Аллаһ харам еткен нәрселерді сату және Аллаһ тыйым салған нәрселерді кәсіп ету сияқты. Аллаһ тыйым салған нәрселерде береке болмайды, керісінше тек жамандыққа алып келеді. Біз бұларды қайдан білдік? Аллаһтың Кітабы мен Пайғамбардың Сүннетінен. Бұл себептерге нақты дәлелдер бар, сол дәлелдерге сүйеніп себеп жасаймыз.

Ал енді, имансыздарды былай қойғанда, тіпті өздерін мұсылманбыз деп жүрген кісілердің ішінде, не шариғатта сахих дәлелі жоқ, не болмыста дәлелі жоқ және ақылға симайтын нәрселерді өздеріне себеп жасап жүретіндері бар. Мысалы, базарларда қолдарына папугай немесе басқа бір жануарлар мен құстарды алып, бірнеше қағаздарға бақытты не бақытсыз болатынын немесе қанша бала болатынын жазып, өтірік-айла жасап, ақша табу мақсатымен біреулер отырады. Жанынан өтіп бара жатқан жас қыз-жігіттерге болашақтарыңды білгілерің келсе, мына құсқа осы қағаздың біреуін алдыртыңдар дейді. Кейбір білімсіз надандар соған ақша төлеп, тағдырларын, басында бір шоқым миы бар құстан үміт етеді. Жәй қызық үшін істеді деп айтсақ та, бұл ысырап, ал ысырапты Аллаһ Құранда харам еткен.

Тағы бір мысал келтірейік, кім сәрсенбі күні сапарға шықса немесе үйленсе сәтсіздікке ұшырайды дегенге сенетін надандар да бар. Немесе Аллаһ қана құдіретті болған нәрселерді, өлген әруақтардан  сұрайтындар бар. Олар өлілерді сұрап жатқан нәрселеріне құдіретті деп ойлайды, бұған не дәлел бар? Тіпті көріпкел, тәуіп сияқты зухид, өтірікшілерге барып, болашағын, не жоғалған затын, не ауруларының диагнозын сұрап жататындар бар. Ол өтірікшілер ғайыпты білмейді, ғайыпты тек бір Аллаһ қана біледі. Құранда Аллаһ былай деген:

«Көместі (ғайыпты) білуші тек Аллаһ ғана, оның сырын ешкімге ашпайды. Бірақ ұнатқан Пайғамбарына білдіреді. Өйткені, Аллаһ елшісінің алды-артына күзетші қояды». (әл-Жин; 26-27)

Енді біреу: «Мен пәленшенің пәлен деген тәуіпке барып, жазылғанын өз көзіммен көрдім, немесе естідім», – деп айтуы мүмкін. Мысалы, бір кісінің жүрегі ауырады, қан қысымы жоғары, бұрын екі рет операция болған, үш баласы бар, аяғы қақсайды, бүйрегі шаншиды делік. Бұл кісі бір тәуіпке барады, бірақ ештеңе айтпайды. Ол тәуіп бұның қан тамырын ұстап отырады да: «давлениеңіз бар екен, жүрегіңіз ауырады екен, бұрын операция болыпсыз, бүйрегіңіз шаншитын сияқты», – деп дәл тауып айтады. Оның өзі оған ештеңе айтпаса да, тәуіп бұларды қайдан білді?

Пайғамбарымыздың әйелі Сафия бинт Хуяйдан жеткен хадисте ол кісі былай деді: «Пайғамбарымыз иътикәфта (оразаның соңғы он күндігін мешіттен шықпай   құлшылықпен өткізетін күндер) болғанда, мен оны көруге бардым. Біраз уақыт әңгімелесіп отырдық. Кейін кету үшін көтерілдім, ал Пайғамбар мені шығарып салу үшін тұрды. Біз есіктің алдына келгенде, ансарлардан екі адам өтіп бара жатып, бізді көрді де, жылдам жүре бастады. Сонда Пайғамбарымыз: «Асықпаңдар! Бұл менің әйелім Сафия ибнт Хуяй», - деді. Сол кезде олар: «Субханаллаһ, уа, расулуллаһ!» – деді. Пайғамбарымыз: «Расында шайтан адам баласының қан тамырында жүреді. Мен шайтан сендердің жүректеріңе бір жамандық салуынан қорықтым», - деді. (Бухари, Муслим). Ал басқа хадисте Пағамбар : «Расында әрбір адам баласы туылғанда, оған бір шайтан жабысады, ол оның қан тамырында жүреді», – деді. «Сізде де солай ма уа, расулуллаһ?»деп сұрағанада,  «Ия, бірақ Аллаһ рахым жасап, мендегіні мұсылман қылды», - деді.

Бұл хадистен түсінетініміз, біз туылғалы біздің қан тамырымызда жүрген шайтан біздің қай жеріміз ауыратынын, басымыздан қандай уақиғалар болып жатқанын білетін шайтан, тәуіп біздің қан тамырымызды ұстаған кезде, ондағы үлкен жын-шайтанмен байланысқа түседі. Ал ол тәуіптің көзіне сәлделі, ақ сақалды қария, немесе кимешек киген кемпір болып: «Мен пәленше әулиенің әруағымын», – деп көрінеді. Ол шайтандардың мақсаты, бізге Аллаһқа ортақ (серік) қосқызу, яғни ширк жасатқызу. Сондықтан, шайтандардың ондай айлаларынан сақтанып, Аллаһтың кешірмейтін күнәсінан аулақ болу – бізге міндет.

Тағы біреулер, егер бір кісі бір әңгіме айтқан кезде, қасындағы кісі түшкірсе, әлгінің сөзі рас екен деп, түшкіруді шындықтың себебі етеді. Сонда біреу: «Төрт аяқ, бес қолым бар», – деген кезде, жанындағы кісі түшкірсе, рас болады ма? Ал біреулер, оң құлағы шыңылдаса: «Таныстарым мені мақтап жатыр», – дейді, ал сол құлағы шыңылдаса боқтап жатыр ма сонда?  Бұл екі мысалға ойдан шығарылған (тоқыма) хадистер бар. Имам аш-Шаукани «Аль-Фәуәид әл- Мәжмуа фи әл-Ахадис әл-Мәудуә» деген кітабында, осы хадистердің өтірік екендігін дәлелдеп жазып кеткен. Пайғамбарымыз :  «Кім мен айтпаған сөзді айтты десе, өзіне Тозақтан орын дайындай берсін», - деген. (Бухари 109, Муслим, Ибн Мәжәһ)

Тіпті біреулер: «Кешке немесе сенбі, жексенбі күні тырнақ алсаң, жамандыққа душар боласың», – деп, тағдырды тырнаққа тапсырады. Немесе: «Мына айда, не мынандай күні сапарға шықсаң, сәтсіздікке душар боласың», – деп сандырақтайтындар да бар.

Сондай-ақ, алақаның қышыса, ақша ұстайсың деп сенетін ақымақтар да жеткілікті. Онда миллионерлердің барлығының алақандары қаси-қаси қотыр болған шығар?

Бірінші саудадан түскен ақшаны, өтімді болсын деп, тауарларына үйкеп-сүйкейтін жарты бас саудагерлер де көптеп табылады. Алайда, олардың тауарларының өтуі, немесе саудасының берекелі болуы ақша үйкелеуге байланысты емес, Аллаһтың өлшеп берген ризығына байланысты. Және адал сауда жасау, Аллаһтан береке тілеу сияқты себептер жасау – дұрыс болып табылады.

Қорыта айтқанда, бір нәтижеге қол жеткізу үшін, оның себебін жасау бізге міндет. Бірақ сол себеп, не Құран мен Сүннетке негізделу керек немесе болмыста нәтижесі анық белгілі болған физикалық заңдылықтарға негізделу керек.

 

42-сұрақ: Адамдар шығарған заңдардың толықсыздығы неде?

Жауап:

1) Адамдар жаратылыс болғандықтан қателеседі, сондықтан заңға үнемі өзгертулер енгізіп тұруға мұқтаж.

2) Адамдар болашақта не болатынын білмейді. Осы себепті бұрынғылардың заңы қазіргілер үшін жарамайды, қазіргілердің заңы болашақтағылар үшін жарамайтындығы тәрізді.

3) Адамдар құрған заң тек осы дүние үшін. Ал Аллаһтың заңы ең кемел заң. Себебі Аллаһ ешқашан қателеспейді, ұмытпайды, болашақта Қияметке дейін және одан кейін де не болатынын біледі және Аллаһтың заңы бұл дүние үшін де, Ақырет үшін де.

 

43-сұрақ: әл-Фәтиха, әл-Ихләс, әл-Кафирун сүрелерінде таухидтің қандай түрлері бар?

Жауап:

Әл-Фатиха сүресінде таухидтің  3 түрі де бар. 1-аят – таухид рубубия, 2-4 аят – таухид әсмәъи уәс-сифәт, 5-7 – аяттар – таухид улухия.

Әл-Кәфирун сүресі толығымен таухид улухия.

Әл-Ихләс сүресі толығымен таухид әсмәий уәс-сифәт.

 

44-сұрақ: «Тумады да, туылмады да» деген  аят нені көрсетеді?

Жауап:

Бұл аят таухид әсмәъи уәс-сифәтты көрсетеді. Аллаһ туудан және туылудан Пәк. Муфәссирлер  бұл аяттан Аллаһтан басқаның барлығы себеппен болады дейді. Әр нәрседе себеп және нәтиже болады. Ал  Аллаһ – себеп те, нәтиже де емес.

45-сұрақ: Себеп пен нәтижені кім жаратты?

Жауап:

Себепті де, нәтижені де Аллаһ жаратты. Аллаһ бір нәрсені жаратпақшы болса, себепке мұқтаж емес, яғни бір нәрсенің болуын қаласа, оған:«Бол!» – дейді, ол бола қалады. Ал біз себепке мұқтажбыз.

Дәлел: «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «Бол!» деу, сонда ол бола қалады». (Ясин; 82);

«Аллаһтың баласы болуы мүмкін емес. Аллаһ одан мүлде пәк. Ол бір істің болуын қаласа, тек ғана оған: «Бол!» – дейді. Сонда ол, бола қалады». (Мәриям; 35).

Осы жерде айта кететін маңызды бір мәселе, көп адам тәуекелдің не екенін біле бермейді. Тәуекел де -иқұлшылық, сондықтан оны дұрыс білу -міндет. Тәуекел дегеніміз – себебін дұрыс жасап, нәтижесін Аллаһтан үміт ету.

 

46-сұрақ: Тағдырдың дәрежелерін атап бер, адамдарға қандай түрлері белгілі?

Жауап:

1. Тағдырдың бірінші сатысы – Аллаһтың білімі. Аллаһ барлық нәрсені біліп жаратты.

Дәлел: «Жаратқан білмей ме? Ол тым Жұмсақ, әр нәрсені толық Білуші». (әл-Мулк; 14);

«Аллаһ жасырын және ашық не істегендеріңді біледі». (ән-Нәхл; 19).

 

2. Аллаһтың жазуы, яғни Аллаһ барлық жаратылыстың тағдырын, жаратылыстарды жаратудан 50 мың жыл бұрын «Ләуһул мәхфузға» жазып қойған.

Дәлел: «Әрине ол, ұлы бір Құран. Ләуһул мәхфузда сақталған». (әл-Буруж;  21-22);

«Аллаһтың бұйрығы болмайынша, ешкім өлмейді, ол бір жазулы мерзім. Кім дүниенің пайдасын тілесе, оған одан береміз. Ал кім Ақырет пайдасын қаласа, оған одан береміз. Сондай-ақ, шүкір етушілерді сыйлаймыз». (Әли- Имран; 145);

«Аллаһтың жер, көктегі нәрселерді білетінін білмейсің бе? Шәксіз бұлар, кітапта жазулы. Күдіксіз бұл – Аллаһқа оңай». (әл-Хәж; 7);

Абдуллаһ ибн Амрдан Пайғамбарымыздың  былай деп айтқаны риуаят етіледі: «Аллаһ аспан мен жерді жаратудан 50 мың жыл бұрын жаратылыстардың тағдырын белгілеп қойды. Ол кезде Аллаһтың Аршысы судың үстінде еді». (Бухари, Тирмизи, Ибн Мәжәһ).

 

3. Аллаһтың қалауы.

Дәлел: «Әлемдердің Раббысы – Аллаһ қаламайынша, сендер қаламайсыңдар». (әт-Тәкуир; 29);

«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық. Әміріміз бір-ақ қас қаққандай». (әл-Қамар; 49-50);

«Аллаһ сондай иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, Ақыретте де мықты сөзбен бекітеді. (Сондықтан ол мүмін қандай қатты қиыншылық көрсе де: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ және Мухаммад – Аллаһтың елшісі», – деген сенімнен бұлжымайды әрі қабірдегі сұрақтарға да дұрыс жауап береді). Аллаһ залымдарды ауыстырады. Сондай-ақ Аллаһ қалағанын істейді». (Ибраһим; 27)

 

4. Жарату.

Дәлел: «Көктер мен жерлердің патшалығы Аллаһтың иелігінде. Ол ешкімді бала жасап алмады. Оның патшалығында ешбір ортағы жоқ. Сондай-ақ, әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі». (әл-Фурқан; 2);

«Әй,  адам баласы! Сондай сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар. Әрине тақуа қыларсыңдар». (әл-Бәқара; 21);

«Адам баласын бір тамшы судан жаратты». (ән-Нәхл; 4).

Тағдырдың бірінші, екінші және үшінші сатылары бізге белгісіз. Бізге тек төртінші сатысы ғана белгілі, өйткені біз оларды көреміз.

 

47-сұрақ: Себепсіз нәтиже және нәтижесіз себеп болуы мүмкін бе?

Аллаһ қаласа, себепсіз нәтиже де, нәтижесіз себеп те жаратады.

Дәлел: «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған: «Бол!» – деу, сонда ол бола қалады. Барлық нәрсенің билігі қолында болған, әрі сендер Соған қайтарылатын Аллаһ – кемшіліктен пәк». (Ясин; 82-83)

Мысалы, Иса Пайғамбар себепсіз (әкесіз) туылған, яғни себепсіз нәтиже болған. Бұл туралы Аллаһ Құранда былай деген: «(Мухаммад) Құрандағы Мәриямды айтып бер. … Сондай-ақ, оған рухымызды (Жәбрейілді) жібердік те, ол оған толық адам бейнесінде көрінді. (Мариям:) «Егер сен тақуа болсаң да, сенен Аллаһқа сиынамын», – деді. (Рух): «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін», – деді. Мариям: «Маған бір еркек жұғыспаса, менде қалайша бала болады? Сондай-ақ, суық жолда болмасам» деді. (Жәбрейіл:) «Ол солайша. Раббың: «Бұл маған оңай. Мен тараптан адам баласына бір үлгі әрі бір мәрхамет. Бұл біткен бір іс еді», – деді».

 

48-сұрақ: Аллаһ барлық заттың себебі болып табылады ма?

Жауап:

Бұлай деп сұрақ қою дұрыс емес, біз Аллаһ жайында Ол – себеп деп айта алмаймыз. Аллаһ себеп те, нәтиже де емес. Аллаһ себептің де, нәтиженің де жаратушысы. Аллаһ бір нәрсенің болуын қаласа, оған тек: «Бол!» – деп әмір береді. Ол нәрсе бірден  болады және Аллаһ себепсіз нәтиже жаратады. Аллаһ барлық нәрсеге құдіретті.

Дәлел:  «Шын мәнінде Ол  бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған: «Бол!» – деу, сонда ол бола қалады». (Ясин; 82);

«Олардың көздерін найзағай жұлып әкете жаздайды. Оларға жарық берген сәтте – жарықта жүреді де, оларға қараңғы болған заманда – тұра қалады. Егер Аллаһ қаласа, олардың есту, көру сезімдерін де жояр еді. Аллаһтың әр нәрсеге толық күші жетуші». (әл-Бәқара; 20);

«Бір аятты ауыстырсақ, немесе ұмыттырсақ, одан жақсысын, не сол сияқтыны келтіреміз. Әрине, Аллаһтың әр нәрсеге күші жетуші екенін білмедің бе? Көктер мен Жердің иелігі Аллаһқа тән. Сендер үшін Аллаһтан өзге не дос, не жәрдемші жоқ. Немесе Пайғамбарларыңнан бұрынғы Мусадан сұралған тәрізді (жоқтан өзгені) сұрағыларың келе ме? Кім иманын қарсылыққа ауыстырса, расында ол – тура жолдан адасқан болады». (әл-Бәқара; 106-108).

 

49-сұрақ: Аллаһ себептерді не үшін жаратты?

Жауап:

Аллаһ себептерді бізді сынау үшін жаратты. Мысалы, кім Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылып, себебін жасаса, нәтижеде мәңгілік ләззат мекені болған Жәннәтқа кіреді. Бірақ, намаз оқығаны, ораза тұтқаны үшін, немесе басқа құлшылықтарды қылғаны үшін Жәннәтқа кірмейді, бұлар тек себептер. Жәннәтқа Аллаһ  қалағанын Өзінің рахметімен кіргізеді. Сол үшін Пайғамбарымыз: «Сіздердің ешқайсыларың амалдарыңмен Жәннәтқа кірмейсіңдер, тек Аллаһтың рахметімен кіресіңдер», – деген.

Дәлел: «Ол сондай Аллаһ, қайсыларың амалдарыңмен жақсырақ болатындарыңды сынау үшін өлім мен өлімді жаратқан. Ол тым Үстем, аса Жарылқаушы». (әл-Мүлік; 2)

«Адамдар: «Иман келдтірдік!» – деумен, сыналмай қалдырылады деп ойлай ма? Рас, олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ, Аллаһ әлбетте, шыншылдарды да, өтірікшілерді де біледі». (әл-Анкәбут; 2-3);

«Әрине, сендерді қауіп-қатермен, ашаршылықпен және малдардан, жандардан, сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. (Мухаммад, сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!» (әл-Бәқара; 155);

Демек, бізге нәтижеге жету үшін, себепті дұрыс жасау – міндетті нәрсе. Ол нәтиже болуы да, болмауы да мүмкін. Өйткені, бүкіл істің нәтижесі Аллаһтың қолында. Бұл туралы Аллаһ Құранда: «Кім өзін Аллаһқа тапсырып, игілік істесе, сонда ол расында берік тұтқаны ұстаған болады. Бүкіл істердің соңы Аллаһқа тән», - дейді. (Лұқман; 22)

 

50-сұрақ: Таухид рубубияны (Аллаһтың жалғыз Раббы екендігін) бұзатын Аллаһқа серік қосудың (ширктің) түрлері қандай болуы мүмкін?

Жауап:

1. Өзін Аллаһқа теңеу, немесе өзін Құдай, немесе Раббы деп жариялау.

Мысал: «Муса Перғауынға ірі мұғжизаны көрсетті. Сонда ол, жасынға шығарып, қарсы шықты. Кейін теріс айналып, жүгірді. Адамдарды жинап, айғай салып: «Мен – сендердің ең ұлы раббыларың!» – деді». (ән-Нәзиъәт; 19-24)

2. Жаратылысты Аллаһқа ұқсату.

Бұларға Перғауынның айналасындағылар сияқты адамдар, сопылар, християндар, қубурия (қабірге табынушылар, яғни Аллаһ қана құдіретті болған нәрсені қабірдегі өлілерден сұрайтындар, соларға арнап құрбандық шалатындар), шиғалар және осы сияқтылар жатады.

3. Аллаһты жаратылысқа ұқсату.

Бұлардың қатарына мушәббихалар сияқтылар кіреді. Аллаһтың ешбір сипатын көзге елестетуге, ұқсатуға, «мына сияқты» деп айтуға шариғатта қатаң тиым салынған.

 

Ал соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

_______________________________________________________________________________
Поделиться с друзьями:
Google Buzz Vkontakte Facebook Twitter Мой мир Livejournal Google Bookmarks Закладки Yandex

Советуем почитать:

Советуем почитать:

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы , для того чтобы оставить комментарий.

Powered by WordPress | Designed by: Premium WordPress Themes | Thanks to Themes Gallery, Bromoney and Wordpress Themes
Видео | Аудио лекции| Книги | Статьи| Ринат Абу Мухаммад |Дарын Мубаров| Наиль Абу Салих | Арсен Абу Яхья | Салим абу Умар | Имам Алмат | Эльмир Кулиев|